«Қазақстан халқына» қорына енгенімде ұйқым қашып, депрессияға түсіп кеттім
Қаңтар қырғынынан кейін бүлінгенді қалпына келтіру мен халық қамын жақсарту үшін құрылған, «елбасы кезінде халықаралық деңгейге дейін байып кеткен алпауыттар тұрақты түрде қаржы аударып отырады» делінген «Қазақстан халқына» қорының кеңесіне енген азаматтардың есімдері жарияланған соң әлеуметтік желі ала тайдай шулап жатыр. Сөйлейтін тіліне, осыған дейінгі қызметтеріне, өскен жеріне байланысты сын көп. «Қазақстан халқына» қорының бақылау кеңесінің құрамына енген Алмас Ержан malim.kz тілшісіне қор мен қоғамға қатысты ойымен бөлісті.
-Қордың қамқоршылар кеңесіне қалай қосылдыңыз? Кім шақырды?
-Нақты кім ұсынғанын өзім де түсінбедім. Телефон шалып ұсынды. Құрамында Болат Жәмішев барын біліп, сол кісі осы істің басы қасында болады дегендіктен қосылдым. Әйтпесе бұған қатыспас едім.
30 жыл бойы нешетүрлі қорларды құрып келе жатыр ғой. Сол қатардағы бір қор болар деп ойладым басында. Президент айтқанда аса қатты мән бермедім. Менің кандидатурам ұсынылып бекітілді дегенде өзім не айтарымды білмедім. Барлығы құттықтамай тұрып білдім, бірақ бұл жай ғана кеңес қой деп ойладым. Оның аса бір үлкен күші де жоқ, ол жай ғана бақылаушы деген де ой болды. Бірақ бәрі хабарласып құттықтап жатқанда бұның соншалықты үлкен маңызы бар ма деп таңдандым.
-Осыған тоқталайықшы. Кеңестің қандай күші бар? Қордан есеп талап ете ала ма?
-Иә, әрине сұрай алады. Заң бойынша талап ете алатындай болса тіпті дұрыс болар еді.
-Таңдалған адамдарға айтылып жатқан сынды естідіңіз бе?
-Халық неге менің келгеніме қуанып, мені неге құттықтай бастады деп ойландым. Мақтанғаным емес, мен басқа шенеуніктер сияқты, басқа тұлғалар сияқты атым кірленбеген. Схемаларда, тендерлерде елдің ақшасын жеп кеткен адам емеспін. Сондықтан қуанған болар деп ойладым. Яғни, олар бұл қатарда бір таза адамның бар екеніне қуанды деп ойлаймын.
Тағы бір көтеретін мәселе адамдардың айтып жатқан реніші деп білемін. Бұл қордың қамқоршылар кеңесіне неліктен өз адамдарын қойып жатыр? Неге халықпен ақылдаспады? Дегенде әңгіме бар. Таныстарым «ең болмаса елдің ақшасын түгендеп отыратын сен бар екенсің» деп айтып жатыр. Бұл қазір өте маңызды ұйымға айналайын деп отыр. Осы жыл басындағы оқиғалар бірінші кезекте өте қайғылы болды. Бірақ одан бөлек осы оқиғадан кейін халықта кішкене болсын үміт пайда болған секілді. Яғни биліктің беріп жатқан уәделерінен жақсылыққа деген үміт. Енді сол үміт сөніп қалмас үшкін билік барын салып жұмыс істейтінін көрсеткісі келіп жатыр. Халық көп өзгеріс болады деп үміттеніп отыр. Оның өзі ауыр жүк іспеттес.
Үй береді, несие төлеп береді деп ойлайтындар да бар. Ондай мәселе болмайтынын бірден ашып айту керек. Ешкімге үй берілмейді, кредиттерін жауып бермейді. «Халява» болмайды.
-Таңдалған адамдарға қатысты айтылып жатқан тағы бір сын қазақтілді адамдардың аз болуы. Яғни олар осы қаңтарда алаңға шығып, өз мәселелерін көтерген адамдарды түсінбейді ғой. Себебі талаптардың барлығы қазақ тілінде қойылып отыр. Одан бөлек, мәжілісте де, үкіметте де мүгедектігі бар адамдардың өкілі жоқ. Бұл жерге сізді таңдап бірнеше қоянды бір оқпен атып отырған секілді.
