Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданы Бірлік ауылында 22 жастағы жігіт 67 жастағы әкесін соққыға жыққаны үшін қамауға алынды. Бұл туралы 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасаған Malim.kz хабарлайды.
Еңгезердей жігіт әкесін сабап қана қоймай, жерден алып, жерге салып балағаттаған. Сөйте тұра бұл әрекетін ол видеоға түсіріп, әлеуметтік желіде жариялаған. Жігіт бұл сәтте мас күйде болғаны анықталды.
Полиция жігітті ұстағанымен, жауапкершілікке тартпады. Өз ұлының қолынан зардап шеккен қария баласының үстінен арыз жазудан бас тартып, оған ешқандай шағымы жоқ екенін айтты.
“Соттың шешімімен жігіт 5 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алынды. Қылмыстық іс қозғалған жоқ”, – деп мәлімдеді Солтүстік Қазақстан облыстық Полиция департаменті.