Қазақстан темекімен қалай күресіп жатыр?

Malim Админ

  • 30.05.2020

31 мамыр – Дүниежүзілік темекісіз күн. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, әлемде жыл сайын 8 миллион адам темекі шегудің кесірінен қайтыс болады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы "Темекісіз күнді" ең алғаш рет 1987 жылдың 31 мамырында жариялаған. Содан бері 31 мамыр әлем бойынша темекісіз күн ретінде аталып өтіліп, никотиннің ағзаға зиянын түсіндіретін түрлі акциялар ұйымдастырылып тұрады.

Шылым шегу – жаман әдет қана емес, денаулыққа елеулі зиян тигізетін кесел. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы "темекі эпидемиясын" халық денсаулығына зиян тигізетін әлемдегі қауіптердің біріне жатқызды. Неге десеңіз, жыл сайын темекі түтінінен 8 миллион адам көз жұмады, оның 7 миллионы темекіні бұрын шеккен немесе шегіп жүргендер болса, қалған 1,2 миллионы шылым шекпесе де, темекі түтінінің кесірінен қайтыс болғандар. Яғни мейрамхана, кафе, жабық ғимараттардағы темекі түтіні бұл жаман әдеттен бойын аулақ ұстап, темекі шекпейтіндерге де зиянын тигізеді. Неге десеңіз, темекі түтінінде 7000-нан астам химиялық зат бар, оның 250-і денсаулыққа тікелей әсер етсе, 69-ы тіпті зиянды концерогендер болып саналады.

Темекі құрамындағы никотин мен шайыр тыныс алу жолдары, өкпе ауруларына әкеп, қатерлі ісікті тудырады. Сондай-ақ тамақ, ауыз қуысы, тіл, ерін, көмей, бүйрек және ұйқы безінің ауруын тудырады.

Қазақстан темекіге қарсы күресті 2009 жылдан бері белсенді жүргізіп келеді. Ал 2020 жылдың 13 мамырында мәжіліс "Халық денсаулығы мен денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодексті мақұлдады. Міне, осы кодекс көпшілік қоғамдық орындарда темекі, кальян мен вейптерді шегуге тыйым салады. Сонымен қатар кәмелет жасына толмағандар автомобильде отырған жағдайда көлік ішінде темекі шегуге де тыйым салынады. Бұл да құптарлық шешім. Өйткені Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, жыл сайын 65 мың бала темекі түтінінен қайтыс болады. Сондай-ақ темекі шегуге тыйым салынған жерлерде шылым шеккендерге жаза қатаңдатылып, айыппұлдар көбейеді. Енді мәжіліс мақұлдаған кодекс сенатқа түсті, кодекстің ары қарайғы тағдырын сенаторлар шешеді.

Бұл кодекс мәжіліске түспес бұрын қоғам белсенділері, үкіметтік емес өкілдері мен заңгерлерден құралған жұмыс топтарында талқыланғаны белгілі. Осы жұмыс тобына кірген "Темекі түтінінсіз Қазақстан үшін" ұлттық коалициясының жетекшісі Жамиля Садықованың айтуынша,  қоғам белсенділері, Nur Otan партиясының депутаттары мен жұмыс тобының басқа мүшелері кодекстегі өзгерістерді қорғау бойынша алты ай бойы жұмыс жүргізген. Осының арқасында вейптер, IQOS, GLO сияқты қыздырмалы темекі түрлері шылымға жатқызылды. Енді электронды темекіге де, кәдімгі темекіге де талап бірдей. Ал снюстарға толық тыйым салынды. "Nur Otan партиясы мен партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбекке осы жұмыс тобының өкілдері мен депутаттарды жинаған еңбегі үшін алғыс білдіремін. Осындай саяси қолдаудың арқасында өмірлік маңызы бар түзетулерді енгіздік", - деді Жамила Садықова.

Мұндай саяси бастамаларды Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да қолдайды. Ол ұйымның есебіне сәйкес, әр азамат құрамында темекі түтіні жоқ, таза ауамен демалуы тиіс. Сондықтан "қоғамдық орындарда темекі шегуге тыйым салу темекі шекпейтіндердің денсаулығын қорғайды және шылым шегетіндердің темекіден бас тартуына септігін тигізеді", - дейді ұйым.

Сондай-ақ ДДСҰ электронды темекі мен қыздырмалы темекі бұйымдарының зияндығына назар аударады. Бастапқыда электронды темекілер темекі шегу зиянын төмендетіп, жаман әдеттен арылуға көмектесетін зат ретінде жарнамаланды. Электронды темекі құрылғысын қыздырғанда аэрозоль пайда болып, адам онымен тыныс алады. Алайда осы күнге дейін жасалған зерттеулер электронды темекінің зиянсыз емес екенін көрсетті. Өйткені оның да құрамында никотин бар. Ал кез келген формадағы никотинді қолдану зиян. Электронды құрылғыдан шығатын аэрозоль құрамында тыныс жолдары мен қатерлі ісік ауруларына әкелуі мүмкін токсиндер мен улы заттар бар. Оның үстіне ол электронды шылымды шегушінің ғана емес, оның айналсындағы адамдарға да зиянын тигізеді. Тіпті мұндай құралдарды зарядтау кезінде құрал жарылып, өрт шыққан кездер болған. Сондықтан ДДСҰ электронды темекілер зиянсыз деген тұжырыммен келіспейді. Электронды темекілер темекіден бас тартуға септігін тигізе ме деген мәселе де зерттеуді талап етеді.

