"Вакцина салдырмағандарда ауру ауыр түрде өтеді"

Вакцинация бойынша өзекті сұрақтарға жауап

Malim Админ

  • 22.07.2021

Коронавирусқа қарсы қай вакцина тиімді? Вакцина жаңа штамдардан қорғай ала ма? Денсаулық сақтау министрлігінің мамандар тобы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингіде вакцинация бойынша өзекті сұрақтарға жауап берді. Malim.kz вакцинациялау бойынша ең өзекті сұрақтарға мамандар жауабын ұсынады.

Вакциналар вирустың жаңа штамдарынан қорғай ала ма?

Денсаулық сақтау министрлігі қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының "Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы" филиалы директорының орынбасары Манар Смағұл:

– Бүгінгі күні коронавирустың алдын алудың ең тиімді және маңызды шарасы – вакцинация. Қазір қолданылып жүрген вакциналардың коронавирустың жаңа мутация штамдарына қарсы тиімді екені дәлелденді. Жаңа штамм бірнеше апта, тіпті бірнеше айда пайда болады. Оның себебі айналымдағы вирустың көптігі. Сондықтан вирустың айналымын азайту керек. Себебі вирустың жаңа түрлерімен сырқаттану ауыр түрде өтуі мүмкін. Сондықтан вакцинация салдыру қарқынды әрі белсенді жүруі керек. Жаңа штамдарға қарсы тиімділікке тоқталсақ, вакцинаның екі компоненті егілгенде, вакцинаның жабайы штамдарға қарсы тиімділігі жоғары. Әсіресе, аурудың ауыр өтуі, жансақтауға түсу мен өлім-жітімнің алдын алуда тиімдіігі өте жоғары.

Вакцинаның тиімділігі жайлы ресми түрде ғылыми зерттеулерге сүйенген ақпарат беріледі. Арнайы клиникалық зерттеулер жүргізіледі. Lancet журналында жарияланған мақалаға қарағанда, "Спутник V" вакцинасының аурудың алдын алудағы тиімділігі 91,6 пайыз. Ал аурудың ауыр өтуі мен жансақтау бөліміне түсудің алдын алу бойынша тиімділігі 100 пайыз.

Сәуір айында "Спутник V" бойынша шыққан preprint, яғни баспасөз хабарламасына қарағанда, осы вакцинаны алған 14 миллиион адамды бақылау вакцинаның тиімділігі 96,7 пайыз екенін көрсетті.

Hayat-Vax вакцинасына келсек, ғылыми деректер бойынша, оның аурудың алдын алу бойынша тиімділігі 83 пайыздан жоғары. Ал аурудың ауыр түрде өтуінен қорғау бойынша тиімділігі 90 пайыздан жоғары.

SinoVac компаниясының CoronaVac вакцинасына келсек, Бразилиядағы зерттеу бойынша, оның тиімділігі 51 пайыз. Ал Түркиядағы зерттеу бойынша, 81,7 пайыз. Неге мұндай айырмашылық байқалды? Себебі Түркиядағы зерттеу кезінде айналымда жаңа штамдар болмаған, ал Бразилияда зерттеу жүргізілген уақытта жаңа штамдар болды. Жаңа штамға қарсы тиімділігі сәл төмендеу болғанымен, ауыр халге жеткізбеу және жансақтау бөліміне түсірмеу бойынша тиімділігі 83 пайыз. Ал отандық QazVac вакцинасын жасап шығарушы Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институтының мәліметінше, бұл вакцинаның тиімділігі 90 пайыз.

– Вакцина салдырған адам вирус жұқтырса, ауру қалай өтеді? Жалпы, Қазақстанда вакцина салдырған қанша адамнан вирус анықталды?

Медицина ғылымдарының докторы, профессор, "Қарағанды медицина университеті" КЕАҚ проректоры, ДСМ-нің штаттан тыс инфекционисі Бақыт Көшерова:

– Вакцина алмаған адамдарда ауру ауыр өтеді. Ал вакцина салдырған адам вирус жұқтырған күннің өзінде, ауру жеңіл өтеді. Оған оттегі беретін аппараттар қажет болмайды, жансақтау бөліміне түспейді.Вакцинаның бірінші компонентін алғандар арасында да, екінші компонентін алғандар арасында да вирус жұқтырғандар бар. Біз сондай 400 адамға зерттеу жүргіздік. Олардың 95 пайызының ауруы жеңіл дәрежеде немесе симптомсыз формада өтті. Жеңіл емделді. Қалған 5 пайызында қан қысымы, қант диабеті тәрізді созылмалы аурулары болғандықтан, оларда ауыр өтті. Бірақ емделіп шықты, оттегі аппараттарын қажет етпеді.

