“Қайыршы” мамандығы: Оңай ақша ма, маңдай тер ме?

Айшолпан КЕРІМ

  • 08.03.2021

«Қызым, көмектесші,сен үшін артыңнан дұға оқып қаламын» деп жылай салатын апаны Тимирязев көшесінінің бойынан жиі көруге болады. Қайыр сұрайтындар әр қалада бар. Оларды бірі қайыршы, бірі бейшара деп жатады. Қайыршылық – өмір салты ма әлде табысты мамандық па? Бұл адамдардың көшеге шығып, басқаларға қол созуының себебі не: шарасыздық па, жұмыс табуға ынтасыздық па? Біз аяп «тиындап тапқан табысымызды» беретін бұл адамдар кім? Осы сұрақтарға Malim тілшісі жауап іздеп көрді.

         Алматыдағы қайыршылардың көп шоғырланатын жері бар. Біз жұма күні «Байкен» мешітінің алдына тізіле жайғасқан 8 қайыршы әйелді көрдік. Мұндағылар бірнеше санатқа бөлінеді: мүгедектер, зейнеткелер, жалғызбасты аналар мен үй-күйі жоқ адамдар.

Анар - көпбалалы ана

Сағат түскі он екіден өтті. Жұма намазға келушілер саны көп. Кіреберісте тұрған қайыршылардың шелектеріне қайта-қайта тиын түсуде. Назарымыз мешіттен екі метр жерде баласын құшақтап отырған анаға түсті. Түрін көрсетуге бас тартқан Анар есімді келіншек өзге қайыршылар оны мешіт маңына жолатпайтынын айтты.

Анар - көпбалалы ана

«Бұл жерде орынға талас бар, бұрыннан келе жатқандар мешіттің жанына жолатпайды. Мына бұрыштың өзінде әрең отырмын. Полициялар да, айыппұл салып, желкелеп тұрады.

Қазір намаздан кейін қайтамын. Күнде шықпаймын, тек жұма күндері келемін. Бес балам бар, үлкені – 22-де, сол үшін атаулы әлеуметтік көмек те ала алмаймын, үйіміз жоқ, пәтерақы, балалардың оқуы бар, кішкентайымды балабақшаға да бере алмай отырмын». 

Анар «жұмыс іздеп көрмедіңіз бе?» деген сұрағымызға «Балаларға кім қарайды, кішкентайым жетіде» деп жауап берді. 

Орынға таласып, қан-жосамды шығарған кездер де болған

Мешіт алдында адамдар сәл азайған соң тағы бір шет тұста отырған қайыршы апамен сөйлесіп көрдік.

«Ой, мені бар таниды. Түрімді түсірмей-ақ қойшы, қазір немерелерім өсіп қалды, олар ұялады. Менің осымда отығаныма жеті жылға таяп қалды. Күйеуім мен қызым қайтыс болды, жетім қалған немерелерім бар, балалар бар, қырық мың теңгелік зейнетақыма жалғыз асырау қиын болған соң осындамын».

Өзін «қайыршылар патшайымы» деп қалжыңдаған ападан нақты табыс мөлшері жайлы сұрап көрдік. Айтуынша, күнде қайыр сұрап, пәтерақы ақшасын шығарып алуға болады екен.

«Мен тек жұма емес, күнде шығамын, мешіт емес, көше бойында жүріп те ақша сұраймын. Күніне 5-6 мың шығаруға болады, жұма күндері мешітке келсең, көбірек табасың. Мені әкімдік, полиция, астанадағыларға дейін біледі. Қуады, тебеді, айыппұл салады, артынша жібере салады.

Біздің істе отыратын жер үшін талас деген үлкен дертіміз бар. Талай ұрысып, бет жыртысқанбыз. Орынға таласып, қан-жосамды шығарған кездер де болған. Бетімде сондай ұрыстардан қалған тыртық әлі бар.

