Н. Жүсіп: Өтірік, өсек, жалпақтау мен жарамсақтық қайдан орнықты?
Бүгінгі сенат отырысында Н. Жүсіп үкімет жетекшісіне білім беру мен идеологияны жүргізу жайында біраз ұсыныс жасады. Ұсынысының кіріспе сөзінде бүгінгі жастардан түңіліп отырғанын да білдіріп өтті.
«Тарихта «Алматы трагедиясы» деген атпен қаралы күндер артта қалды. Бәріміз тәуелсіздіктің тағдыры қыл үстінде тұрғанын көрдік. Құрбандықтар да аз емес. Енді болашағымыз қалай болады? Қазір қоғамда президентті қолдайық деген пікір бар. Бұл дұрыс. Президентті құры сөзбен емес, нақты іспен қолдау керек. Біз ұлттық идеологияда, ұлттық тәрбиеде үлкен олқылық жіберіп алдық, мұны ашық мойындау қажет. «Менің мемлекетім!», «Менің Қазақстаным» дейтін отансүйгіштік сезімді терең орнықтыру орнына қалай да ақша табу, тез баю, тірліктің бәрін ақшамен өлшеу ұғымдарын алға шығардық. Бүгінгі жастар бабалардың тәк-тәк деген тиымдарымен емес, негізінен тик-ток арқылы тәрбиеленіп жатыр. Қоғамда жанашырлық, мейірім, аяныш, обал мен сауапты білу, қанағат пен қайырым, ілтипат пен ізеттің орнына, жаппай қатыгездік, озбырлық, алдап арбау, өтірік, өсек, мақтаншақтық, жалпақтау мен жарамсақтық орнықты. Еңбек ету, адал мал табу, отанға, елге, мемлекетке адалдық, қоғам алдындағы жауапкершілік, әділет, ар-ұят ұғымдары кейінге ысырылып қалды. Өз ордасын өзі талқандайтын, өз мүлкін өзі ойранға салатын, бұл әрекеті үшін бір сәтте ойланбайтын қаныпезерлік қайдан шықты? Әкенің сөзін баласы тыңдамайтын, қой дегенді білмейтін, үлкендерден ықпайтын, өз дегенінен шықпайтын, тоңмойын ұрпақ неге көбейді? Ел үшін, мемлекет үшін деген ертеңшіл жастар қайда? Ұлға, қызға дұрыс тәрбие бермесек, ондай ұрпақ қайдан шығады?» деген сенатор үкімет жетекшісі мен министрлерге білім беру мен идеологияны қалай жүргізуге біраз кеңесін айтты. Сенатор бүгінгі сөзінде күрделі де қажетті сұрақты қойып отыр. Расымен де қоғамда қатыгездік, озбырлық, алдап арбау, өтірік, өсек, мақтаншақтық, жалпақтау мен жарамсақтық қайдан орнықты? Жастарға бұл қайдан жұқты? Осы жаман әдеттерге «үш жүздің басын біріктіре алмаған Абылайхан» жазықты емес шығар...