Ата кәсіп – берекенің бастауы 

Malim Админ

  • 16.05.2020

Зергер қолынан шыққан ұлттық нақыштағы тауарларды сататын дүкендер қазірде әуежай, теміржол вокзалы мен авто бекеттерде тұрғанымен, онда қызып тұрған сауда сырт көзге байқала бермейді. Осы ретте зергерлік өнер ме әлде, кәсіп пе? Шағын және орта кәсіп болса, табысы қандай?  Өнер болса,  қолдайтын қаржыны қайдан алады деген сұрақтар туындайды. Осы сұрақтарға жауап іздеп түркістандық қолөнерші Нұрдәулет Аманқұлды аз-кем әңгімеге тартқан едік.

- Өнер деп те, кәсіпкерлік деп те қарауға болады. Мәселен, мен  Түркістан қаласына 2009 жылы көшіп келдім. Ол кезде бұл қала облыс орталығы болады деген сөз де жоқ. Туризм орталығына айналады дегенге де сенім аз еді. Дегенмен, 2013 жылы балалар қолөнер мектебі ашылды. Сол жерде 30 шебер жұмысқа алынды. Мектеп ғимаратында 20 қолөнерші шеберханамен қамтамасыз етілді. 2014 жылдан бері сол мектепте сабақ беремін. Ол жерде біз балаларға өнердің қыр-сырын меңгеруге жол көрсетеміз. Түркістандық шеберлер республикалық, халықаралық деңгейде байқау-көрмелерде үздіктер қатарында.

Ал сіз айтқан сұраққа келсек, көп адам сахнаға шығып ән айту мен билеуді өнер деп түсінеді. Дегенмен, сол өнерімен әншілер мен бишілер табыс тауып отыр ғой. Сол әнші мен бишілердің айналасында біраз жұрт қызмет көрсету кәсібінде жүр.  Өмірдегі өнер – адамның өзі мен болмысының гармониясы, жұмбағы ашылмаған әлем. Атакәсіптегі өнер ұғымы – ойыңдағы дүниені қолыңда ұстаумен астасады.  Десек те, бізде өнер деген саланы асқақтатып жоғары бағалап, кәсіпкерлік дегенді сауда-саттық дегендей төменшіктету көз-қарасы бар.

Сонда қалай?  Мәселен, қолөнершіліктен пайда табасыз ба?

–Жеке өз басыма келсем, шеберлік – әулетіміздің атакәсібі. Бала кезімде нағашым жасаған туындыларын көңіліме тоқып өстім. Сол кісі сияқты шебер болуға тырыстым.  2006 жылы 9-сыныпты аяқтап Шымкент қаласындағы Әбілхан Қастеев атындағы көркемсурет коледжінде Абдулла Жаңатаевқа шәкіртікке түстім.  Жеті жыл  Абдулла ағайдың қолында шыңдалдым. Өзім 2012-2013 жылдардан бастап жеке шеберханамды қалыптастырдым. Әрбір туындымды жаңа эскизбен жасағым келеді. Сондықтан, эскиз сақтамауға тырысамын. Ұстаханаға кіргенде балғаның дауысы ұнайды. Біреулер үшін бұл жағымсыз үн. Бірақ менің ісімді табанды түрде аяқтауыма бұл фактор үлкен септігін тигізеді. Тіршілікте қанша әрекет етсек те, нәтиже шықпайтын кездер болады. Зергерлік қаншалықты тер төксең, соншалықты сұлу дүниені сыйға береді. Қысқасы, қалауым осы сала болды. Қазір қолөнершілік – менің ішкі руханиятымның айнасы, тұрмыстық қажеттілігімді қамтамасыз етуші кәсіп. Кәдесый орталығындағы зергерлік бұйымдарға сұраныс жоғары. Арнайы тапсырыс берушілер жеткілікті. Жасаған затыңа қатты қызығатындар да табылады. Мәселен, қарапайым қамшыны алайық. Былай қарасаңыз, әр қазақтың үйінде қамшы бар. Жаныңды салып жасаған қамшыға сұраныс жоқ секілді. Сонда да қамшы жасағым келді. Ішкі көңілімді қанағаттандыру үшін біраз қамшыны өріп тастадым. 2017 жылы Малайзиядан келген туристердің көзі сол қамшыларға түсті. Қамшы туралы барша мәлімет айтып беріп едік, әрқайсысы бір-бір қамшыдан алып кетті.

