Түркістан өңіріндегі сайлау учаскелеріндегі жағдай талданды
Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясы биылғы жылдың 13 қыркүйегінде Шардара ауданында барлық учаскелік сайлау комиссияларының төрағалары және хатшыларының қатысуларымен оқыту семинарын өткізді.
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев 2020 жылдың 1 қыркүйегінде Қазақстан халқына арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс- қимыл кезеңі» атты Жолдауында аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдерін жергілікті тұрғындардың өздері тікелей сайлау мәселесін көтерген еді. Осыған орай республиканың Ұлттық экономика министрлігі мемлекетіміздің кейбір заңнамалық актілеріне сайлау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобаларын әзірледі. Аталған заң жобаларына саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер, қалың жұртшылық, зиялы қауым өкілдері өз пікірлерін білдірді, ұсыныстарын айтты. ҚР Парламенті Мәжілісі мен Сенатында екі ай бойы жан-жақты талқыланып, қабылданғаннан кейін оған Мемлекет басшысы оларға қол қойған болатын.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес бұдан былай аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округтері әкімдерін тиісті әкімшілік- аумақтық бірліктің сайлаушылары тікелей өздері сайлайтын болды. Сайлау туралы Конституциялық Заңға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларда әкімдердің сайлауын тағайындау, оларға қойылатын талаптар, әкімдікке кандидаттар ұсыну, ұсынылған кандидаттарды тіркеу, әкімдер сайлауын өткізу, сайлау қорытындыларын белгілеу және жариялау, сайланған әкімдерді тіркеу тәртіптері нақты айқындалған. Сайлау заңнамаларында аудан және ауылдық округ әкімдерінің сайлауын әзірлеу мен өткізу, сайлау қорытындысын белгілеу мәселелерімен өңірдегі аумақтық сайлау комиссиясы айналысады делінген.
Соған сәйкес, Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясы биылғы жылдың 13 қыркүйегінде Шардара ауданында барлық учаскелік сайлау комиссияларының төрағалары және хатшыларының қатысуларымен оқыту семинарын өткізді. Оқыту семинарларына аудандағы 33 учаскелік сайлау комиссияларынан 71 адам қатысты.
Жиында сайлау учаскелеріндегі инфрақұрылымның дайындықтары, мүгедектігі бар сайлаушылардың құқықтарын қамтамасыз ету бойынша жүргізілетін жұмыстар, учаскелік сайлау комиссияларының сайлаулар өтетін күнгі негізгі міндеттері талқыланды.
Күн тәртібі бойынша аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Е.Бейсенбиев, орынбасары А.Искаков, хатшысы У.Тилегенов заң талаптарына сай аудан бойынша учаскелік сайлау комиссияларымен өткізілетін жұмыстар жөнінде сөз қозғады. Сонымен қатар, семинарда облыстық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Ә.Әлішев ауданда өтетін сайлауға дайындықтар барысына, оның ішінде ауданда өтетін аудан әкімінің сайлауы бойынша туындап жатқан негізгі ситуациялық сұрақтарға және мәселелерге тоқталды. Комиссия мүшелерінің жіберген кемшіліктеріне қандай шара көрілгендігі туралы да баяндады. Алдағы уақытта заң бұзушылықтарға жол бермеу мәселесіне кеңінен тоқталды.
Оқыту семинары барысында қатысушылардың барлығы сайлау заңнамасына қатысты тестілеуден өткізілді. Сондай-ақ, семинардың соңында сайлау өтетін күні туындауы мүмкін деген ситуациялық сұрақтарды заң талаптары бойынша шешуге арналған тренинг өткізілді.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасының азаматы ауылдық округ әкімі болып сайлануы үшін «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңда, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін- өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 36- бабында және Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасында көзделген талаптарға сәйкес келуі тиіс. Мәселен, аталған заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар, сыбайлас жемқорлық қылмыс және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі заңда белгіленген тәртіппен танылған адам кандидат бола алмайды. Сонымен қатар, ауылдық округ әкімдігіне кандидаттар ұсыну сайлау тағайындалған күннен кейінгі күннен басталады. Сайлау өткізілетін күнге дейін он бес күн бұрын жергілікті уақыт бойынша сағат он сегізде аяқталады.
