"Ұлан-ғайыр атырапты мекендеген баһадүр бабалардың ұрпағымыз"
Қазақстанның тұңғыш президенті, елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқын Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады. Н.Назарбаевтың құттықтауы елбасының ресми сайтында жарияланды.
"Біз 29 жыл бұрын ата-бабамыздың ғасырлар бойы аңсаған арманын орындап, тәуелсіздікке қол жеткіздік. Әлем қартасына Қазақстан атын ойып жаздық. Сол сәттен еліміздің жаңа тарихы басталды. Осы жылдар ішінде мемлекетіміз айтарлықтай өсіп-өркендеді, айтулы жетістіктерге жетті. Біз елдігіміз бен егемендігігімізді нығайтып, шекарамызды бекіттік", - делінген құттықтауда.
Бірінші президент құттықтауда "осы жылдар ішінде Кеңес одағы құлаған тұста дүниедегі ең үлкен экономикалық дағдарысты артқа тастап, қазіргі жаһандық пандемияны да еңсеріп отырмыз" деген ойларын жеткізді.
"Біз Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға дейінгі ұлан-ғайыр атырапты мекендеген баһадүр бабалардың ұрпағымыз. Үстірт пен Қарт Каспийдің жағасын, Сыр мен Ертістің арасын алып жатқан байтақ даланың заңды мұрагеріміз. Бабадан мирас болған қастерлі жерімізді көздің қарашығындай сақтау, тәуелсіздігімізді баянды ету, еліміздің жарқын болашағы үшін қызмет ету – бәріміздің асыл борышымыз", - дейді Н.Назарбаев өз құттықтауында.