Ресей интернет арқылы қазақстандықтарды соғысқа шақыруда
Қазақстандық сегментті сайттарда Ресей армиясына шақырған жарнамалар пайда бола бастаған. Онда бір реттік 5 мың АҚШ доллар көлемінде төлем және ай сайын айлық төлейміз деп жазылған,- дейді Reuters агенттігі.
Жарнамаларда Ресей мен Қазақстанның мемлекеттік туларын қатар қойып «Плечом к плечу» деген ұран жазылған. Жарнамада тіркелген еріктілерге бір жолғы төлем 495 000 рубль (шамамен 5 300 АҚШ доллары) және 190 000 рубль (2 000 доллар) айлық жалақы алатыны, сондай-ақ «қосымша жеңілдіктер» бар деген. Бірақ не қосымша екені көрсетілмеген.
Көрсетілген сілтеме Қиыр Шығыстағы Сахалин аймағындағы Ресей қарулы күштерінің қатарына қосылуға шақырылатын сайтқа апарады. Сайттың таңбасында оның Сахалин облысының адами капиталды дамыту агенттігіне тиесілі екендігі, аймақтық үкімет құрған ұйым екені айтылған.
Reuters тілшілері көрсетілген телефон номеріне қоңырау шалып анықтағысы келген. Бірақ байланыс орталығы жарнаманың орналасуына қатысты түсініктеме бере алмайтынын айтқан. Сайтта көрсетілген мекен-жайға электронды пошта арқылы жіберілген сұрауларға да жауап келмеген.
Қазақстан заңнамасында өз елінен тысқары жерде қарулы қақтығыстарға қатысқандарды қылмыстық жазалау қарастырылған.