Жұрт күткен Тасмағамбетов, үнсіз қалған Әбілов – Президенттікке кандидаттар анықталды

Президент сайлауына кандидат ұсыну тоқтатылды. Талапқа сәйкес 11 қазан күні 18:00-ге дейін ұйымдар мен бірлестіктер өз кандидаттарын ұсынып үлгеруі керек. Кім үлгерді, кім бұғып қалды?

Алмас НҮСІП

  • 11.10.2022
И.Тасмағамбетов, Б.Әбілов / Фотоколлаж: Malim.kz / Суреттер ашық дереккөздерден алынды

Бұл кезекті рет кезектен тыс өтіп жатқан президент сайлауының қай деңгейде, қалай өтетіні әу баста белгілі болған. Мемлекеттік кеңесші Ердан Қарин «біз қорқатындай оппозиция жоқ» деп сұхбат берді. Артынша, бас кандидат – қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алып та, шалып та жығуына болатын ыңғайлы кандидаттар ұсыныла бастағанда, қанша дегенмен бүтін бір елдің президенті сайланатын науқан ғой, аз да болса «интрига» күткен елдің көңілі су сепкендей басылды.

 

Ел танымайтын кандидаттар

Жигули Дайрабаев – елді елең еткізген алғашқы кандидат. Елең еткізгенде... «Па шіркін!» - деген тамсаныс емес, «бұл кім еді тағы?» - деген аңтарылыс.

Өзі де бар-жоғы білінбейтін «Ауыл» партиясының кандидатына арнап жұрт «Атың шықпаса сайлауға қатыс» деген мәтел шығарып, әлеуметтік желі мен БАҚ беті әжуаға айналдырып кетті. Оның өзін танымаған соң, оның жеке басына – ерекше есіміне мән беріп жатты. Тіпті, Дайрабаевтың өзі есімінің қалай қойылған тарихын айтуға мәжбүр болды.

Дайрабаев президенттікке ұсынылғаннан 4 күн өткенде оның екі бірдей ұлының ауыл шаруашылығына бөлінетін субсидияға қатысты сыбайлас жемқорлық күдігіне ілігуі де өзі де кейіп отырған елдің бетін теріске бұрды. Дайрабаевтың өзі шығып, жағдайға байланысты мәлімдеме жасай ма деп күткенмен, Дайрабаев ләм-мим деместен, қазақ тілінен емтихан тапсырып, «5» алғанын сүйіншілерде бір-ақ көрінді. «Егер ұлдарымның бұл қылмысқа қатысы бары анықталса, мен үміткерліктен бас тартамын» дей салғанда, Дайрабаевқа деген елдің көзқарасы сәл де болса жылып қалар ма еді. Дайрабаев – Тоқаевтың кезектен тыс президент сайлауын сайқымазаққа айналдыруындағы басты "клоун" ретінде қала берді.

Оқи отырыңыз: Дос Көшім: Президент сайлауына түсуім мүмкін

Екінші кандидат - Нұрлан Әуесбаев (суретте), Жалпыұлттық социал-демократиялық партия атынан түсті. ЖСДП бұған дейінгі президент сайлауына да, Парламент сайлауына да байкот жариялаған.

Өздерін оппозициямыз деп есептейтін бұл партия да «Ауыл» сияқты, Парламентте өкілі жоқ, ел ішінде де ықпалы аз ұйым. Сол үшін де оларға кезекті мәрте байкот жарияламай, сайлауға үміткер ұсынғандары үшін ешкім «бәрекелді» дей қоймады. Оған негізгі себеп те – кандидаттарының белгісіздігі. «Ауылдың» кандидаты бірінші ұсынылғандықтан және ерекше есімінің арқасында елдің аузына тез ілігіп кетті, ал, Нұрлан Әуесбаев туралы қалың көпшілік е-е-е деді де қойды.

Жұрт танымайтын тағы бір кандидат – Мейрам Қажыкен, «Аманат» Қазақстан кәсіподақтар достастығы» бірлестігі атынан ұсынылды. Бұл кезде сайлаудың қызығынан күдер үзе бастаған ел бұл есімге назар да аудармады деуге болады.

