Ата-аналардан қолхат алу – ақылға қонымсыз

Алмас НҮСІП

  • 26.05.2020

Жазғы демалысқа шыққан балалардың қауіпсіздігіне жауапты адам - олардың ата-аналары. Бірақ, бұл үшін олардан қолхат алып керегі жоқ. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ айтты.

«Жазғы каникул кезінде сауықтыру, демалыс мәселесі өте маңызды. Бірақ, бір нәрсені ұмытпауымыз керек, ол балалардың қауіпсіздігі. Өңірлер эпидемиологиялық ахуалға қарай, шешім қабылдайды. Балаларды қайтсек те демалыс лагерьлеріне жіберу керек деуге болмайды. Ондай әңгімені ешкім қозғап отырған жоқ. Және айтып жатырсыздар ғой, мұғалімдердің ата-аналардан қолхат алатын бір дәстүрі бар бізде. Тоқтамаған. Бұл қаншалықты дұрыс? Ата-аналар онсыз да балалары үшін жауапты. Олардан «жаз айларында баламның қауіпсіздігі үшін өзім жауаптымын» деп қолхат алу ойға қонымсыз мәселе, - деді министр аппарат жиналысында.

Бір қызығы, министр бұл мәселеге мектеп мұғалімдері ата-аналарды түгендеп, үй-үйді аралап жүріп, «баламның қауіпсіздігі үшін өзім жауаптымын» деп, қол қойғызып енді болғанда мән бере қалыпты. Жазғы демалыс қана емес, әр тоқсандық демалыс сайын мұғалімдерге А4 форматындағы біраз қағаз жинап беретін бұл әурешілікті енді біле қалған министр «қолхаттың ойға қонымсыздығын» оқу жылы аяқталмай тұрып айтса қайда қалыпты деген ой келеді. Оның үстіне, коронавирус кезінде мұғалімдердің үй-үйді аралап жүруі де үлкен қатер ғой. Сірә, министр өзін де, оқушыларды да, мұғалімдерді де, ата-аналарды да әбден шаршатқан қашықтан оқыту режимінің коронавирус жұғып кетпеуі үшін жасалғанын ұмытып қалған сияқты...

Аймағамбетов сөзінің басында балалар құқығының қорғалуы төмен екенін айтты. Осыған орай министрліктің атқарып жатқан шаруаларына байланысты аздап есеп беріп өткен министр, «өткен жұмада ғана біраз мәселе қаралғанын» айтқанмен, «өңірлердегі балалардың құқықтарын қорғау бойынша комиссиялар жұмысының тиімділігі өте төмен» екенін мойындады. Бірақ, бір түсініксізі – осы, «тиімсіз» комиссияның шешіміне орай әрекет етеміз дейді.

«Комиссия жұмысының шеңберінде қабылданған шешімдерге сәйкес барлық республикадағы балалар үйлеріне, әлеуметтік орталықтарға кешенді тексеріс өткізетін боламыз. Соның нәтижесінде тиісті шара қолданамыз», - деп бастап келді де, бұдан ары «бұл мәселені облыстық департаменттер өз бақылауына алсын», деп, өңірлердің өзіне сілтей салды.

Ал, биылғыдай ерекше жылы балалардың жазғы демалысы қалай өтетінін Балалар құқығын қорғау комитеті төрағасының міндетін уақытша атқарушы Дулат ЖЕКЕБАЕВ айтты. «Халықаралық тәжірибелерге сүйене отырып» жоспар жасаған Жекебаев:

«Денсаулық сақтау министрлігінің жауабына сәйкес, біз жергілікті жағдайларға қарай отырып, шешетін боламыз. 8 маусымнан бастап екі өңірде (Шымкент, Түркістан); 15 маусымнан бастап 12 өңірде, 20 маусымнан бастап 2 өңірде (Қарағанды, Нұр-Сұлтан) лагерьлер ашылады деп жоспарлануда. Ал, Алматы қаласы бойынша мектеп жанындағы және қала сыртындағы лагерьлердің жұмысына тыйым салу туралы шешім қабылданды. Осыған орай, еліміздегі 12 154 лагерьдің 65,9%-ы ғана жұмыс істейді», - деді.

Жалпы аппарат жиналысында екі мәселе қаралды, соның бірі осы балалардың жазғы демалысы болса, екіншісі – мектептерді оқулықпен қамтамасыз ету, сапасын арттыру. Бұл мәселе жайлы да министрге облыстық басқармалар өтірік ақпарат берген. Мұны министрдің өзі айтты. Бірақ:

«Бірнеше өңір жеткілікті көлемде қаражат бөлуі қажет. Сіздердің ақпараттарыңызға қарасақ жеткілікті. Бірақ республикалық орталықтың жүргізген талдауына қарап отырсақ, жеткіліксіз бөлінген. Бізде барлық ақпарат бар, сондықтан бұл мәселені қысқа мерзім аралығында шешу қажет», - деп, аппарат жиынының онлайн форматта өтіп жатқанын, оны бүкіл республика бақылап отырғаны есіне түсіп кетті ме екен, ары қарай қаузап жатпай, «оқылықтың сапасын арттыру – қасиетті борыш екенін» айтып, мәселені жылы жауып қоя салды.

Министр мектептердегі көркем әдебиеттің оқытылуын да сынағанмен, нақты тоқталып, оқушылардың енді кімді оқитынын, қалай оқитынын айтып жатпады. Бұл мәселелерді алдағы уақытта өтетін «үлкен жиындарында» талқылап қалар деп сенейік.

Сірә, «эфирді тоқтата беруге болады, әр түрлі сұрақтарға көшейік» деген министр оқулыққа қатысты мәселені жарияға жар салмай-ақ, өз араларында талқылағанды жөн көрген сияқты. Сосын, «жиналысқа дайындалмай келген» әріптестерін де біраз сілкілеп алатын шығар...

Байланысты жаналықтар

Құқық қорғау жүйесінде реформа жасау үшін күш-жігерімізді біріктіру керек – Асхат Аймағамбетов

12.10.2024

Аятжан Ахметжан: Министр Бейсембаев сынаған адамын ата жауы санайды

22.07.2024

Маман тапшы жерге жұмысқа барғандарға 9 млн теңге беріледі

19.07.2024

Мектеп оқулықтарын шығару ісінде оң нәтиже бар

24.07.2023

Депутаттар мектепті жайлы әрі қауіпсіз жасамақ

30.05.2023

Мені жамандай бер! – Аймағамбетов несімен есте қалды?

05.01.2023
MalimBlocks
Құқық қорғау жүйесінде реформа жасау үшін күш-жігерімізді біріктіру керек – Асхат Аймағамбетов

Мәжіліс депутаты жағдайды ушықтырмауға шақырды

Аятжан Ахметжан: Министр Бейсембаев сынаған адамын ата жауы санайды

Министрлік ол  шешімнің күшін  жойып, мектепке құжат қабылдайтын уақытты 1-қыркүйекке дейін созды

Маман тапшы жерге жұмысқа барғандарға 9 млн теңге беріледі

Биыл заңға жаңа өзгерістер енді

Мектеп оқулықтарын шығару ісінде оң нәтиже бар

Депутаттар мектепті жайлы әрі қауіпсіз жасамақ

Мені жамандай бер! – Аймағамбетов несімен есте қалды?

Кешегі тағайындаулардың ішінде елдің назарын ерекше аударған – Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтің орнынан кетуі болды. Үш жарым жыл бойы министр болған Аймағамбетовті қимайтындар аз емес екен.