Қазақстан сүт безі обыры мен өкпе ісігі бойынша бірінші орында

Алматыда Best of ASKO Саммитінің бүгін екінші күні өтуде. Спикер ретінде халықаралық және отандық сарапшылар шақырылған.

Есенжол Елекенов

  • 14.07.2023

Екі күн ішінде әлемнің жетекші онкологтарымен сүт безі және өкпе обырын емдеуге арналған ғылыми симпозиумдар өткізілуде. 

– Қазақстан сүт безі және өкпе обыры бойынша алдыңғы орында. Елімізде жыл сайын 40 мыңнан астам жаңа жағдай анықталса, оның 5 мыңы сүт безі обыры, 4 мыңға жуығы өкпе ісігі.  Сондықтан бұл конференция онкологтарымыздың білім деңгейін арттырып, халыққа онкологиялық көмек көрсетуді жақсартуы керек. Жаңа, заманауи қондырғылар орнатып, онкологиялық орталықтар салуға болады, бірақ, ең алдымен, білім деңгейі жоғары кадрлар қажет. Кадрсыз науқастарды емдеу мүмкін емес. Онкологтардың білім деңгейін көтеруіміз қажет,- деді Самитте Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас онкологы, «ҚазҰҒЗИ онкология және радиология» АҚ басқарма төрайымы Диляра Қайдарова.

Ол бұл жиын қатерлі ісікке шалдыққан науқастарға медициналық көмек көрсетудің сапасын жақсартуды көздейтінін айтады. Саммиттің бірінші күні іс-шараға 170 адам қатысқан. 555 адам онлайн тіркелген. 

– Қазір қатерлі ісік диагностикасының жаңа тәсілдері пайда болды, бұл молекулалық-генетикалық диагностика деп аталады, бұл ісіктердегі әртүрлі мутацияларды анықтауға және тиісті мақсатты терапияны тағайындауға мүмкіндік береді.  Бұл сәулелік терапия, химиотерапия, иммунотерапиядағы жаңа тәсілдер.  Онкология әлемде бір орнында тұрған жоқ, әрине, біз қазақстандық онкологияның да денсаулық сақтау саласындағы серпіліс саласы болғанын қалаймыз,- деп қосты Диляра Қайдарова.

Айта кетерлігі, Қазақстан Орталық Азиядағы көршілерімен салыстырғанда сүт безі және өкпе обырын анықтауда, науқастарды есепке алуда айтарлықтай нәтижеге қол жеткізген. Сондай-ақ, обыр дертінің алдын алу мақсатында халықаралық тәжірибелерді, заманауи технологияларды кеңінен қолданысқа енгізіп келеді. Соның бір мысалы Алматыдада екі күннен бері өтіп жатқан осы саммит. Ал Қазақстанның осы бастамасын қолдаған ASKO (American Society of Clinical Oncology) – онкологияның барлық салаларын қамтитын қайырымдылық, білім беру және ғылыми ұйымы. Бұл ұйым әлемдегі онкология мамандарының тәжірибе алмасуына мүмкіндік береді.