Жасөспірімдерді темекіден қалай қорғаймыз?

Malim Админ

  • 20.09.2020

Салауатты өмір – жақсы күндердің кепілі. Салауатты өмірге құштарлық жас күннен бастау алады. Өскен орта, әке-шеше тәрбиесі бала ұстанымына әсер етпей қоймайды. Осы тұрғыдан алғанда біздің елдегі жасөспірімдердің денсаулық жағдайы қатты алаңдатады.

Бұл жалпы халықтың денсаулық көрсеткішіне әсер етеді. Сонымен қатар қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығына да салқынын тигізбей қоймайды. Темекінің зияны орасан. Жыл сайын дүние жүзінде темекі шегудің салдарынан 4 млн. адам қайтыс болады екен. Жер шарында 1,2 млрд. адам темекі шегетін көрінеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша, 1997 жылы темекіден 3 млн. адам қайтыс болған болса, бұл көрсеткіш жыл сайын 33 % өсіп отырған. Ал, Қазақстанда қазіргі уақытта 5 миллионға жуық адам темекі шегеді екен.

Егер жағдай өзгермесе, онда таяу жылдарда жарты миллиард адамның түбіне темекі жетуі мүмкін. Темекі тартатын адам күніне орта есеппен 200 рет, айына 6 мың рет, жылына 72 мың рет ішке түтін сорады. Қызығы сол, темекі шегуді о баста «ойнап» бастаған 100 адамның 80-і біртіндеп тұрақты шылымқорға айналады. Қазір темекінің мыңнан артық зияны бар екені мәлім болып отыр. Сондықтан, темекі шекпейтіндер оған жоламай-ақ қойсын, шылымқорлар одан құтылудың жолын қарастырсын.

Әлемде темекінің зияндылығын дәлелдейтін 50 мыңнан астам кітап басылып шыққан. Медицина ғылымының докторы Л.В.Орловскийдің баяндауынша, темекі шегетіндер стенокардиямен 13 есе, миокард инфарктымен 12 есе және асқазан жарасымен 10 есе жиі ауырады.

Темекі шегетін әрбір жетінші адам қан тамырларының (әсіресе аяқтың) қатерлі ауруы – эндартеритпен ауырады.

Адамдар тартатын темекінің түтіні тәнге зиянды және улы заттардың жиынтығы болса, олардың ең қауіптісі – никотин, синиль қышқылы, көмір қышқылы, сірке қышқылы, азот, эфир майы және өкпе рагіне ұшырататын әртүрлі радиоактивті элементтер (бензпирен, полоний, висмут, т.б.). Никотин ең улы. Салмағы 16-20 келі итке бір тамшы, жылқыға 7-8 тамшы никотин берсе, олар бір минуттың ішінде-ақ өліп қалады. Адамды да бір тамшы никотин сеспей қатырады. 1 тамшы никотин 10-12 тал сигаретте болады. Тек темекі тартқанда адам ағзасы никотинді төте қаннан емес, тыныс жолымен қабылдайтындықтан адам бірден уланып өлмейді. Ал осындай улы затты жас бала пайдаланса қалай болады? Оның бүкіл өмірі зиянға ұшырайды ғой. Темекінің зияны туралы Өскемен қаласында тұратын дәрігер Наталья Павлова былай дейді.

«Темекі тартқан кезде жасөспрімдердің жадысы қатты зақымданады. Эксперимент көрсеткендей, темекі тарту жаттау жылдамдығын және жады көлемін төмендетеді. Сондай-ақ, қозғалыстағы реакцияны бәсеңдетеді, бұлшықет күші төмендейді, никотиннің әсерінен көз көргіштігі нашарлайды.

Алғаш рет 25 жастан бастап тартқандарға қарағанда, жасөспірім (20 жасқа дейін) шағынан бастап темекі тартқан адамдардың арасында өлім жағдайы анағұрлым жоғары болады.

Жасөспірімдер темекі тартқан кезде көру қыртысының патологиясы пайда болады. Темекі шегетін жасөспірімдерде көз көру түс сезімталдығының өзгеруіне байланысты бояуы өшкінденіп, сан алуан қабылдауы төмендеуі мүмкін. Бастапқыда оқу кезінде жылдам шаршағыштық байқалады. Сосын көзде шұбарлану мен қосарлану басталып, ақырында, көздің көргіштігі азаяды, темекі түтінен пайда болған жас ағу, қызару және қабақтың ісуі көру жүйкесін созылмалы асқынуға әкеп соғады. Никотин көз торқабығын өзгертіп, нәтижесінде жарыққа сезімталдық төмендейді.