Адамдардың ақша көп бере бермейтінін де түсінуге болады. Бәрі бірдей шарасыздықтан қайыр сұрап отырған жоқ. Күрттер келіп, балдақ таянып, аянышты болып тұрады. Қазір рейд келсе, бірден жүгіре қашады, таппай қаласың. Біреуі ішіп кетеді, басқасы өтірік қызын әкеп отырғызып қояды да, кешке ақшасын санап алады. Түрлі адам бар. Кейбір кемпірлер үйінде іші пысқаннан келіп, қайыр сұрап отыра береді.

«Апа, қайыр сұрамашы»

Бұл тірліктен ұялмаймын, бірақ шаршап, жалығатын кездер болады. Жасым жетпіске келді, жұмысқа кім алады мені? Балалар бұрын «Апа, шықпашы, қайыр сұрамашы» дейтін. Қазір олар айтайын десе, жалғыз табысымыз осы – қайыршылық қой. Қазір әйтеуір үлкені колледж оқиды, қосымша жұмыс істеп, өзінің жолақысын өзі табады.

«Бәсекелестік ауа-райына байланысты бәсеңдемей ме?» деген сұрағымызға қайыршылардың үшеуі де бірдей жауап берді. Бірден «Қыс тұрмақ, аспаннан тас жауса да, үйде отырмаймыз, көшеге шығып, қайыр сұрай береміз» дейді.

«Жұмыс оңай емес. Сыртқа білдірмесем де, ішімнен өкіріп жылаймын. Құдай қол созғаннан сақтасын. Мүлдем танымайтын адамның қолына қарап, қайыр сұраған оңай дейсіз бе? (көзіне жас алып)

«Бұл кәсіпті қоямын, болды енді шықпаймын» деген кездер де болды. Ең ұзағы карантин уақыты болған шығар. Полиция есігіміздің түбінде отырып, аңдыды. Өзім зейнеткермін, 42500 бермейді, үйдегі балалар заң жүзінде қамқорлыққа алынбаған соң, олар не жәрдемақы алмайды. Екі ай менің зейнетпұлымды әрі тартып, бері тартып, жеткізе алмай, соңында пәтерден қуыла жаздадық. Сонымен, тағы көше кезіп, қайыр сұрап кеттім». 

Апай қайыршылықтан түскен алғашқы табысы, қалай көшеге шыққаны әлі есінде екенін айтты.

«Жолдасым мүгедек болған соң, мен де жұмыс істей алмай қалдым. Сөйтіп жеті жыл бұрын Тастақтағы қайыршы көршім өзінің жанына шақырды. Алғаш рет күйеуім екеуміз менің туған күнімде бірге қайыр сұрауға шықтық. Кешке дейін отырып, 1800 теңге таптық. «Туған күнімде торт жейтін болдық» деп қуанғаным әлі есімде. Онымен болмады, полиция қуалап, жолдасым олардан қашам деп, оңбай құлады. Кейін тапқанымызды соның дәрі-дәрмегіне жараттық».

Жаңадан қайыршы келсе, қиналамыз

Карантинге дейін жұма күндері оп-оңай он бес мың теңге шығарып алуға болатын. Қазір көп дегенде жеті мың табасың, - деді апаның әріптесі Алтынай.

«Отырғаныма жеті жылдан асты. Сығандар келсе, өзіміз қуалаймыз, тазалап, полицияға көмектесеміз. Жаңадан қайыршы келсе де, қиналамыз. Өзі аз ғана табыс, оны тағы бөлу керек, онсыз да жетпейтін ақшаны қалай жеткіземіз?

Жұмыс істер едім, ыдыс жуушы болып та орналасайын дегенмін. Бетіме жара шыққан, оны көріп, «адамдар жиіркенеді», «бұл жұқпай ма?» деп шығарып салады. Оның үстіне кішкентайым жетіде, бұл тыныш отырмайды, отты шұқылайды, - деп қызына сілтеді.

Екі баланы жалғыз асырап отырмын, күйеуім көмектесу былай тұрсын, өзін асырай алмай жүр. Мектеп, әкімдік көмектесіп тұрады. Өткенде мектеп қыстық киімін берген, бірақ ол бір киетін киім емес, сапасы тым нашар, өлшемі тым үлкен, берді деген аты ғана бар.