Меніңше, бізде кәсіп ету, кәсіпкерлікпен айналысу дегенді дұрыс түсінбейтіндер көп. Мысалы, жобасын ойлай бастағанда жұмысты қалай атқаратынын емес, тез арада қанша табыс табатынын ойлап тұрады. Ал оның соңы бітпейтін әуре-сарсаңға түсіреді. Менің ойымша, адам жаны қалаған, өзі ұнатқан істі істемесе, одан кәсіпкер де, шеберлік те, өнер де шықпайды. Сондықтан, кез-келген кәсіпке өнер деп қарау керек. Аспаздық та өнер. Киім тігу де өнер. Көлік жасау да өнер. Қызмет көрсетудің кез-келген түрі өнер. Керек болса, бизнес амандасу, кісімен сөйлесе білу өнерінен басталады. Ал өнерге жүрдім бардым қарасаңыз, ештеңе шықпайды. Қазір мемлекет шағын және орта кәсіпті дамытуға, жаппай кәсіпкерлікке елді баулуға түрлі түрлі қолдаудар жасап, бастамалар, бағдарламалар жариялап жатыр. Тіпті, карантин кезінде кәсіпкерлікке қол созып, салықтардан босатты. Жеңілдетілген несиелер беріп жатыр.  Осының бәрі кәсіп іздегендерге көп мүмкіндік. Бірақ, мемлекет қанша жерден жақсылық жасағанымен жеке адам бастаған ісін жанымен жақсы көріп, өнер деп бағаламаса, онда кәсібі алға баспайды. Қалауыңмен жасаған еңбек кез-келген бәсекеге татыйды. Сосын, кәсіпкерлік деген үлкен мәдениет.  Мемлекет кәсіпкерлікті, шағын және орта бизнесті дамыту керек дегенде, осы жолда  түрлі бағдарламаларды жүзеге асырғанда жекелеген адамдардың табысы мен ақшасы ғана көбейсін демейді. Кәсіпкерлік жеке адам үшін мәдениетті ала келеді. Көпшілікпен сөйлесу, жүріп-тұру, оқу-іздену, азаматтық қоғамның қалыптасуына араласу, белсенді болу, отаншылдық мәдениетін тудырады.  Өйткені өз қолымен еңбек жасаған адам дүниенің, бар мен жоқтың, еңбектің қадірін біледі. Әлем елдерін қарасаңыз, қазір мұнайы көп ел мықты емес. Шағын және орта кәсіпкері көп, азаматтары жаппай кәсіпкерлікпен айналысатын ел ең қуатты мемлекет.  Осы тұрғыдан алғанда үкімет пен атқарушы билік соңғы кездері шағын және орта бизнесті дамыту үшін біраз бастаманы жүзеге асырып келеді. Сонысы бізді қуантады.

–Ал, шағын және орта бизнеспен айналысқысы келетін адам жобаны, идеяны қайдан табу керек?

–Осы сұраққа жалпылама ақыл-кеңес айтатындар көп. Бірақ, бір қызығы әр кәсіпкердің өзіндік жолы бар. Ортақ қасиеті біреу ғана. Ол –тәуекелшілдік. Жоғарыда айттым ғой, кәсіпте адамның ішкі жан дүниесі болу керек. Мысалы, біздің аймақта палауды жақсы көреді. Екінің бірі палау баса алады. Палау басу ешкімге жаңалық емес. Палау орталықтары да баршылық. Бірақ, көпшілік таңдаулы жерге барып палау жегенді ұнатады. Демек, сол таңдаулы жердегі аспаздар, күтушілер өз жұмыстарына жандарын салып істейді деген сөз. Шаштараз да сондай. Яғни, елде жоқ кәсіпті ойлап табам деп қатты қиналу шарт емес. Қай сала ішкі қалауыңа сай, сол салаға ден қойып, еңбек ету керек. Сонда табыс келеді. Және ол табыс бір күндік емес, ғұмырлық табысқа айналады. Тіпті, бала-шағаң үшін атакәсіпке айналуы да мүмкін. Өзім  атадан қалған кәсіптің тізгінін ұстап қалғаныма, сол арқылы өмір сүріп, табыс тауып жүргенімді бақыт деп сезінемін.

-Үкімет жаппай кәсіпкерлікке қатысты түрлі бағдарламаларды жүзеге асырып жатыр дедіңіз. Жеке кәсіпкер ретінде өзің үкіметтен қандай да бір жақсылық көрдіңіз бе?

-Бізде бір түсінік бар. Кәсіп ашсаң, үкімет не әкімнің көмектесуі міндеттей болып тұрады. Бұл қате ұғым. Кәсіпті қайта сол үкімет пен әкімдіктен тәуелді болуы үшін, соларға масыл болмасқа ашасың ғой. Тіпті, өзің үшін ашасың. Әлбетте, үкімет елде кәсіпкерлікті дамытудың ережелерін, жолдарын, жалпы тұжырымдамасын жасауы шарт. Бірақ, ғұмыр бойы барлық кәсіпкерді мойынына отырғызып алып, арқалап жүрмейді ғой. Өз басыма келсем, Түркістан қаласына қалай келгенімді айттым. Содан бері қала адам танымастай өзгеріп жатыр. Қаланы дамытып жатқан әрине, биліктің бастамасы. Қала жақсарып, осындағы тұрғындардың ақуалы артып, келер турист көбейе берсе, демек, үкімет менің жеке бизнесіме зор көмегін көрсетіп жатыр.

