«Қайрат» жартылай финалға жолдама алды

Алматының «Қайрат» футзал клубы Чемпиондар лигасының жартылай финалына жолдама алды.

  • 28.04.2021

 

Алматының «Қайрат» футзал клубы Чемпиондар лигасының жартылай финалына жолдама алды. Хорватияның Задар қаласында өтіп жатқан финалдық кезеңде алматылық клуб Португалияның «Бенфикасын» 6:2 есебімен ойсырата жеңді.

Биыл пандемияға байланысты UEFA басшылары жарыстың форматына біраз өзгерістер енгізіп, шешуші сайысты Хорватияның Задар қаласына ауыстырған болатын. Әу баста, финалдық ойындар Минск (Беларусь) қаласына жоспарлаған еді.

Қазіргі таңда үлкен футболға қарағанда кіші футболымыз озып тұр. Жақында ғана Қазақстан құрамасы Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне шығып, жанкүйерлерді бір желпіндіріп тастап еді. Ал, бүгін Алматының «Қайраты» Португалияның әйгілі клубы «Бенфиканың» екі аяғын бір етікке тықты. Еуропада талай жүлде алып жүрген португалиялық команда «Қайратпен» болған ойынның негізгі уақытында 2:2 есебімен тең түскенімен, қосымша уақытта алматылықтардың адуынды шабуылына төтеп бере алмады. Дәурен Тұрсағұлов, Гадейя, Фернандиньо және Біржан Оразов бастаған жігіттер қосымша уақытта қарсыластар қақпасына жауапсыз төрт доп соқты.

Айта кетерлігі, «Қайрат» былтырғы маусымның элиталық кезеңінде  дәл осы «Бенфикамен» ойнап, 3:5 есебімен ұтылып қалған-ды.

Осылайша, «Қайрат» Еуропаның ең беделді турнирінің жартылай финалына тоғызыншы мәрте шығып отыр. Бұл - Еуропа командалары арасында рекордтық көрсеткіш. Испанияның ең мықты деген «Интер» клубы мен «Барселонаның» өзі финалдық кезеңге жеті рет шығыпты.

«Барселона» демекші, «Қайрат» жартылай финалда «Барселонамен» ойнауы әбден мүмкін. Испан клубы бүгін түнде Словенияның «Добровец»  клубымен күш сынасады. Егер жеңіске жетіп жатса, 1 мамырда «Қайрат» пен «Барселона» арасындағы матчты тамашалаймыз. 

 

MalimBlocks