Бұл жұмыс мүлде оңай емес

Күнде осы жерге келемін, Шаңырақта тұрамын, үй жақтағы мешітке барғым келмейді, мені де бәрі таниды, балалар да ұялады. Жұмыс оңай ма дейтіндерді түсінбеймін. Бұл жұмыс мүлде оңай емес, амалдың жоғынан шығып отырмыз. Күнде күрес, түрлі адамдармен күрес, бірі келіп, қарғап өтеді, бірі мынау ақша салатын ыдысымызды теуіп-төңкеріп кетсе, екіншісі ішіне әдейілеп қоқысын салып кетеді. Күн сайын мазақ пен кемсітушілікке төзіп, біреуге қол созып, ақша табу, бала асырау оңай дейсіз бе?»

Алтынай

Бір бұрышта отырған Айгүл есімді әйел тек бір қысқаша ренішін айтты да, кетіп қалды.

«Отырғаныма екі жыл болды. Отыз жыл жұмыс істеп, кейін ауруханаға түсіп қалдым. Қазір мүгедектігім бар. Отызжылдық еңбек өтіліме қарамастан, Назарбаев енгізген зейнетақы жаңалығына байланысты қазір тек 38000 аламын. Мүгедектігім үшін бір тиын ала алмаймын, себебі біреуін алсаң, екіншісінен қағыласың. Қайсысы көп, соны алып, қалғанын осылай қайыр тілеп табуға тура келеді. Басқа не істейсің?»

Технологиялар заманында қайыршы болу үшін ұялшақтықпен де күресіп әуре болмауға болады. Тек кажет-жарақ тізімі өзгешелеу: компьютер немесе смартфон, кез келген банк шоты немесе электронды әмиян мен кездейсоқ таңдалған науқас баланың аянышты фотосы жеткілікті.

  Кейде алаяқтар ресми тіркелген қайырымдылық ұйым сайттарының көшірмесін жасап, ақша аударатын шотты ауыстырып қоюы да мүмкін. Алаяқтарға алданып қалмас үшін, жоғарыдағыдай хабарлама авторынан баланың туу туралы куәлігі мен ата-анасының аты-жөнін сұратып, шот сәйкестігін анықтауға болады.

Адамдарға көмектескен дұрыс, көпшілік болып жиналған ақшамен көп адамның өмірін сақтап қалғаны да өтірік емес. Алайда, табысыңызды қайырымдылыққа аудармас бұрын, «кімге» аударып, ол ақшаның не мақсатта жұмсалғалы жатқанын іздеп көруге ерінбеңіз. 

Психолог Камила Мергенбаева қайыршылық сана бала кезден қалыптасады дейді.

«Қайыршылық сана - біреуге тәуелді, біреудің есебінен күн көруге бейім сана. Мұндай адамдар әдетте өзгелер оларға ақша беруге міндетті деп есептейді. Ауыр еңбек етпей, жаны ашитын адамдар есебінен тапқан табысын тұрақты жұмысқа айналдырады. Қарапайым адамның да психологиясы сол - өзінен төмендеу адам көрсе, көмектескісі келіп тұрады.

Көшеде отырған кейбір қайыршылардың үйі, жағдайы бар, он екі мүшесі сау болады. Бұл топтағылар үшін қайыршылық кәдімгі мамандықпен бірдей. Бірақ екінші топ - шынымен көмекке мұқтаж адамдар бар екенін де жоққа шығара алмаймыз. Олар - жалғызбасты аналар, зейнеткерлер мен мүгедектер болуы мүмкін».

Жұма. “Байкен” мешіті

Психолог сөзінше, қайыр беретін адам болмаса, оны сұрайтын адам да азаяр еді.

«Адамдар аяп, қолын созған адамға тиын тастап кеткісі келеді. Ал жаңа айтқан біреудің есебінен өмір сүруге бейім, еріншек адамдар өзгелердің мұндай әлсіздігін білген соң, қайыр беретін адамдар барын білгендіктен әрі қарай қайыр сұрауын жалғастыра береді».

MalimBlocks