Нұрбай Кеңесбекұлы: Ұлттық ұлан патриот жастарды шыңдайтын құрылым

«Жас бүркіт» деп аталатын 7 спорттық әскери-патриоттық клубы жұмыс істейді

Олжас Қасым

  • 30.06.2024

Мемлекеттің қоғамдық қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етпей, елдегі жүргізіліп жатқан реформаларды табысты іске асыру мүмкін емес. Бұл міндетті орындауда Ішкі істер органдарымен бірге Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы зор рөл атқарады. 2014 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен «Ұлттық ұлан» атын иеленген құқықтық тәртіп әскері – еліміз тәуелсіздік алған бойда бір айдан кейін-ақ, күштік құрылымдардың ішінде ең алғаш боп құрылған Ішкі әскердің заңды мұрагері. 32 жыл ішінде әскер сапалық түрленудің бірнеше кезеңдерінен өтті: елмен және халықпен бірге нығайып, бірге дамыды және елдің ішкі қауіпсіздігін қорғауға, қазақстандықтардың тыныштығын сақтауға әрқашан дайын екенін дәлелдеп келеді. Өткен жылдарға шолу жасап, әскердің бүгінгі әлеуеті мен қызметтік-жауынгерлік әрекеті, сондай-ақ рухани-мәдени өмірі жайлы Malim.kz сауалдарына Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы Тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бас басқармасының бастығы полковник Нұрбай Бектұрсынов жауап берді.


– Нұрбай Кеңесбекұлы, әңгімемізді Ұлттық ұланның алдында тұрған басты міндеттерден бастасақ... Бүгінде әскер сапында қанша сарбаз қызмет етеді?

- Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы Ішкі істер органдарының бірыңғай жүйесіне кіреді және жеке бастың, қоғам мен мелекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қылмыстық және өзге де құқыққа қарсы қолсұғушылықтардан қорғауға бағытталған. Мемлекеттің қолдауымен Ішкі әскер боп қалыптасып-дамуынан бастап, Ұлттық ұланның қазіргі деңгейіне жету үшін ауқымды жұмыстар жасалды. Әскерлерді басқару тәсілін нығайту үшін өңірлік қолбасшылық жүйесі құрылды. Әскери құпия ретінде жеке құрамның нақты санын айтпасақ та, оның құрылымдық жүйесіне тоқталуға болады. Бүгінде Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы «Оңтүстік», «Орталық», «Шығыс» және «Батыс» өңірлік қолбасшылықтарын басқарады. Мұндай өңірлік қолбасшылық жүйесіне өту – аймақтағы құрамалар командирлерін жеке дайындау, олардың штабтары мен басқару органдарын даярлаудың арқасында, оларға күнделікті және кенеттен туындайтын міндеттерді дербес орындауға мүмкіндік берді. Оған дәлел – қаралы қаңтарда бір кезеңде бірнеше өңірде жаппай бассыздықтың орын алуы кезіндегі тұрақтылықты сақтауға жұмылдырылған жедел шараларды айтуға болады. Соңғы жылдары орын алған заңсыз шеру, өрт, пандемия, тасқын су сынды дағдарыс жағдайларында әскерді қолдану бойынша тәжірибе жинақталды, олардан сабақ алынып, қорытындылар жасалды және атқарылатын қызметке түзетулер енгізілді. Өңірлік қолбасшылықтардан тыс, республикалық маңызы бар үлкен қалаларда Бас қолбасшылыққа тікелей бағынатын жедел құрамалар бар. Сондай-ақ, әскердің жеке құрамына, әр қалада орналасқан әскери бөліністеріне тиісті мамандар даярлап отырған Қаракемер кентінде оқу құрамасы және Петропавлда Ұлттық ұлан Академиясы бар.

- Құқықтық тәртіп әскерлерінің қызметін насихаттау, жастарды жаңа қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу мақсатында қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Биыл Қазақстанның Халық қаһармандары Рахымжан Қошқарбаев пен Сағадат Нұрмағамбетовтың туғанына 100 жыл. Ұлы тұлғаларды дәріптеу,  жастарға үлгі ету жұмыстарына тоқталсаңыз...

