Бекшин мен орынбасары вируспен емес, бір-бірімен соғысып жүр

Елнұр Бақытқызы

  • 23.04.2021

"Қызыл аймақтағы" Алматыда күн сайын 600-ден астам адамнан вирус анықталып жатқанда, эпидемиологиялық ахуалға жауапты департамент басшысы Жандарбек Бекшин мен орынбасары Әсел Халықова бір-бірімен дауласып жүр.  Даудың басы Алматы санитарлық-эпидемиологиялық департаменттің былтыр мамырда 90 миллион теңгеге сатып алған сапасыз қорғаныш құралдары. Алматы қаласының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин сапасыз жеке қорғаныш құралдарын тікелей эфирде көрсетіп, оны Әсел Халықова сатып алғанын мәлімдеп, жауапкершілікті орынбасарына жүктеді. Ал Әсел Халықова  СЭС қызметкерлеріне арналған қорғаныш құралдарын Жандарбек Бекшиннің өзі таңдады дейді.

Дау неден шықты?

Алматы қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Жандарбек Бекшин тікелей эфирге қызметкерлерге сатып алынған қорғаныш құралдарының сапасыздығын көрсетті. Әлеуметтік желіде тікелей эфирді жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің мониторинг тобының мүшесі Рафаэль Гасанов көрсетті.

Жандарбек Бекшин әуелі арнайы мониторинг тобының өкілдерімен бірге қоймаға түсіп, 7 мың қорғаныш құралын көрсетті.

"Мына қорғаныш құралы талапқа сай емес. Оның сырты ламинадталған, су өткізбейтін болуы тиіс. Ал мынау құрылыс жұмыстарына арнаған қорғаныш костюмы",- дейді қаптамадағы қорғаныш киімін ашып көрсеткен Бекшин.

"Су құйып көріңіз, су өтіп кетеді. Ал олар суды өткізбеуі керек. Тесіктері үлкен. Бұл бояу, балшық пен шаңнан қорғайды, ал вирус бұдан өтіп кетеді. Мұны қолдану қауіпті", - дейді Бекшин.

Бір кезде санитарлық-эпидемиологиялық басқарманың қызметкері бір шыны су әкеп береді. Мониторинг тобының өкілдері суды костюмге құйып келіп қалғанда, су өтіп кетеді. "Міне көрдіңіздер ме, бұған арнайы сараптама да керек емес", - дейді Бекшин.

Содан кейін қорғаныш көзілдірігін көрсеткен Бекшин оның тесіктері бар екеніне назар аударады.

Бір уақытта мониторинг тобының өкілдері мұны кім сатып алды деген сұрақ қояды. Сөйтіп, 2020 жылдың мамарында санитарлық-эпидемиологиялық басқарма жетекшісі болған Әсел Халықованы шақырады.

Бір кезде қоймаға Әсел Халықова келеді. Жандарбек Бекшин тағы да мониторинг тобының өкілдерімен бірге қорғаныш костюміне су құяды, су костюмнен өтіп, аға жөнеледі.

"Менің бұған не қатысым бар екенін түсінбеймін. Сатып алынғанда сертификат болды. Мен бұл құралдарды қабылдағаным жоқ. Ол менің міндетіме кірмеді. Оны есепші қабылдады", - деді Әсел Халықова.

– Енді мына арнайы қорғаныш құралдарын пайдалануға бола ма, айтыңызшы?– дейді Бекшин.

– Неге пайдаланбасқа? Егер симптомсыз ауруларға барса, қолдануға болады ғой, – дейді Әсел Халықова.

Жандарбек Бекшин: – Енді бұл құралдарды ауру ошақтарына бару үшін сатып алды ғой.

Әсел Халықова: – Қазір кейбір медицина қызметкерлері жай халатпен жүрсе, неге мұны да кимеске?

Жандарбек Бекшин: – Онда ошақтарға осы құралдарды киіп барсын деген тапсырма бере аласыз ба?

Әсел Халықова: – Өзім де осыны киіп бардым, сіз де осыны киіп бардыңыз.

Жандарбек Бекшин: – Мен киіп барғаным жоқ, өзімнің қорғаныш құралдарым болды.

Бекшин мен орынбасары арасындағы ұзын-сонар диалогтан кейін Әсел Халықова қорғаныш құралдарының сертификаты болғанын, оның бір бөлігі аудандарға жіберіліп, қолданылғанын, бірде-бір адамға вирус жұқпағанын келтіреді.

