Коронавирус қайта оралды
Еуропа елдерінде коронавирус жұқтырғандар көбейіп жатыр. Чехия Еуроодақ елдерінің ішінде коронавирустың таралу қарқыны жөнінен алдыңғы орынға шықты. Чехияда індет қыркүйектен бастап қайта көбейіп, 9 қазан күні коронавирус жұқтырған 8615 адам анықталды. 10,7 миллион халық тұратын Чехияда бұқараға арналған мәдени және спорт іс-шараларына тыйым салынған, театрлар мен зообақтар жабық. Елдің премьер-министрі індет өршісе, қатаң локдаунға көшуі мүмкін екенін мәлімдеді.
47 миллион халқы бар Испанияда да коронавирустың екінші толқыны басталды. 9 қазан күні бұл елде коронавирусты 12 788 адам жұқтырғаны анықталды.
Британдық Guardian басылымының жазуынша, індеттің бұл толқынының көктемдегі толқыннан айырмасы баршылық. Көктемде Чехия Еуропа елдерінің ішінен бірінші болып шекарасын жауып, карантин шараларын енгізді. Қызығы, халықтан далада маска тағып жүруді Қазақстан ғана емес, Чехия да талап етті. Екі ай бойы халыққа көшеде маска таққызғаны үшін басқалардан мақтау естіген Чехияда вирус жұқтырғандар аз болды. Сөйтіп, Чехия үкіметі карантин шараларын бірте-бірте әлсіретіп, маусым айында мүлде алып тастады.
Бірақ ел індеттен құтылдық деп арқаны кеңге сала бергені сол еді, тамыздан бастап коронавирус жұқтырғандар біртіндеп, ал қыркүйекте тіпті күрт көбейе түсті. Елдің премьер-министрі Бабиш карантинді әлсіретпес бұрын масканы тағып жүру ұсынысқа вето қойып жіберсе де, кінәні сақтық шараларын сақтамаған халықтың өзіне аударды.
"Жыл басындағымен салыстырғанда қазір вирус басқаша. Халықтың маска тағуға көзқарасы өзгерді, чехтардың 7 пайызы масканы еш уақытта тақпайды", - дейді ол.
Коронавирус індеті қайта күшейген Испания үкіметі де карантин шараларын қолға ала бастады. Мадридте он бес күндік төтенше жағдай жарияланды, оның орындалуын 7 мың полицей бақыламақ.
Ал Францияда 10 қазан күні бір тәуліктің ішінде 26 896 адамнан коронавирус анықталды. Франция билігі екінші қатаң локдаунның алдын алу үшін жаңа каранин шараларын енгізді. Париждегі барлық бар жабылды. Франция астанасы "эпидемологиялық ахуалы барынша қауіпті аймақ" болып жарияланды.
Жаңа ережеге сәйкес, Париждің қоғамдық орындарында алкоголь сатуға және түнгі сағат оннан кейін музыка қосуға тыйым салынды. Кездесулерге он адамнан артық жиналуға болмайды. Шіркеуде неке қию немесе АХАЖ бөліміне үйлену рәсіміне асып кетсе отыз адам қатыса алады. Бассейн мен фитнес клубтар жабық. Оқу орындары лекцияа қатысатын студенттердің санын екі есе азайтты.
Ұлыбританияда да коронавирус жұқтырғандар көбейіп жатыр. 12 қазан күні індет 12 872 адамнан анықталды. Елдің премьер-министрі Борис Джонсон бүгін мәлімдеме жасап, індетті тежейтін шараларды таныстыруы тиіс. Індет әсіресе солтүстік Англияда қатты тарап жатыр. Коронавирус оқушылар мен студенттер оқуға қайтып оралған соң күшейді делінеді.
Індет Германияда да біртіндеп асқынып жатыр. 12 қазан күні вирус 4721 адамнан анықталды. Канцлер Ангела Меркель он күннің ішінде инфекцияның тарауы тоқтамаса, қатаң шараларын енізілетінін ескертті.
Украина, Нидерланды мен Польшада да вирус жұқтырғандар өсіп жатыр. Украинада 10 қазан күні 4768 адамнан, Нидерландыда 9 қазан күні 5813 адамнан вирус анықталды.
Польшада 10 қазан күні 5300 адамнан вирус табылды.Польша оқушыларды әзірге қашықтан оқуға көшірмеді, бірақ жұртты көшеде маска тағып жүруге міндеттеді. Қарттар дүкенге тек таңғы сағат он мен 12-нің арасында бара алады. Қарттар үйлеріне қаржылай көмек көрсетіледі.
Айтақшы, көрші Ресейде де вирус жұқтырғандар күннен-күнге көбею үстінде. Мамыр айында вирус қатты өршігенде бір тәулікте (11 мамыр күні) 11 656 адамнан вирус анықталып, жаз айларында саябырсығандай еді. Қыркүйектен бастап қайта асқынып, 11 қазан күні 13634 адамнан вирус анықталды.
Еуропа елдерінде вирус қайта өршіп жатқанда, екінші толқын Қазақстанды айналып өте ме?