- Ұрпақтар сабақтастығы дегеніміз ғажап дүние. Қай халық болмасын, ұрпағымен мың жасайды емес пе?! Әсіресе бүгінгідей телефонға телмірген, жат елдің жағымды-жағымсызын сараламай бойына бәрін сіңіріп алуға бейім тұрған, технология, жаһандану заманында жастарға рухани азық беру, ұлттық құндылықтарды сіңіру, өзге елде сұлтан болғаннан, өз еліңде ұлтан болу бақыттырақ екенін ұғындыру, ұлтжандылыққа, отансүйгіштікке баулу – қасиетті міндет дер едім. Бұл тұрғыда енді, өскелең ұрпаққа ерекше ден қойып, патриоттыққа тәрбиелеу ісі Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының басым бағыттарының бірі деп толық айта аламын.

Әскер қатарына шақырылған және оған дейінгі жастар арасында тәрбие мен идеологиялық жұмысты күшейту мақсатында Ұлттық ұланда «Жас бүркіт» әскери-патриоттық қозғалысы жиырма жылдан бері жемісті жұмыс істеп келеді. Яғни еліміздің мектептері жанынан жасақталған кадет сыныптарына біздің әскери бөлімдер жетекшілік етеді. Әскери клубтардың тәрбиеленушілері өздерінің қатарластарына үлгі, дұрыс бағытта дамуына түрткі, оқытушы ұстаздарына көмекші, ата-аналарының мақтанышы болып жүр. Біз өткен жылдың күзінде бұл қозғалыстың құрылғанына 20 жыл толғанын атап өттік. Өңірлердің мектептерінде қамқорлыққа алынған 61 әскери-патриоттық сынып бар, сондай-ақ «Жас бүркіт» деп аталатын 7 спорттық әскери-патриоттық клубы жұмыс істейді.

Таяуда қос батырымыз – Рахымжан Қошқарбаев пен Сағадат Нұрмағанбетовтің 100 жылдығына орай дәстүрлі «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиыны өтті Алматыда. Онда 750-ге жуық жас патриот бақ сынады, қатысушылар көршілес елдерден де келді. Осы додада Қаракемер кентінде орналасқан 6654 әскери бөлімінің қарамағындағы біздің шәкірттеріміз автоматты толық бөлшектеу мен жинақтау, асық ату, винтовкадан ату секілді үш номинацияда жеңімпаз атанды. 

Туғандарына бір ғасыр өтіп кеткеніне қарамастан, сіз айтқан батыр бабаларымыздың ерлігі ұмыт қалған жоқ. Керісінше жыл өтіп, заман жаңарған сайын олардың да есімдері жаңғыра түспек. Ал атаулы датаға орай ұйымдастырылған іс-шараларға Ішкі істер министрінің орынбасары - Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Еркін Ботақановтан бастап, қатардағы сарбаздарға дейін атсалысты. Атап айтқанда, елге белгілі азаматтар арасындағы челлендждерге үн қостық. Әскери қызметшілеріміз Рахымжан Қошқарбаев пен Сағадат Нұрмағамбетовтың туғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылған ABYROI SPORT FEST марафонына қатысты. Бұдан бөлек өңірлік қолбасшылықтарға қарасты әскери бөлімдерде түрлі іс-шаралар өткіздік. Бұл жұмыстар жыл соңына дейін жалғасады.

