Қазақстан мен Өзбекстан экология мен қоршаған ортаны бірігіп қорғайды...
Үкімет парламентке Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері арасындағы экология және қоршаған ортаны қорғау ынтымақтастығы келісім ратификациялауға жіберді. Мұндай келісімнің қажеттігіне 2022 жылғы 22 желтоқсанда Ташкентте өткен жиында екі елдің президенттері Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавхат Мирзияев қол қойған болатын.
Үкімет жіберген қаулыны енді парламент ратификациялап берсе, онда екі мемлекет атмосфералық ауаның ластануының алдын алу және бақылау, судың ластануының алдын алу және оны бақылау, ластануды жою жөнінде шұғыл шаралар қабылдау, төтенше жағдайда дереу хабар алмасу, тұрмыстық қатты қалдықтарды трансшекаралық заңсыз өткізудің алдын алу, қоршаған ортаға әсер ететін төтенше жағдайларға бірлесіп ден қою, қоршаған ортаға мониторинг жасауда ғылыми-зерттеу қызметін бірлесе жүргізу, экологиялық таза өндіріс технологияларын ендіруге, таратуға жәрдемдесу салаларында тізе қосып жұмыс істейді. Бұл бауырлас елмен қарым-қатынас, барыс-келісті ғана жақсартпайды. Аймақтағы экологиялық дағдарыстың да алдын алмақ. Оның үстіне Қазақстан мен Өзбекстанның тарихтан алар ащы сабағы да бар. Кеңес одағы кезінде Амурдария мен Сырдария өзендерін дұрыс пайдаланбаудың соңы Арал теңізінің тартылуына себеп болды. Қазір екі ел халықаралық ұйымдардың қолдауымен Арал табанын сексеуіл егіп, аймақты жасылдандырып, құм мен тұздың көшуін тоқтатуға жұмыс істеп жатыр. Бірақ, мәселесі бір, тағдыры бір екі ел арасында осы күнге дейін қоршаған ортаны бірігіп қорғауға қатысты келісім болмаған.