14 шілде күні таңертең АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) Иранға жасалған кезекті әуе соққылары аяқталғанын мәлімдеді. CENTCOM-ның X әлеуметтік желісіндегі хабарламасына сәйкес, Бушир, Чахбахар, Джаск, Конарак, Абу-Муса және Бендер-Аббас қалаларындағы әскери нысандарға соққы жасалған. Ақ үй бұл әрекетті Тегеранның Ормуз бұғазында коммерциялық кемелерге шабуыл жасап жатқанымен түсіндірді.
Қолбасшылықтың мәліметінше, 14 шілде кешінде АҚШ Иранға қарсы теңіз қоршауын қайта бастайды. АҚШ президенті Дональд Трамп жаңа соққыларға қатысты пікір білдіріп, Вашингтон бұған дейінгі мәлімдемесіне қарамастан, Ормуз бұғазы арқылы өтетін кемелерден ақы алатынын айтты. «Біз әлемнің өте бай аймағын қорғаймыз. Біз оған қаржы жұмсап отырмыз. Сондықтан қауіпсіздікті қамтамасыз еткеніміз үшін өтемақы алатын боламыз», – деді ол.
Осы уақытта Иран АҚШ-тың Кувейттегі әскери базаларына ұшқышсыз ұшу аппараттарымен шабуыл жасағанын Иранның мемлекеттік IRIB телерадиокорпорациясы хабарлады. Сонымен қатар, Ислам революциясы сақшылар корпусы (КСИР) Иорданиядағы АҚШ әскери әуе базасына зымырандар жіберілгенін мәлімдеді.
14 шілдеге қараған түні Иранның қанатты зымырандары Біріккен Араб Әмірліктеріне тиесілі екі танкерге шабуыл жасады. Mombasa және Al Bahiyah танкерлері Оманның аумақтық суларында соққыға ұшырады. Екі кемеде де өрт шыққанымен, кейін ол сөндірілді. БАӘ Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Mombasa танкеріне жасалған шабуыл салдарынан Үндістанның бір азаматы қаза тауып, тағы сегіз адам, оның ішінде Үндістан мен Украина азаматтары жараланған.
Аймақтағы шиеленістің қайта күшеюі аясында 14 шілде күні таңертең Brent маркалы мұнайдың бағасы сауда барысында бір баррелі 84 доллардан асып, соңғы бір айдағы ең жоғары деңгейге жетті. Бұл көрсеткіш АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысының бастапқы кезеңіндегі 120 долларлық шарықтау деңгейінен төмен болғанымен, Associated Press агенттігінің бағалауынша, әлем бойынша шығындардың өсуіне әкелуі мүмкін.