-Әрине мүгедектігі бар адамдардың мәселесі де маңызды. Бірақ бірінші кезекте қазақ тіліне қатысты жауап берсем. Қазақ тілі биліктің басты проблемасы. Бұл біздің елдегі бір таяқ секілді проблема, бірақ осы таяқтан қазақтың өзі таяқ жеп келе жатыр. 30 жыл бойы билік те, бизнес те қазақша сөйлей алмай келеді. Кеңес құрамына таңдалғандарға қатысты бұл сын да орынды. Тағы да орысша сайрайтындар, қазақша кім айтады деген реніш те дұрыс. Мемлекеттік тұрғыдан қарағанда бұл өте жақсы талап. Себебі біздің еліміз қазақ қоғамы ретінде талап қоя бастады. Біз 30 жыл бойы үндемей, 30 жыл бойы етікпен таптағандарына да шыдап келдік қой. Енді қазақтілді орта оянды. Қазақ тілінде талап қоятындар көбейді. Жыламаған балаға емшек жоқ дейді. Қазақша талап қоймаса, қазақша жауап беретіндер де пайда болмайды.
Осы кезде мәселенің екінші жағында көтере кету керек. Біздегі басты қиындық ол сауатсыздық. Заң жағынан болсын, экономика жағынан болсын қазақтың жігіттері осалдау бола қалса, келіп алып бәріне қазақша сөйле деп тиіседі. Нақты мәселені тауып соның кемшілігін айтудың орнына бұрмалап, бәрін әкеп тілге тіреп қоямыз.
Тіл мәселесіне келгенде бірінші кезекте жекелеген адамның емес, мемлекет басындағы биліктің толық қазақша сөйлеуін талап еткен жөн. Мен өзім де орыс мектебін, университетте орыстілді курсты бітірдім және біздің Көкшетауда көбіне орыс тілінде сөйлеседі. Бірақ ауылда туып өскендіктен мен қазақ тілін жақсы білемін. Қолымнан келгенше, осы кеңесте қазақ тілінде көтеріліп жатқан мәселелерді талқылауға тырысамын. Және осы кеңес құрамына қазақ тілді азаматтарды қосса, қатты қуанамын.
Оқи отырыңыз: Шәміл Әбілтай: «Елбасы» күйін өртеп жібердім, Тоқаевтың үндеуінен соң жаңа күй шығардым
-Таңдалған адамдарға қатысты тағы бір айтылған сын ауыл-аймақта өскен адамдар жоқ деп жатыр. Олар ертең аймақтағы мәселелерді көрмей қалмай ма?
-Сезбейді. Айтады ғой: «Саңырауға сәлем берсең, атам басы дейді» деп, сол сияқты. Құлақтарына айқайлап айтып жатсаңыз да сезбейді. Себебі қазақтың рухы басқа. Ол кешегі ата-бабаларымыздың рухы. Ол әр қазақтың баласының бойында бар. Сол бойында рухы бар азаматтар өздері секілді адамдарды көргісі келеді. Ал анаған айттың не, айтпадың не расымен де түсінбейді. Ана асфальтта өскендер жоғарғы желекте өмір сүргендер. 30 жыл бойы сондайлармен келе жатырмыз. Шын мәнінде парламентте отырып, ауылдағы ағайынның айтқанын түсінетіндер жоқ, бар болса да аз. 30 жыл бір ғана адамның берген тапсырмасымен өмір сүрген адамдар ғой. Мен өзімді де ел жағдайын анық түсінетін адам деп бағаламаймын. Бірақ маған осы екі күнде жазып, хабарласып жатқан адамдар үміт артып отырғанын түсіндім. Қазақша айтқанда, дұрыс емес болса, дұрыс емес деп тұрып алатын «қырсықтығыма» қуанатын адамдар бар екен.
-Кеңеске таңдалған адамдармен таныссыз ба? Кеңес құрамы жариялағаннан кейін ол кісілер кездестіңіздер ме?