Саяси партия бір сайлау округінде бір ғана кандидат ұсынуға құқылы. Ауылдық округ әкімдігіне өзін-өзі ұсынған кандидат дауыс беруге құқы бар тиісті округ сайлаушыларының жалпы санының кемінде бір пайыз дауысымен қолдау табуға тиіс.
Заңмен әкімдікке кандидаттар үшін сайлау жарнасы қарастырылған. Саяси партия ұсынған кандидат үшін партия қаражатынан, ал басқа кандидат өз қаражаты есебінен аудан әкімі аппаратының шотына Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген ең төменгі жалақының бір еселенген мөлшерінде сайлау жарнасын енгізеді. Әкімдікке кандидаттарды тіркеу барлық қажетті құжаттар алынғаннан кейін басталады және сайлау күніне дейін он күн бұрын жергілікті уақыт бойынша сағат он сегізде аяқталады. Аудандық аумақтық сйлау комиссиясы кандидаттарды тіркеу туралы хаттама жасайды және тіркеу туралы хабар жариялайды.
Тіркелгенге дейін кандидат және оның зайыбы (жұбайы) тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кіріс органына белгіленген тәртіппен және нысанда ұсыну мерзімі басталған айдың бірінші күніне активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны тапсырады. Сайлау алдындағы үгіт кандидаттар тіркеу мерзімі аяқталған кезден басталып, сайлау болатын күннің алдындағы күнгі жергілікті уақыт бойынша нөл сағатта аяқталады.
Жалпы, аймақта өтіп жатқан түрлі деңгейдегі сайлаулардың барысын белсенді азаматтар жоғары бағалап жүр. Мәселен, Түркістан облысындағы «Оңтүстікфильм» мекемесінің басшысы Райхан Нарикованың айтуынша,
елдегі соңғы өзгерістер жастарға, әйелдерге арнайы квоталар бөлініп, сайланбалы органдарда жұмыс істеулеріне мүмкіндіктер молайтқан. Соның бірі әйел қауымы да белсене атсалысып, праймериз сынды дүниелерге қатысқаны.
«Қоғамда әйел азаматының орны бар екені дәлелденді. Жыл басында ауыл әйелдеріне арнап Түркістанда форум өтті. Бұрынғыдай көзқарас жоқ. Біздің қыз-келіншектер саясатқа, қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысып жатыр. Қазіргі таңда, облыста 177 мыңнан аса көпбалалы ана бар. Оның ішінде 15 мыңнан аса «Алтын алқа» иегері, 43 мыңнан аса «Күміс алқа» иегері саналы ұрпақ өсіріп жатыр. Өңірімізде әйелдер қауымы барлық салаларда жемісті еңбек етуде. Облыс көлемінде шамамен 155 073 мың кәсіпкер болса, оның 48 000-ға жуығын шағын және орта бизнеске басшылық жасап жатқан әйел азаматтар құрайды. Статистикаға сәйкес, шағын және орта кәсіпкерліктің 32%-ында әйел адамдары басшылық жасауда. Яғни, Түркістан өңірінде жұмыс жасайтын әрбір үшінші кәсіпкер әйел кәсіпкерлері болып табылады. Осы деректерден Президентіміздің саяси реформалары өңірде белсенді жүзеге асып жатқанын байқаймыз. Тең құқық беріліп, азаматтық ұстанымының арқасында ел болашағына азамат ретінде, ана ретінде үлкен істер атқарарынан сенемін» дейді Райхан Нарикова. «Оңтүстікфильм» мекемесінің басшысы ел азаматтары кез-келген сайлауға бейжай қарамай, ел бірлігі мен жарқын болашақ үшін сайлауда белсенді болуға шақырады.