61 жастағы экономистің үкімет басшысының кеңесшісі болғанын, бұған дейін бірнеше кітап жазғанын осы сайлауға кандидаттыққа ұсынылғанда бір-ақ білді. Қажыкеннің қазақ тілін жетік білгенін дәлелдеп, емтиханда Дайрабаевқа жетпесе де, «ң»-ды дұрыс айта алмағаны үшін «4» деген баға алғаны, «Қазіргі заманғы жаһандық мәселелер» тақырыбында шығарма жазғаны, «Абай жолынан» үзінді оқығаны, «Ырыс алды – ынтамақ» тақырыбында өз ойын айтқаны – Қажыкеннің оқушы кезін есіне түсірмесе, жұртқа аса қызық болған жоқ.

Оқи отырыңыз: Аида Балаева: «Әйел басшы бола алмайды деген стереотип енді жоқ»

Қарақат Әбден. «Кәсіби әлеуметтік жұмыскерлер ұлттық альянсы» бірлестігі атынан ұсынылған бұл кандидаттың да кім екенін көпшілік Google арқылы білді.

«Нұр-Отан» партиясында қызмет еткені, қазіргі Астана қалалық мәслихатының депутаты екені де ол кандидаттыққа ұсынылған 8 қазаннан бері ғана белгілі болды. Сірә сайлауға әйел кандидат қатыстырмасақ, демократтығымызға сын ғой деп, сайлау комиссиясы тізім жасағанда, оның «Сен қазақтың қызысыз, мақтан ет!» деген кітабы шыға келді ме екен, әйтеуір, бұған дейін ешқандай саяси амбициясымен көзге түспеген Әбден бүгін, соңғы күні ғана ОСК тарапынан «талапқа сай» деген баға алды. Оның сайлауға түсуіне президент жанындағы әйел істері және отбасы-демография саясаты жөніндегі ұлттық комиссияға мүше екендігі де әсер еткен болуы мүмкін.

«Халық демографиясы» қоғамдық бірлестігі Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидат ретінде Жұматай Әлиевтің құжаттарын ұсынды. Уикипедияға енгені болмаса, бұл Әлиев те ешкім білмейтін кандидаттардың бірі. Ассамблея атынан депутат болғанын айтпасақ, оның да бұл сайлауға қай атағына сеніп түсіп отырғаны белгісіз. 2019 жылы мемлекеттік тіл емтиханында 13 сөйлемнен 19 қате жіберіп, өте алмай қалған Әлиев елге қазақша үйренгенін дәлелдеймін демесе, президенттікке қол соза қоярлық басқалай себеп табу қиын.

Тағы бір белгісіз кандидат -  Талғат Ерғалиев, Қазақстан құрылысшылар одағынан түсіп жатыр. ОСК-ға құжат өткізгенімен, оның талапқа сай келетін, келмейтіні туралы ОСК әлі ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ.

Кандидаттарды тіркеу бітер қарсаңда «Ортсайлаукомға Хайролла Ғабжалиловтің Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат болып ұсынылғаны туралы құжаттары келіп түсті» деген ақпарат пайда болды. «Оралмандардың «Асар» бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігі атынан тәуекел өтіп көрмек болған Ғабжалиловтың жасы 72-де. Егер, ОСК тіркеп жіберсе, жасы үлкен кандидат ретінде ерекшеленбесе, басқалай қызық күту мүмкін емес сияқты.

ОСК кеш бата тағы бір кандидат Бақыт Жанабаевтың "Қазақстан футбол әуесқойлары лигасы" қоғамдық бірлестігі оны Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидат етіп ұсынғаны туралы құжаттары ұсынылғанын хабарлады. "Үнсіз көрермен" болғысы келмей, жаңалыққа үлес қосу үшін ғана президенттікке үміткер болуға бел буғанын естігені болмаса, Жаңабаев туралы интернетшіл ағайынның өзі түк таппай отыр.