-Кейбірін танимын. Көбімен таныс емеспін. Барлығының басы қосылған жиналыс әлі болған жоқ. Бүгін бір кездесу болды. Бірақ ол жерде әлі ашып айтатын мынадай жаңалығымыз бар дейтіндей талқы болған жоқ. Барлығы толық жиналған жоқ. Бұған толық дайындық керек. Адамдардың өтінішін қабылдайтын анықтама бюросы керек, БАҚ-қа ашық ақпарат беретін сайт пен баспасөз орталығы керек. Одан кейін түскен және жұмсалған қаржы туралы нақты ақпаратты әрбір қазақстандық ала алатындай мобильді қосымша керек. Бірақ мұның бәрі ақша екенін ескерген жөн. Оны ешкім тегін істеп бермейді. Бәріне жоспар құрып жұмыс жасау керек. Жоспар әлі құрылып, жұмыс әлі басталмады. Ел ақшасын сеніп тапсырып отырғандықтан бәріне жауапкершілікпен қарап, асығыстық танытпау керек.
-Егер сізге мүмкіндік берсе, Кеңес құрамына кімді қосар едіңіз?
-Заңгер болса деген ойым бар. Міндетті түрде қазақ тілін білетін болуы керек. Себебі ертең бізде ұсыныстар болып, оны заң жобасы ретінде ұсынатын болсақ, ал біздің заңгер тек орысша білетін болса, ол заң орысша жазылады, орысша талқыланады. Сосын оны қазақша қалай аударылатыны тағы бір күмәнді мәселе. Тағы да баяғы жартас, сол жартас болады.19 миллион адамның көзі қарап отырған бюджет болғандықтан кеткен 1 тиынға дейін санап отыруға адамнан гөрі заң жақсырақ жауап береді.
Оқи отырыңыз: Қаңтар қырғынында қаза тапқандардың аты-жөні жариялансын
-Сіздің кеңес құрамына енгеніңіз белгілі болғаннан кейін көмек сұрайтын адамдар көбейді ме?
-Осы кеңеске енгенім белгілі болған күні ауырып қалдым. Ұйқым қашып, депрессияға түсіп кеттім. Жаңағы жаңалық шықты, комментарийде бәрі құттықтағанға мәз болып, бәріне лайк басып қойдым. Кешке дейін хаттар келіп жатыр оған қарауға мүмкіндік болмай, құттықтап жатқан шығар деп ойлап, кешке инстаграмды ашып қарасам, ақша сұрап жатқан адам көп. Аналарының, балаларының еміне ақша жетпейтінін жазған. Ақшаны көп сұрайды. Бір дәріге, бір емге, бір операцияға 1-2 миллион сұрайды. Жартысын жинап қойдық деп айтады. Мен оның қайсы өтірік, қайсы шын екенін тура қазір тексере алмаймын ғой. Барлығын шетінен ашып оқып отырдым да, жан-дүнием ауырды. Ауру балалардың фотосы ауыр тиді. Ішімнен алай-дүлей болып, еліміздің жеткен жері осы ма? Қаншама бала мынадай аурудан айыға алмай жүргенде бізде қайдағы болашақ деп ойлай бастадым. Ол балалардың көпшілігінде емі табылмаған аурулар. Яғни, олар да келешек жоқ десе де болады. Яғни, 10 миллионға операция жасатсаңыз да өмір сүруі неғайбыл. Осындай ойлар жегідей жеп жіберді. Мен осыған дейін тек мүгедектігі бар азаматтардың мәселелерін көтеріп жүргендіктен мынадай ауырып жатқан балалардың осынша көп екендігін білмеген екенмін. Шок болып қалдым. Бір жағынан оларға көмектесу берілген ақшаны текке шашу болмай ма деп ойладым. Ақшаны қойыңызшы, ол маңыздысы емес, маңыздысы моральдық шығын. Балаларының ауырғанынан қаншама адамның өмірі тас-талқан болып жатыр. Бала да, ата-ана да айықпас жан ауруына ұшырап жатыр ғой. Сосын мен де неге бізде ауру боп туатын балалардың саны тым артып кетті деген ой пайда болды. Бір жағынан қатігездік деп ойларсыз бірақ, баяғыда ата-бабаларымыз әлсіз боп туған баланы киіз үйдің ішіне киімге орап іліп қоятын, ол дауысы шығып, аман қалса, оның болашағы бар деген сөз, даусы шықпаса, қайтыс болатын. Сол дұрыс па деп ойладым. Мен бұлай істейік деп отырғам жоқ, бірақ емі табылған адамдарға көмектесумен, емі табылмаған адамдарға көмектесуде де айырмашылық бар. Бұл халықтың ақшасы болғандықтан оны емделуі мүмкін емес адамға жұмсау есепсіз шашу бола ма деп те ойлап қалдым.
