«Аруақтар ісі» Тараздағы тергеу изоляторының ғимаратында өтті
Таразда қаңтар оқиғасы кезінде қаза болған бес «аруақтың» апелляциялық соты СИ-13 түрмесінде (№ 67 мекеме) өтті,- деп хабарлады Азаттық.
«Аруақтар ісі» аталып кеткен процесс Тараздағы тергеу изоляторы ғимаратында өтті. 7 тамызда Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшып, қаза тапқан Ержан Байжановтың анасы Нигора Закаряеваның Masa Media тілшісіне айтуына қарағанда сот хатшысы ешқандай құжат жолдамай WhatsApp желісіндегі чат арқылы смс хатпен түрмеде өтетінін хабарлаған. Марқұмдардың туыстары соттың түрмеде өтуіне қарсы болған. Олар «балаларымыз қылмыскер емес, қамауда да отырған жоқ, ондай болған жағдайда сотты зираттың басына барып өткізсін» деп Жамбыл облыстық сотының төрағасы Ербол Ахметжановқа шағымданып, қабылдауында да болған. Бірақ ештеңе өзгерте алмай өлгендердің туыстары ақыры тергеу изоляторына барған. Себебі, процеске қатысып отырған адвокаттар бүгін шешім шығатынын хабарлаған. Сонымен, 24 мамырда басталып, бүгін аяқталған апелляциялық соттың шешімі бойынша бес марқұмның бірі – Нұрсұлтан Қуатбаев қана ақталды. Судьялар оның кінәсі тергеу барысында толық дәлелденбегенін айтты. Ал қалған айыпталушылар Исатай Донбаев, Райс Рысбеков, Ержан Байжанов, Тоқтар Ошақбайды «кінәлі» деп санаған бастапқы сот үкімі өзгеріссіз қалдырылды.
Алғашқы сот инстанциясындағы судья Бағдат Төребекұлы шығарған үкімде айыпталғандардың бәрі былтыр, 2022 жылы қаңтардың 6-сына қараған түні «қоғамға қауіпті іс-əрекетін ұғына отырып, қирату, өртеу, мүлікті жою, атыс қаруын қолдану және билік өкілдеріне қарулы қарсылық көрсетуге ұласқан жаппай тəртіпсіздікке қатысқаны», «билік өкілдерінің заңды талаптарына бағынбай, жаппай тəртіпсіздік жасауға шақырып, оқ-дəрiнi заңсыз иемденіп, сақтағаны, тасымалдағаны жəне алып жүргені» айтылған. Қаза болуына байланысты оларға жаза белгіленбеген. Өлгендердің туыстары бұл айыппен келіспейді.
Қаза болған Ержан Байжановтың анасы Нигора Закарияева кассациялық шағым түсірмекші.
- Әділетсіз шешім шықты. Судьялар істі осыншама уақыт қараса да ақ-қарасын ажырата алмағанына күйінемін. Енді Жоғарғы сотқа жүгінемін. Баламды ақтап алмайынша тоқтамаймын,- деді ол.