Сайлаудан қызық күткен елді Google-дың "іздеу жүйесін" мазалауға мәжбүрлеген тағы бір кандидат - Фатима Бизақова. «Тәжірибелік психология» қоғамдық бірлестігі ұсынған Бизақова туралы әзірге оның псхологиялық тест жинағы шыққанынан басқа ақпарат табу қиын болайын деп тұр.

 

Қосановтан Қуанышалинге дейін

Әуесбаев ұсынылардан бұрын оппозицияда біршама аты қалыптасқан Жасарал Қуанышалин кандидаттыққа түсуге бел байлағанын хабарлады. Біршама аты қалыптасқан деп отырғанымыз – оның жалпы жұртқа аса танымал емес екені. Ол «сайлауға түсем» дегенде де жұрт соншалық бір құлап түспеді. Дегенмен, Қуанышалин сайлауға түсе қалса, ең болмағанда 2019-дағы Әміржан Қосанов құрлы қауқар көрсете алар еді. Қосановтан сонша бір үміт күтпесе де, кандидаттар арасындағы оппозиция қатарынан көрініп қалып жүргенінің өзін дәтке қуат санап, көпшілік әділ сайлаудан үміттеніп те қалған. Оның ақыры қалай болғаны белгілі.

Оқи отырыңыз: «Назарбаев иемденіп алған жерді халыққа қайтарам» - Хасен Қожахмет президент сайлауына қатыспақ

Қуанышалин о баста кандидаттыққа кез келген саяси ұйым атынан түсуге дайын екенін айтқан. 1 қазаннан бері 10 күн өтсе де, тырс етпей жатып алды (әрине, ел мұндай «интриганы» күтті деуге болмайды).

Бәлкім, өзі айтқан «биліктен сескенбейтін ұйым» таба алмаған болар. Бірақ, қалай дегенде де, Қуанышалин сайлаушыларды соңынан ертіп кетеді дегенге күмән көп болды, оған себеп болған оның жасы. 73-ке келген Қуанышалиннің бұл әрекеті де өзінің әлі де болса аттан түспегенін көрсеткені болмаса, онша бір елді елең еткізген жоқ. Тіпті, көпшілік оның сайлауға үміткер болуға ұмтылғанын, партияластары қолдамай қойғанынан да бейхабар қалды.

ЖСДП мүшелері Қуанышалинді ғана емес, экс-сенатор Уәлихан Қайсаровты да қолдамады. Партияның Астанада 1 қазан күні өткен съезінде 45 партия делегатының 44-і Әуесбаевты қолдап дауыс бергенде, жұрт «бұлар да билікпен келісіп отыр екен ғой» деп, оларға да қолды бір сілтеді. Артынша Қуанышалин де, Қайсаров та осыған ұқсас пікір айтты.

2019 жылғы сайлауда Қосановтың күтпеген жерден қауіпті қарсыласқа айналып кете жаздағанын ескерді ме екен, Тоқаев әкімшілігі бұл жолы өздерін демократ ретінде көрсететін тәуекелге бармай-ақ қоюды жөн көрген сияқты.

Қосанов демекші, ол да кезектен тыс президент сайлауы жариялана салғанда «президенттікке түсуге дайын екенін» мәлімдеген. Бірақ, оның бұл талабы Facebook-тегі жеке парақшасынан асқан жоқ – көпшілік оның бұл талабын әжуалап, 2019-дағы «сатқындығын» айтып кетті.

Оқи отырыңыз: Кезектен тыс сайлауға 45 млрд теңге жұмсалады

Қосановтан бөлек, бұл сайлауға қатысам деп бел буып, ОСК-ға құжат тапсыруға барған бір кандидат Инга Иманбай.

Иманбай – Демократиялық партия құру жөніндегі бастамашы топтың жетекшісі, қазір қамауда отырған Жанболат Мамайдың әйелі. Бастамашы топ және Иманбай Мамайды саяси тұтқын деп есептейді.

