Бегайымның әні

Әңгіме

Malim Админ

  • 20.08.2021

Алтыжүзінші деп аталатын есік пен төрдей қара «Мерседестің» артқы есігінен ұзын бойлы, белі талшыбықтай бұралған, қарақат көзі күлім қағып тұратын аққұба әйел имене түсіп, жан-жағына әлдекім көріп қалмады ма дегендей жіті көз салды да, үйіне қарай оқтаудай түзу аяғын жедел басып, ұзай берді.

Жайшылықта ол бүйтіп асықпайтын. Қайта сырт көзге мені көрдіңдер ме дегендей, машинадан еріне түсіп, жүргізушіге ілтипат жасап, қайта-қайта қоштасып, аяғын кермаралдай керіле басып жүретін. Бұл жолы басқаша, машина рөліндегі адаммен де жөндеп қоштасқан жоқ. Ол да келіншек көліктен түсісімен жалт беріп, жедел жүріп кетті. Ал әйел болса әлденеден үрейленгендей он-солына қарағыштай берді. Соның өзінде оның қазіргі заман өлшеміне сайма-сай келетін дөңгелек бөксесі әнтек ырғалып, піскен қауындай жұп-жұмыр төсі омырауы  кең пішілген шәйі көйлек астында бұлт-бұлт ойнап бара жатты.

Бұл кәдімгі белгілі әнші, актриса Бегайым ханым болатын. Талай адаммен сантүрлі жағдайда кездесіп, сан-алуан автомашинамен жүріп дағдыланған ол үшін бүгінгі кездесудің мүлде жөні бөлек еді. Оған өзі мұқият әзірленіп, болар жағдайды алдын-ала әлденеше рет ой елегінен өткізіп, тәтті қиялға да бой алдырған-ды.

Бегайым он екіде бір гүлі ашылмаған үлбіреген жас қыз емес. Биыл жиырманың сегізіне қарап тұр. Тұрғыластары әлдеқашан байға тиіп, бала сүйіп әркім өз талайына бұйырған тағдырын бастан өткізуде. Қазір оны қинайтын бір-ақ сауал бар. «Осынша көркімен жақсы мен жайсаң арасында орын алған сүйкімімен мен неге өз отбасымды құра алмай жүрмін? Неге маған кездескен еркек атаулы өз қалауына қол жеткізгеннен кейін тайып шыға келеді?»

Бұл оның жанын қинайтын өте ауыр сұрақ. Осыны есіне алған сайын өзінен өзі жүдеп, жабырқап қалады. Десе де осы шаһардың жаңадан келген жас басшысымен қала сыртында болған бүгінгі оңаша кездесуі оның жабырқау көңіліне желік бітіріп, біраз сергітіп тастады. Ен әуелі «сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпегендігі» байқалды. Қадыржан Бексұлтанұлы анау-мынауға елп ете қалатын оңай тұлға емес. Оның үстіне аспандап тұрған абыройы мен отырған тұрыртағыма сызат түседі деп қорықпай, мұны кездесуге шақырса, көңілінің кетәрі еместігі. Әлде осы қаладағы элита атаулының аузынан түспейтін бұл қызды мен де бір көрейінші дейтін жалпы еркекке тән қызығушылық па? Бегайымның бүгінгі кездесуде оны бағамдай алмады. Бас қосатын жерді қала сыртында қалың тоғай ішінде келісті қонақ үйде таңдауы, өзінің жекеменшік машинасымен келуі, тіпті домбыраға дейін алдыртып қоюы Бегайымның ол жайлы ойлағанынан да асып түсті. Демек, ол Бегайымның тәніне ғана емес, әніне де құштар. Бірақ ол әнші әйелдің көңіл түкпірінде жатқан мақсатына жеткізе ме, жоқ па, ол жағы күмәнді.

Рас-Бегайым «Таңғы түс», «Айқаракөз», «Көктемгі кездесу» сияқты әндерді нәшіне келтіріп айтқанда өзі бұрынғыдан да құлпырып, сұлуланып кететін. Сондай сәттерде мүләйімси қарайтын қара көздері адамның іші-бауырынан өтіп, еркек атаулыны бір сиқырлы күшпен арбап тастайтын. Ілгеріректе оған арбалғандар аз емес. Жұртшылық «бауырсақ» атап кеткен бұрынғы облыс басшысы, сырттан келетін ұлықтар мен өзге де жас байшыкеш мырзалар арбалған. Соның себесінімен кезектен тыс пәтерін кеңейтті. Түрлі фестивальдар мен байқаулардың лауреаты атанды. Сыйлық деп, шайлық деп жанасым тапқан «ағашкалары» беретін мол қаражат есебінен тұрмысын да түзеп алды, үй жайнап тұр. Қызы институттың ақылы бөлімінде оқып жатыр.

