Ермекбаев қанша сарбаздың ковидпен ауырғанын білмейді

Олжас Қасым

  • 22.12.2020

Қазақстанның қорғаныс министрі Нұрлан ЕРМЕКБАЕВ әскер қатарында қанша сарбаздың коронавирусқа шалдыққанын білмейді екен. Бұл туралы Malim.kz хабарлайды.

Қорғаныс министрі, генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаевтың айтуынша, көктем айынан бері әскер қатарында коронавирустан он адам дүниеден озыпты. Бұл жайлы ол Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмаларының орындалу барысы атты баспасөз мәслихатында айтты.

«Коронавирустан он адам қайтыс болды. Өкінішке қарай, біз оларды аман алып қала алмадық. Бесеуі пневмониядан, бесеуі коронавирустан дүние салды. Жалпы, қорғаныс саласында екі мың жүз адам ауырды. Ал бір жылдық әскерде борышын өтейтін жүздеген сарбаздар ауырып шықты», - деді министр.

vesti.kg тілшісі Айнұр КОСКИНА «сонда нақты саны қанша, 200-бе, әлде, 500 бе?» деген сұрағына генерал нақты жауап таба алмай қиналды.

«Бүгінгі баспасөз мәслихатының тақырыбы мүлдем бөлек. Сіздің сауалыңызға нақты дәл қазір жауап бере алмаймын. Кейін жауап қатайын», - деп қысқа қайырды министр Ермекбаев.

Сондай-ақ, министр қазір әскерде борыш өтеу қауіпсіз екенін, «дедовщина» жоқ екенін айтты. Сардарлар әскери жарғыны қатаң қадағалайды деді.

Фото:  kaznews.kz

MalimBlocks