Солтүстік Корея Ресейге инфрақұрылымды қалпына келтіру жұмыстарына қатысу үшін тағы 5 мың әскери қызметкерін жіберді. Бұл туралы қарашаның 4-і күні Оңтүстік Кореяның «Рёнхап» агенттігі парламенттің барлау комитетіне сілтеме жасап мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.
«Қыркүйектен бастап шамамен 5 мың солтүстіккореялық әскери құрылысшы кезең-кезеңімен Ресейге жіберіліп жатыр және олар инфрақұрылымды қалпына келтіру жұмыстарына тартылмақ», – деді депутат Ли Сон Гвон.
Оның айтуынша, Сеул сондай-ақ Ресейге қосымша әскер жіберуге дайындық пен кадрларды іріктеу белгілерін байқап отыр.
Оңтүстік Корея барлауының мәліметінше, қазіргі уақытта Ресей мен Украина шекарасына жақын аймақта шамамен 10 мың солтүстіккореялық әскери бар, ал тағы мыңға жуық сапер миналарды залалсыздандыру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Депутаттың айтуынша, Ресейдің Украинадағы соғысы кезінде кемінде 600 солтүстіккореялық сарбаз қаза тапқан.
Бұған дейін Оңтүстік Кореяның Ұлттық барлау қызметі (NIS) Солтүстік Корея Ресейге соғысқа қатысу үшін жіберген шамамен 2 мың әскери қызметкердің қаза тапқанын хабарлаған болатын.
Сондай-ақ, 2024 жылдың қазан айынан бастап Солтүстік Корея Ресейге әскерден бөлек, қару-жарақ – артиллериялық снарядтар, зымырандар және алыс қашықтықтағы зымыран жүйелерін де жібергені туралы ақпаратты AFP агенттігі растаған еді.