Әсел Халықова: – Жандарбек Мұхтарұлы, мен қабылдағаным жоқ. Қабылдаған адам қабылдады. Департамент сотқа берді, сотта жеңілді. Енді қандай талап қойып тұрсыздар? Тап бір Жандарбек Мұхтарұлы осының бәрін көрмегендей. Мен жалғыз болғандықтан көрмедім. Мұны қабылдаған өкілетті тұлғалар бар, неге маған кінә аратасыздар? Тек Жандарбек Мұхтарұлы шу көтергенде ғана құралдарды көрдім. Санқызметтің бірде-бір өкілі вирус жұқтырмады.

Жандарбек Мұхтарұлы: – Онда солай десеңіз, осыларды пайдалансын деп тапсырма бере аласыз ба?

Әсел Халықова: – Сіз қолданбау туралы тапсырма бердіңіз, енді қолдану туралы тапсырма беріңіз.

Жандарбек Мұхтарұлы: – Енді сіз эпидемиологсыз ғой.

Әсел Халықова: – Бұл құралдар қолданылды да. Басқа әріптесім, тағы бір орынбасар келіп көрді, бұл костюмдердің басқа аймақтарда қолданылатын қорғаныш құралдарынан айырмасы жоқтығын айтты. 5 мың костюм пайдаланылды, бірде-бір адамға вирус жұқпады. қазір ондай костюмдер жоқ, бәрі көп рет қолдануға болатын костюмдерді киіп жүр.

Ал бүгін ақпарат құралдарына мәлімдесін таратқан Бекшиннің орынбасары Әсел Халықова тағы да бұл іске өзінің қатысы жоқтығын айтып, жауапкершілікті Бекшинге жүктеді.

"Тендерді ұтып алған өнім берушілермен келіссөздерді Бекшиннің өзі жүргізді, Бекшиннің өзі бірнеше қорғаныш құралының ішінен бізге жеткізілгенін таңдап алды", - дейді Әсел Халықова.

Бүгін Бекшин мен Халықова арасындағы дауға түсіндірме берген еліміздің бас санитар дәрігері Ерлан Қиясов "министрлік сапасыз қорғаныш құралдары бойынша істі сотқа беріп, жемқорлыққа қарсы күрес қызметіне хат жолдағанын" еске салды.

"Бұл іс бойынша сотта департамент жеңілді. Қазіргі кезде соттың үстінен шағым түсіріп жатырмыз. Келесі инстанциядағы сот шешеміне сәйкес әрекет етеміз", - деді.

Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет 12 мың арнайы қорғаныш құралын 2020 жылдың мамырында  90 миллион теңгеге сатып алған. Бұл уақытта санитарлық-эпидемологиялық қызметтің жетекшісі міндетін Әсел Халықова атқарып жүрді. Жандарбек Бекшин 2020 жылдың 18 сәуірінде Алматының бас санитар дәрігері болып тағайындалды. Ал санитарлық-эпидемиологиялық департаменттің басшысы болып ресми түрде 12 маусымда тағайындалды.

Бекшин қорғаныш құралдары жарамсыз болған соң, оларды пайдаланудан бас тартқан. Бекшиннің айтуынша, бұл істі жемқорлыққа қарсы қызметке жіберген, олардың тапсырысымен тәуелсіз сараптама жүргізілді. Департамент өнім берушілерді сотқа берген, алайда сотта жеңіліп қалған.

 

 

 

Байланысты жаналықтар

Бекшин зейнетке шықпақ

24.12.2021

Жақын күндері “омикрон” келеді деп күтіп отырмыз - Бабақұмаров

23.12.2021

Алматыда оқу жылы басталғалы бері 89 оқушы вирус жұқтырған

09.09.2021

"Әкім өз-өзін жазалай алмайды": Шектеу шенеуніктерге әсер етпей ме?

15.04.2021

Денсаулық сақтау министрлігі Бекшинді жазаламайды

14.04.2021

"Біртанов байыбына бармаған, Цой асыра сілтеп отыр"

13.04.2021
MalimBlocks
Бекшин зейнетке шықпақ

Жақын күндері “омикрон” келеді деп күтіп отырмыз - Бабақұмаров

Алматыда оқу жылы басталғалы бері 89 оқушы вирус жұқтырған

"Әкім өз-өзін жазалай алмайды": Шектеу шенеуніктерге әсер етпей ме?

Денсаулық сақтау министрлігі Бекшинді жазаламайды

"Біртанов байыбына бармаған, Цой асыра сілтеп отыр"