Біздің үкімет бай ғой, ақшаны былай қойып, алдымен осы мәселенің түп-төркінін іздесек. Біздің елге денсаулық сақтау саласында үлкен өзгеріс керек. Қытайдағыдай елдің денсаулығын жақсартуға бағытталған үлкен бағдарламалар жасау қажет. Ұлттың тағдыры осыдан басталады. Егер мына қарқынмен ауру балалардың саны өссе, ертең біз аурулар мен мүгедектердің елі боламыз. Ешкімді кемсітіп отырғаным жоқ, өзім де мүгедекпін ғой. Бірақ ауру ұрпақ деген ұлтқа жасалған геноцид. Қарапайым дұрыс тамақтану, өзіміздің қымыз, шұбатты қолжетімді етуден басталады. Қазір бәрі БАД деп ішіп жатыр, біздің ұлттық тағамдар сол БАД-тан 100 есе артық екенін түсінуіміз керек. Бізде ақша да, ресурс та бар, бірақ соны дұрыс пайдаланатын, еліне жаны ашитын, басы істейтін азаматтар жоқ.
-Қор кімдерге көмектесу керек? Өзіңіздің ойыңызда қор жұмысын осы бағыттан бастасақ деген жоспар бар ма? Өзіңіз кеңеске қандай ұсыныстар айтуды жоспарлар отырсыз?
-Менің ойымша, әдейілеп бағдарлама құрып, бекер ақша шашып қажет емес. Қазір біздің елде жақсы жұмыс істеп, сенімге ие болып отырған біршама қайырымдылық қорлары бар. Бастапқы да осы қорларға көмектескен дұрыс деп ойлаймын. Іріктеп, сенімге ие болатындарын тазалап алуымыз керек, алдымен. «Мінеки, ақша!» деп шаша салмай, сенімді қорлармен серіктес бола білу керек. Серіктес деген сөздің астын сызып айтайын. Бұл жоспары бар, екі жақ келісімге келген іскерлік қарым-қатынас секілді болуы шарт. Сол қорларды күшейту мәселесін қолға алу керек. Мысалы, елдің сеніміне ие, жақсы жұмыс істеп жатқан бір қор жүз адамға көмектеседі делік, себебі оның күші соған ғана жетеді. Ал біздің «Қазақстан халқына» қоры серіктес болып, ана қорға көмектессе, ол мың адамға көмектесетін болады. Яғни жаңа құрылатын «Қазақстан халқына» қорына штатқа адам алып, филиал ашып, ақшаны артық қызметкерлерге шашып керегі жоқ. Қазір істеп келе жатқан, өздері көмектесетін салада тәжірибесі бар қорларға жәрдемдесу керек. Олар статистика жүргізіп, ашық түрде, кез келген адам көре алатын есеп жүргізуі керек.
Оқи отырыңыз: Қазақстан қиындықтарды жеңіп шығады – Норвегияның ЕҚЫҰ жанындағы бұрынғы Елшісі Метте Конгсхем
-Қор деген сөздің өзіне сенім жоғалып кеткен сияқты. Себебі жасанды қорлар көп қой. Халықтың қорға деген сенімін қалай ояту керек?
