Қазақ ғылымды емес ертегі, аңыз, өтірік әңгімені жақсы көреді

«Қазақтың тілі – кедейлердің тілі, бизнесмендердің тілі емес».

  • 08.07.2022
Академик А.Жұмаділдаев/фото ашық дереккөзден алынды

«Қазақтың тілі – кедейлердің тілі, бизнесмендердің тілі емес». Осы сияқты ерекше пікірлерімен жұртты жиі «түртіп, оятып» жүретін академик, математик Асқар Жұмаділдаев Атырау газетіне сұхбат беріпті. Газеттің өзі «эксклюзив» деп атаған сұхбатты оқырмандарымызға ұсынғанды жөн көрдік.

ҒАЛЫМНЫҢ ТАЛАБЫ

– Асқар Серқұлұлы, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің орнына Ұлттық құрылтай құрылып, оған мүше болдыңыз. Бұған кім ұсыныс жасады? Сіз бірден келісім бердіңіз бе?  

– Құрылтай – қоғамдық ұйым. Оның мүшесі ешқандай жалақы алмайды. Оның мүшелігіне ұсынған кезде «қаншалықты жиілікте болады, өйткені менің өз жұмысым, сабақ беретін көп студенттерім бар, оларды тастап кете алмаймын» дедім. Содан олар «жылына бір не екі рет болар» деген соң, келісім бердім. Алайда көңіліме жақпай, «бос сөзге» айналып бара жатса, мүшеліктен кететінімді айттым. Олар да бұл сөзіме құлақ асып, құрылтай мүшелерін ауыстыруға болатындығын, сондықтан өз еркімде екендігін айтты. Сонымен «ешкімге зияны жоқ қой, бастап көрейік» деген оймен келістім.

– «Мен үшін «Жаңа Қазақстан» деген ұғым үш нәрседен тұрады. Бірінші – сөз бен істің ұйқасы. Екінші – әділеттілік. Үшінші – жаңалыққа ұмтылыс. Осы үшеуі орындалса, төбедегі келеді. Орындалмаса, мылжың ел болып қаламыз» деген екенсіз. «Жаңа Қазақстанға» дейін осы үш нәрсені қаншалықты орындап келдік?

– «Жаңа Қазақстанға» дейін де ылғи жақсы, тәуір сөздер айтылатын. Байқап қарасаңыз, жаман сөздер айтылмайтын. Бірақ, іс жүзіне келгенде басқа арнаға бұрылып кететін. Индустрияландыру саясатын жүргізу мақсатында жыл сайын зауыттар ашып, теледидардан ұрандатып көрсетіп жататын. Сөйтсек, олардың көбісі өтірік екен. Мысалы, Қарағандыдан ұшақ жасайтын зауыт ашады. Бір аптадан кейін не жасап жатқанын қараса бір ұшақ жасап шығарған. Сөйтсе, ол ұшақ ұшпайды екен. Өйткені, бір қанаты бар да, екінші қанатын жасауға ұмытып кетіпті. Мінекей, осындай мысалға ұқсас оқиғалар болған. Думандатып ашқан дүние жеме-жемге келгенде аяқсыз қалып, қағаз жүзінде бәрі дұрыс болғанымен іс жүзінде ақсап жатады. Сөз бен істің ұйқаспай тұрғаны осы. Әділетсіздікке келетін болсақ, бұл мәселе «айқайлап» тұр ғой. Кеше қаңтар көтерілісі болды, жастар «қарнымыз аш, ас жоқ» деп көшеге шықты. Сөйтсек, еліміздің жері бай екен, байлығы көп екен, бірақ бұл байлықтың барлығы бірді-екілі отбасыға «зорға» жетіп, солардың қамынан аспайды екен.

