Дәулеткерей Кәпұлы: Жер мәселесі солқылдақтықты көтермейді

Malim Админ

  • 09.04.2021

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәжіліске шетелдіктер мен қандастарға жерді сату және жалға беруге тыйым салатын заң жобасын жолдағалы бері жер мәселесі жиі сөз болып жүр. Қоғам пікірі де әр түрлі. Осы заң жобасын жан-жақты қарап, жетілдіру үшін құрылған Жер комиссиясының құрылғанына да жарты айдан асты. Сайтымызға сұхбат берген «Ауыл» партиясының мүшесі, ақын Дәулеткерей Кәпұлы бұл мәселені қалай да шешу керек дейді.

- Жер комиссиясының не үшін құрылғаны белгілі. Міндетін ойдағыдай атқарып шыға ала ма?

- Қазір қазақ қоғамында жерге қатысты ұстаным екіге жарылып тұр ғой. Біреуі жер ешкімге сатылмасын, жалға да берілмесін дейді, екіншісі қазақстандықтарға сатуға болады дейді. Бірақ, екі жақтың да негізгі мүддесі – жер шетелдіктерге сатылмасын, жалға берілмесін деген ұстанымда. Бұл мәселені қоғамдық пікірді, азаматтардың ұсыныстарын ескере отырып, бір жақты етіп шешу – комиссияның еі басты міндеті. Меніңше, бұл мәселені қалай да шешу керек.

- Сіз дәл осы мәселені жиі көтеріп жүрген «Ауыл» партиясының мүшесі ретінде не айтасыз? Заң жобасына қатысты партияларыңыз қандай ұстанымда?

- Жалпы, шетелдіктерге де, компанияларға да сатылмасын, жалға да берілмесін деген мәселені өткенде Парламент сайлауы алдында дебатқа шыққанда да айттым. Мароторий аяқталады, енді осы шетелдіктерге сатылмасын деген мәселені заңмен шегелеп алу керек деген мәселе көтергем. «Ауыл» партиясының да ұстанымы сол болды.

Қазіргі әңгіме – Жер комиссиясы қарап жатқан негізгі мәселе – ауылшаруашылығы, жайылым жерлерге қатысты болып тұр ғой. Шетелдіктерге мүлде берлімесін де, сатылмасын да деген президент шешіміне бәріміз екі бастан разымыз. Бұл заң жобасында шетелдіктер мен қандастарға қатысты мүлде берілмейді деп нақты айтылған. Ендігі комиссияның міндеті – жерді қазақстандықтарға жеке меншікке сатуға бола ма, жоқ па деген мәселені бір жақты ету. Мен өзім жер мүлде ешкімге сатылмасын, ол мемлекеттің меншігі болу керек деген ұстанымдамын. Менің азаматтық ұстанымым. Өйткені, тағы да сол, «аспаннан киіз жауса да, құлға ұлтарақ тимейді» дегендей, сол баяғы көп көбейе береді, жоқ жоғала береді, қолында билігі, ақшасы бар адамдар, алпауыттар алады да, қарапайым халыққа ештеңе қалмайды деген әңгіме. Сондықтан, жер Қазақстан азаматтарына жалға ғана берілу керек. Меніңше, комиссия осы мәселені алып шығады деп ойлаймын. Комиссия құрамындағы азаматтар да осы мәселемен бұрыннан айналысып, бұрыннан бас қатырып жүрген азаматтар. Жалпы халықтың пікірімен санасып, елдің көңілінен шығатын шешім қабылдауға әрекет жасайды деп білем. Бұл қай жағынан да тиімді, біріншіден жер ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпейді, екіншіден, жалға алған жерлердің арендасы тағы бар. Бұл мемлекет үшін де тиімді болады.

- Бұл әңгіменің шығуы – 2016 жылы жерді шетелдіктерге 49 жылға жалға беру мәселесі көтерілгенде, ел наразы болып, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев жаңа заңға 5 жылға маротоий жариялаған. Енді міне, 5 жыл өткен соң, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен жер шетелдіктерге мүлде берілмейді, сатылмайды деген заң жобасы шығып отыр. Бұл нені білдіреді?

- Бұл қазір мемлекеттік тұрғыдан алып қараған кезде, біздің жерге қатысты саясатымыздың тұрақтанып келе жатқанының көрінісі деп ойлаймын. Ішкі саясатта да, сыртқы саясатта да солқылдақ дүниелер керек емес. Шетелден ешкімді келтірмейміз, ешкімді шекарамыздан аттатпаймыз деген сөз емес бұл, бірақ, сырттан келіп Қазақстанмен жұмыс істейміз дегендер жерге қатысты Қазақстанның мемлекеттік ұстанымы қандай екенін білу керек. Бұл ата-бабамыздан қалған жер тек біздің, елдің игілігі үшін екенінің айғағы. Басқа басқа, жер мәселесінде ешкімге жалтақтамауымыз керек. Жер – тәуелсіздіктің басты символы.

