«Ұлымды өлтірген полицейлер жазаланбады»

Malim Админ

  • 21.05.2021

Шығыс Қазақстан облысы ішкі істер департаментінің басшысы полиция полковнигі Сағат МӘДИЕВ те жазалануы тиіс. Полиция басшысы қарамағындағыларды неге қорғаштайды.

Былтырғы жылдың 17 қазанында Үржар ауданы, Мақаншы полиция бөлімшесінде полицейлер қолынан жазықсыз өлтірілген қаратұмалық Азамат ОРАЗАЛЫНЫҢ анасы Гүлнәр БӨЛЕКБАЕВА мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ атына хат жолдауға мәжбүр болып отыр. Өйткені, құқықорғау органы ғимаратында болған қайғылы оқиғаға себепкерлер анық бола тұра істің түбі «қарға қарғаның көзін шұқымайды» дегеннің керін келтіретін түрі бар. Соған орай Malim.kz тілшісіне хабарласқан ана күні бүгінге дейін жүрегі қан жылап, мақаншылық полицейлердің шектен шыққан жауыздыққа қалай барғанына дәлелі бола тұра, ШҚО полиция департаменті басшылығынан жібі түзу жауап ала алмағанына күйінеді.  Анығында, бұл ШҚО ІІД басшысы Сағат МӘДИЕВТІҢ ғана емес, облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ атына көлеңке түсіріп отырған жағдай. Шындық көзіне тура қарасақ, Азамат азапталып өлтірілген күннің ертеңінде Қаратұмаға шұғыл жеткен облыс әкімі қаралы отбасында болып, тізесін бүге кешірім сұрап, кінәлілер жазаланатынын да айтқан болатын. Содан бергі алты ай ішінде жүргізілген тергеу барысы түрлі себептермен құбылып отырған көрінеді.  Мақаншы полиция бөлімшесінде Азаматтың басына пакет кигізіп, қолын кісендеп адамның дәті бармайтын қазаға ұшыратқан бір емес, жеті полицейдің топтасқан әрекеті қалай қарасақ та ақтауға келмейтіні түсінікті.

Мемлекет басшысының атына жолдаған хатта көрсетілгендей кінәлі «погондылардың» аты-жөнін толық келтірелік:

Дайрабаев Берік (майор) – Үржар аудандық ІІБ бастығы орынбасары

Жапаров Бауыржан (майор) – Мақаншы ІІБ басшысы

Қалиев Ардақ – жедел қызметкер

Ноғаев Мархабат – учаскелік инспектор

Септегенов Фархат – учаскелік инспектор

Ыдырышбаев Қуат-учаскелік инспектор

Бақытжан Манат – учаскелік инспектор

Гүлнәр Оразалының айтуынша, топталған полицейлер Азаматқа әлдебір ұрланған жылқыларды мойнына іліп, істемеген ұрлық үшін кінәлі деп тауып мойындатуды ерте бастан ойластырған. Алайда, оқиға басқаша сипат алып, соңы өлімімен аяқталғанда, полиция бөлімшесінің ғимаратын тастай қашқанының өзі олардың бетімен кеткендігін көрсетіп берді.

«17.10. 2020 жылы кешкісін ашынған ауыл азаматтары жиналып барып, осы оқиғаға байланысты түсінік талап еткенде, Мақаншы ІІБ қызметкерлері жұмыс орындарын қорқау қасқырша тастап қашып кеткені олардың қылмыспен қалай күресіп, құқығымызды қалай қорғап жатқанын байқатты.  Азаматымның қазасы үшін ашумен барған халық, жастар  ғимаратта тірі жан жоқтығын көрсе де басбұзарлық әрекетке барған жоқ. Егер олар кінәлі болмаса қашар ма еді? Кешкі сағат 21 мөлшерінде осы бөлімшеге барған өзіміз осыған куәміз. Бөлімше қызметкерлерін сол күнгі кезекшілерден бастап толық анықтап, кезекші Жексенбаев Қуаныш  Аблахатұлына  тиісті шара қолдануды сұраймыз.Себебі заңды жақсы білетін қызметкер шекаралық ауданда құжатсыз адамды неге бөлімшеге кіргізеді? Ол кім көрінген кіріп-шығып жүре беретін орын емес қой. Шекара бөлімшесінде тәртіп қатаң болуы тиіс емес пе?!», -дейді Гүлнар Бөлекбаева.  