Бегайым үйіне келгеннен кейін де өз-өзінен елегізіп байыз тауып отыра алмады. Қол сумкасын алып, Қадыржан Бексұлтанұлы елеусіз сала салған конвертті ашып көрді. Әлі айналымға түспеген су жаңа мың доллар. Бегайым ақшаны кеудесіне басып, жымиды. «Мырзалық танытқан екен. Сонысына қарағанда кездесуіміздің алды-арты осы болмас».

Па, шіркін, қандай кездесу еді десеңші. Бұл бұрынғылардай саунаның ас ішітін бөлмесінде өздері жамылғыға оранған тыржалаңаш күйінде отырып, бұған алдарында өлең айтқызып қойған жоқ. Бас салып төсекке де сүйремеді. Бұлар әуелі замандас, тілеуі бір тең адамдарша жеңіл әзіл-қалжыңмен сөз қағыстыра отырып, екі-үш рюмке коньяк ішті. Сонан соң жас басшы Бегайымның ән салуын өтінді. Бегайым дауысын аса көтермей айтса да, «Айқаракөзді» ерекше тебіреніспен ішкі сезім алауына оранғандай әсерлене айтты. Жас әкім риза болып, оны құшақтап, ернінен ұзақ сүйді. Онан соң екеуі де қапысыз аймаласып, ләзәт құшағына кірді. Әттең, жоғарыдағы басшысы оны аяқ астынан шақыртпағанда...

Қала басшысының қалта телефоны аяқ астынан безілдеп қоя бермесінбе. Әкім оған назар аударғысы келмеген. Бірақ телефон бетіндегі жазуды көргенде ол райынан тез қайтты «Тап өзі, қайдан ғана звондай қойды. Жауап бермеске амал жоқ. Тұтқаны көтермеу тағдырыңды өз қолымен талқандумен пара-пар. Ертең қайда болғаныңды, кіммен болғаныңды бәрібір іздеп табады. Ол құдірет оның қолында күш бар. Қазіргі айтитехнология заманында басшымен жасырынбақ ойнау аса қауіпті».

Путинцев ең жоғарғы басшылықпен сен деп сөйлесе алатын санаулы әкімдердің бірі. Кешегі тоқсаныншы жылдардағы халық қазынасын қан талапайға айналдырған шақта байып алған жуан белдің өзі. Білетіндер оның крышасының бір ұшы Мәскеуде деседі. Содан ба салмағы басым. Мыңдаған гектар егістік жері, толып жатқан тойханалары мен қонақ үйлері бар. Бала кезден бірге өскендіктен бе, Қадыржанды қолтығынан демеп қамқорлығына алып жүр. Баспалдақтап өсірді. Бас инжинер, директор, әкімнің орынбасары, әкім. Міне, енді білдей бір облыс орталығы әкімдігінің тізгінін қолына ұстатты. Оны бағаламау әбестік болар еді.

– Иә, Сергей Васильевич тындап тұрмын, - деді бұл сәл дірілдеген дауысын тежеңкіреп.

– Қодыржан, - деді ол, қырылдап шығатын жуан дауысымен қайда болсаң да тез жет. Кабинетте күтем! «Әй, жайрағыр-ай, не болып қалды. Құдайдың бір күнгі демалысын да дұрыс пайдаландырмайды, бұл зәнталақ шал. Ертеңге қалдырса бірдеме бола ма» деп ойлады бұл. Бірақ оны ашып айтар шама қайда.

– Жақсы, қазір жетем Сергей Васильевич қазір, - деді елпілдеп.