- Қазір 90 жылдардағы жекешелендіру кезінде талан-таражға түсіп кеткен жерлерді мемлекет меншігіне қайтарып алу сөз болып жүр. Кейбір бос жатқан жерлерді қайтарып алып та жатыр. Бұл жағынан қандай қиындықтар бар?

- Ауылдарға барып жүреміз, ауыл шаруашылығымен айналысатын азаматтармен пікірлесеміз, әңгімелесеміз, 90 жылдарда кім көрінгеннің қолында кеткен жер мәселесі іспен айналысам деген азаматтар үшін үлкен кедергі. Мысалы, астанаға жақын біраз ауыл шаруашылығы жерлерінің банкте кепілдікте тұрғанын білем. Кепілге қойып, ақша алып кеткендер қаншама! Болмаса, біреулерге жалға беріп қойып, соның үстінен пайда көріп отырғандар, өздері пайдаланбайтындар да жетеді. Бұл шаруашылықтың дамуына кедергі болатын мәселе. Өйткені, жер біреудікі, сені кез келген уақытта қуып шығуы мүмкін. Сондықтан, мұндай жерлерді мемлекет қарамағына қайтару мәселесін қос қолдап қолдаймыз. Өйткені, ол жерді алғандар да сол кезде қолында билігі болғандар немесе соның жақындары. Енді осы жерлерді мемлекетке қайтарып алып, қайтадан тең бөліп береміз деп, осы бағдарламаның ол картасын жасаймыз деп жатыр ғой. Мұндай әділеттілік орнату кешіктірмей қолға алатын шаруа.

- Қазір көп ауылдарда жердің жеке меншікке өтіп кетуі салдарынан жайылым таршылығы пайда болды. Бұрын бос жатқан, бір күні иесі табыла кетеді де, елдің малын қуып тастайды. Жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жайылым мәселесін де шешіп бере ме?

- Бұл да мамандар айналысып жатқан шаруа. Мен өзім сайлау алды үгіт-насихат жұмыстарымен жүргенде Ақмола облысы Ақкөл ауданына барып қайттым. Астананың айналасы. Сол ауданда үлкен құс фермаларын саламыз деп жергілікті халыққа мал жаятын жер қалдырмағанын зар еңіреп айтып отыр. Жайылымсыз қалған қарапайым жұрт қайтеді деген мәселені арнайы келіп айтып, парламентте көтеруімізді сұраған азаматтар болды. Қазақтың сондай жанайқайын естідік. Бұл да мемлекет тарапынан арнайы тоқталатын мәселе.

Ал, жалпы латифундистер мәселесін шешу оңай болмайды. Өйткені, олар шаруашылығын жолға қойып алған, олардың ірі шаруашылықтарын ысырып, халықтың 5-10 қойы мен 1-2 сиырын жаятын жер табу қиын мәселе болып отыр қазір. Жаңа айтқан талан-таражға кеткен жерді түгел қайтарып, жалпақ елдің игілігі үшін тең бөлу бастамасы осы мәселені де айналып өтпеу керек. Мемлекет жаңадан заң қабылдап, тізеге салмайынша, бұл проблема шешіледі деп айту қиын. Бұрын балапан – басына, тұрымтай – тұсына деген уақытта ала-құлалық кетті ғой, солай ма? Енді бүгін соның зардабы білініп жатыр. Кешегі байшыкештердің, кешегі шенеуніктердің балалары солардың орнын басты. Қарапайым халыққа әлі күнге ештеңе тимей отырғандықтан да мемлекет әділет тұрғыда шешу үшін көп мәселені шешу керек. Жер комиссиясының құрылуы, жаңа заң жобасының ұсынылуы соның бір парасы ғана.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Байланысты жаналықтар

А. Орынбек М. Тайжанға қарсы. Р. Сәрсенбайұлы қолдап отыр

01.03.2023

Ералы Тоғжанов, ауылымызға кел!

19.04.2021

Жер комиссиясы: Жерді пайдалану мен қорғауды енді министрлік қадағаламақ

03.04.2021

Жерді сатпайтын заң жобасы парламентте 7 сәуірде қаралады

03.04.2021
MalimBlocks
А. Орынбек М. Тайжанға қарсы. Р. Сәрсенбайұлы қолдап отыр

Әлеуметтік желінің белсенді қолданушысы, өзін заңгер санайтын Айгүл Орынбек сайлаудың үгіт-насихатының отына май құйып бергендей болды.

Ералы Тоғжанов, ауылымызға кел!

Жер комиссиясы: Жерді пайдалану мен қорғауды енді министрлік қадағаламақ

Жерді сатпайтын заң жобасы парламентте 7 сәуірде қаралады