Әкем не істесе, соны істедім: ...Есімнен айырды, өмірімді талқан етті

Айшолпан КЕРІМ

  • 13.08.2021

Қазір қоғамның бейнесі – әлем тапырақ. Жаңа заман келді деп, лепірген сайын, технология дамып, алға озған сайын, рухани жұтаңдық одар әрі тереңдеп бара жатқандай. Бұрын ішімдікке әуестікпен күрескен билік, енді нашақорлықпен күресіп жүр. Жастардың арасына кең тараған бір дерт – осы. Қазір елімізде әртүрлі қоғамдық бірлестіктер құрылып, мемлекеттік деңгейде нашақорлықпен күресіп жатыр. Мемлекет жағдай жасап, ашылған сондай орталықтың бірі – «Реванш» қоғамдық қоры.

Бұл өмірде кеткен кемшілігіңді қайта түзеуге болатынын дәлелдеп жүрген орталқы. Бұрын нашақорлы жолға түсіп, кейін дертінен айыққысы келетіндерге психологиялық, моральдық тұрғыда көп қолдау жасайды.

Бүгінгі біздің кейіпкер Наталья он алты жасында алғаш рет есірткі шегіп көргенінде сондағы еліруі алдағы өмірін тас талқан етерін сезбеген. Әке жолына түсуі, әке тілегін уақытында орындай алмауы, түрмеден түрмеге жалғасқан азабы және өзгерген күні, мың мәрте жығылып, мың бір мәрте орнынан тұруы жайын кейіпкеріміз ашыла баяндайды. Өмірде кеткен қателіктерін мойындап, осылайш ашық айта алуда – ерлік. Өйткені ол қателігінен ұялмайды. Және екенші қайталамауға бекінген. Нық психология. Ендеше Натальяның әңгімесіне куә болыңыздар.

Әкем не істесе, соны істедім

Алғаш рет он алты жасымда есірткі шегіп көрдім, ұнамады. Бірнеше ай өткен соң тағы көрдім, бәрі содан басталды. Себепті сырттан, сол кездегі қоғамнан іздеген емеспін. Себебі әкем бандит еді, он бір жасымда әкемнің қолына ине салып жатқанын көргенім есімде. Оның үстіне ол жылдары мектепте есірткі дегеннің не екені аса айтыла бермейтін.

Шынын айтқанда, мен үшін әкемнен асқан абыройлы адам болған емес, мені бағып өсірген, тәрбиелеген де әкем. Шешемді  анам болғаны үшін жақсы көретінмін, әрине. Бірақ әкемнің орны үлкен еді. Есірткінің не екенін білместен,  одан қорықпастан үйір бола бастағаным да содан болар. Құдіретті әкем жаман нәрсе қолданбайды деген ойдан болар. Әкем не істесе, мен де соны істедім, былай айтқанда.

Кейінірек  «адамдар сол затты алу үшін соншама ессіздік жасап, қолындағы барын неге сатыды, қыздар  сол үшін неге тәнін сатады, бұл не қылған керемет зат?» деп іштей ойлана бастадым. Бірақ, тағы желіктім, тағы елірдім.  Сол бір он алты жасар жасөспірімнің не бітіріп, кіммен араласып жүргенін білгісі келіп, бақылауда ұстағысы келген бір жанашыры болмағаны да өкінішті ...

Есірткінің жаман тұсы да сол, жаның ауырса, іздей жүгіресің

Дәл сол жылы ата-анам ажырасып кетті, ойланбастан әкеммен бірге кеттім. Әкемнің жағдайы белгілі, өз бетімше есейдім. Бір жыл өткен соң әкем қатты ауырып қалды. Қарақшылық өмірі, жан серігі – есірткі ауыр дертке ұшыратпай қоймады. Дәрігер жазып берген қағазды алып, дәріханаға барғаным әлі есімде, қыстың бір күні еді. Қалтамда көк тиыным жоқ. Содан бәрі басталды, кісі тонауға кірістім.

Өзіміз ұрлық-зорлығы асқынған, өршіген қылмысы ешкімді таң қалдырмайтын қауіпті ауданда тұратынбыз. Жеті адам келісіп, ұрлыққа шығамыз деп шештік. Бай-ау деген адамдарғажақындап барып, тон-бөріктері мен сөмкелерін жұлып алып, қашатынбыз. Кейін қолға түскен ақшаны бөлісіп жүрдік. Бұл жорық –«гоп-стоп» екі айға жалғасты. Әкемнің дәрісін, диетасы бұзылмасын деп азық-түлігін алып жүрдім. Кейін ұсталып, абақтыға түстім, сотталдым.