Ол өзі сайлауға түсетінін мәлімдегенде, аздаған жақтастары болмаса, оны өткізе қоярына ешкім сенген жоқ. Десе дегендей, келесі күні-ақ жасы 40-қа толмағанын алға тартқан ОСК оның кандидатурасын кері қайтарды. Бұл 34 жастағы Инга Иманбайдың кезекті рет билікті сынауына мүмкіндік бергені болмаса, оның бұл қадамы – қолдаушыларын көбейтіп жіберді деп айту қиын. Иманбай биліктің бұл қадамын «жастардан қорқу» деп бағалады.

Бір қызығы, кандидат ұсынатын соңғы күні құқық қорғаушы Салтанат Тұрсынбекованың президенттікке талпынып көруге бел байлағаны белгілі болды. Бірақ, оны кім ұсынғаны, ОСК-ға құжат тапсырған-тапсырмағаны жайлы ресми орган да, басқа ақпарат көздері де ештеңе жазған жоқ. Соған қарағанда, Тұрсынбекованың бұл әрекеті өзін өзі жарнамалап қалу болуы мүмкін.

Айтпақшы, «Ел тірегі» партиясының атынан сынға түсем деген партия жетекшісі Нұржан Әлтаев бүгін ғана ШҰҒЫЛ мәлімдеме жасады. Мәлімдемеде «2022 жылдың  7 қазан күні Н.Б.Әлтаевты ҚР Президенті лауазымына өтетін кезектен тыс сайлауына кандидат ретінде тіркеу туралы құжаттар Орталық сайлау комиссиясына тапсырылғаны» айтылған. Бірақ, ОСК оның кандидаттыққа жарайтын, жарамайтыны туралы нақты мәлімет берген жоқ. Осыған орай:

«Белгілі саясаткер,  оппозиционер,  тіркелмеген «Ел  Тірегі» партиясының  жетекшісі Әлтаев  Нұржан  Бауыржанұлының  кезектен тыс  президенттік сайлау  туралы мәлімдемесі  жасалатын болады.  Мәлімдеме  барысында  Н.Б.Әлтаевтың  заңнамалық  талаптарға сәйкестігі  мәселесі, Орталық сайлау комиссиясына кандидат ретінде ұсынып отырған республикалық ұйым шешімі туралы және билік тарапынан жасалынып жатқан әрекеттері туралы айтылатын болады», - деп хабар таратқан «Ел тірегі» бұл шұғыл жиынды ертеңге шегеріпті.

«Ел тірегінің» бұл шешімін түсіну қиын. Кандидаттарды тіркеудің соңғы күні өтіп кетсін деп күтіп отыр ма, түсініксіз. Ертеңгі мәлімдемесі «жау кеткен соң...» деген сөзді еске түсіргені болмаса, оған ешкім қызыға да қоймайтыны анық. Бәлкім, келісімге келіп қалар, күтейік.

 

Таңдаулы Тоқаев, жұрт күткен Тасмағамбетов, үнсіз қалған Әбілов

Мамыр айынан бері «Біздің таңдау» деген партия құрам деп мәлімдеме жасап жүрген Болат Әбілов үнсіз қалды. Ол қаңтар оқиғасынан кейін «9 жылдық үзілістен соң саясатқа қайта оралғанын» мәлімдеген. Оның осы мәлімдемесі бар, партия құру туралы бастамасы бар, ел бәлкім Қосанов-2 басқа емес, осы Әбілов болатын шығар деп күткен. Партия құрып үлгермесе де, өзі кезінде қатарында болған, қол біріктіріп, тізе қоса жұмыс істеген ЖСДП-ға қайта тіркеліп болса да, бір әрекет ете ме деп едік... Бірақ, Әбілов сайлау туралы ләм-мим тіл де қатқан жоқ, өзін өзі ұсынған да жоқ. Оның себебі де Тоқаев билігі қабылдаған шектен тыс сақтық шараларынан деуге болады.

