"Дәрігерлер еміне сын көзбен қараңдар"
Дәрігер Елена Хегай кей әріптестерінің науқастарға тағайындаған емінің пайдасынан зияны көп екенін жеткізді. Елена Хегай әлеуметтік желідегі парақшасында қазақстандықтарды дәрігерлердің тағайындаған еміне сын көзбен қарауды шақырды.
"Дәрігер білімін толықтыруы керектігін қалай түсінуге болады? Егер дәрігер "вирусты инфекция" диагнозын қойып, аурудың бірінші күнінен бастап (немесе төртінші күн температура 36,6-ға түспеген жағдайда) антибиотик тағайындаса, оған күмәнмен қарау керек. Егер дәрігер вирусты инфекцияға бактериалды инфекция қосылды деп есептесе, ол прокальцитонин тестін немесе ең болмаса жалпы қан анализін тапсыруды сұрауы керек. Сол анализден лейкоцитоз немесе формуланың таяқшаядролы ауытқуын байқаса ғана антибиотик тағайындағаны жөн.
Көптеген адамда вирусты инфекцияға бактериалды инфекция 10-14-күні ғана қосылады. Бірақ тәуекел тобындағы науқастарға (мысалы, қант диабеті тәрізді созылмалы ауруы бар қарт адамдар)бактериалды инфекция ертерек қосылуы мүмкін.
Дәрігер үй жағдайында емдегенде таблетка орнына жамбасқа салатын немесе көктамыр ішіне құятын антибиотиктерді жазып берсе күмәнмен қарау керек. Өйткені екпе дәрінің бәрі стационарда ғана қойылады. Укол пен дәрінің бар айырмасы, әсер ете бастайтын уақытында. Дәріні ішкен соң, ол 1,5-2 сағаттан соң әсер етеді, укол 5-15 минута әсер етеді. Егер адам өзін жақсы сезінсе, дәріні ішіп, жұта алса, оған екпе дәрінің қажеті не? Егер дәрігер сізге укол алу керек деп шешсе, онда сізді ауруханаға жібергені жөн. Балаларға да үйде немесе күндізгі стационарда укол салынбауы керек.
Дәрігер сіз антибиотик ішіп жүрген 3-күні "профилактика" үшін зеңге қарсы препараттар жазып берсе, ондай дәрігерден аулақ жүріңіз. Заманауи медицинада зең инфекциясының профилактикасы деген түсінік жоқ. Ондай препараттар тек зең пайда болғанда ғана тағайындалады. Ал антибиотиктерді қысқа уақыт (4 аптаға дейін) ішсеңіз, зең әдетте пайда болмайды.
Дәрігер тиімділігі дәлелденбеген дәрілерді жазып берсе, күмәнмен қараңыз. Ондай дәрілерді гугл арқылы іздеп көріңіз.
Жүрегіңіз ауырса немесе қан қысымыңыз көтерілсе, дәрігер көктамыр ішіне құятын дәріні тағайындаса, ондай дәрігерде емделмеген дұрыс. Өйткені көктамыр ішіне құйылатын кез келген дәрі жүрекке салмақ салады. Жүрек онсыз да тарылған қан тамыр арқылы қанды айдап, екі есе жұмыс істеп тұр. Ал көктамыр ішіне дәрі құйса, салмақ одан бетер артады. Сондықтан ондай системадан кейін қан қысымы одан бетер көтеріліп, инсульт болуы мүмкін.
Дәрігер күндізгі стационарға көктамыр ішіне дәрі құйдыруға жіберіп жатады. Әлемде соңғы 20 жыл бойы көктамыр ішіне құйылатын дәріні тек реанимацияда немесе ауыр науқастарға тағайындайды. Ал күндізгі стационарда емнің қалай өтіп жатқанын бақылайды. Мысалы, жағымсыз әсері көп дәріні тағайындаса, күндізгі стационарда науқас өзін қалай сезінетіні, дәрінің әсерін байқап көреді.
Науқас ес-түсін білетін болса, өз бетінше дәріні ішіп, жұта алса, көктамыр ішіне дәріні құюдың қажеті жоқ. Егер көктамыр ішіне дәрі құятындай жағдайыңыз нашар болса, онда ауруханаға жату керек.