Ең ауыры сол, Азаматтың соңында жылап-еңіреп анасы, жары екі перзенті қалды. Ол қайтыс болғанда әйелінің аяғы ауыр болғанын айтудың өзі төбе құйқаңды шымырлатар шындық. Ал, сол күні осы қылмысқа қатысы учаскелік инспектор Ф. Септегенов әке атанып, әріптестеріне «атап өту» қамымен жүгіріп жүргенде дүниеге енді келген сәбиін көріп те үлгермей, абақтыға жабыларын мүлде сезбегені анық.

Сонымен, жергілікті атқарушы биліктен, құзырлы органдардан кінәлілерге қатысты анықталған фактілер жеткілікті болса да мардымды жауап ала алмаған ананың президент Қ. Тоқаевтың атына жолдаған хатындағы мына бір үзіндіден-ақ талай шындықтың бүркемеленіп қалғанын байқауға болады:

«Сол күнгі қылмысты тексеруге келген ШҚО полиция департаменті бастығы полковник С.Мадиевтен бөлімшедегі видеокамерада еш жады жоқ деген жауап алдық. Ол камера онлайн түсіреді деді. Бейне бақылау жоқ дегенге сенбейміз. Полиция қызметкерлерінің қылмысын жасыру шығар? Ең нашар деген қытайдан шыққан камераның өзінің бір тәуліктік жадысы болады дейді мамандар. Кейіннен дисклер қанішерлердің бірі Ф.Септегеновтың көршісінің әжетханасынан табылды. Антисанитарлық жағдайға түскендіктен оны қалпына келтіру мүмкін болмады. Тергеу барысында бейнебақылау камерасының дискісі 17.10.2020 жылы сағат 18.12 минутта  алынғаны мәлім болды. Сол күнгі БАҚ өкілдеріне сұхбат берген   істі тексеруге келген ШҚО полиция департаменті бастығы, полиция полковнигі Сағат Мәдиев не үшін өтірік айтты? С.Мадиевтың сол күні берген сұхбатын «31 канал» мен Ұлттық арна жаңалықтарының  2020 жылы 18 қазан күнгі санынан көруге болады. Аудан жастары үш күн ішінде қылмыскерлер қамалсын деген талап қойған еді, орындалмады. «Қылмыскерлер неге бірден қамауға алынбады?»-деген сұрақ қойғанда. «Олар мал ма екен қамай салатын» - деді С. Мәдиев. Алайда, «адам өліміне кінәлі күдіктілер, қарамағыңдағы полиция қызметкерлері неге қамауға алынбады?» деген сұраққа жауап бере алмады.

Қылмыстық істі тергеуді созып, қылмыстық топтың басшысы Б.Жапаровтың да тоғыз күн тергеуден заңсыз қашып, жемқорлықпен келген малын, зат-мүлкін сатып үлгеруіне жағдай жасаған   полиция полковнигі Сағат Мәдиев те жазалануы тиіс.

Г. Бөлекбаеваның айтуынша, сол кезде Қаратұма ауылының учаскелік инспекторы қызметін атқарған, осы қылмысқа қатысы бар Бақытжан Манат қазір Жарбұлақ (Қабанбай ауылдық округі) ауылының учаскелік инспекторы қызметін атқарып жүр. Сонда кісі өліміне қатысы бар полицейдің Үржар ауданындағы басқа ауылға қызмет ауыстырып, жазасыз жайбарақат жүргенін қалай түсінуге болады?..

