ТЕМЕКІГЕ ТӘУЕЛДІЛІКТЕН ҚАЛАЙ ҚҰТЫЛАМЫЗ?

Malim Админ

  • 04.08.2020

Алматы облысында өткен «Жетісу инвест» форумы аясында «роуд шоу» ұйымдастырылып, бірнеше кәсіпорынды аралаудың сәті түсті. Барған кәсіпорындардың бірі темекі өнімдерін шығаратын компания екен. 700 адамды жұмыспен қамтып отырған ірі кәсіпорынның темекі шығару қызметімен таныстық. Зауытқа кіреберістегі «Темекі түтінінсіз болашақ» деген ұранды көріп, мырс еттік.Сөзі басқа, өзі басқа...

Төрт ауысым бойынша тынымсыз жұмыс істеп жатқан адамдар мен машиналарды көріп: «Құдай-ау, адамды түтінге тұншықтырып, саулығын құртып, тезірек о дүниеге аттандыру үшін осынша тынымсыз еңбек етеді екен ғой» деп таңғалдық. Көз ілеспес жылдамдықта жұмыс істеп тұрған машиналар 1 минутта 10 000 мың темекі дайындап шығарады екен. «Бір минутта 20 000 темекі шығаратын машиналарымыз дабар» деп қояды өндіріс барысымен таныстырып жүрген қызметкер. «Бір жылда қанша темекі өндіресіздер?» деп сұрадық біз де қызықтап. «10 миллиард темекі!» дегенде, осыншама темекінің түтініне тұншыққандай сезімде болдық.

«Қазақстандықтардың бір жылда осыншама темекі шегуі мүмкін емес шығар» деп үйге келе сала интернетті ақтардық. Сөйтсек бұл мәліметіміз бер жағы ғана екен. Статистика комитетінің мәліметі бойынша, 2018 жылы темекі өнімі 18 миллиард 144 миллион 200 мыңданаға жетті. Бұл көрсеткіш 2017 жылға қарағанда 1,2 пайызға артқан.

Енді ойлаңыз, 18 миллион ғана халқы бар Қазақстан 18 миллиард темекі тұтынса, қайдан ғана «Темекі түтінінсіз болашақ» болсын.Керісінше болашағымыз түтінге тұншығып жатыр емес пе?!

Әрине бұл жерде темекі өндіріп жатқан компанияларды кінәлаудан аулақпыз. Себебі сұраныс болмаса, өнім де шықпас еді. Бұл мәліметтер – халқымыздың қаншалықты нәпсісі тізгінсіз кеткенінің, ерік-жігерінің әлсіздігінің, құлшылыққа деген құлықсыздығының, зияннан қашып, пайдалыға ұмтылуда дәрменсіздігінің, жамандықтан тыйылып, жақсылыққа аяқ басудағытабансыздығының көрсеткіші. Одан басқа ештеңе де емес. Сондықтан біз мақаламызда «бәлкім біреулердің темекі тастауына себеп боп қалар» деген ниетпен төмендегідей кеңестер беруді жөн көрдік...

