Солтүстікке барғандар оңтүстікке көшіп жатыр

Malim Админ

  • 10.12.2020

"Халықты жұмыспен қамтуға көмектеседі" делінген "Еңбек" бағдарламасына сеніп, оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударғандардың арасында сол күйі жұмыс таба алмай, кері қайтқандар бар. Бағдарлама неліктен барлық ауданда нәтижелі болмады? Бағдарлама механизмінде қандай қателер бар?

Жібек Құралбаева “Еңбек” бағдарламасы туралы туыстарынан естіп, тұрақты жұмыс табу үшін Түркістан облысы Келес ауданынан Солтүстік Қазақстан облысы  Ғ.Мүсірепов ауданындағы Шөптікөл ауылына биылғы жылдың ақпанында қоныс аударған. Солтүстікке күйеуі, екі баласымен бірге көшкен Жібек Құралбаева "жұмыспен қамтиды, көшіп келушілерге жер беріледі" деп әспеттелген бағдарламаның шарттары толық орындалмады дейді.  Оның айтуынша, Мүсірепов ауданының әкімдігі берген уәдесін орындамаған.

Жұмыс берілді, бірақ жер береміз дегені өтірік болды. Ол жақтың жері күшті ғой (солтүстіктің), соған картоп егіп егіншілікпен айналысайық деген едік, болмады. Сөйтіп, қайта көштік. 

 Жібек Құралбаева көшіп барғанда беріледі деген қаржылай көмекті де ала алмапты. Сөйтіп, солтүстікте небәрі алты ай ғана тұрып, оңтүстіктегі ауылына кері көшкен.

- Көшіп барғанда берілу керек болған қаржылай көмекті де берген жоқ. Көктемде береміз деді, ал біз өз қаражатымызға барып келдік.

“Еңбек” халықты нәтижелі жұмыспен қамтып және кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама. Осы бағдарлама бойынша, осы күнге дейін 1964 отбасы, барлығы 7190 адам солтүстікке қоныс аударған. Дегенмен тәуелсіз зерттеушілер жүргізген  сауалнамаға сәйкес, көшіп барған халықтың жартысынан көбі тұрақты жұмысқа орналаспаған.

Майра Тілепова Шымкент қаласында тұрақты жұмысы мен баспанасы болмаған соң отбасымен солтүстікке көшу жайлы шешім қабылдаған. 2019 жылдың қарашасында

Солтүстік Қазақстан облысы Ақжар ауданы Талшық ауылына көшіп барған. Талшық аулының әкімдігі жолдасы екеуін спорт комплекс құрылысына жұмысқа орналастырған. Бастапқыда күніне 4 мың теңгеден 10 күндік жұмыс ақысын алған соң, құрылыс басшылары жалақыны айлық мөлшермен береміз деген. Бірақ М.Тілепова мен күйеуі екі ай жұмыс істеп, айлығын сол бойы ала алмапты.

Екі ай істеген жұмысымыздың ақысын сол күйі ала алмадық. Тегін жұмыс істеген болдық. Пәтерақының өзі 4 айға ғана берілді, арадағы 4 айы жоқ. Еш жағдай болмаған соң құжаттарды алып, биылғы қазан айында қайтып кеттік.

"Еңбек" бағдарламасымен көшсеңдер, жұмыс тауып, жағдай жасаймыз" деген уәде неге желге ұшты? Солтүстікке жұмыс үшін қоныс аударғандар неге қайта көшіп кетіп жатыр? Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қоғамдық келісім мемлекеттік мекемесінің орынбасары Бәзілхан Әбдіғанидің айтуынша, бірінші кезекте тапшы мамандар жұмыспен қамтылады.

– Жұмысқа айлығы аз деп кірмегендер болды. Өзінің кәсібін бастау үшін микрокредит алуға кепіл ретінде қоятын дүниесі болмай қайтып кеткендер де бар. Бірінші көшіп келгендер ішінде артынан адам шақырып, «маған мынанша берсең саған квотаңды алып берем, жұмыс тауып берем» деп өздерін алдағандар да бар. Кейбір аудандарда тіл жағынан кедергілер туындады. Оны шешу үшін қазақтілді маман қоюды ұсындық. Бұл кедергілер шешілді деуге болады.