Қалай десек те, Мақаншы полиция бөлімшесінде орын алған қылмыстық оқиға біздегі құқықорғау органы өкілдерінің өз міндетін асыра пайдаланып, жазықсыз адамды айыпты етіп, мойнына қылмыс ілуге келгенде, кісі өлтіруден де тайынбатындығының бір дәлелі осы оқиға. Әрине, жетеуге қатысты тергеудің де нүктесі қойылар күн болар. Алайда, оның сағызша созыла түсуі ана көңіліндегі күмәнді қоюлатпаса, сейілтпесі тағы да анық. Ал, ШҚО ПД басшысы Сағат Мәдиев әлеуметтік желідегі парақшаларында бұған қатысты бір ақпарат салуға да асықпай отырғандығын заң шеңберіндегі міндеті деп білмесек, басқаша түсіне алмаспыз. Мақаншылықтардың полиция қолынан бұған дейін де сан рет қорлық көргенін өз құлағымен естіп кеткен Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтің де Азаматтың өліміне қатысты тергеудің қалай жүріп жатқанын білуге қолы тимей жүрген сияқты.   

Сәтжан Қасымжанұлы,

Шығыс қазақстан облысы

Фото: azattyq-ruhy.kz

Байланысты жаналықтар

Саясаттан кеткен Даниал Ахметов Парижде спортшыларға қолдау көрсетіп жүр

05.08.2024

Даниал Ахметовтың қызы 51,1 млн субсидия алды

04.07.2023

Ахметов кетіп, Көшербаев келді 

16.06.2023

Жердің бәрі - Ахметовтікі, Шөкеевтікі, Бақауовтікі

28.12.2022

Садақашыл қоғам мен уәдешіл үкіметтің бір жылы

28.12.2022

Даниал Ахметовтің қаласында жағдай күрделі. «Тұрғындaр үшін үйден шығу мұң»

14.12.2022
MalimBlocks
Саясаттан кеткен Даниал Ахметов Парижде спортшыларға қолдау көрсетіп жүр

Экс-әкім жеңіл атлеттермен кездесу өткізді.

Даниал Ахметовтың қызы 51,1 млн субсидия алды

Даниал Ахметовтың қызы Әделия Ахметова Павлодар облысында өзінің ауыл шаруашылығын дамыту үшін 51,1 миллион субсидия алған,- деп хабарлайды Курсив.

Ахметов кетіп, Көшербаев келді 

Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев 9 жылға жуық Шығыс Қазақстан облысын басқарған Даниал Ахметовті қызметінен босатты. Елдің шығысындағы өңірдің жаңа әкімі болып Ресейде үш жыл елші қызметін атқарған Ермек Көшербаев тағайындалды. 

Жердің бәрі - Ахметовтікі, Шөкеевтікі, Бақауовтікі

Бүгін Мәжілісте депутат министрге сенімсіздік білдіріп, бірнеше шенеунікті ірі жер иеленуші ретінде атады.

Садақашыл қоғам мен уәдешіл үкіметтің бір жылы

Неге бұлай болды, неге адамдар өзіне қол жұмсайды, неге наразылыққа шыға береді, неге зейнет жасын төмендетуді сұрайды, неге жәрдемақыны көтеруді талап етеді деген зерттеулер жүргізілмейтін, тек әр оқиғаның салдарымен ғана күресетін және шамасы келгенше жылы жауып тастауға тырысатын мемлекетте тағы бір жылды өткіздік...

Даниал Ахметовтің қаласында жағдай күрделі. «Тұрғындaр үшін үйден шығу мұң»

Өндірісті шaһaр Өскеменде көптен бері жел еспей, қaлa көк түтінге оранып тұр.  Соның салдарынан өскемендіктердің бaсы aуырып, тaмaғы қышып, бойлaрын әсіздік билей бастаған.