Жер комиссиясы: Жерді пайдалану мен қорғауды енді министрлік қадағаламақ

Malim Админ

  • 03.04.2021

Жерді пайдалану мен қорғау жұмыстарын реттеу, оны жеке меншікке беру, бермеу мәселесі күн тәртібіне шыққалы ел арасында таралып жүрген түрлі қауесет аз емес. Қауесет таралатыны былай қарғанда заңды да. Дегенмен, бұл көп жағдайда ел ішінде жел сөзді әдейі тарататындардың арнайы құрылған жер комиссиясының жұмысына кедергі келтірмей тұрмайды. Сол себепті, алдағы уақытта бұл жұмыстарды арнайы қадағалаушы органның міндетін күшейтпей болмайтын сияқты. Бұл туралы бүгінгі өткен жер комиссиясының екінші отырысында да баса айтылды.

Бірден айта кету керек, премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен жер комиссияның екінші отырысы тартысты өтті. Отырыс «Хабар24» телеарнасында тікелей эфирде көрсетілді.

«Заң жобасының бірінші оқылымы Мәжілісте 7 сәуір күні өтеді. Бұны айтып отырған себебім, өздеріңізге белгілі, көпшілік арасында, әсіресе, әлеуметтік желілерді әлі де жекелеген түсініспеушіліктер кездесуде. Жалған қауесетті әдейі таратушылар да жоқ емес. Сондықтан, тағы бір нақтылап айтамын: жердің шетелдіктерге берілмейтіні жөнінде нақты шешім қабылданды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы  қоғам тарапынан көтеріліп отырған негізгі мәселелер бойынша түйінді  шешімін айтты,  нүктесін қойды», — деді отырыс басында комиссияның төрағасы.

Бұған дейін де айтылған, жердің жеке меншікке берілу-берілмеуі жайлы мәселе тек Қазақстан азаматтарына ғана қатысты. Ал, оның сыртында сөз болып жатқан шетелдіктерге, азаматтығы жоқтарға және әлі де азаматтық алмаған қандастарға жер жеке меншікке де, жалға да берілмейді. Бұл басы ашық мәселе. Қазір қаралып жатқан мәселе тек ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді Қазақстан азаматтары қалай пайдалану керек деген мәселе төңірегінде.

Екінші отырыстың негізгі бағыты комиссия мүшелерінің бірінші отырыстың қорытындысы бойынша әзірленген ұсыныстарды қарастыруы тұрғысында өрбіді. 25 наурыздағы бірінші отырыста айтылған ұсыныстарға сәйкес, комиссия жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында екі жұмыс тобы құрылған болатын. Экономикалық мәселелер жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі сенат депутаты Ақылбек Күрішбаев болып, бұд топқа комиссияның 33 мүшесі кірген еді.  Құқықтық мәселелер жөніндегі топ тізгіні мәжіліс депутаты Ерлан Барлыбаевқа тиген. Оның тобына 21 адам қосылған. Модератор бұдан бөлек 25 наурыздағы отырыс қорытындысы бойынша барлығы 55 ұсыныс, оның ішінде 11 ұйымдастырушылық, сондай-ақ 29 экономикалық және 15 құқықтық сипаттағы ұсыныс келіп түскенін хабарлады. Олардың барлығы комиссия мүшелерінің, уәкілетті органдардың және фермерлік қоғамдастық өкілдерінің қатысуымен жұмыс топтарында талқылануда. Ұсыныстарды қарау нәтижелері туралы жұмыс топтарының жетекшілері А. Күрішбаев пен Е. Барлыбаев хабарлады. Олардың айтуынша, көпшілік дауыспен шетелдіктерге және шетелдік компанияларға, шетелдік қатысу үлесі бар компанияларға, азаматтығы жоқ адамдарға, халықаралық қатысуы бар ғылыми орталықтарға, сондай-ақ қандастарға ауыл шаруашылығы жерлерін беруге тыйым салу жөніндегі заң жобасы қабылданғаннан кейін қазақстандықтарға жалға берілетін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің шекті ең жоғары мөлшерлерін бекіту туралы Үкімет қаулысын қабылдау туралы ұсыныс қолдау тапты.

Иә, жерді кім қанша көлемде жалға ала алады деген мәселе де өткір сұрақ. Өйткені, бұған дейін, әлгі бір жекешелендіру кезінде қолды болып кеткен жерлердің игерілмей, пайдаланылмай, қараусыз бос қалғаны немесе жер иесінің өзге біреулерге жалға беріп қоюы біраз проблемалар тудырған. Осының салдарынан ауылдардың айналасындағы егін егетін алқаптар мен жайылым жерлерге дейін әлдекімдердің иелігінде кетіп, ауыл тұрғындары, егін еккен былай тұрсын, мал баға алмайтын жағдайлар кездескен. Осы мәселе туындаған соң, ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару мәселесі көтерілген. Ол нәтижесіз де емес. Былтырдың өзінде 2,6 миллион гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарлыған. Ал, былтырғы жылғы есеп бойынша 8,3 миллион гектар жер пайдаланылмай жатқаны айтылған. Бұл төрт облыс бойынша ғана жүргізілген есеп.