Александр Гуляев, Манар Смағүл және Бақыт Көшерова

Манар Смағұл:

– Бүгінде вакцинаның екінші компонентін 2,9 миллион адам алған болса,  олардың небәрі 0,05 пайызы ғана коронавирус жұқтырған. Жалпы, вакцина алғандар арасында вирус жұқтыратындардың үлесі 3-5 пайыз болуы мүмкін. Көріп отырғандарыңыздай, біздің елде бұл көрсеткіш әлдеқайда төмен.

– Әйел адам коронавирусқа қарсы екпенің бірінші компонентін алған соң аяғы ауыр екенін білген. Ол ары қарай не істеуі керек? Екпенің екінші компонентін алуы керек пе?

Манар Смағұл:

– Бүгінгі деректер бойынша, әйел вакцинаның бірінші компонентін алып, артынан аяғы ауыр екенін білсе, ешқандай нәрсе жасау керек емес. Қазіргі кезде дүние жүзінде аяғы ауыр әйелдерге вакцина егу мәселесі қарастырылып жатыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, вакцинаның жүкті әйелге немесе құрсақтағы балаға теріс әсер етеді дегенге дәлел жоқ. Тіпті қазір әлемде жүкті әйелдер коронавирусты көп жұқтырып жатыр, оларда ауру ауыр өтеді, сондықтан  дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы аяғы ауыр әйелдерге вакцина егу мәселесін зерттеп, қарастырып жатыр.  

– Егер жас отбасы балалы болуды жоспарласа, олар вакцина алу керек пе немесе вакцина алғаннан кейін бала көтеруді қанша уақыттан кейін жоспарлауға болады?

Инфекциялық ауруларды эпидемиологиялық қадағалау басқармасының басшысы Роза Қожапова:

– Вакцина алғаннан кейін жұбайлар бала көтеруді 21 күннен кейін жоспарлауына болады. Ал 21 күнге дейін сақтанып жүруі керек. Біз бала көтеруді жоспарлайтын жас отбасыға вакцина алуға кеңес береміз. Бұл әсіресе болашақ ана үшін маңызды. Өйткені болашақ ана аурудан қорғануы керек.

– Вакцинаға қарсы пікір білдіріп жүргендердің арасында дәрігерлер де бар. Мысалы, реабилитолог дәрігер Айна Бакеева әлемде бірде-бір вакцинаның клиникалық сынағы аяқталмады, сондықтан оған мәжбүрлеуге болмайды, вакцинаға мәжбүрлеу – адамды сынаққа қатыстыру, вакцина сынағының төртінші кезеңінде вакцина салдырғандарды 2-5 жыл бақылайды дейді. Бұндай уәждерге не дейсіздер?

Манар Смағұл:

– Өкінішке қарай, ол дәрігерді әлеуметтік желі арқылы былтырдан бері танып қалдық. Медицина қызметінде болғанымен, теріс әсерін тигізіп жатқаны белгілі. Ол өз сөздерінде нақты ғылыми деректерге сүйенбейді, ол ондай мәлімдеме жасайтындай иммунолог дәрігер емес. Коронавируске қарсы бүкіл әлем тиімді іс-шараларды қолданып жатыр. Бұл вирус тіпті өлім-жітімге әкеп соқтыруы мүмкін екені белгілі. Сол себепті егер медициналық қарсы көрсетілімдер болмаса, вакцина алған дұрыс. Шын мәнінде, адамның вакцина салдыру-салдырмауға қатысты таңдауы бар. Салдырмаймын десе, індет біткенше үйден шықпай отыруы немесе жеті күнде бір коронавирусқа анықтайтын ПТР тест тапсырып жүру керек. Қандай жағдайда болсын арақашықтықты сақтап, маска тағып жүру керек. Вакцинаны клиникалық сынақтан өткізу мерзіміне келсек, вакцинаны тіркеу мерзімі төтенше жағдай кезінде қысқартылды. Әр мемлекет бұл бойынша өз бетінше шешім қабылдады. Бірақ вакцинаның қауіпсіздігі мен клиникалық зерттеуге қойылатын талаптар бұрынғыдай, үшінші кезеңде бұл талаптар сақталды.