Кезінде «Ресей – кең-байтақ, бірақ шегінерге жер жоқ…» деп политрук Клочков айтты ғой, сол секілді еліміздің жері кең, байлығы көп, Менделеев кестесіндегі бүкіл байлықтың барлығы бар. Алайда осы байлықтың барлығы белгілі бір топтың ғана еншісінде кеткеніне көңілдері толмады. Бұл – әділетсіздіктің орын алғанының көрінісі. Жаңалыққа ұмтылысқа келер болсам, әлемде төртінші индустриялық революция қарқынды дамып, интернет жаңаша бағыт алып, зауыттар салынып жатыр. Ал, біздің елде көбінесе дүкендер, сауда орындары ашылды. Айталық, Алматыда бұрын үй құрылысы комбинаты болған. Қазір оның орнында үлкен сауда орны бар. Бұрын бұл комбинат Алматыдағы модульді құрылысты үйлердің жартысын салған, оны қаланың барлық жерінен кездестіруге болады. Модульді үй құрылысын да осы комбинат ойлап тапқан. Сол секілді, Алматыда мақта-мата комбинаты болды. Қазақстандағы мақта талшықтарынан жіп иіріп, мата тоқитын ірі кәсіпорын басқа елдерге де өнімдерін шығаратын еді. Бүгін бұл кәсіпорын да жұмысын тоқтатқан. Қазір оның орнында әлемде жоқ «Armada» деп аталатын сауда кешені бар.

Айтпағым, еліміздің азаматтары жарытып ештеңе өндірмесе де, барлық күш-қайратын дүкен ашуға жұмсайтыны болып отыр ғой. Бұл жаңалыққа ұмытылыс па? Жоқ. Бұл – кері жүру. Біз түріктің, қытайдың, қырғыздың экономикасын көтеруге атсалысып жатырмыз. Яғни, солардың тауарын сатып аламыз. Бізге тән қасиет – тойға бару, дүкен ашу. Бұл дұрыс емес деп ойлаймын.

 

«OYLA» ЖУРНАЛЫН ОЙЛАП ЖҮР

– Құрылтайдың алдағы отырысына жоспарыңыз қандай, алдағы уақытта қандай мәселелерді көтергіңіз келеді?

– Жоспарым бар. Жоғарыда айтқанымдай, менің айтатыным – ғылым мен білім. Алғашқы құрылтайда шет жағасын айттым. Қазір Қазақстанда мыңдаған газет-журнал шығады. Олардың 99,9 пайызы әдебиет, саясат, өнер саласының төңірегін ғана қамтып жатады. Ал технологияға қатысты бірде-бір журнал жоқ. Бұрын біздің жас кезімізде «Білім және еңбек» деген техника саласына бағытталған жалғыз журнал болатын. Кейін шықпай қалды. Бала күнімде есептеу машинасын сол журналдан оқып білген болатынмын. Қазір бұл журнал өлең-жыр, дастан, аңыз, әпсана, ертегі, өтірік әңгіме, қияли әңгімелердің жиынтығы болып кетті. 2015 жылдан бастап жарық көре бастаған «OYLA» деген журнал бар. Соңғы кезде оның шығуы аяңдап қалды. Бұл журналдың шығуына атсалысып жүрген қазақша, орысша, ағылшынша жетік білетін төрт жігіт бар. Олар техниканың тілін білетін, математик-физик, биолог, журналист мамандар.

Журнал алғаш шыққан кезде қазақ, орыс, ағылшын тілінде жарық көрді. Қазір әлемнің 12 тілінде жарық көреді. Бұл – франшиза!.. Франшиза – жаңа заман талабына сай бизнестің түрі. Айталық, Алматыда американдық «McDonald’s» деген тез тамақтану желісі бар. Мұндай франшизаны біздегілер бірнеше есе қымбат бағасына Америкадан сатып алады. Мұнда қандай ғылым бар деп ойлайсыз? Мұнда ешқандай ғылым жоқ. Бірақ, америкалықтар осы тірлікті патент етіп заңдастырып алған. Соны бізге қайта сатады. Ал, біздегі төрт жігіттің шығарған журналы франшиза болып есептеледі. Бұл журнал Америкада, Ресейде шығады. Бәрінің негізін қалаушы – қазақтың төрт жігіті. Ол жерлерде өздерінің редакциялары болуы мүмкін. Бірақ негізгі материалды, негізгі ойды, мақаланың құрылысын біздің жігіттер береді. Сол үшін біздің жігіттерге ақша төлейді. Бұдан шығатын қорытынды – ерінбесек, көп дүниені еңсере алатынымызда. Мен осы дүниелер жалғасын табуы тиіс екендігін айттым.