«2019 жылы 5,6 млн гектар пайдаланылмайтын жер, оның ішінде шамамен 800 мың гектар егістік, 4,6 млн гектар жайылым анықталды. Бұл қағаз есептер негізіндегі дәстүрлі мониторинг пен ақпаратты салыстырып-тексеру барысында нақтыланды. Аталған жерлер бойынша ден қою шаралары қабылданғаннан кейін бүгінгі күні 1,9 млн гектарды бұрынғы жер пайдаланушылар игере бастады; 1,1 млн гектар жер пайдаланушылардың өз еріктерімен бас тартуы арқылы мемлекет меншігіне қайтарылды; 2,6 млн гектарды мемлекет меншігіне қайтару үшін әкімдіктер процессуалдық сот жұмыстарын жүргізуде. Ақмола, Қостанай, Шығыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында веб-портал арқылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге мониторинг жүргізу жөніндегі пилоттық жоба іске қосылды. Оның нәтижесінде жалпы алаңы 7,3 млн гектарды құрайтын жүктелмеген 9061 жайылымдық алқап анықталды. 2020 жылдың 3 айының қорытындылары бойынша мемлекеттік меншікке 2,6 млн гектардан астам жер қайтарылды», деген болатын Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров жыл соңында үкімет отырысында.

Демек, алдағы уақытта бұл көрсеткіш еселеп өсе береді деген сөз. Латифундистер бұдан былай жерге қатысты заңсыздыққа жол бере алмайды ендігіде.

Екінші жұмыс тобы жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылау функцияларын Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетінің қарамағына қайтаруды құп көрді. 2014 жылдан бастап жердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылау функциялары жергілікті атқарушы органдарға жүктелді, ал 2018 жылы аудан әкімдеріне бақылау функциялары берілді.  Сонымен қатар, барлық салаларда бақылау-қадағалау функцияларын жүзеге асыру тәжірибесі бақылау органдарының (орталық-облыс-аудан) барынша тиімділігін көрсетеді.  «Салыстырмалы талдау көрсеткендей, 2013 жылдан бері жерді пайдалану және қорғау мәселелері бойынша әкімдіктер жүргізген тексерулер саны 2,6 есеге, ал анықталған заң бұзушылықтарды жою 4,5 есеге артқан», —  деді мәселенің өзектілігін түсіндірген Ерлан Барлыбаев. Оның айтуынша, жерді пайдалану мен қорғауды бақылау функцияларын орталық уәкілетті органға беру мәселесін Парламент депутаттары, Бас прокуратура, Жоғарғы сот, «Атамекен» ҰКП және тағы басқалар көтеріп отыр. Сонымен қатар, құқықтық мәселелер жөніндегі жұмыс тобының мүшелері Бақытжан Базарбек көтерген жердің нысаналы мақсатын бағбандықтан басқа мақсаттарға өзгертуге заңнамалық тұрғыда тыйым салу туралы бастамасын қолдады. Жер реформалары жөніндегі комиссия мүшелері айтылған ұсыныстар бойынша дауыс берді.

Бұдан бөлек, Qoldau платформасын Қаржы министрлігіннен алып, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің қарамағына беру және оны «Ауыл шаруашылығы жануарларын cәйкестендіру» ақпараттық жүйесімен интеграциялау мәселелері қаралды. Отырыс соңында жиынға қатысушылар қоғам өкілдері арасынан төраға орынбасарын сайлауды ұсынды. Ашық дауыс беру нәтижесінде «Қазақстан фермерлер одағы» РҚБ-нің президенті Жигули Дайрабаев комиссия төрағасының орынбасары болып сайланды.

Байланысты жаналықтар

А. Орынбек М. Тайжанға қарсы. Р. Сәрсенбайұлы қолдап отыр

01.03.2023

Жұрт күткен Тасмағамбетов, үнсіз қалған Әбілов – Президенттікке кандидаттар анықталды

11.10.2022

Әкесі азсынады, баласы жеп қояды... Бектаев қайтеді?

04.10.2022

Ералы Тоғжанов, ауылымызға кел!

19.04.2021

Дәулеткерей Кәпұлы: Жер мәселесі солқылдақтықты көтермейді

09.04.2021

Жерді сатпайтын заң жобасы парламентте 7 сәуірде қаралады

03.04.2021
MalimBlocks
А. Орынбек М. Тайжанға қарсы. Р. Сәрсенбайұлы қолдап отыр

Әлеуметтік желінің белсенді қолданушысы, өзін заңгер санайтын Айгүл Орынбек сайлаудың үгіт-насихатының отына май құйып бергендей болды.

Жұрт күткен Тасмағамбетов, үнсіз қалған Әбілов – Президенттікке кандидаттар анықталды

Президент сайлауына кандидат ұсыну тоқтатылды. Талапқа сәйкес 11 қазан күні 18:00-ге дейін ұйымдар мен бірлестіктер өз кандидаттарын ұсынып үлгеруі керек. Кім үлгерді, кім бұғып қалды?

Әкесі азсынады, баласы жеп қояды... Бектаев қайтеді?

"Ауыл" партиясы мен Қазақстан фермерлер қауымдастығы әріптестік меморандумға қол қойған. Одан кейін "Ауыл" партиясы күтпеген жерден Жигули Дайрабаевты президенттікке кандидат ретінде ұсынды. Енді ортаға киліккен мына дау бұл "достыққа" қалай әсер етеді?

Ералы Тоғжанов, ауылымызға кел!

Дәулеткерей Кәпұлы: Жер мәселесі солқылдақтықты көтермейді

Жерді сатпайтын заң жобасы парламентте 7 сәуірде қаралады