-Бұл жерде адам факторы ойнайды. Халық сенетін, халықтың алдында ары таза адамдар қорға қатысты болса, оған деген сенім артады. Қазақстанда, Алматы мен Астанада 20 мыңнан артық қор бар. Оның 10 пайызы ғана жұмыс істейді. Қалғандары өздерінің бір жеке мүдделері үшін, гранттар алу үшін, мемлекеттен қолдау алу үшін ашылған. Оларға сенімді қалай оралтамыз дедіңіз. Қазір қор түгіл билікке де сенім жоқ. Парламентке де, депутатқа да ешкім сенбейді. Неге? Себебі бет жоқ. Енді не істейміз? Қорларды іріктеп бере алатын заң керек. Және адами факторды ұмытпаймыз. Бұл кімнің қоры екенін, артында кім тұрған бәрі білетін болуы шарт.
-Президент «Ірі кәсіпкерлер осы қорға тұрақты түрде қолдау көрсетуі керек» деді. Кәсіпкерлер бұған қаншалықты келісе қояды?
-Көмектеседі. Себебі байлар бара бара өз етін өзі жей бастайды. Қарап отырсаңыз, мен өзім солай ойлаймын, байлардың көбінің балалары, немерелері аурумен туады. Олар сол аурудың емін іздегісі келеді. Бұрынғы тарихта байлар баласы ауырса, бие сойып, ел-жұртқа жақсылық жасап, баласы үшін дұға жасауды сұрайтын. Қазір ешкім бие соймайды, қазіргі бие ол ақша, сол ақшаны елге беріп, баласына денсаулық сұрайды. Бұл бір.
Екіншіден, бұрын бір ауылды араққа тойдырып, жартысы мастықтан өлгеннен кейін, арақ сатып байығандар мешіт салатын, өз арын тазарту үшін. Қазір мешіттің модасы кетті. Қазір елге осылай көмектесу керек. Бірақ бай да өз ақшасының екінші байдың қалтасына түскенін қаламайды. Сондықтан оларға да берген ақшасының қалай жұмсалғанын көруге мүмкіндік беретін заң керек. Бәрі ашық болу керек.
-Бүгін сенат өз жалақысын аударды, ертең мұғалімдер аударсын, дәрігерлер аударсын деген науқан болып кетпей ме?
-Науқанды бастағысы келіп жатқан әбден сүйегіне сіңіп кеткен шенеуніктер. Былайша айтқанда «көт жалағыштар». Мәжбүрлемеу керек деп қатаң ескерту қажет. Мәжбүрлеген жағдайда сол адамдарды қызметтен кетіру керек. Бұл баяғы не коммунист боласың, не атылып кетесің деген сияқты іс-әрекет. Не көмектесесің, не жұмыстан кетесің деп айтулары да мүмкін шолақ белсенділер. Мысалы, мектеп директоры аудандық білім бөлімінің алдында жақсы көріну үшін міне, бәрінен жиып алып келдім деуі мүмкін. Бізге қорларға ақша жіберу және қордан көмек алу, қордың ақшасын қадағалауға қатысты қатаң заң керек. Қайырымдылықты күштеп жасатпау керек. Қайырымдылық жасаған адам әртүрлі жеңілдіктер алу керек. Мысалы, шетелдердегідей қайырымдылыққа қаржы жұмсаған кәсіпкерлер салық төлеуде жеңілдік алу қажет.
-«Қазақстан халқына» қоры ертең «Самрұқ Қазына» немесе Халық қоры секілді бір кісінің жеке қоржынына айналып кетпей ме?
-Бізді бақылаушы ретінде кіргізіп отырғаны содан ғой. Бұл бір адамның қолымен басқарылатын қор емес. Мұнда әртүрлі топ өкілдерінің көзқарасын қорғайтын адамдар бар. Бұл қордың ішінен тағы бірнеше кеңес құрылуы керек. Бұл ақша жинап алып, жабық тұратын қор болмайды. Ал егер жаман айтпай жақсы жоқ, қордың жұмысын кімде кім былықтырып жатса, мен бұл жерде тыныш отыра алмаймын. Немесе біржола шығып кетемін. Бұл менің алғаш рет мемлекетке қатысты іске араласуым, егер былық болса, мүлдем мемлекеттік істен алыс кетемін.