Оқи отырыңыз: Бутя. Тоғыз жылдық толғақтан соң

Ел күткен бір үміткер, бас «қаһарман» – Иманғали Тасмағамбетов еді. Қалың ел 2019-да да «Тасмағамбетов түссе ғой» деп аһ ұрған. Ол кезде Ресейде елші болып отырған Тасмағамбетовті «Назарбаев әдейі сол жаққа «қуып жіберді», деп, өкініш білдірген қазақстандықтар қазір Гольф федерациясын басқарып, Қазақстанда есен-сау жүріп жатқан 65 жастағы Тасмағамбетов қалай да бір төбе көрсетіп қалар деген. Бірақ, Тасмағамбетов ел күткендей қаһармандыққа барған жоқ. Соңғы кездері ешқандай саяси амбициясын көрсетпей, бар-жоғы білінбей жүріп жатқан бұрынғы премьер-министр, сірә, зейнет жасын тыныш қана өткізуді ойлап, Тоқаев билігімен ортақ келісім тапқан сияқты.

Оқи отырыңыз: Тасмағамбетовтің күйеу баласы АҚШ сайлауын шулатып жатыр

Әрине, бас кандидат Қасым-Жомарт Тоқаев. Бір партия, жалғыз ұйым атынан түсуді бойына шақ көрмеді ме, әлде, ешкімді ренжіткісі келмеді ме, халықтық коалиция атынан, яғни, ішінде «Аманат» пен «Ақжол» бар, бірнеше партия мен бірлестіктер атынан ұсынылған Тоқаевтың соңғы күндері әр облыста өткізіп жүрген кездесулерін қоғам «оның өзгелерден ерте басталған сайлауалды үгіт-насихаты» деп бағалап та жатты. Тоқаевқа қарсылас болады деген кандидаттарына қарап, оның ешқандай үгіт-насихатсыз-ақ бұзып-жарып шығуға мүмкіндігі бар екені жиі айтылып жүр.

Сайлау өтеді дегенде, аздап белсенгендей болған кейбір оппозициялық көзқарастағы жекелеген белсенділер ара-тұра біріге кетердей, сайлауға ықпал етердей кеп танытқанмен, көп ұзамай тым-тырыс бола қалды. Соған қарағанда, сайлаудың бар қызығы осымен аяқталған сияқты. Ендігі басты сұрақ: Тоқаев қанша пайыз дауыспен жеңіске жетеді? Назарбаев 1991 жылы президенттікке жалғыз кандидат ретінде қатысып, 98,7% дауыс жинаған. Тоқаевқа да осындай сайлау өткізуге мүмкіндік бар, себебі, алдағы уақытта кандидаттар 118 000 қол жинауға міндетті. Бұл ешкім танымайтын, саяси салмағы жоқ кандидаттарға оңай болмайды. Демек, алдағы 12 күн ішінде үлгермей қалған кандидаттар жарыс жолынан шеттетіледі. Барлық кандидат сыпырылып түсіп қалса да ешкім таңғалмайды. Тіпті, бұл псевдокандидаттарды бүгіннен бастап ешкім жоқтамайтын да сияқты.

Байланысты жаналықтар

Мемлекет басшысы Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен бейресми кездесу өткізді

05.04.2024

Ұлттық құрылтай: Ерлан Қарин Президент тапсырламаларын орындауға арналған жоспар қабылданғанын айтты

03.04.2024

Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей халқына қайғырып көңіл айтты

23.03.2024

Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеудегі терактқа қатысты пікір білдірді

23.03.2024

Тоқаев жұмыс сапарымен Алматы қаласына барды

20.03.2024

Президенттің бес жылы: Не өзгерді?

20.03.2024
MalimBlocks
Мемлекет басшысы Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен бейресми кездесу өткізді

Екі ел басшылары өңірлік күн тәртібін талқылап, халықаралық құрылымдар аясындағы өзара ықпалдастық мәселелерін қарастырды.

Ұлттық құрылтай: Ерлан Қарин Президент тапсырламаларын орындауға арналған жоспар қабылданғанын айтты

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысынан кейін Президент тапсырламаларын орындауға арналған жоспар қабылданғанын айтты, деп хабарлайды Malim.kz.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей халқына қайғырып көңіл айтты

Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеудегі терактқа қатысты пікір білдірді

Тоқаев жұмыс сапарымен Алматы қаласына барды

Президенттің бес жылы: Не өзгерді?

Осы уақыт аралығында қандай маңызды шешім қабылданды?