Жылына екі рет: көктем және күзгі шақырылым кезінде бозбаларды Отан қорғау ісіне шақыру кезеңінде «Ұлттық ұлан – ел айбыны» атты акция өткізіледі. Елді мекендерді аралап, әскердің міндетін, ерекшелігін, Отан қорғаудың асыл парыз екенін насихаттау жұмыстары ұйымдастырылады. Әрдеңеге еліктеп, ана тілінде сөйлеуді құнттамайтын, өзге тілді сән көретін жас буынға тілсіз ұлт жоғалатынын дәріптеп отырамыз. «Мемлекеттік тіл – менің тілім», «Тілге құрмет – елге құрмет!» және Абай күніне орай байқаулар мен тақырыптық кештер өткіземіз. Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасарыт генерал-майор Қайрат Үмбетовтің жетекшілігімен әскердің ақпараттық-насихат тобы өңірлерге арнайы барып, идеологиялық-тәрбиелік шаралар кешенін өткізеді. Жергілікті басқару органдары, әкімдіктер мен Мәдениет үйлері, партиялармен бірлесіп, Президент Жолдауындағы реформалар мен басымдықтарды жеткізу, жастарды елжандылыққа тәрбиелеу мақсатында «Ұлттық ұлан нағыз ерлер үшін», «Біз – Жеңіс мұрагеріміз!» тақырыптарында үгіт-насихат жұмыстары тұрақты негізде жүргізіліп келеді. Әскердің негізгі бөлігін сарбаздар, яғни 18-19 жастағы бозбалар құрайды ғой. Солардың күнделікті қызметтегі қырағылықтарын, әскери қызметшілеріміздің ерлік, қайсарлық іс-әрекеттерін дәріптейтін «Мәңгілік сапта», «Ұлттық ұлан нағыз ерлер үшін», «Ерлік сабағы» акциялары өтеді. Жалпы айта берсек, осы сынды жастардың санасына сілкініс жасайтын, рухын жанып, жүректеріне от берер жұмыстарымыз көп.

– Полковник мырза, кейінгі жылдары елімізде болған төтенше жағдайлар кезінде Ұлттық ұлан сарбаздары белсенді жұмыс істеді. Осы ретте әскери даярлық, ерекше жағдайда әрекет ету шаралары қалай жүргізілетінін сұрағым келеді?

- Сөзіңіз аузыңызда. Жоғарыда атап өткендей, дағдарысты кезеңдерде, халыққа көмек көрсетуде Ұлттық ұландықтар алдыңғы шептен көрініп жүр. Басқасын айтпағанда, биыл сәуірде елді әбігерге салған су тасқыны кезінде әскердің жеке құрамы бірнеше өңірде белсенді қызмет атқарды. Олар қаптарға құм толтырып, су жағаларына бөгет орнату, халықты қауіпті аймақтардан эвакуациялау, олардың қараусыз қалған мал-мүлкіне бас-көз болу, ұрлық-зомбылыққа, басқа да құқық бұзушылықтарға  жол ермеу, заңдылықтың сақталуын қадағалау міндеттерін атқарды. Өздерінің әскери бөлімдері, жатын орындарынан жырақта, күрделі жағдайларда өздеріне жүктелген міндеттерді адал әрі жауапкершілікпен өткерді. Гуманитарлық жүктерді тиеу және түсіру жұмыстарына атсалысты. Өзге де қосалқы күштермен біріге отырып, қала тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз етуге арналған сүзгі станцияларын сақтап қалды. Жауапты кезеңде, сын сағатта ауысыммен үздіксіз жұмыс істеді. Жалпы төтенше жағдай кезінде ұландықтар жергілікті атқарушы билікпен бірлесе отырып, болып жатқан жағдайды бағамдап, қолдауымыз немесе күшіміз қажет бола қалса, жедел штабтар арқылы шұғыл шаралар қолданып, елдің қиындықтардан ертерек шығып, қалыпты өмірге оралуына қолғабыс еттік.Ұлттық ұлан авиациясының әуе көліктері де ел-жұрт боп жинаған көмек қорларын тиісті нүктелерге жеткізуге жұмылдырылды. Тіпті қызметтік иттерімізге дейін, су құрсауында қалған, бақылау аймағынан алшақтап қалған үй жануарлары мен төрт түлікті табуға атсалысты. Әскерді басқару орталығы бар Бас қолбасшылықта, өңірдегі бөліністер мен төтенше жағдай орындарында жүрген жеке құрамдар осы орталықтан тиісті нұсқаулар мен тапсырмаларды алып, оны мерзімінде орындап отырады. Сондай-ақ, кері байланысқа шығып, керісінше сол аймақтардағы ахуалды баяндайды. «Көп түкірсе – көл болады» дейді ғой халқымыз. Сондықтан, ел басына күн туғанда, бөлінбей, бір жұдырыққа жұмылып қана жеңетініміз анық. Сондықтан, әскер алдындағы міндеттен тыс та осындай қиын сәттерде кез-келген тапсырманы орындап кетуге біз әрқашан дайынбыз.

- Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Ұлттық ұланды патриотизмге бағыттайтын мектепке теңегені есімізде. Оларды ұлтжандылыққа, елдік сезімге тәрбиелеу бағытында оқу-білім қалай беріледі?

- Күн сайын қала көшелерінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге барлық облыс бойынша Ұлттық ұланнан 5000-нан аса әскери қызметші қызметке түседі. Жоғалған балаларды тауып, ата-ана жақындарымен қауыштырса, енді бірде өмірден баз кешіп, өзіне қол жұмсамақ болған жандардың өміріне араша түсіп жатады жауынгерлеріміз. Әскери жасақтарымыз қызмет бабында жол-көлік оқиғаларына куә болған жағдайда, жүрегі қысылып, не талмасы демікпесі ұстаған тұрғындарға шұғыл шаралар қолданып, алғашқы көмек те көрсете алады. Түзеу мекемелерінен қылмыскерлердің қашып кетпеуін қадағалайтын арнайы атқыштар, бақылаушы, қарауыл бөліністері бар. Сол секілді сот процестеріндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сотталғандарды бір өңірден келесі өңірдегі түзеу мекемелеріне айдауылдауға жауапты теміржол қарауылдарының да қызметтері өте жауапты. «Бүркіт» арнайы мақсаттағы бөлімше жауынгерлері аса қауіпті топтарды, заңсыз қарулы құрылымдарды құрықтауға, елдегі терроризмге, есірткі айналымына қарсы іс-шараларды қамтамасыз етуге, көп жерде айтыла бермейтін арнайы операцияларды жүзеге асыруға жұмылдырылады. Қазіргі тілмен айтқанда «закладка» дейді ғой, жасырынған есірткіні табуға, қылмыскерлердің ізін кесуге, жарылғыш заттарды анықтауға бағытталған кинология қызметін де ерекше атап өткім келеді. Кең тоқталсақ, ұзақ уақыт айта беруге болады. Қысқа қайырғанда, күн сайын ішкі тұрақтылығын күзетінде жүретін «үштік» - Ұлттық ұлан әскери жасақтарының өзі азаматтарымыздың бейбіт өміріне кепіл болып, көңілдеріне қауіпсіздік, тыныштық сенімін сыйлауда.

Жалпы айтқанда, аға ұрпақтың даңқты істерін қазіргі ұландықтар абыроймен жалғастыруда. Ұлттық ұланның құрылған күнінен бері әскери борышын орындау кезінде 250-ден астам әскери қызметші мемлекеттік наградалармен, оның ішінде 2 адам еліміздің жоғары мемлекеттік наградасы «Халық қаһарманы» атағымен марапатталды.

«Ерлік елге мұра, ұрпаққа үлгі» дейді. Олардың өнегелі істерін жастарға насихаттау үшін Ішкі істер министрлігінің қолдауымен әскери қызметшілер жасаған ерлік оқиғаларына негізделген «Алтыншы бекет», Қазбат» және «Бүркіт» деген үш толықметражды фильм түсірдік. Мақсатымыз жастар арасында ар-намыс пен қадір-қасиетті, достық пен патриотизмді, Отанға деген сүйіспеншілікті және антқа адалдықты насихаттау болды.

Ал енді білім мәселесіне, оқыту жүйесіне келетін болсақ, 2022 жылы Ұлттық ұлан әскери институтына Академия мәртебесінің берілуі маңызды оқиғалардың бірі болды. Бұл оқу орнының беделін көтеруге және әскерлерге, елдің басқа да күш құрылымдары мен бауырлас Тәжікстан еліне әскери кадрлар даярлау деңгейін арттыруға мүмкіндік берді.

