Жылқыны тұңғыш құрықтаған қазақ киікті де қолға үйрете ала ма?

Мамандар киікті қолға үйретуге болады дейді. Бірақ, ол үшін бірнеше сатыдан тұратын жұмыстар атқарылуы керек.

Көрнекі сурет / Фото: ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫ VK арнасы

 

«Бұл мәселені шешуге болады» - Киікті қолға үйретуге бола ма?

Киікті ату керек деген мәселе талқыға шыққалы қоғамдық пікір екіге жарылды. Бар мәселе – өріс, жайылым, шабындық. Қолдағы малына азық қылып отырған шабындығын таптап, өрісін тарылтып жіберген төтен көбейген киік Арқа мен Батыс Қазақстан тұрғындары үшін үлкен проблемаға айналған. Олар киік қаптаған мезгілде кәдімгідей қол жиып шығып, «киік қуумен» айналысады.

Осы кезде киіктердің санын белгілі бір деңгейде шектеу үшін, оларды атып, азайтып отыру бастамасы көтерілді. Бірақ, бұл мәселенің жалғыз шешімі емес екені де айтлған. Соның бірі – киікті қолға үйрету.

National Geographic Kazakhstan журналы «Киік шаруашылығы... Мүмкін бе?» деген материал жариялады. Киікке қатысты жиі пікір білдіріп жүрген Зоология институтына қарасты биоценология және аңтану зертханасының меңгерушісі Константин Плахов киікті қолға үйретуге байланысты ұсыныстың авторы ретінде пікір білдіріпті.

Ол мезгіл-мезгіл және климаттық өзгерістерге байланысты бір аумақтан екінші аумаққа көшіп-қонып жүретін киікті қолға үйрету үшін бірнеше сатыдан тұратын шаруалар атқарылу керек.

«Бұл мәселені шешуге болады. Ол үшін селекциялық жұмыстар атқарылуы керек. Мыңдаған киіктің ішінде адамға жақын, жуас түрлері де кездеседі. Міне, соларды іріктеп алып, селекциялық жұмыстармен айналысу керек. Алдымен, селекциялық жұмысқа қажетті киіктерді іріктеп аламыз. Одан кейін олардың өсіп-өнуіне жетерлік аумақтарды қоршау керек. Бұған бір ғана аумақ жеткіліксіз. Дұрысы төрт аумақты қарастыру. Тиісінше, белгілі бір уақыт аралығында киіктердің мекенін ауыстырып отырамыз. Сонда аумақтың бәрі біркелкі пайдаланылады», – дейді Плахов.

Плаховтың бұл бастамасы – әлемдік тәжірибеде жоқ. Бірақ, марал бағу – әдеттегі жағдайға айналған. Маралды қолға үйрету практикасын негізге алып, киік мәселесін шешіп тастауға болады. Киіктің әлі күнге қолға үйренбегенінің тағы бір себебі – оның Қазақстан, Ресей, Қарақалпақстан, Моңғолия, Түркіменстан аумағында ғана кездесетіні.

Көрнекі сурет / Фото: Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті

Киікті ату арқылы санын шектеу 70 жылдары да қозғалыпты. 1920-30 жылдары киік атуға тыйым салынып, арада отыз жыл өткенде, Қазақстандағы киік саны 2 миллионнан асып кеткен. Ол кезде де қорадағы малмен бірге өріп, бірге жайылып, жаппай ату мәселесі көтерілген. Артынша, Қазақстанда киіктер мүлде жойылып кетудің алдында тұрған кезеңдер болған. Қысқасы, Қызыл кітапқа енген, сосын қайта көбейген, аңшылықтан ғана емес, 2015 жылы аурудан да жаппай қырылған киіктің саны 2019 жылы ғана 150 мыңнан 334 мыңға әрең жеткен.

Биылғы көрсеткіш – 1 318 000 бас. Экошолушы Сәкен Ділдәхмет бұл соншалық дабыл қағып, мылтық ала жүгіретіндей көрсеткіш емес дейді. Әрине, өзі де жетпей жатқан өрісі мен шабындығына ортақтасқан киікпен бетпе-бет қалған батысқазақстандықтарды да түсінуге болады. Бұл жерде бар мәселе киіктің санында емес, олардың табиғи дамуы мен миграциялық жолының бұзылуында. Былайша айтқанда, экожүйенің бұзылуы – киіктің бір жерге шоғырланып алуына себеп болып отыр.

«Әрбір облыста үлкен тасжол, автомагистраль түсіп жатқанын өздеріңіз көріп тұрсыздар. Түрлі бағытта темір жол түсіп жатыр. Осы жолдар түскен кезде жауапты министрлік пен ҚазАвтожол мекемесі жабайы жануарлардың көшіп-қонып жүретін миграция қарарларын ескермеген. Батыс Қазақстанда неге 800 мың бас жиналып отыр? Неге олар көрші Ақтөбе, Атырау облыстарына көше алмайды? Өте үлкен жолдар бар. Киік жабайы жануар болғандықтан рефлексті түрде қимылдайды», - дейді Ділдахмет.

«Жылқыны қолға үйреткен – біздің ата-бабаларымыз» деп мақтанғанды жақсы көретін қазақ әлімсақтан бері қатар жайлап келе жатқан киікті неге қолға үйретпеді екен? Әлде киік түгілі қолындағы азын-аулақ малына жайылым таппай отырған ендігі ұрпағы үйрете ме?

Байланысты жаналықтар

Брекешев киікті ойыншық көре ме? 

25.08.2022

Жылқыны тұңғыш құрықтаған қазақ киікті қолға үйрете ала ма?

26.07.2022

Биыл браконьерлер көп

30.07.2020

Табиғатты акциясыз да қорғауымыз керек

17.04.2020
MalimBlocks
Брекешев киікті ойыншық көре ме? 

Қазақстанда ақылы аңшылық басталуы мүмкін

Жылқыны тұңғыш құрықтаған қазақ киікті қолға үйрете ала ма?

Мамандар киікті қолға үйретуге болады дейді. Бірақ, ол үшін бірнеше сатыдан тұратын жұмыстар атқарылуы керек.

Биыл браконьерлер көп

Табиғатты акциясыз да қорғауымыз керек