Керек болса, Қазақ жерін 80 млн түрік қорғауға дайын
Ресей мемлекеттік дума депутаттарының «Қазақстан аумағы – Ресейдің сыйы» деген сөзі Түркия жастарының наразылығын тудырды. Сондай-ақ, түрік депутаттары да өз пікірлерін білдіріпті. Бұл туралы Malim.kz cайтының тілшісіне түрколог Оғыз ДОҒАН айтты.
«Жуырда менің ютуб арнамда «Қазақстан жалғыз емес. Ресей, қолыңды Қазақстаннан тарт» деген флешмоб өтті. Ол жастардың бастамасынан шыққан дүние. Маған жастар шетінен хабарласып өз ойларын айтты. Мен содан кейін онда өз пікірлеріңді видеоға түсіріп жіберіңдер дедім. Бұл флешмобқа қатысқан 10-15 жастар ғана емес, негізі барлық түрік халқының ұстанымы осындай», - дейді Оғыз Доған.
Оғыз Доғанның айтуынша, түрік қоғамы ресейлік саясаткерлердің бұған дейін де Қазақстан тәуелсіздігі мен аймақтық тұтастығына тіл тигізе сөйлеген сөзінен хабардар.
«Тойға шақырсаң маңайыңдағылардың бірі де қалмай келеді. Ал басыңа күн туса, достарың да безеді. Айналып келгенде ағайын-бауырлар ғана қасыңда қалады. Құдай сақтасын. Егер соғыс бола қалса, сексен миллион түрік қазақ ағайынға жәрдемдесуге келеді. Мен бұл сөзді сеніммен айта аламын. Ресейлік депутаттардың мәлімдемесіне орай түрік депутаттары да өз ойларын айтты. Саяси партиялар да мәлімдеме әзірлеп жатыр. Алдағы күні олардың барлығын өз ютуб арнамда жариялаймын», - деді Оғыз Доған.
Әзірбайжан өз жерін армения басқыншыларынан азат еткеннен кейін Тұран одағын құру сынды мәселелер де қозғалып қалып жатыр. Бұл сөз тәуелсіздігі беки қоймаған аз ұлттарға ұнайтыны жасырын емес. Осы түста «Түркияның сол түркі әлеміне аға болу амбициясы бар ма?» деген сауал да туындайды.
«Түріктің барлық отбасында бір нәрсені айтады. Біздің шыққан жеріміз орталық Азия. Дәлірек айтқанда Қазақстан деп тәлім береді. Жасыратыны жоқ тоқсаныншы жылдардың басында Түркияда аға болу амбициясы болған. Қазір жоқ. Біз барлығымыз тәуелсіз елміз. Сондықтан тең дәрежелі қарым-қатынаста болуымыз тиіс. Егер түркі халықтарының ішінен аға іздейтін болсақ онда бар түріктің ағасы қазақ болары хақ. Бірақ, жоғарыда айтқандай бәріміз тең болуымыз керек», - дейді түрік ғалымы Оғыз Доған.
10 желтоқсан күні Ресей мемлекеттік «Первый канал» телеарнасында дума депутаты Вячислав НИКОНОВ «Қазақстан территориясы – Ресейдің берген сыйлығы» деп мәлімдеді. Никоновтың партияласы Евгений ФЕДОРОВ «қазақтар біз берген жерді сыйлық деп қабылдамаса, өзімізге қайтарыңдар» деп әңгімені өршіте түскен. «Единая Россия» партиясының қос депутатының сөзін ЛДПР төрағасы Владимир ЖИРИНОВСКИЙ де қолдай түскен.
Фото: dispatchnewsdesk.com