Шенділер үшін өтірік жиын өткізу азарт па?

Депутаттар биыл жазғы ұйқыларынан ерте оянғандай.

Есенжол Елекенов

  • 25.08.2023

Жыл сайын жаздық демалыстан кейін қыркүйектің бірінде ғана жұмысқа шығып жүрген депутаттар биыл тамыздың ортасынан бері белсенді. Әр қайсысы әр өңірде түрлі-түрлі жиын өткізіп, шапқылап жүр. Сондай жиынның бірін мәжілісімен Ермұрат Бапи, Бақытжан Базарбек және «Аманат» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев Алматыдағы Қ.Сәтбаев атындағы қазақ ұлттық техникалық университетінде өткізді. Әлбетте, қазір студенттер де оқу демалысында. Бірақ, жиынды ұйымдастырушылар мәжіліс депутаттары үшін залды жастарға толтырып бергендей.

Ал жиын тақырыбы өте маңызды болғанын айта кетейік. Лудамония тақырыбына арналған бұл кездесуде депутаттар құмар ойын өзекті тақырыпқа айналып кеткенін айтып, жастарға «құмар ойын ойнамаңдар» деп тегін ақылдарын айтты. Бірақ, қандай да бір деректер келтірмей, құрғақ сөйледі.

Модератор келген қонақтарды таныстырғаннан кейін ең бірінші Елнұр Бейсенбаевқа сөз берді. «Жасы үлкен ағамыз бірінші сөйлесін» деп Е. Бейсенбаев әкесіндей кісі Елмұрат Бәпиге жол да бермеді. Билік партиясының өкілі Е. Бейсенбаевқа «Аманаттың» депутаты болған қиынға түскен сияқты, күндіз-түні ел жағдайына алаңдаумен жүретініне екпін сала сөз бастады.  

–  Бұл – қазіргі таңда үлкен проблемалардың бірі. Көптеген жастар мұның құрбаны болып отыр. Осы мәселемен біз мәжілістің жетінші шақырылымынан бері айналысып келе жатырмыз. Жастардың арасында белең алып отырған лудамонияға тікелей әсер етіп отырған, ол – еліміздегі заңсыз әрекеттер. Бұл бойынша біз де дайын заңнама бар, – деп сөзінің басын қазақша бастаған Елнұр Бейсенбаев әрмен қарай орысша сөйлей жөнелді.

Бір айта кетерлігі депутаттармен кездесуге келгендердің барлығы дерлік қазақ жастары болды. Бірақ бұған қарамастан Е. Бейсенбаев орыс тілінде сөйледі.

Өзінің ой-пікірін біраз уақытқа дейін орысша айтқан Елнұр Бейсенбаев залда отырғандар қазақ жастары екені есіне түсті ма, әйтеуір кенет қазақша жалғастыра жөнелді.

–  2019 жылмен салыстырған кезде құмар ойын ойнау – бірнеше есеге артқан. Өйткені, онлайн казинолар көп. Ата-аналар балаларын бақылай алмай отыр, –  деген Бейсенбаев қайтадан орыс тілінде сөйледі. 

Біресе қазақша, біресе орысша сөйлеген Елнұр Бейсенбаевтың сөзі жастарды мезі қылды ма, жиын басталғанына көп уақыт өтпей жатып, кейбірі орындарынан тұрып кетіп жатты. Оның үстіне залда дауыс  жаңғырық тұрғандықтан, сөздері анық естілген де жоқ. 

Одан кейінгі сөз сөйлеу кезегі Бақытжан Базарбекке тиді. Бақтыжан Базарбек те өзінен жасы үлкен Ермұрат Бәпиге сөз бермеді. Ол әріптесі Елнұр Бейсенбаевтың әрекеті мен сөзін орысша қайталап шықты.

Соңында сөз алған Ермұрат Бапи ғана бастан-аяқ қазақша сөйледі. Ол онлайн казинолар мен букмекерлік кеңселердің көбеюіне «ескі Қазақстанды» кінәлады.

–Ескі Қазақстанның өкілі – Дариға Назарбаеваның көмегімен көбейді. Бірнеше букмекерлік кеңселер пайда болды. Жастардың азартқа, құмар ойынға құштар болуы – ескі Қазақстанның мүддесіндегі дүние. Біз осы тұрғыдан қарауымыз керек. Жастар, қоғам осындай әлеуметтік проблемаларға батқан сайын, биліктен кеткен, қаржысынан айырылған, капитал, активтерінен айырылған күштер кінәлі. Мен мұны айтып отырған себебім – сіздер сияқты лудамонияны зерттеп, бүге-шігесіне барып жүрген адам емеспін. Ойынға, азартқа берілген адам қоғамға немқұрайлы, жауапсыз болады. Бұл – біз үшін, қоғам үшін үлкен  қатер,– деді Ермұрат Бапи.

