Ералы Тоғжанов, ауылымызға кел!
Алматы облысына қарасты Қызылағаш аулының тұрғындары жер комиссиясының мүшелерін «қонаққа» шақырады. Шенеуніктер басшылық ететін комиссия Нұр-Сұлтан қаласында қамалмай ауылда таза ауада жер мәселесін қараса, сондай-ақ, ауылда тұрып бір жапырақ жерге зар халықтың жағдайын өз көздерімен көрсе дейді қызылағаштықтар.
«Жер комиссиясының төрағасы (Үкімет басшысының орынбасары) Ералы ТОҒЖАНОВ, ол кісінің орынбасары Сапархан ОМАРОВ бастаған комиссия мүшелерін ауылға шақырамыз. Астанада жылы жерде отырып әңгіме айтқанша ауылға келсін. Барлық мәселені осы жерде өз көздерімен келіп көрсін. Біз проблемамызды қаңтар айынан бері айтып жатырмыз. Ешкім селк етпейді. Ауылда отырып суғармалы жерсіз қалдық. Ауыл іргесіндегі 15 гектар жер «Ақсу Агрохолдинг» ЖШС-не 49 жылға жалға беріліп қойған. Біз байқаудың қалай өткенінен де бейхабар қалдық. 2010 жылы ауылымыз су апатынан ондаған адамынан айрылды. Содан кейін 6 млрд-қа жуық қаражатқа «Қызылағаш» су қоймасын қайта салып шықты. Енді оның қызығын бір ғана компания көрмекші. Біздің осы жерден өз несібемізді теріп жегіміз келеді», - дейді Malim.kz сайтының тілшісіне ауыл азаматы Алмас БЕКОВ.
Жергілікті билік өкілдері бұл проблемалардан хабардар. Тіпті Ақсу ауданы әкімі Есім БАЗАРХАНОВТЫҢ өкімімен биылғы жылдың 5-ші қаңтар күні Қызылағаш ауылдық округінде жер мәселесін қарау жөніндегі комиссия құрылды. Оған әкім өзі төраға болды. Орынбасары Серік ҚҰСМОЛДИН орынбасары болды. Бірақ бұл комиссияның отырысы бірде-бір рет болған жоқ.
«Комиссия қатарында жетпіс мүшесі бар екен. Көбі министрлік пен әкімдік қызметкерлері. Депутаттар да жоқ емес. Олар осы бір уақыт жер проблемасын жері жоқ адамдардың ортасына келіп талқыласа, шешсе болмай ма? Ауылда жерсіз күн көре алмайсың. Ал біз бар жерімізден айрылып отырмыз. Шенеуніктер де бар ауыз бізде де бар. Бізде тамақ ішуіміз керек. Бірақ жерсіз күніміз нешік болмақ? Жергілікті билік өкілдерінен көңіліміз қалды. Егер бұл комиссия ел мүдесі үшін құрылса бізге келсін. Мәселемізді шешіп берсін», - дейді тағы бір қызылағаштық азамат Ғалым СЕКСЕНБАЙҰЛЫ.
Ауыл халқы даулап жүрген 15 гектар суғармалы жер 2012 жылы «Ақсу Агрохолдинг» ЖШС-не 49 жылға жалға беріліп қойған. Яғни елді мекендегі жалғыз суғармалы жердің бір ғана иесі осы компания. Қызылағаштықтар компания басшылығымен кездесіп тым құрыса жердің жартысын беруді сұраған. Алайда олар бермейтіндерін айтқан. Бір қызығы 10 жылға жуық уақыттан бері бұл жерді «Ақсу Агрохолдинг» ЖШС-гі пайдаланбаған. Бұл заңға қайшы. Осыған орай қазір облыстық жер инспекциясы сотқа шағым түсірді.
Сонымен қатар, Қызылағаш ауылының халқы президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВҚА хат жолдаған. Онда жерге қатысты өз өтініш-тілектерін жазған. Әзірге Ақордадан жауап жоқ келмепті.