Шеберханаң туралы сөз етсек...

– Ұсталық шеберлік ақ ұсталық, қара ұсталық болып екі бағытқа бөлінеді. Қара ұсталар құрал-саймандар, тұрмыстық қолданыстағы бұйымдарды жасайды. Ақ ұсталар  күміс, алтын, қола, жез секілді материалдардан сұлулық үшін қолданылатын бұйымдарды әзірлейді. Зергерлік өнерде ең өтімді металл – күміс. Оның өзі сапалық категорияларға бөлінеді. Қыз-келіншектерге 499- сынамасы қолданылады. Бірақ сапасын түсіріңкіреп,  мыс секілді шикізат араластырамыз. Таза күміс иілгіш келеді, қоспамен реакцияға түскен соң қатайып епке келеді. Безендіру кезеңінде түрлі тастарды орналастырамыз. Жас ерекшелігіне, сапасына, пішініне қарай табиғи ақық, молахит  секілді тастарды қолданамыз. Барлық шикізат - отандық өнім. Яғни, сатып алуға берген ақшамыз ел ішінде қалады.  Былғарыдан да бұйымдар жасаймын. Шеберлік өнер бір бағытпен шектелмейді. Тәжірибемнен айтар болсам, былғары, ағаш, темірден бұйым жасайтын шеберлердің талғамы ұқсас келеді. Мысалы, жылқының ер – тұрманын жасауға осы үш шикізат та қажет.

Жыл сайын айтыскер ақындар арасында өткізілетін «Алтын домбыра» байқауындағы жүлдеге берілетін домбыраны алтыннан ұстазыммен бірігіп жасадық. Қолөнерде эрудит болу-бойында жалын бар адамға қиын емес. Қолыңның ебі келіп тұрса, барлық шикізатпен  бұйым жасап көру шебердің эстетикалық талғамын жоғарылатады.

Сосын, шеберлердің шыңдалып, дамуына жергілікті биліктің қолдауымен Түркістан қаласында ашылған шебелер қалашығының маңызы өте зор. Бұл қалашықтың туристер көп келетін Түркістан қаласында тұрғаны да заңдылық. Былай қарасаңыз, біз яғни, зергерлер, шеберлер турист қызығатын дүниелерді жасап, туризм саласын дамытып жатырмыз. Сондай-ақ, еңбегіміз арқылы ұлттық құндылықтарды, рухани дүниені дәріптеп келеміз. Сосын, ең бастысы, жаңа заманның көшіне ілесіп, кәсіпті дөңгелетіп, жаппай кәсіпкерлікті дамытып жүрміз.  Әрине, шеберханада қол күйдіріп, қара терге түсіп жатқанда біз бұл туралы ойламаймыз да. Бар ойымыз ойыңда бейнені бұйымға айналдыру ғана болып тұрады.

-Әңімеңізге рақмет, шығармашылық табыс тілейміз!

Б.ЖАРҚЫНБЕКҚЫЗЫ

Байланысты жаналықтар

"Оқ атты": Белгілі кәсіпкер Айбек Барысов үндеу жасады

23.10.2024

Түркістан облысында кәсіпкер жердің құнарлы қабатын сыдырып алған

28.09.2024

Қасым-Жомарт Тоқаев Kaspi.kz компаниясының негізін қалаушылар Вячеслав Ким мен Михаил Ломтадзені қабылдады

21.08.2024

Алматы облысында кәсіпкерлерді «қорғауына» алғысы келген қылмыстық топ ұсталды

27.07.2024

Грекияда өртенген арал: Данияр Әбілғазин мәлімдеме жасады

01.07.2024

Шымкенттегі «Мұз сарайы» мемлекетке қайтарылды

18.06.2024
MalimBlocks
"Оқ атты": Белгілі кәсіпкер Айбек Барысов үндеу жасады

Түркістан облысында кәсіпкер жердің құнарлы қабатын сыдырып алған

Сот шешімімен жер мемлекетке қайтарылды

Қасым-Жомарт Тоқаев Kaspi.kz компаниясының негізін қалаушылар Вячеслав Ким мен Михаил Ломтадзені қабылдады

Президентке Kaspi.kz компаниясы қызметінің нәтижелері мен шағын және орта бизнесті дамытуға арналған жаңа сервис құру жоспары жөнінде мәлімет берілді.

Алматы облысында кәсіпкерлерді «қорғауына» алғысы келген қылмыстық топ ұсталды

Олар кәсіпкердің 3,5 миллион теңгесін иемденіп алған

Грекияда өртенген арал: Данияр Әбілғазин мәлімдеме жасады

Ол өртке себеп болған отшашулар атылған Persephoni I яхтасын жалға алғанын мойындады.

Шымкенттегі «Мұз сарайы» мемлекетке қайтарылды

Қала әкімдігі 2017 жылы ірі нысанды кәсіпкер Серікжан Сейтжановқа 128 миллион теңгеге сатқан еді.