 «Осы сен де пәле болдың ғой» дегендей Бегайым ұялы телефонға тұңғыш рет жиіркіне қарады. Бармасқа шара қайда, Қадыржан Бексұлтанұлы алқын-жұлқын жиналып, мұны да екі кештің арасында үйіне әкеп тастады. Дұрыстап қоштаса да алған жоқ. Әкім пәрмені солай, өлген адамды көрден суырып алады. Өзінен құқы жоғарылардың алдында бұлар дәрменсіз. Қазіргі сұм заман адамды осылай байлап-матап тастаған. Аттың үстінде, қызметте жүрсем десең оның занына бағынасың, айтқанына көнесің мұның сыртында тоқсан сайын беріп тұратын «көк қағазын» және бар. Бегайым сонау жасамыз шағынан осы элита аталатын атжалман топтың ортасында өскендіктен мұның бәрін көкірегіне мықтап түйген.

Ортада өстім деуі жәй бержағы. Элитаның жандайшап жантықтары мұны сол ортаға өз қолдарымен  жетелеп әкеп, салып жіберген. Онда Бегайым тым жас еді, көп нәрсеге анайы, балалық сезіммен қарайтын.

Он алты жасқа дейін ауылда ата-анасының қолында болды. Әкесі екі күннің бірінде ішіп жүретін кәдуілігі водовозбен су тасушы шопыр еді. Шешесі жеті кластық білімі бар, әрі қарай оқымаған ауыл қатыны болатын. Бас аяғы бес ұлды сегіз жылда бірінен соң бірін тауып тастаған, енді «мать геройын» болмай тоқтамаймын деп кедең қағатын әдеті бар-ды.

– Бегайымның отбасының үлкені әрі ерекше бала, анау ұлдарға қарағанда тым нәзік, сұлу, сезімтал болып өсті. Ол кезде ауылда шілдехана, туған күн, тоқымқағар сияқтыны сылтауғып ауыл қатындары жиналып арақ ішетін әдет болды. Шешесі сол гу-гудың ортасында жүргенде Бегайым інілерін өзі бағып, өсірді. Бір күні сондай желпіністен оралған шешесі күтпеген тосын әңгіме бастады.

– Қызым, сен ержетіп, есінді біліп қалдың. Енді саған шындықты айтпасам болмайды, о дүниеде мойныма қарыз болды. Мынау Мырқай сенің әкең емес. Әкең, Асқар, - деді. Бегайым отырған орнынан ыршып түсті.

– Сен не сандырақтап отырсың. Мырқай неге әкем  емес,- деді қызы ашуланып.

– Солай әкең емес, ол мені алып қашқанда сен іштегі екі айлық бала болатынсың,-деді шешесі жаулығының ұшымен көзін сүртіп. Бегайым тас төбеден біреу қос қолдап ұрғандай мәңгіреді де қалды.

– Ал сонда менің шын әкем кім?

– Жаңа айттым ғой, Асқар деп.

– Асқар деген кім, қайда тұрады ол?

– Ол Алматыда, жазушы, - деп шешесі ыржиып.

– Өтірігіңе береке берсін, мынау Алакөлден аттап шықпаған саған Алматыдағы жазушымен кездесу қайда? Өтірікті де қисынын келтіріп айтсаң еді, - деп Бегайым шешесінің сөзін тындамай далаға шығып кетті. Содан кешке дейін үйге кірген жоқ. Ана-мынаны сылтауғып жүріп алды. Басы мең-зең. Ертеде кішірек кезінде шешесінің бір құрбысымен әңгімесің құлағы шалған «Баяғыда біздің ауылға Алматыдан артистер келіп, арасында бір жас жазушы бар екен. Мен сонымен қонып қалып» деп әңгірлегені Бегайымның жадында. Сол рас болмаса неғылсын...

Бойжетіп қалған бала ғой. Өзінің осы үйдің адамдарына ұқсамайтынын ол бұрын да сезетін. Бойы ұзын, өзі аппақ, көздері мойылдай қара, дене бітімі сымбатты. Ал інілері болса әкесіне тартқан қысық көз, қотан аяқ қарадомалақтар. Шешесінің бет әлпетінде әдеміліктің нышандары бар. Бірақ ол өзі күтпейді, Мырқайға осы күйім де жетеді дегендей олпы-солпы, кір-қожалақ болып жүре береді.