Темекіні көп тарту кезінде қатты уланудың байқалуы сияқты, соңғы уақытта окулистерде соқырлықтың жаңа атауы – темекі амблиопатиясы пайда болды. Әсіресе балалар мен жасөспірімдердің сілемейлі көз қабықшасы темекі түтіні өнімдерімен ластануына сезімтал келеді.

Никотин көз ішінің қысымын көтереді. Жасөспірім жасында темекі тартуды қою глаукома сияқты, қатерлі аурудың алдын алу факторының бірі болып табылады.

Жасөспірімдердің темекі тартуы көпшілігінің қалқаншабез қызметін белсендіреді, нәтижесінде темекі тартатын жасөспірімдердің тамыр соғысы жиілеп, температурасы артады, шөлдеу, ашуланғыштық пайда болады, ұйқысы бұзылады. Ерте бастан темекіге әуестік теріні – безеу, себореямен зақымдайды, бұл тек қалқаншабездің қызметін ғана емес, басқа да эндокриндік жүйенің басқа бездерін де өзгеіске ұшыратады. Темекі шекпейтіндерге қарағанда, темекі шегетін жасөспірімдер тамырының созылғыштығын жоғалту анағұрлым қарқынды келеді», - дейді белгілі дәрігер.

Биыл Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы балалар арасында жүргізілген сауалнаманы жариялады. Зерттеу жасөспірімдер арасында темекіні тұтынудың кең етек алғанын көрсетті. Ұлттық сауалнама деректері Қазақстандағы 11, 13 және 15 жастағы 36000-ға жуық оқушы өмірінде бір рет болса да темекі тартып көргенінін айтқан (4,8%).

11 жастан 15 жасқа дейінгі жасөспірімдердің темекі тартуы үш есеге артқа. Сауалнама көрсеткендей  қыздарға қарағанда 15 жастағы ер балалар темекіні көбірек тартады екен.

Ауылдық жерлерде тұратын балалар қала балаларымен салыстырғанда темекіні сирек шегетін көрінеді. Соңғы кезде темекі шегу ер балалар арасында едәуір артқан. 11 жастағылар арасында 2%, 13 жастағылар арасында 2,7% және 15 жастағылар арасында 6,7% құраған. Ал 11,13 және 15 жастағы қыздар арасында  темекі шегу 2%, 1,8% және 3,5% болған.

11, 13, 15 жастағы оқушылардың 2,5% -ы күн сайын темекі шегеді екен. Күн сайын темекі шегу ұл балалар арасында 13 жастан 15 жасқа дейін артып отыр.

Электронды темекі мен қыздырылатын темекі өнімдері де мемекімен күресте едәуір қиындық туғызып отыр. Елімізде 13000-ға жуық жасөспірім (14%) және 5600 қыз (6%), 15 жастағы мектеп оқушылары, аз дегенде 1-2 күн электронды темекі шегіп көрген. Темекінің бұл түрінде әдеттегі никотин болады, ол тәуелділік тудырады және мидың дамуына зиян келтіреді.

Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының ғылым және кәсіби даму бөлімінің бас маманы Шынар Абдрахманованың пікірінше, жастарды темекі өнімдерін тұтынудан қорғауға болады екен.

«Ата-ана өздері темекі тартпай, балаларына үлгі бола білсе, олар жастармен темекінің зияны туралы сөйлесе алар еді. Ата-ана мен отбасы мүшелері балалардың көзінше тым болмаса темекі тартпауы керек. Ұстаздар да мектепте темекісіз саясатты қолданғаны жақсы. Медицина қызметкерлері жастарға кез келген темекі өнімдерін тұтынуға қарсы кеңес беріп тырғаны жөн. Сонда жастарды зиянды әдеттен арылтуға болады», ­ - дейді Шынар Абдрахманова.