Әкем келіп, «Осы тірліктен, менің өмірімнен аулақ болшы» деді. Абақтыдан шықтым, әкем есірткі жайлы біліп, теріс айналды. Ұзақ уақыт өтпей, оны қара жерге тапсырдым. Тілегін орындау қиынға соқты. Есірткінің жаманы сол, жаның ауырса, іздей жүгіресің.

Кейінірек ес жиғандай болдым, жігітпен жүре бастадым. Өмірім оңала бастағандай еді. Қайтадан есіріп,есірткіге тағы салындық, жұмыстан да шығып қалдық. Қиналып кеттік. Бірақ ақша табу немесе есірткіге қол жеткізу үшін өз тәнімді жыныстық қатынасқа сата алмас едім, мұндай төмен әрекетке бара алмас едім. Тәуірі осы деп жолдасыммен есірткі саудасына кірістік. Бұл – ақша табудың оңай жолы болғанымен, жазасы ауыр екенін білетінмін. Бірақ қолда ақша да, есірткі де бар деген ой басып тұратын. Сүйтіп жүргенде жолдасым шамадан тыс есірткі алып, ағзасы уланып, өліп кетті. Көп ұзамай, тағы ұсталып, түрмеге түстім, он жыл отырып, осыдан екі жыл бұрын бостандыққа шықтым.

«Енді елде есірткісіз де, жай ғана жақсы өмір сүруге болады екен» дегенді жиі естідік

Сол он жылда есірткіден он рет бас тартып, он рет қайта ес жидым. Әкемнің өмір салты басқа болса, кезінде есірткінің не екенін білуге қызықпасам, қазір өмірім мүлде басқаша болар ма еді деген ой маза бермейтін. Қазір де кейде осылай ойлап қоямын, бірақ бәрі бос тірлік.

Бірақ он жыл аз уақыт емес. Көзбен көрмесек те, қаланың хабарын алып отыратынбыз. «Енді елде есірткісіз де, жай ғана жақсы өмір сүруге болады екен» дегенді жиі естідік. Одан қалса, кездесулерге жас, сұлу қыздар көп келетін. Әңгімелерін естіп, суреттерін көріп, менің жастығым қайдағы бір қиял әлемінде, лас істердің артында жүріп келмеске кеткенін ойлап, ішім күйетін.

Мен он жыл арғы жақта отырып, ақшаны тиындап жинап, бостандыққа шыққан бірінші күнінде бірден есірткі іздеген адаммын. Демек, кінәлі әкем де емес, өмір де емес, бар мәселе өзімде болғаны ғой.

Қазір Наталья «Реванш» Қоғымдық қорында әлеуметтік қызметкер болып жұмыс істейді. Осы қордың арқасында бүгінгі бар бақытына, қуанышты күніне жеттім дейді.

Сол кездері «Реванш» орталығы болмаса, қазір қайтадан бір қуыста жатуым да мүмкін еді. Кезінде өзіме ес жиюға көмектескен қорда қазір ел қатарлы жұмыс істеймін, өзім өзгелерге көмектесемін. Өзімді қоғамның, кезінде жақтырмаған қоғамның толық мүшесі сезінемін. Өте сұлу әйел екенімді сезінемін. Уақыт өте бойымда махаббат, мейірім, сыйластық дегеннің барын білдім. Есірткінің көзімді көр қылғаны соншалық, «Ине тауып, оған ақша тапсам болды» деген ой сол жақсы қасиеттің бәрін тереңге көмген екен.

Қазір кезіндегі өзім сияқты түрлі қиындыққа тап болған адамдарға көмек көрсетемін, әлеуметтік қызметкермін. Өмір қызық, кеше кім едім, бүгін кіммін? ...

Осыдан кейін кейіпкеріміз біраз кідіріп қалды, өткен күндері қайта есіне түскендей. Көзі жасаурап, жаңа өміріндегі, жаңа жұмысындағыең әсерлі оқиғаны айтып бергісі келетінін айтты. Тыңдап отырып, біз бұл оқиғаны бұрын естігендей күй кештік.

Бір күні он жасар арықтау келген қайыршы бала отыр екен. Кейіннен оның дүкеннен азық-түлік ұрлап бара жатқанын көрдім. Артынан ілесіп үлгермей, сол дүкеннің маңында күтетін болдым. Бір күні бала келді, дүкеннен азды-көп азық түлік алып, қолына ұстаттым. Неліктен бұлай істеп жүргенін сұрағанда үйінде мүгедек анасы барын, ақшалары жоқ екенін айтты. Осыдан он бес жыл бұрынғы өзімді көргендей болып, жылап жіберіппін. Жасөспірімнің жақыны үшін көзсіз батыл әрекеті дер едім. Мен де кезінде әкем үшін ұрлыққа түскенде «Өмірімнің күл-талқаны шығады-ау» дегенді ойға алмадым.

