Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев Ресейдің Усть-Луга вахталық ауылында Қазақстан азаматтары қатысқан жаппай төбелеске қатысты пікір білдірді.
Оның дерегінше, оқиға болған вахталық ауылда Қазақстанның 4 мыңнан астам азаматы бар.
- Олар вахтамен жұмыс істеп, үнемі ауысып отырады. Өйткені, 4 мыңнан астам адам бар. Қазақстан азаматтары арасында медициналық көмек қажет болатындай зардап шеккендері жоқ, - деді министрдің бірінші орынбасары Мәжілістің жалпы отырысынан кейін.
Ержан Ашықбаевтың мәліметінше, қазіргі уақытта 3 азамат тергеуге алынған. Тергеуді Ресейдің құзыретті органдары жүргізіп жатыр. Жалпы, Қазақстан азаматтары штаттық режимде жұмыс істеп жатыр.
- Бүгінде оларға ешқандай қауіп жоқ. Бұл таза тұрмыстық жанжал, кінәлілер анықталу үстінде, - деді ол.
Естеріңізге сала кетсек, 2026 жылғы 26 наурызда Ленинград облысының Усть-Луга вахталық ауылында тұрмыстық сипаттағы оқиға болып, оған Қазақстан азаматтары да қатысқан.