Жақында ғана халық денсаулығын қорғау жолында темекі өнімдерін сату және жарнамалауға қатысты жаңа заң қабылданды. Жаңа ереженің бір шарты енді сатушылар темекі алатындардың жеке куәліктеріне қарауы керек. Бұл талапқа қоғамның көзқарасы әртүрлі екені белгілі. Ал сатушылардың өздері не ойлайды? Қазақстанның сауда кәсіпорындары қауымдастығы (ҚСКҚ) «Adal Nietpen» жобасы осы сұраққа жауап іздеп, 400 дүкен сатушысына (әр қаладан алынған) сауалнама жүргізген болатын.

«Жасөспірімге никотині бар өнімді сату-сатпау шешімі не береді? Жаңа ереже мен тиымдардың орындалуы тетігіне қатысты сатушылардыңойы қандай? Осы жағдайды толығырақ түсінуге бұл сауалнама көмектеседі. Adal Nietpen жобасының тиімділігі де осындай істерде байқалады», - дейді Қазақстанның сауда кәсіпорындары қауымдастығы басқармасының вице-президенті Жібек Әжібаева.

Бұл сауалнаманың да жауабы шықты. Сатушылардың 37 пайызы кәмелетке толмағандарға  темекі өнімдерін сатуға салынған тыйым темекі шегуге қарсы күрестің тиімді шарасы деп санайды екен. Сатушылардың жартысынан көбі (55%) сауда орындарында кәмелетке толмағандарға темекі өнімдерін сатпау тыйымы орындалады дейді. Ал  әрбір бесінші сатушы керісінше боларына сенімді. Олардың пікірінше, тыйымға қарамастан кәмелетке толмағандарға темекі сатудың негізгі себебін – қаржылық және табыс табу қажеттілігімен түсіндіреді (47 пайыз).

Сатушылардың едәуір бөлігі (37 пайыз) темекі шегу мен никотинге тәуелділікпен күресуде дүкен сатушыларының қарсы болуы мардымды көмек емес дейді.

Сұралған сатушылардың 53 пайызы өздері тұратын қалалардағы дүкендерде кәмелетке толмағандарға темекі өнімдерін сату жағдайлары туралы естіген.

Сатушылардың 54 пайызы кәмелетке толмаған сатып алушыға темекі өнімдерін сатудан бас тартса, олар өнімді басқа дүкеннен сатып ала алады деп санайды.

Сатушылардың 20 пайызы тыйымды бұзған сатушылар бұған жиі жауап береді деп санайды.

Көптеген сатушылар (91 пайыз) темекі өнімдерін сату ережелерінің толық сақталғанын айтажы. Егер әлеуетті сатып алушының жасын анықтау қиын болса, 10 сатушының 9-ы жеке куәлікті көрсетуді сұрайды.

Сонымен қатар, сатушылардың темекі өнімдерін сатқаны үшін жауапкершілігі туралы пікірлер екіге бөлінді: сауалнамаға қатысушылардың 50 пайызы сатушы кәмелетке толмағандарға темекі өнімдерін сатқаны үшін жауапты болуы тиіс деген пікірді ұстанады, 46 пайызы олардың жауапкершілік аймағына тек дүкенде тауарды сату кіреді және балалар арасында темекі шегуге қарсы күрес үшін ата-аналар мен мемлекет жауапты деп санайды.

«Кәмелетке толмағандар әдетте өте аңғал, өмірлік тәжірибесі жоқ жандар. Бүгін әуестік көрген ермектері ертең өмір бойы зардапқа ұрындыратынын  түсінбейді, білмейді. Сондықтан, сатушылар біздің қозғалысқа қосылып, өскелең ұрпаққа жауапкершілікпен қарауға шақырамыз», - дейді Қазақстанның сауда кәсіпорындары қауымдастығының атқарушы директоры Ермек Рахметов.

Жасөспірімдердің темекіден аулақ болуына көп шара істеліп жатыр. Бірақ оның жарнамасы да жер жарып тұр. Әрбір бала өз психикасында ересек болудың бір көрінісі темекі тарту деп ойлайды. Яғни, бала бүкіл нәрсені үлкеннен үйренеді. «Біреуді түземес бұрын, өзіңді түзе» деген данышпан сөзі бекер айтылмаса керек-ті.

Байланысты жаналықтар

Қазақстан темекімен қалай күресіп жатыр?

30.05.2020
MalimBlocks
Қазақстан темекімен қалай күресіп жатыр?