Оралда қос азаматтығын жасырған тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылды деп хабарлайды Tengrinews.kz басылымы Батыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мамандандырылған әкімшілік құқық бұзу жөніндегі сот В. деген әйелге қатысты іс қарады. Тексеру кезінде оның 2022 жылдың қыркүйегінде Ресей Федерациясының азаматтығын алғаны, бірақ Қазақстанның уәкілетті органдарына бұл туралы заңда белгіленген мерзімде хабарламағаны анықталған.
— «Сот отырысында әйелдің шетелдің азаматтығын алғаннан кейін, Қазақстан заңнамасы бойынша мемлекеттік органдарға хабарлау міндетін орындамағаны белгілі болды. Тәртіп бұзушы өз кінәсін толық мойындады, бұл сот тарапынан жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде ескерілді», —
деп мәлімдепті соттың баспасөз қызметі.
Істің барлық мән-жайын саралаған сот азамат В.-ны кінәлі деп танып, 393 200 теңге көлемінде айыппұл салды. Үкім әлі заңды күшіне енбепті.