Жаңа кодексте электронды темекінің зияндығы ескеріліп, ол темекі өнімдерімен теңестірілді. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов вейпингтер мен электронды темекілерге де талап қатаң болуы керек деп есептейді. "Бұл мәселені құқықтық тұрғыдан шешу үшін заңнамаға бірқатар өзгеріс енгізуді жоспарлап отырмыз. Электронды темекілер мен вейпингтерді дәстүрлі темекілермен теңестіру керек. Кәдімгі темекіге талап қатал. Көпшілік қоғамдық орындарда шешуге болмайды. Бірақ жаңа өзгерістер бойынша, жоғарыдағы өнімдерді де қатаң реттеледі", - деді министр.

Елімізде мұнымен қатар темекінің басқа түрі – снюстер кең таралып жатыр. Насыбай тәрізді еріннің астына салып шегетін снюстр әсіресе жасөспірімдер арасында танымал. Мәжіліс мақұлдаған "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодексте снюске тыйым салынған. Асылы, Швециядан өзге Еуропа елдерінің бәрінде снюсті сатуға 1992 жылдан бері тыйым салынған. Ресейде снюс шеккен жасөспірім қайтыс болған соң, бұл өнімді сатуға 2015 жылы тыйым салынған. Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин  бізде тыйым мәселесін әлдеқашан реттеу керектігін айтты. "Бас санитар дәрігер былтырғы жылдың желтоқсанында снюске уақытша тыйым салу туралы қаулы шығарған. Бірақ бұл тауар әлі де елге әкелініп, саудасы жүріп жатыр. Қазақстандық жасөспірімдер оны тұтынуды жалғастырып жатыр. Сондықтан жалғыз бас санитар дәрігердің қаулысы аздық етеді. Мұны заң жүзінде қабылдау керек", - деді ол.

Сөйтіп,  мұндай өнімдерді сатып, таратуға тыйым салатын өзгерістер мәжілісшілер мақұлдаған кодекске енгізілді.

Кодекстегі тағы бір жағымды дүние, жасы 21-ге толмаған азаматтарға темекі сатуға тыйым салынады. Қазақстанда алкоголь өнімдерін жасы 21-ге толмаған азаматтарға сатуға тыйым салынған. Осыны алған тартқан мәжіліс депутаттары темекіні де 21 жасқа жетпеген азаматтарға сатпау керек деген қорытындыға келді. Бұл елдегі темекі шегетіндердің санын төмендетеді.

Темекі елдің денсаулық сақтау жүйесіне де салмақ түсіреді. Мұны да ДДСҰ растаған. Өйткені темекі кесірінен көбейген ауруларды емдеуге ел экономикасынан қаражат жұмсалатыны түсінікті.

Еліміз темекімен күрес аясында оның жарнамасына тыйым салған. Дегенмен дүкен сөрелерінде темекі нің көзге түсетін жерлерге қойылуы да насихаттың бір түрі. Жаңа кодекс темекі өнімдерін сату мәселесін де реттейді. Атап айтқанда, оқу орындарынан 100 метр радиустан аз қашықтықта орналасқан дүкендерде темекі сатуға тыйым салынады. Сондай-ақ аумағы 10 шаршы метрден кем дүкендер мен балалар тауарларын сататын дүкендерде темекі сатуға болмайды. Бұл жайдан-жай енгізілген өзгеріс емес, осыдан екі жыл бұрын елімідің ірі қалалары – Алматы, бас қала, Шымкент, Өскеменде мектептен 5 минут қашықта орналасқан 325 сауда нүктесіне тәуелсіз зерттеу жүргізілген. Олардың барлығында дерлік темекі балалардың көзіне түсетін жерге, яғни бір метр биіктікте қойылғаны анықталыпты.   Дүкендердің  пайызында темекі балалар тәттілері мен ойынықтардың жанына қойылып сатылған. Бұл да астыртын насихаттың бір түрі.

Қазақстанда 2,8 миллион адам шылым шегеді. Батыс елдерімен салыстырғанда, бұл жоғары көрсеткіш. Қазақстан үкіметі темекімен күресті күшейтіп, алдағы бес жылда темекіге әуес халықтың санын 22,4 пайыздан 19,9 пайызға азайтуды жоспарлап отыр.

 

Байланысты жаналықтар

Биыл 13 мың шымкенттік қоғамдық орынды ластағаны үшін жауапқа тартылған

02.11.2024

Елімізге Қырғызстаннан заңсыз кірмек болған мыңдаған темекі өнімі тоқтатылды

03.08.2024

Алматылықтар жыл сайын 487 темекі шеккендей түтін жұтады

14.07.2024

Елімізде 15 шілдеден бастап темекі тағы қымбаттайды

11.07.2024

Елімізде темекі қамбаттады

28.05.2024

Қазақстандықтар ішімдікті азайтып, темекіні көп шеге бастады

27.05.2024
MalimBlocks
Биыл 13 мың шымкенттік қоғамдық орынды ластағаны үшін жауапқа тартылған

Заң бойынша оларға 5 АЕК айыппұл қарастырылған

Елімізге Қырғызстаннан заңсыз кірмек болған мыңдаған темекі өнімі тоқтатылды

Оны тұтыну тауары ретінде өткізбек болған

Алматылықтар жыл сайын 487 темекі шеккендей түтін жұтады

Бұл әрбір алматылық үшін 24 қорап темекі шеккенмен тең

Елімізде 15 шілдеден бастап темекі тағы қымбаттайды

2024 жылғы 15 шілдеден 31 желтоқсанға дейін — 820 теңге.

Елімізде темекі қамбаттады

Темекі бағасын 2024 жылғы 31 желтоқсанға дейін 770 теңгеден 820 теңгеге дейін бекіту жоспарланды

Қазақстандықтар ішімдікті азайтып, темекіні көп шеге бастады

2024 жылдың қаңтар-наурыз айларында 119529,4 мың литр сыра ішілсе, бір жыл бұрын 151169,6 мың литр сыра ішілген