Теміртаудан жұрт көшіп жатыр

Теміртаудың экологиялық жағдайының ушығып тұрғаны барша жұртқа мәлім. Теміртау тұрғындарының айтуынша, қазір қаладан көшіп кетіп жатқандар көп екен. Жылда жүрек, қан тамыры мен онкологиялық сырқатқа шалдыққандар қатары артқан. Алайда денсаулық сақтау саласы бұл көрсеткішті аса жариялай бермейді. Теміртау төңірегінде жұрттың наразылығы әсер етсе керек, қалада «жасыл кеңес» өткізілді. Облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК бастаған шенеуніктер, экологтар мен ірі өндіріс алпауыты "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының өкілдері дөңгелек үстел басында бас қосып, экологиялық жағдайды талқылаған болды.
Теміртаулық белсенді журналист Олег ГУСЕВ бұл өңірдің үнемі ауасы ластанып тұруының кесірінен көп адамның көшіп кеткенін, қызының денсаулығы нашарлай бастағандықтан, Теміртаудан кететінін жоспарлап отырғанын айтты. "Арселор Миттал " компаниясының әлемнің 18 елінде металлургиялық комбинаттары бар екен. Сол комбинаттардан шығатын зиянды қалдықтардың 40 пайызы Теміртауға тиесілі болса, тағы 40 пайыз лас қалдықты Украинадағы «Кривой Рог» металлургиялық зауыты шығарады. Ал басқа мемлекеттердегі «Арселор Миттал» комбинаттары қоршаған ортаны дәл Теміртаудай ластай қоймайды екен.
«Жасыл кеңес» төрағасының орынбасары Дмитрий КАЛМЫКОВТЫҢ айтуынша, бұл мәліметті «АрселорМиттал» компаниясының өзі таратқан. Ресми зерттеудің қорытындысына сай Теміртау қаласына шығарылатын зиянды қалдықтың 87 пайызы осы «АрселорМиттал Теміртау» металлургиялық комбинатынан шығарылады екен. Жылда «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы қоршаған ортаны ластағаны үшін бірнеше миллиондаған қаражатты бюджетке төлейді. Былтырғы жылы өндірістік алпауыт компаниясы алдағы бес жылда зиянды қалдықтарды 30 пайызға азайту үшін билікпен меморандум жасаған. Алайда бұл көрсеткішті аз деп есептеген облыс әкімі Жеңіс Қасымбек әлі де болса экологияны ластауды азайтудың амалдарын барынша қарастыру қажет деп тапсырды. Дегенмен металлургиялық комбинат басшылығы Теміртауға осыншалықты лас қалдықтарды шығарып отырғанын мойындағысы келмейді .
«АрселорМиттал Теміртау» зиянды қалдықтың елу пайызын шығармайды. Бұл қайдан келген мәлімет соны бірінші нақтылау қажет. Дегенмен біз экологияны ластамаудың шарасын қарастырып жатырмыз», - деп мәлімдеді "Арселор МитталТеміртау" АҚ атқарушы директоры Вадим БАСИН.
Фотоларды автор ұсынды.
Арайлым Еркебаева
Байланысты жаналықтар
MalimBlocks

Сұлтанәлі Балғабаев: Дүниежүзі қазақтары қауымдастығын мен тіркетіп едім
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасы орынбасарлығынан үміткер бір шенеунік өзі бола алмаған соң, айтылған дүниелерді қағазға түсіртіп, құжат жасатпаған. Содан іздеп жүріп, сол жиынды жазып алған радионың бір қызметкерінен дыбысжазбаны алып, сол бойынша өзім хатшы ретінде протокол жасап, тиісті адамдардың қолын қойдырдым. Кейін ұйымның жарғысын жазып шықтым. Солайша, ұйымды Әділет министрлігіне тіркеттік.