Ұлттық ұланның қазіргі даму қарқыны мен олардың санының артуы даярланған офицерлік кадрлардың сапасын жетілдіру қажеттілігін аңғартады. Осыған байланысты, былтырдан бастап Академияда магистратура бағдарламасы бойынша офицерлер дайындалуда.

Мемлекет басшысының отандық әскери академиялар мен институттар халықаралық стандарттарға сай болуы тиіс, деген тапсырмасына сәйкес Петропавлдағы оқу орнының аумағында заманауи оқу корпусының, жатын-жайдың және спорт кешенінің белсенді құрылысы жүріп жатыр. Сондай-ақ ғимараттар мен құрылыстарға күрделі жөндеу жүргізілді.

Осы ретте, айта кететін қуанышты жаңалық бар. Білесіздер, биылдан бастап әскери мерзімді қызметтегі жетістігі, спорттат және өнердегі жоғары көрсеткіштері үшін үздік сарбаздарға білім гранттары табысталуда. Осы жылы Отан алдындағы боышын абыроймен аяқтаған 640 ұландық сарбазға еліміздің қалаған жоғары оқу орнында тегін білім алуға жолдама берілді. Бұл олардың Абай атамыз айтқандай өмірде өз тетігін тауып, қалануына, маман боп қалыптасуына жасалған үлкен мүмкіндік деп білемін.

- Нұрбай Кеңесбекұлы, Ұлттық ұлан Ән-би ансамблінің әскери-патриоттық, мәдени шараларды жиі өткізіп тұратынын білеміз...  Бұл ретте қандай жұмыстарды ерекше атап айтар едіңіз?

- Иә, біздің ансамбль – тарихы сонау 92 жылдан бастау алатын үлкен ұжым. Басшылық құрамынан бөлек, фольклорлық-аспаптық топ, Ерлер хоры, жеке солистер, хореографиялық топ, эстрадалық музыка сынды түрлі бағыттарды қамтитын, әмбебап күш деуге болады. Музыка да – тәрбие құралы екенін білесіз. Жыл сайын Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Еркін Ботақановтың қолдауымен ақпараттық-насихат тобы құрылып, шекара шебіндегі өңірлерге барып тұратынын мана айтқанбыз. Сапар аясында ақпараттық-насихаттық топ сол аралықта өзге де қалалар мен елді мекендерге соғады. Бұл топтың құрамында Ұлттық ұлан Ән-би ансамблінің алар орны ерекше. Өйткені олар әртүрлі концерттік бағдарламалар ұйымдастырып, әр сапарға тыңғылықты дайындық жүргізеді. Олардың репертуарларындағы шығармалар елдік пен ерліктің жарқын үлгісін насихаттап, жас ұрпақтың бойындағы патриоттық сезімді оятуға бағытталған. Яғни, ұландықтар өз шеңберінеде ғана емес, ел арасында да әскери-патриоттық іс-шаралар жүргізіп келеді. Мәселен, былтыр ақпараттық-жұмыс тобы Шығыс Қазақстан облысын аралап шықты. Осы жұмыстардың нәтижесінде халық Ұлттық ұланның жауынгерлік қызметі мен олардың негізгі міндеттерінен хабардар болады. Көкейлерінде жүрген сұрақтарына жауап алады. Жастар жағы құқықтық тәртіп әскері қатарына қалай қосылуға болатынын немесе Ұлттық ұлан академиясына қалай түсуге болатынын сұрап жатады. Біз олардың сұрақтарына толық жауап беріп, үнемі бағыт-бағдар береміз. Бұдан бөлек, Ұлттық ұлан Ән-би ансамблі елорда төріндегі және басқа да аймақтардағы республикалық іс-шаралардың бәрінде бой көрсетеді. Мұнда өз мамандығын жетік меңгерген әскери қызметшілер топтастырылған. Сондықтан да олар жиі сұранысқа ие. Мәселен, күні кеше Қазақстан полицейлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында Ұлттық ұлан Ән-би ансамблінің солистері мен Үлгілі-көрсетімді оркестрі Есіл өзені жағасында салтанатты қойылым өткізді. Алдағы уақытта да Астана күніне арналған ауқымды жоспарлар күтіп тұр.