Жұмыссыздықтан бөлек баспана мәселесі де бар. Бағдарлама бойынша, 2019-2022 жылдарға Солтүстік Қазақстан облысында 2142 тұрғын үй салу жоспарланған.

 

Жібек Құралбаева берілген үйлер жаңадан салынғанымен, сапасы нашар екенін айтты. Бәзілхан Әбдіғани де мұны жоққа шығармады.

– 2019 жылы салынған үйлерден кішкене кемшіліктер байқалып жатыр. Сапасынан мәселелер шықты. Оны жасыра алмаймыз. Оны өзім де аралап көрдім. Енді қай жерде проблема бар, сол жерлерді аудан әкімдігімен бірге аралап, үй салған адамдармен келісімшарт бойынша түсіндіру жұмыстарын істеп жатырмыз. Бастысы, баспана мәселесі шешілсе, екі қолға бір күрек табылады. Жұмыс жоқ дегенге мен өз басым сенбеймін. Жұмысшы таппай отырған адам бар, жұмыс істемей отырған адам бар, – дейді Бәзілхан Әбдіғани.

[caption id="attachment_10183" align="alignleft" width="1024"] Солтүстік Қазақстан облысы Аққайың ауданы Смирнов ауылында "Еңбек" бағдарламасымен берілген үйлердің бірі. Фото: Қайрат Бодаухан[/caption]

Дегенмен, бағдарлама нәтижесіне көңілі толатындар да бар. Солардың бірі Түркістан облысы Ордабасы ауданынан Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданы Пресновка ауылына қоныс аударып, бағдарлама көмегімен жағдайын тұрақтандырып алған Маржан Абайқызы. Бірақ Маржан Абайқызына "Еңбек" бағдарламасы бойынша үй берілмеген. Бар-жоғы 35 мың теңге жалақыға жұмыс істеген ол мемлекеттен көмек күтпей-ақ өз шаруасын өзі дөңгелетіп әкеткен. Пәтер жалдаған ол мал алып, өз күнін көрген.

– Жергілікті әкімдіктер де, жұмыспен қамту орталықтары да санға емес, сапаға жұмыс істеуі керек. Өйткені қолынан іс келмейтін мың отбасыдан гөрі, қолынан іс келетін, тірлігімді түзеймін дейтін он отбасы келгені әлдеқайда артық. Ал сондай он отбасының нәтижесін ортаға салатын болсақ, артынан мың отбасы өзі-ақ қызығып келеді.

Қазір Маржан Абайқызы малмен де, құрылыспен де айналысады. Бірнеше кәсіпорны бар. Алғашында төрт қоймен бастап, төрт қойы төрт жүз бас қойға жеткен. Бүгінде оңтүстіктен келген елу шақты адамды жұмыспен қамтып отыр. Оның жағдайына қызығып, артынан отыз сегіз отбасы көшіп келген.

Көріп отырғанымыздай, бағдарлама нәтижесі барлық жерде бірдей емес. Бағдарлама көмегімен тұрмыс жағдайын жақсартып алған да бар, уәде етілген көмекке қол жеткізе алмай қалған да бар. Біз осы жағдайға қатысты бағдарламаны зерттеумен айналысып жүрген Назарбаев Университетінің докторанты Жанерке Кочийгиттің пікірін білдік.

[caption id="attachment_10191" align="alignleft" width="1024"] Жанерке Кочийгит[/caption]

Жалпы миграцияға себеп болатын негізгі екі фактор бар: біріншісі pull фактор жақсы дамып келе жатқан үлкен қалаларға адамдар өз еркімен көшеді. Онда дамуға, ақша табуға жақсы мүмкіндік бар. Екіншісі - push - тұрғылықты жеріндегі жұмыссыздық,  тіршілік деңгейінің төмендігі, өмір сапасына қанағаттанбауы деген факторлар көшуге итермелейді. Оңтүстіктен солтүстікке көшкен жағдайда push фактор басым, адамдар жұмыссыздықтан көшуге мәжбүр болды. Ал солтүстікте ол адамдарды өзіне тартатын факторлар жеткілікті болмады. Ол жерде де жұмыссыздық бар, өмір сапасында оңтүстікпен салыстырғанда айырмашылығы жоқ. Өкінішке орай, адамдардың бір жерден екінші жерге көшуінен өмір деңгейі өзгерген жоқ.