– Вакцинаның клиникалық сынағының үшінші және төртінші кезеңі қанша уақытқа созылады?

ДСМ дәрілік заттар мен медициналық бағыттағы бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының сарапшысы, медицина ғылымдарының докторы Александр Гуляев:

– Клиникалық сынақтың үшінші кезеңі 180 тәулікпен шектеледі. Қазақстанда қолданылып жатқан вакциналар үшінші кезең сынағының негізгі бөлігінен өтті.  Қауіпсіздігі мен тиімділігі дәлелденді.

Ал клиникалық сынақтың төртінші кезеңі үздіксіз жүре береді, тоқтамайды. Яғни көп жылдан кейін жаңа жағдайлар туындаса, соны зерттейді. Төртінші кезең – бұл бақылау процесі. Негізгі сұрақтардың бәріне үшінші кезеңде-ақ жауап беріледі.

– РНК вакциналар (Pfizer және Moderna) және векторлы вакциналар ("Спутник V" және AstraZeneca) инактивті вакциналарға (QazVac, CoronaVac және HayatVax)  қарағанда тиімді деген рас па?

Александр Гуляев:

Вакциналар әртүрлі технологиялық платформада жасалады. Инактивті вакцина дәстүрлі, бұрыннан келе жатқан жолмен жасалады. Одан жаңарақ платформа векторлы вакциналарда вирус немесе генновирустың бір бөлігі вектор түрінде ағзаға жеткізіледі. Ал ақпараттық РНК немесе мРНК вакциналардың жаңа түрі, ақуыз синтезі жүріп, оған антидене пайда болады.  Вакцина платформасы жаңарған сайын жаңасы ескіден жақсырақ болып есептеледі. Алайда оларды тікелей салыстырған зерттеу жоқ. Сондықтан қайсысы тиімді екенін білу үшін әлі жарты жыл күту керек, сол уақытта  қайсысы жаңа штамнан тиімдірек қорғайды деген мәліметтер жарияланатын шығар. Әзірге мәліметтер жеткіліксіз.

Жалпы алғанда, инактивті вакцина антиденелерді тудырады, яғни гумаралды иммунитетті күшейтеді, ал жасуша иммунитеті аз дәрежеде қалыптасады деп есептеледі. Дегенмен QazVac вакцинасы бойынша есеп берілгенде, сынақтың екінші кезеңінде жасуша иммунитеті қалыптасқаны анық көрінді.  Клиникалық сынақ пен вакцинаны тіркеу кезінде ол айналадағы штамдарға қарсы қаншалықты тиімді деген зерттеу жүргізіледі. Айналымда жаңа штамм пайда болғанда, қосымша зерттеу жүргізіледі. Вакцина өндірушілер Қазақстанда қолданылатын барлық вакцина қазіргі айналымда жүрген штамдарға қарсы тиімді деп мәлімдеді.

Фото: Instagram-дағы dsek.almaty аккаунтынан алынды

Байланысты жаналықтар

БЖЗҚ төлемін тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалану қағидасы өзгерді

01.03.2024

Биыл көктемде 20 мың адам әскери қызметке шақырылады

01.03.2024

QAZAQ AIR  басшысы Еркін Наурызбаев  қызметінен кетті

01.03.2024

Кімдер Қазақстан Президентінің күзетшісі бола алады?

01.03.2024

Шымкентте полицейлер жолда босанған әйелге көмектесті

01.03.2024

Көкшетау әкімдігі 2 млрд теңгеге заңсыз шарт жасаған

01.03.2024
MalimBlocks
БЖЗҚ төлемін тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалану қағидасы өзгерді

Биыл көктемде 20 мың адам әскери қызметке шақырылады

Жас айырмашылығы - 18 бен 27 жас аралығы.

QAZAQ AIR  басшысы Еркін Наурызбаев  қызметінен кетті

Ол бұл қызметке  2022 жылы келген.

Кімдер Қазақстан Президентінің күзетшісі бола алады?

Мемлекеттік күзет қызметі қатарына мерзімді әскери қызметке іріктеу басталды.

Шымкентте полицейлер жолда босанған әйелге көмектесті

Қазіргі таңда  ана мен баланың жағдайы қалыпты.

Көкшетау әкімдігі 2 млрд теңгеге заңсыз шарт жасаған

Конкурс өткізбей, бір көзден сатып алу тәсілін пайдаланған.