Ансамбльдің шығармашылық ұжымы жыл сайын дәстүрлі түрде 10 қаңтар – Ұлттық ұлан күніне орай елорда төрінде астаналықтар мен қала қонақтарына арнап, оқу орындарының студенттері, әскери қызметшілер, әскер ардагерлері ен олардың жақындарына мерекелік Гала-концерт ұсынады. Ансамбль ұжымына енетін Ерлер хоры да өткен демалыс күндері «Қазақ радиолары» ұжымының қолдауымен «Жастар» орталығында қазақ киносы әуендеріне құрылған «Қазақфильм әндері» атты тақырыптық концерт өткізді. Ерлер хоры 2022 жылы «Жұбановтар әуені» халықаралық хор өнері байқауының жеңімпазы атанған. Үлгілі-көрсетімді оркестріміз мерекелерде әуежай, вокзал, орталық алаңдарда көпшілікке тосынсый жасап, ел аузында жүрген ең танымал әуендерден флэшмобтар ұйымдастырады. Әскерде өтетін Жауынгерлік ту шығару, әскери бөлім күндері, ашық есік күндер, Әскери ант қабылдау салтанаты сынды жауынгерлік дәстүрді жаңғыртатын шараларды сүйемелдеп, жеке құрамға рух береді.

Мемлекет басшысы «Ұлттық ұландағы қызмет бүгінгі таңда, шын мәнінде, патриотизм мен батырлықтың мектебіне айналды. Оның дәлелі өз әскери борышын адал орындап қана қоймай, өмірін тәуекелге тігіп, батырлық жасайтын қызметтестеріңіз. Сіздердің қажырлы қызметтеріңіздің нәтижесінде елімізде қоғамдық тәртіп сақталуда. Қылмысқа қарсы күрес және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – жауапты іс. Тәртіп сақшылары кез-келген уақытта қауіпке қарсы тұруы қажет. Бұл үлкен жауапкершілікті және жанқиярлықты талап етеді» деген болатын. Түптеп келгенде, мұның бәрі мемлекетіміздің тұтастығы, бейбіт өмірі мен жарқын болашағы, тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуы үшін атқарылып жатқан жұмыстар.

- Қауырт қызмет арасында уақыт тауып, әскердің жәй-күйімен бөліскеніңіз, сүбелі сұхбатыңыз үшін рахмет! Ел іргесі тыныш болсын!

Байланысты жаналықтар

Партиядан қуылған Асқар Садықов мәлімдеме жасады

05.09.2024

Ұлттық ұлан бас қолбасшысының орынбасары ұсталды

04.09.2024

Біздің бір ғана отанымыз бар

25.06.2024

Алмас Ахметбекұлы: Әр үйдің төрінде Ту мен Елтаңба тұруға тиіс

20.06.2024

Ұлттық Ұлан жастардың патриоттық тәрбиесін шыңдайды

21.02.2024
MalimBlocks
Партиядан қуылған Асқар Садықов мәлімдеме жасады

Ұлттық ұлан генералы жемқор деген ақпаратты жасырып қалғысы келген болар

Ұлттық ұлан бас қолбасшысының орынбасары ұсталды

ІІМ құқыққа қайшы әрекет жасады деп мәлімдеді

Біздің бір ғана отанымыз бар

Жастарды ғана емес, күллі ұлтты тектілігіне қайтарып, ата-баба жолындағы намысты үрдісті жалғастыруға шақыруымыз керек

Алмас Ахметбекұлы: Әр үйдің төрінде Ту мен Елтаңба тұруға тиіс

Ұл-қыздарымыз соны көріп, сезініп өсуі керек

Ұлттық Ұлан жастардың патриоттық тәрбиесін шыңдайды