Ермұрат Бәпи айтып отырған Дариға Назарбаева ұзақ жылдар бойы бүгінгі  «Аманат» партиясының атасы «Нұр-Отанның» саяси кеңесінің басшылығында болды. «Нұр-Отанның» қол астындағы «Жас Отанда» ұрандатып жүрген Елнұр Бейсенбаевпен бүгін Ермұрат Бәпи тізе қосып, түрлі жиын өткізіп жүр. Алайда, ескі Қазақстан туралы сөз қозғағанда сол ескі Қазақстанның есіруіне үлес қосқан Бейсенбаевтар сияқты кейіпкерлер туралы сөз айтпайды. Дегенмен,  «ойынға, азартқа берілген адам қоғамға немқұрайлы, жауапсыз болады. Бұл – біз үшін, қоғам үшін үлкен  қатер» дегені рас. Өйткені, жасыратыны жоқ, мемлекеттік қызметкерлер ішінде (олардың көбі «Аманат» партиясының мүшесі болуы ғажап емес) құмар ойынға беріліп кеткендер де баршылық.

Malim.kz тілшісі депутаттарға құмар ойынға құмар мемлекеттік қызметкерлер туралы сұрақ қоюға тырысқан еді, алайда ұйымдастырушылар мүмкіндік бермей, тілшінің қолынан микрофонды тартып алды.

Депутаттардан соң бірлі-екілі адам шығып, лудамонияға қатысты пікірлерін білдірді. Бірақ ешқайсысы нақты статистика келтірмеді. «Құмар ойын қоғамға қауіп. Жастар бұдан бойларын аулақ салуы керек» деп бірінің сөзін бірі қайталай берді. Тек Хамит есімді азамат  мұндай кездесулерге құмар ойын ойнаған адамдардың өздерін шақыру керектігін айтты.

– Қазақстанда жастарға түсіндіретін мамандар жоқ. Психологтардың өзі азартқа кіріп кеткен адамға көмектесе алмайды. Неге? Өйткені мұндай адаммен қалай жұмыс істеу керек екенін білмейді. Жарнамаларды жауып тастау әрине дұрыс. Бірақ бұл да бізге көмектеспейді. Бұл шындық. Сосын, осындай кездесулерге бұрын ойнаған адамдарды шақыру керек. Шындықты солар айтады, – деді ол.

Жиын аяқталып, бір сарынды жиыннан жалыққан жұрт сыртқа шығып жатқан да, ұйымдастырушылардың бірі – «депутаттарға қолайсыз сұрақ қойылса, артынан бізге сөйлейді. Сол себепті сізге кедергі келтірдік, ренжімеңізші» деді. Осындай көзбояушылықпен жиын өткізу де біздің шенділер үшін азарт болып тұрғандай...

Байланысты жаналықтар

Алматыда жолақы құны 120 теңге болуы мүмкін

19.07.2024

Елімізде «Жасанды интеллект туралы» заң жобасы әзірленді

16.07.2024

Парламент депутаттары каникулға кетті

28.06.2024

Жоғарғы соттың судьясы қызметінен кетті

27.06.2024

Елімізде кедей адамдардың саны 1 миллионға жетті

26.06.2024

Барып тұрған арсыздық – Ермұрат Бапи Әлия Назарбаеваның кәсіпкермен арадағы дауы жайлы

29.05.2024
MalimBlocks
Алматыда жолақы құны 120 теңге болуы мүмкін

Бұл жөнінде қалалық мәслихаттың кезектен тыс XXI сессиясында айтылды

Елімізде «Жасанды интеллект туралы» заң жобасы әзірленді

Министрлік Мәжіліс депутаттарымен бірлесіп, озық әлемдік тәжірибеге сүйене отырып дайындаған.

Парламент депутаттары каникулға кетті

Депутаттар биылғы 1 қыркүйекке дейін парламенттік каникул деп жарияланатыны туралы арнайы қаулы қабылдады.

Жоғарғы соттың судьясы қызметінен кетті

Нұрлан Қыдыржанұлы Сұлтанов өзі құрметті отставкаға шығуға ниет білдірген.

Елімізде кедей адамдардың саны 1 миллионға жетті

Сондай-ақ, оның айтуынша, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарын баспанамен қамту проблемасының жалғасып келе жатқанына ширек ғасыр болды.

Барып тұрған арсыздық – Ермұрат Бапи Әлия Назарбаеваның кәсіпкермен арадағы дауы жайлы

Журналистер кулуарда депутаттан “Әлия Назарбаеваның Бимурзиннің өзін сотқа беруі қандай да бір сигналды білдіре ме?” деп сұраған.