  1. Ниет. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Амалдар ниетке байланысты» деген. Сондықтан да, темекі шегуші адам әуелі темекіні кім үшін немесе не үшін тастайтынына бір мән берсін. Біреулер темекіні әйелдері құлақ етін жей бергені үшін тастағысы келеді. Енді біреулер денсаулыққа зиян деген сөздерді жиі естігендіктен тастамақшы болады. Кейбіреулер баласының да темекі тартқанын қаламағаны үшін шылым шегуді доғарады. Мұның бәрі, әрине, жақсы себептер. Алайда, бұлардан да сауапты әрі әсерлі себеп – Алла Тағаланың разылығына бөленейін деген ниетпен темекіден тыйылу. Сондықтан да темекі тастағыңыз келсе, Алладан ұялып, «оның берген денсаулық атты аманатына қиянат жасағаным болмас» деген оймен, «темекіні тастап, Алланың разылығына бөленейінші» деген ниетті көздегеніңіз абзал. Сонда ғана бұл ісіңіздің жемісін екі дүниеде де көретініңіз кәміл.
  2. Тәубә. Темекі тастау үшін ниеттен кейінгі керек нәрсе – тәубә. Темекі тастауға ниет еткеннен кейін ішкі өкініш сезіміңізді оятыңыз. Яғни, осы уақытқа дейін өз денсаулығыңызды былай қойғанда өзгенің де денсаулығына қаншама зиян тигізгеніңізді, сондай-ақ басқа біреулерге жаман әдетпен үлгі болғаныңызды, осы темекі үшін бала-шағаңызды жеп отырған нанынан жырып, ақшаны босқа ысырап еткеніңізді, сасыған аузыңызбен сүйікті жарыңызға жиіркенішті сезім тудырғаныңызды ойыңыздан бір өткізіп, шынайы тәубе етіп, Алладан кешірім сұрап, бұл жаман әдетке енді қайтып оралмайтыныңызға сөз беріңіз.Және сол сертіңізде тұрыңыз.
  3. Күшті ерік-жігер. Тәубеден кейін адамға керекті нәрсе – сол тәубені бұзбайтын, берген сертті соңына дейін орындайтын, айтқан сөзде тұратын мықты ерік-жігер. Ол үшін адам 14 рет сорғанда-ақбітіп қалатын 84 миллиметрлік темекіге байланып қалған күш-жігерінің қаншалықты әлсіз әрі сорлы екенін мойындап, бойындағы бар қуатын жиып, «бұдан да маңызды істер тұрғанда темекі дегенің не тәйірі» деп бір сілкініс жасап, барлық күшті нәпсіні тәрбиелеуге, көркем мінезді болуға, қоғамға пайдалы игі істер атқаруға жұмылдыру қажет. Себебі ардақты жаратылыс болған адамның күш-жігері темекі тұқылындай ғана болса, өкінішті...
  4. Жақсы әдеттер табу. Әрине, темекі шегудің орнын толтыру үшін адамға басқа әдеттер қажет болады. Сол үшін біреулер сағыз шайнайды, енді біреулер аузына ши салып жүреді, тағы бірі кәмпит сорады. Бұлар темекіден гөрі белгілі бір дәрежеде жақсы шығар.Дегенмен сіз темекі орнына тәспі тартуды әдетке айналдырып көріңіз. Әр тартқан тасыңыз үшін бір-бір зікірден айтып отырсаңыз әрі сауап, әрі жақсы әдет. Адамдар темекі стресс, депрессия, ашуды қайтарады деп сенеді. Тәспінің әсері одан да күшті. Сенбесеңіз тәспі тартып көріңіз. Әрине, бұдан да басқа жақсы әрі пайдалы әдеттер табуға болады. Мәселен, ұялы телефоныңызға жақсы бір кітап жүктеп, соны оқу немесе тіл үйрететін бағдарламалар орнатып, сонымен айналысу т.б.
  5. Орта ауыстыру. Қай шылым шегушіден сұрасаңыз, темекіні айналасындағы жігіттерге еліктеп бастағанын айтады. Сондықтан жаман әдеттерді тастау үшін жақсы орта табыңыз немесе темекі шегушілерден алыс жүріңіз. Себебі «алма алмаға қарап рең алады» дейді қазақ. Ол үшін темекі шекпейтін достар тауып, солармен араласуға тырысыңыз.
  6. Спортпен шұғылдану. Осы уақытқа дейін құртқан денсаулығыңыздың орнын толтыру керегін де естен шығармаңыз. Күреспен айналысыңыз, бассейнге барыңыз, футбол ойнаңыз... Бұл сізге темекіні ойлауға мүмкіндік бермейді әрі денсаулығыңызға пайдалы.
  7. Ілім үйрену. Кез-келген жаман әдеттер надандықтың себебінен болатынын біліңіз. Адам ілімсіздіктің себебінен пайдалы мен зияндының парқын ажырата алмай жатады. Соның салдарынан «арақ денсаулыққа пайдалы», «темекі стресс пен депрессияға жақсы» деген секілді негізсіз пікірлерге жол береді. Мұның бәрі– надандықтан. Сол үшін адам өзінің ілімін жетілдіріп, рухани әлеміне мән беруі тиіс. Жаман әдеттердің барлығы рухани аштықтан болады. Ал ілім – рухани аштықтың орнын толтырушы азық. Бұл сізді темекі секілді сүйкімсіз әдеттерге қайта оралудан сақтайды.

Салтан САЙРАНҰЛЫ

Байланысты жаналықтар

Қожахметов Цойдың "тірі екенін" айтты

25.09.2020
MalimBlocks
Қожахметов Цойдың "тірі екенін" айтты