Батыстықтар көп боқтай ма?

Осы жылдың наурыз айынан бастап, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабына өзгеріс енгізіліп, қоғамдық орындарда балағат сөз айтқан адамдарға 69 мың теңге айыппұл салу көзделген болатын.

Есенжол Елекенов

  • 19.07.2023

Бір қызығы, осы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгеріс ене салысымен Батыс Қазақстан облысында 203 адамға қоғамдық орындарда боқтық сөздер айтқаны үшін айыппұл салынған. Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті осындай ақпарат таратты.

Наурыз айынан бастап, бүгінгі күнге дейін қоғамдық орындарда балағат сөз айтқан 203 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 20 АЕК есебінде айыппұл салынды,- деп мәлімдеген Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Malim.kz тілшісі Астана мен Алматы қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметіне хабарласып, қанша адам балағаттағаны үшін әкімшілік жазаға тартылғанын білмек болған.

Астана қаласы полиция департаменті балағат сөз айту ұсақ бұзақылыққа жататындықтан оны анықтау мүмкін емес екенін айтты.

Ал Алматы қаласы полиция департаменті баспасөз қызметіне қанша хабарлассақ та, қоңырауға жауап бермеді.

Кейін Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметіне хабарласып, балағат сөз айтқан 203 адамды қалай анықтағандарын сұрадық.

– Полиция қызметкерлері хаттама толтырған. Сол бойынша антықталып отыр. Батыс Қазақстан облысы Астана, Алматы сияқты ірі мегаполис емес қой, мұндай ұсақ бұзушылықтарды анықтау қиынға соқпайды деп ойлаймыз,- деді ведомствоның баспасөз қызметі.