А. Орынбек М. Тайжанға қарсы. Р. Сәрсенбайұлы қолдап отыр
Әлеуметтік желінің белсенді қолданушысы, өзін заңгер санайтын Айгүл Орынбек сайлаудың үгіт-насихатының отына май құйып бергендей болды.
Ол Fасebook парақшасында «Жер, тіл, ұлт мәселесі – ақшамен бағаланбайды!» деген пост шығарды. Оның жазуынша, 2016-2018 жылдары Жер комиссиясы мүшесі ретінде жүріп-тұрғанында біреуден бір тиын алмапты. Жазған жазбаларына, көтерген мәселелеріне ешкімнен қаражат алмағанын елдің алдында ашық айта алады екен.
«Ал егер менің атымды пайдаланып Мұхтар Тайжан Үкіметтен ақша алған болса, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі тергеп-тексеруді сұраймын! Бұл мәселені неге бүгін көтеріп отырғанымды сұрасаңыздар, айтайын! Себебі екі күн бұрын Мұхтар ағам өз сұхбаттарында «лоббилік қызметі» үшін ақша алып отырғанын айтты. Жер мәселесін көтеріп жүрген барлық комиссия мүшелері сондай деп ойламас үшін, Халық алдында жүзімді ашып алғанды жөн көріп отырмын! «Елдің алдында жүрген белсенділер «заказға» жазады”, «заказ» орындайды», «біреудің мүдессін ақша үшін мадақтап-мақтайды» деген алып-қашпа әңгімелер осындай кісілердің арқасында шығатынына көзім жетті…»,- деп жазады Айгүл Орынбек.
А.Орынбектің айтып отырғаны Мұхтар Тайжанның HARDtalk бағдарламасына берген сұхбатынан шығып отыр. Бұл сұхбатта мәжіліс мандатына үміткер Мұхтар Тайжан Жер комиссиясындағы жұмысы үшін ақша алғанын айтқан болатын. Бағдарлама жүргізушісі Ерболат Мұхамеджан «жұмысыңыз үшін қаражат алдыңыз ба?» - деп сұрағын еді.
«Мен халықтың мүддесін қорғаймын деп қорғадым. Ал қалған бизнесмендер мен қандай шартқа барамын ол менің өз шаруам. Мен ол кезде бизнесменмін, жеке тұлғамын. Ол кезде менде тағы келісімшарттар болды. Мен оны айтуға міндетті емеспін», - деді Тайжан.
Жүргізуші «алдыңыз ба, нақты жауап беріңізші?» деп нақтылайды.
«Алдым, өйткені ол менің қоғамдық жұмысыма кедергі немесе қайшы емес. Ол менің жеке шаруам», - деп жауап берген болатын Мұхтар Тайжан.
Міне, осы сұхбаттан кейін Айгүл Орынбек пост жазып, әлеуметтік желіні шулатып жатыр.
«Мал аласы - сыртында, Адам аласы – ішінде» демекші, бұл ағаларымыздың «Жер мәселесі», кезінде жеке өз пайдасын ойлап жүргені - расында, жүректі ауыртты! Жалпы Мұхтар ағамның «бетпердесі» Бадамда Қытай зауыты салынайын деп жатыр деп көмек сұраған кезімде шешілген. Содан кейін-ақ, өзімді ол кісіден алыс ұстауды жөн санағанмын. Жалпы кәсіпкер, иә өз қызметіне ақы алу керек, бірақ Ұлттық мүде ақшаға сатылмау керек! Осыны кез келген Ел алдында «атойлап» жүрген белсенділер біліп жүріңдер! Жер, Тіл, Ұлт мәселесін өз пайдасына пайдаланып, ақша жасап жүрген адам - мен үшін Елін сататын сатқын!» деп сөзін қайырады.
Бір қызығы, Айгүл Орынбектің бұл жазбасын даттап жатқандар да, қолдап жатқандар да бар. Мәселен, әлеуметтік желіде Нұрлан Сәдір есіммен тіркелген азамат былай дейді: «Мұхтар Тайжан біреудің атын пайдаланып, Үкіметтен ақша алды деп ойламаймын, көрсеткен қызметі үшін нақты бір кәсіпкерден ақша алса, бұл қылмыс болып саналмайды ғой. Сосын ол Жер комиссиясында жүріп, салық мәселесіне лобби жасай алмайды, екеуі - екі бөлек сала».
Ал осы сайлауда кандидат атанып топқа түсіп жатқан, есімі елге белгілі Рысбек Сәрсенбайұлы «Айгүл, ұстанымың да, сөзің де дұрыс!» деп Айгүл Орынбекке қолдау пікір жазыпты.
Бір қызығы, 20 ақпанда Алматыда депутаттыққа кандидат Ермұрат Бәпи, Мұхтар Тайжан, Айман Тұсынхан, Санжар Боқаев, Арайлым Назарова, Ерлан Қалиевтер баспасөз мәслихатын өткізіп, тәуелсіз кандидаттар блогын құрғандарын мәлімдеп, манифест қабылдаған еді. Сол жиында журналистердің сұрақтарына жауап берген спикерлер өздерінің қатарларында Рысбек Сәрсенбайұлы мен Думан Мұхаммедкәрімнің де бар екенін айтқан еді.