Сізге бір қызықты айтайын. Осы он екі тілде шығатын журналдың тиражы 20 мың десек, оның 13 мыңы орыс тілді оқырман, 7 мыңы ағылшын тілді оқырман екен. Жаңадан қосылған неміс, қытай, вьетнам тілдерін айтпағанда. Ал енді журналдың қазақ тіліндегі тиражы өте аз. Қазақ оқырмандарының саны 13 қана… (!) Бұл жерде мен екі-ақ сөзді ғана қолданамын. Бірі – ұят, екіншісі – намыс. Техника саласындағы жалғыз журналға 13-ақ адамның жазылуы намыстың, ұяттың жоқтығы деп есептеймін.

– Мұның себебі неде болуы мүмкін?

– Қазақ мұның орнына ертегі, аңыз, өтірік әңгіме оқығанды жақсы көреді. Техника саласында оқығанды жақсы көрмейді. Жазылғысы келмейді. Сондықтан қазақ тіліндегі редакциясын жауып отыр. Мен бұл жігіттерді қолдап, мектепке тегін таратуға атсалысуға шақырып жүрмін. Менің президентке айтқан ұсынысым осы болды. Бұл журналды тағы бір рет шығарып көрейік. Мүмкін келесі жылы жазылушылардың қатары артар деген ой.

Бұдан басқа да мәселелер көп. Мәселен, университеттегі қазақ тіліндегі оқулықтар туралы да айтуға болады. «Қазақтың тілі неге мемлекеттік тіл болмайды?» деп шулап жатамыз. Оның жауабы оңай. Өйткені, қазақтың тілі – ғылымның, техниканың тілі емес. Қазақ тілі – отбасы, ошақ қасының тілі. Қазақ тілі – кедей адамдардың тілі. Қазақ тілі – бизнесмендердің тілі емес. Сол себепті мемлекеттік тіл болмай жатыр. Біз балаларға неге қазақша сөйлемейсің дейміз, ал сөздік қоры жоқ бала қалай қазақша сөйлейді?! Сондықтан, сөз бен іс әркез жалғасып, ұйқасуы керек. Қазақ тілі технологиясы дамыған елге айналуы, қазақ тек қана дүкен салмауы керек. Қазақ құрылыс фабрикасын, киім тігетін, тоңазытқыш пен машина жасайтын фабрикалар салуы керек. Сонда ғана қазақтың жағдайы дұрысталады. Ал енді азаннан кешке дейін тойға барып, дүкен салумен ғана айналысатын болсақ, онда кері кетеміз. Менің айтпағым – осы!..

СӨЗ БЕН ІСТІҢ АРАСЫ «МЫҢ ШАҚЫРЫМ»

– «Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ішкі «симпатиям» бар» дедіңіз. Бұл қашан қалыптасты? Бұрыннан бар ма?

– Бұл негізі бұрыннан бар. Ол кісінің сөзі дұрыс. Сөзі ісіне қарай ұмтылып, ұйқасып тұрады. Сол себептен де менде симпатия бар. Әйтпесе, біздің халықта сөз айтқыш адамдар көп қой. Сөзді жаман айтпайды. Бірақ сөз бен істің арасы – мың шақырым!.. Біздің мақсатымыз осы мың шақырымды тым болмаса тоғыз жүз тоқсан тоғыз шақырымға азайтсақ, ол да олжа болады.

– Ұлттық құрылтай мүшелері халықтың сөзін сөйлеп, ұлтымыздың болашағын айқындай ала ма? Олардың құрылтайдағы ролі қандай болмақ? Не ұсына аласыздар?

– Менің айтатыным – бұрыннан айтылып жүрген әңгімелер, жаңалық жасап жатқаным жоқ. Олар – білім-ғылым, технология төңірегінде болады. Өйткені, ауқымды тақырып көп. Оның барлығын мен айта бермеймін. Саясат, өнер, пәлсапа, тарих саласын білетін адамдар бар, солар айтсын. Менің айтатынымның бәрін бізге дейін Абай Құнанбайұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Нұрмұхамедұлы секілді қазақтың мақтаулы азаматтары айтып кеткен. Алаш қайраткерлері жердің астындағы, үстіндегі, аспанындағы барлық игілік қазақ мемлекетіне қызмет етуі керектігін меңзеп, «Оның әрбір түйір тасы қазақтың өңіріне түйме болып қадалып, қазақтың жерінде өндірілген бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуі керек» деген еді. Еліміздің азаматтары зауыт салсын, фабрика ашсын, жаңалыққа ұмтылсын деген мағынада айтылған сөз. Мен сол сөздерді бүгінгі күннің талабымен компьютер, интернет деген сөздерді қосып қана қайталап жүрмін.

