Министр Қарашөкеев тағы да қарап отыра ма? 

Қазақстанның қант, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қауымдастығы дабыл қағып жатыр. Дереу арада Ресейге экспортталатын күріштің жолын тосу керек дейді олар.

Орал Кайрат

  • 05.12.2022

Күріш тасымалын шектемесе, біріншіден, күріш бағасы қымбаттап, онсыз да бар тапқанын тамақтан асыра алмай отырған халыққа салмақ түсіріп, әлеуметтік наразылықты күшейтеді.

Екіншіден, қолдағы бар күріш сыртқа кетсе,  ішкі нарықта тапшылық орнайды, оның соңы шетелден қайтадан екі есе қымбатқа сатып алуға тура келеді (жаздағы қант тапшылығы сияқты-ред).

Қауымдастық президенті Айжан Наурызғалиеваның баспасөзге берген мәліметі бойынша, қараша-қазан айларында күріштің үстеме бағасы 125 теңгеге қымбаттаған. Мәселен, қыркүйек соңында күріш килосы 325 теңге болса, желтоқсанда 450  теңгеге жеткен. Ал жеке саудадағы бағасы қазір 600 теңгеге көтерілген.  

Жалпы биыл елімізде 442 мың тонна күріш жиналған. Оның өңделіп, қоймаға түсетіні  221,2 мың тонна. Ал бір жылдық ішкі нарық тұтынатын күріш 165 мың тонна.  Қалғаны экспортқа кетеді.

Биыл  Ресейде күріш дұрыс шықпады (Жылдық тұтынуы 1 миллион тонна. Биыл кемінде 200 мың тоннадай күрішті сырттан сатып алуға мәжбүр). Ресей 2022 жылдың 1 маусымынан ішкі нарықтағы азық-түлік қауіпсіздігін және бағасын сақтау үшін өз күрішін сыртқа шығаруға жарты жылға шектеу қойған.  Дегенмен, бұл шектеу 2023 жылдың жартысына дейін созылуы әбден мүмкін.

«Ресей соңғы кездері Қазақстаннан жаппай күріш сатып алып жатыр» деген Қазақстанның қант, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қауымдастығы ауылшаруашылығы министрлігі, сауда министрлігі және «Атамекен» кәсіпкер палатасына хат жіберіп, күріш экспортына шектеу қоюды сұрап отыр.

«Қазақ күрішінің экспортына шектеу қою мәселесі Ресей өз күрішін шетке шығаруға тиым салған сәттен-ақ көтерілді. Алайда, ол кезде дихандар, фермерлер пайда тапсын, өнімін өткізсін деген ұстаным басым болды. Әрине, мұны түсінуге болады. Ол бір жағынан дұрыс та. Алайда, біз қазір не көріп отырмыз? Қыркүйекте үстеме бағасы 325 теңге болған күріш қазір 450 теңге. Бұл тіпті, соңғы да баға емес. Жеке саудадағы бағасы 600 теңге. Яғни, күріш құмықтан қымбат болып кетті, бұрын-соңды мұндай болған емес» депті Айжан Наурызғалиева.

Басты бетте көрнекі фото\ Руслан Ербота