Бекшин бар кінәні бұрынғы басшыға аударып отыр ма?
Алматының бас санитариялық дәрігері Жандарбек БЕКШИН Орталық қалалық клиникалық аурухана 263 мед қызметкер жұқтырғанын, зерттеудің алдын ала нәтижесі дайын екенін айтады. Ол аурухананың инфекциялық ауру жұқтырғандарды қабылдауға құқығы болған жоқ дейді. Бұл туралы ол онлайн-баспасөз мәслихатында айтты деп хабарлайды Malim.kz.
«Медициналық мекеменің (Алматы қалалық орталық клиникалық ауруханасы. – Ред.) өзіне келетін болсақ, бірқатар заң бұзушылықтар болған, яғни инфекция жұқтырған науқастарды рұқсатсыз қабылдаған. Мемлекеттік қызметтің ескертуінсіз науқастарды қабылдаған және қызметкерлер ешқандай тиісті сақтандыру құрылғыларынсыз кіріп-шығып жүрген. Әлбетте, осының бәрі аурудың таралуына әкеліп соққан, - дейді.
Бір қызығы, Бекшиннің сөзі орталық аурухананының бұрынғы бас дәрігері Алмаз ЖҰБАШЕВТЫҢ қызметінен кетердегі мәлімдемесіне мүлде қарама-қайшы. Жұбашев вирустың таралуына ауруханаға қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бұйрығы бойынша науқастарды қабылдау себеп болды деген. Ол, тіпті, тиісті орындардың аурухана басшылығының талаптарын ескерусіз қалдырғандарын, ешқандай керек-жарақ бермегендерін айтқан. Ал, Бекшин, бар кінәні бұрынғы басшыға аударып, «рұқсатсыз, өз бетінше қимылдады» деп отыр.
Бекшиннің айтуынша коронавирус жұқтырғандардың арасында студенттер мен оқушылар да аз емес екенін айтты.
«Студенттер бойынша 40 жағдай, мектеп оқушылары - 15 жағдай, басқа елдерден келгендер - 38 жағдай және шекара қызметі академиясының курсанттары - 67 жағдай, авиация қызметкерлері - 2 жағдай, зейнеткерлер - 40 жағдай, жұмыс істемейтіндер 55 жағдай тіркелді", - деді ол.
Бекшин вирус жұқтырғандардың негізгі пайызын ересектер құрайтынын айтты. Алматыдағы ең көп ауырғандар – 20-29 жас аралығындағы жастар.
"Ауру ересектердің арасында басым. Оның ішінде 15-19 жас – 43 жағдай (6,3%), 20-29 жас – 212 жағдай (31,3%), 30-39 жас – 129 жағдай (19%), 40-49 жас – 116 жағдай (17%), 50-59 жас – 115 жағдай (17%), 60 жас және одан жоғары - 42 жағдай (6,1 пайыз)", - деді ол.
Қазіргі уақытта Алматы қаласында вирус жұқтырғандардың жартысынан көбі, яғни, 383-і медицина қызметкері екені анықталыпты.
Оқи отырыңыз:
Үш пайыз эротика және 42 500 теңге
Ал, полиция қызметкерлері – ең аз зардап шеккендер қатарына жатады. Қазіргі уақытта қалада тек бір полиция қызметкері ауру жұқтырған.
Ораза уақытында ешқандай орталықта ауызашар беруге, тарауық намазын оқуға тыйым салынатыны айтылды.
Бас санитариялық дәрігердің мәліметі бойынша, Алматыда коронавирус жұқтырғандардың саны 693-ке жеткен, 5 адам қайтыс болған.