Солтүстік Қазақстан облысында Алаш қайраткерлеріне арналып салынған монументалды нысан ашылмай жатып, жартылай бұзылды,деп хабарлайды Malim.kz.
Бұл туралы әлеуметтік парақшасында Заңғар Кәрімхан бөлісті. Оның айтуынша, Міржақып Дулатұлы жиын өткізген Қызылжар өңірі бұрынғы Аққұсақ қонысында Алаш қайраткерлерінің ұрпақтары, жекелеген кәсіпкерлер мемориалдық кешен салды. Биіктігі 28 метр болатын стелла қыркүйек айының соңында берілуі тиіс еді. Алайда ескерткіш жартылай бұзылған. Қоғам өкілі бұған облыс әкімін кінәлады.
Осыған орай СҚО әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы жауап берді.
- Стелла құрылысын жергілікті атқарушы органмен келіспей кәсіпкер Н.Барлыбаев бастаған. Орнату кезінде тапсырыс беруші ақауларды, стелланың дұрыс орнатылмағанын анықтады. Осы себепті кәсіпкердің тапсырмасымен жоғарғы бөлігі демонтаждалды. Сондай-ақ, Мәдениет басқармасы Н.Барлыбаевқа стелла орнату үшін барлық қажетті заңды рәсімдерді жүргізу қажеттігі туралы ескертті. Монументалды құрылыс нысандарын орнату тәртібі сақталмайынша, ескерткіш тарих және мәдениет ескерткіштері мемлекеттік тізіміне енгізілмейді, - деді басқарма басшысы Досбол Әбдірейісов.
Әкімдік өкілінің айтуынша, вандализм фактісі тіркелген жоқ. Құжаттардың болмауына байланысты Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органы Н.Барлыбаевқа әкімшілік айыппұл салды.
Осы оқиғаға қатысты облыстық мәслихаттың депутаты Ербақыт Амантайұлы да пікір білдірді.
- Қызылжардағы ескерткіш мәселесінің астарынан Алашқа қарсы жау іздеудің қажеті жоқ. Бұл – менің жеке пікірім. Бар гәп – не жерге, не құрылысқа рұқсат алмастан салынуы. Сенсеңіз де сол, сенбесеңіз де сол. Заңның талабы осы. Егер ескерткіш салайын деп жатырмын деп өтініш беріп, оны мәдениет басқармасы немесе ескерткіштер жөніндегі комиссия қабылдамай қойса, онда әңгіме басқа. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанды «ескерткіштер елі» деп мазақтайтындар бар екенін, рұқсатсыз ата-бабасына қоладан құйып, тастан қалап белгі қоятындар көбейіп кеткенін бір емес, бірнеше рет биік мінберден айтты. Құлақ асқандар аз. Петропавл деген атауына қарап, көшелерінде әлі сол Ленин мен Сталин тұр деп ойлайтын шығарсыздар. Мүлдем олай емес. Абылай хан, Қожаберген жырау, Абай ақын, Алаш қайраткерлері Мағжан мен Смағұлдың мүсіндері, жылқыны алғаш ауыздықтаған қазақ екенін білдіретін ескерткіш те Қызылжардың қақ төрінен орын алған, - деп жазды желідегі парақшасында Ербақыт Амантайұлы.