Оның пікірінше, бір өңірден екінші өңірге көшіру арқылы жұмыссыздық мәселесін шешу мүмкін емес. Себебі бұл жердегі көшірудің негізгі мақсаты адамдарды жұмыспен қамтамасыз ету емес, жұмыс күші басым болған өңірлерден жұмыс күші аз өңірлерге адамдарды көшіру. Бірақ ол өңірлерде де жұмыс орындары жеткілікті емес. Сол себепті алдымен адамдарды көшірместен бұрын тұрақты жұмыспен қамтамасыз ететін өндірістерді құру керек. Көшіп барған халық өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етіп немесе бюджеттік орындарда жұмыс істеуде. Ал бюджеттік орындардың саны шектеулі. Олардың бәрі көшіп келген халықты жұмыспен қамтамасыз ете алмайды.

Мемлекеттік бағдарлама арқылы адамдарды көшіру ешқашан бірегей нәтиже бермейді. Себебі адамдардың қабілеттері бірдей емес. Оңтүстікте жұмыс таба алмай жүрген адам солтүстікке барып өз ісін бастап кетеді деп айту қиын әрі болжау мүмкін емес дейді зерттеуші.

Ал Қазақ Агротехникалық университетінің профессоры Қайрат Бодауханның айтуынша, "Еңбек" бағдарламасына көшіру бағдарламасын қосып жібергендіктен, оның іске асуы қиындаған.

[caption id="attachment_10194" align="alignleft" width="1024"] Қайрат Бодаухан[/caption]

Алғашында бұл бағдарламаның негізгі мақсаты жергілікті аймақтардағы халықты жұмыспен қамту болатын. Ал көшіріп әкелу – бұл жеке әрі ауқымды проблема. Яғни, бұл көшіру бағдарламасын еңбекпен қамту бағдарламасының ішіне кіргізіп жібергендіктен, ол жеке бағдарлама ретінде іске аспай жатыр. Оңтүстіктен солтүстікке көшіру үрдісі бір науқаншылықпен жүргізіліп кетті. Одан бөлек жер мәселесі де бар. Көшіп келген адам мал асырайын десе, жер берілген жоқ. Атқарылып жатқан жұмыстардың ашықтығы жоқ. 

Сарапшылардың айтуынша, бағдарламаның толықтай іске аспауының себебі ауқымды әрі бірнеше бағытты бірден қамтуында. Үкімет бағдарлама арқылы  Солтүстік Қазақстан облысының халық санын өсіруді мақсат еткенімен, бұл да нәтижесіз қалды. 5123 адам қоныс аударса, есесіне 10 мыңға жуық адам көшіп кеткен. Қазір солтүстік халықтың демографиялық өсімі әлі минустық көрсеткішпен тұр.

Ақбота Узбекбай, 

Назерке Қайратқызы,

Дінмұхамед Русланұлы. 

Байланысты жаналықтар

Цойдың министрлігі қатесін мойындады

19.05.2021

"Бекеңнің жүйкесі сыр бергенге ұқсайды. Шын жаным ашыды"

20.08.2020

Дело Боранбая и Намазбая: адвокаты не согласны с приговором суда

04.04.2022

Жазушылар одағы Алматы қаласы музейлер бірлестігімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

11.03.2021

Зарина Диас Винус Уильямсты жеңді

24.03.2021

Түркістан облысында екі шетелдік студент суға батып кетті

27.06.2022
MalimBlocks
Цойдың министрлігі қатесін мойындады

"Бекеңнің жүйкесі сыр бергенге ұқсайды. Шын жаным ашыды"

Дело Боранбая и Намазбая: адвокаты не согласны с приговором суда

Адвокаты и общественные деятели выступили против приговора в отношении Маргулана Боранбая и Даната Намазбая, обвиненных в разжигании межнациональной розни и пропаганде насильственного захвата власти.

Жазушылар одағы Алматы қаласы музейлер бірлестігімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

Зарина Диас Винус Уильямсты жеңді

Түркістан облысында екі шетелдік студент суға батып кетті

Түркістан облысының құтқарушылары суға батып кеткен екі шетелдік студентті іздеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Төтенше жағдайлар қызметіне Үндістан Республикасының азаматтары Ақсу шатқалындағы Ақсу өзенінде суға түсіп, батып кеткені туралы ақпарат түскен.