Балаға кейіннен де көмектестік, қазір олардың жағдайы жақсы. Біреуге көмектескенде өзің жеңілдеп қаласың. Кезінде көмекке мұқтаж Натальяның қазір біреуге көмектесуге қауқары жететініне кейде өзім де сенбеймін, түс сияқты, сәлден кейін оянып, баяғы сұмырай өмірге оралатындай боламын.

Арманым көп, уақытты кері қайтара алмаймын, бірақ бәрінің орнын толтырғым келеді. Алғаш есірткіні қолға алмастан бұрын қай жерде қалсам, өмірді сол тұстан жалғастырғым келеді. Бостандыққа шыққалы тек екі жыл болды. Аяққа тұрып алған соң, би студиямды ашсам деймін. Адамдардың жанын өнердің осы түрімен емдесем деймін, өзімнің жарамның да бір емі әлеуметтік қызметте жүріп, өзгелерге көмектескенім болса, екіншісі де сол би шығар.

P.S. Өмірдің сан тарау жолы бар. Қай жол баққа, қай жол сорға бастарын білеймің. Басыңды тауға да, тасқа да ұрасың. Бірақ ең бастысы өзіңді жоғалтпасаң болғаны. Тура жолға бағыттап, ақыл-кеңесін аямайтын жақсы адамдар бұл өмірде аз емес. Наталья сияқты қайратты жандардың тағдыры туралы білгенде ойың да, жан дүниең де астаң-кестең болады. Нашақорлыққа ұрынған адамдарды жазғыра бермей, оларды дертінен айықтырып, азамат қатарына қосылуына баршамыз ықпал етейік. Ақын Мұқағали Мақатаевтың осы бір толғанысы бәрімізге жақсылықты үндеп тұрған жоқ па?!

Сүрініп кетпе!
Сүрініп кетсең, болғаны,
Дей бергін, досым, басыңа қырсық орнады.
Адам дегеннің аяқ астынан сорлауы -
Аңдамай басып,сүрініп кетсе болғаны.
Аңдамай кейде, басымыз-дағы кердендеп,
Құлап жатамыз,
Аяқ-қолымыз ербеңдеп.
Сүрініп алып, есіміз қайта келгенде,
Жоғалған сәтті іздейміз тағы жерден кеп.
Таппайсың оны,тартасың азап сан жылдар.
Аттай алмайсың,құлауың мүмкін, алдың - жар.
He істесем екен,нe істесем екен сендерге
Сүрініп кетіп,бүлініп жүрген тағдырлар!

Байланысты жаналықтар

Ер адам тергеу изоляторындағы ағасына есірткі өткізбек болды

03.10.2024

«Оңбай құлап, қайта тұрдым»: Қыдырәлі Болманов түрмедегі сотталушыларға кеңес берді

03.10.2024

Есірткі сақтаған Қазақстан азаматы Грузияда ұсталды

30.09.2024

Астанада 34 келіге жуық марихуана тәркіленді (ВИДЕО)

28.09.2024

Жамбылда түрмедегі әйел тұрмысқа шықты

28.09.2024

Шымкентте 2,5 мың адам есірткі жарнамасын жоюға атсалысты

27.09.2024
MalimBlocks
Ер адам тергеу изоляторындағы ағасына есірткі өткізбек болды

«Оңбай құлап, қайта тұрдым»: Қыдырәлі Болманов түрмедегі сотталушыларға кеңес берді

Өнер иесі өмірінде болған шытырман оқиғаларға тоқталды

Есірткі сақтаған Қазақстан азаматы Грузияда ұсталды

Қазіргі уақытта ол Қазақстанға экстрадицияланып, Астана қаласының тергеу изоляторына қамалды

Астанада 34 келіге жуық марихуана тәркіленді (ВИДЕО)

Оны 54 жастағы ер адам сақтаған

Жамбылда түрмедегі әйел тұрмысқа шықты

Ол шын махаббатқа еш кедергі жоқ деп санайды

Шымкентте 2,5 мың адам есірткі жарнамасын жоюға атсалысты

Шара барысында есірткі жарнамаларын анықтап жою бойынша жұмыстар атқарылды