ҰЯЛЫ ТЕЛЕФОН ҰСТАМАЙТЫН ҒАЛЫМ

– Сізді «Болашақ» бағдарламасы туралы Тұңғыш Президентке ұсыныс айтқан азамат ретінде білеміз. Бұл ой сізге қайдан келді?

– Бұл менің сайлауалды бағдарламамның алғашқы тармағы болатын. Мен Мәскеуде 10 жыл оқыдым. Аспирантураны да содан бітірдім. Диссертацияны ерте қорғадым. Ғылым мен технологияның пайдасын ерте түсіндім. Көптеген елдерде осы тәжірибе бар. Барлық жерде талантты жастарды қолдайды. Оқитын бала болса шетелге барсын, көрсін, үйренсін. Шетелге барып оқу деген бәрін бірдей сіңіру деген сөз емес. Шетелден үйренетін де, жиренетін де дүниелер бар. Сайлауалды бағдарламамда «Талантты жастарды қолдау» деп ұсынып, Парламенттің ішінде Нұрсұлтан Әбішұлына табыстаған едім. Кейін мұның атын «Болашақ» деп өзгертті.

– Португалияның әйгілі Коимбра университетіне баруға әзірленіп жүр екенсіз, мұндағы мақсатыңызды білуге бола ма?

– Ғылыми конференцияға баяндама жасау үшін бара жатырмын. Конференция «Ассоциативті емес алгебралар» деген тақырып бойынша өтеді. Бұл – менің ғылыми тақырыбымның бір бөлігі. Ол жиынға әлемнің түкпір-түкпірінен ғалымдар келеді. Ғылым деген адамдардың бір-бірімен тілдесіп, пікірлесуінен туындайды ғой.

– Сұрай-сұрай жауыр болған сұрақ шығар. Дегенмен де әлі күнге дейін «ұялы телефонға деген қажеттілігім жоқ» деген ұстанымдасыз ба?  

– Мен телефонды неге ұстаймын? Неге керек?.. Маған керек емес. Саған керек болар… Мені іздедің сонау Атыраудан, тауып алдың (күліп). Мен ешкімді іздемеймін. Мен ешқайда асықпаймын. Керек адам болса, өзім хат жазып тауып аламын.

– Асқар аға, уақыт бөліп, Атырау жұртшылығы үшін арнайы сұхбат бергеніңізге рақмет!

 – Үлкен азамат бол, өркенің өссін!

Сұхбаттасқан Алмас ҚАБДОЛОВ

Байланысты жаналықтар

"Ұжым қазақша сөйлеуге міндетті емес" деген кофехана жабылды

09.12.2024

Мұхаметжан Тынышпаевтың ұлы Дәулет Тынышпаев өмірден өтті

09.12.2024

Білім сапасы төмен ЖОО-лар қысқартылады

09.12.2024

Қазақ тілінің ұлттық сөздік қоры жасалмақ

04.12.2024

Мұхтар Шаханов: Менің жындылығымнан қазақ тілі – мемлекеттік тіл болды

26.11.2024

Танымал әнші әйелінің қазақша сөйлегісі келмейтінін айтты

11.11.2024
MalimBlocks
"Ұжым қазақша сөйлеуге міндетті емес" деген кофехана жабылды

Қазір кофехана уақытша жұмыс істемейді

Мұхаметжан Тынышпаевтың ұлы Дәулет Тынышпаев өмірден өтті

Дәулет Мұхаметжанұлы – 150-ден аса ғылыми еңбектер мен авторлық куәліктердің иесі

Білім сапасы төмен ЖОО-лар қысқартылады

13 жоғары оқу орнына қатысты мемлекеттік бақылау өткізілді

Қазақ тілінің ұлттық сөздік қоры жасалмақ

Мұхтар Шаханов: Менің жындылығымнан қазақ тілі – мемлекеттік тіл болды

Әлеуметтік желіде ақынның осылай деп айтқан видеосы таралды

Танымал әнші әйелінің қазақша сөйлегісі келмейтінін айтты

Бүркіт 14 жылдан бері әйеліне қазақша үйрете алмай жүргенін жасырмады