Осы әңгімеден соң Бегайымға өз үйі жат бола бастады, бір жаққа кеткенше асықты. Он жылдықты бітірмей, Аралтөбенің музучилесіне түсті. Табиғи таланты бар балаға оқу қиын болған жоқ. Домбыра мен қобызды тез меңгеріп, әдемі қоңыр дауысымен ән салып жүрді. Алғашқы махаббатының уыз сезіміне де шарпылып үлгерді. Өзімен курстас Темірбек атты әдемі жігітке өлердей ғашық болып, аяғын ауырлатып алды. Мынау қызы – Ақбота сол тұңғыш махаббатың төл басы. Атақты «Мың бір түн» хикаясында ғашықтық деген қандай сезім деп сауал қойғанда ол шарбаты-бал, қамыры-у татитын тіршілік демейтін бе еді. Тағдыр ғой, Темірбекпен тұрмыс құра алмай, қызын үш айлығында-ақ шешесі бауырына салып, кейінгі балаларымен тел өсірді. Бегайым салт басты, сабау қамшылы бойжеткен болып кете барды. Сөйтіп жүргенде элитаның назарына ілікті. Анау-мынау емес осы өңірдегі жоғары лауазым иесі Жақан Аманұлының өзі бұған «құрық»  салды.

Шіркін-ай, бұлар адам тағдырын қалай ұршықшаа үйіреді десеңші! Әуелі өздері көрінбейді. Жан-жағындағы әленкедей жаланған сан алуан нөкерлері арқылы тор тастайды. Жақан Аманұлының қысыр жыландай безіп жүретін Мәдина Самойлована атты орынбасары бар еді. Бедеу, жесір әйел. Алып кел, шауып келдің адамы. Әкесінің шын аты Сабанбай. Комсомол белсендісі болып жүргенде өсуіме кедерге болады деп орысшалап, төлқұжатын Самойловналағып өзгертіп алған.

Сол шақырып сөйлесті.

– Сен сияқты талантты жастың ауданда жүргені жарасымзыз. Біз сізді облысқа алдырғымыз келеді. Жақан ағайыңның өзі осындай тоқтамға келіп отыр дегенді емеурінмен ұқтырды. Бақыттан басы айналған Бегайым:

– Мәдина апай, ұсыныңызға рахмет. Бірақ менде не баспана жоқ, не ақша жоқ, қалада қалай тұрам, - деп күмілжи бастап еді.

– Саспа, бәрі болады. Бәрін ойластырамыз, - деді Мәдина Самойловна.

Осыдан соң-ақ дүние шырқ айналып жүре берді. Бір аптаның ішінде Бегайымның қолына бір бөлмелі пәтердің кілті тиіп, облыстық филормонияға жұмысқа алынды. Әйтеуір бір жақтан бір сиқырлы пәрменнің барын сезетін болар, филормония директоры да, мәдениет бөлімінің бастығы да Бегайымның асты-үстіне түсіп, жиналыс атаулымен концерттерден қалдырмай, керек десең сахналық костюм тіктіріп берді.

Бегайым өзінің жебеушісі Жақан Аманұлын ғұмыры жақыннан көрген адамы емес еді. Бір күні сау етіп, нөкерлерін ертіп 8 наурызға арналған концертке келді. Бұрын қарасын көрсетпейтін шенеуліктер бірінші, екінші қатарда қаздай тізіліп отыр. Қақ ортада бастық. Бір жағында Мәдина Самойлована, екінші жағында өндіріс саласымен айналысатын бірінші орынбасары. Әлгі жұрттың бәрі аузынан тастамай айтып жүретін үлкен бастығы қарны шартиған, көзі оқыра тиген тайыншаның көзіндей шытынап тұрған ортадан төмен бойлы біреу екен. Әйелдік көзқарасы жеңіп кетті ме, Бегайымға ұнамады. Дегенмен, концерттік номерін өзі келістіріп тұрып орындап шықты. Дауысы да ашылып, әсіресе «Таңғы түстің» қайырмасына келген жерде дауысын құбылтып, ерекше сезімге беріліп айтты өлеңді.

Бас бастық мұның әр қимылын бағып, көзін алмай қадала қарап отыр екен. Бегайым оны сахнаға үшінші рет шақыртқанда анық сезді. Сахнадан түсіп, залда ұсынылған гүлді алуға келгенде бастықпен көздері шарпысып қалып, денесі дір ете түсті. Арбалудың алды осы. Әр жағы саунадағы кездесу, резиденциядағы кездесу болып шарап қызуымен тән құмарлығын қалдырған ұбақ-шұбақ қызық күндер болып кете барды...

Одан бері талай жылдар өтіп, талай әкімдер ауысты. Элита толқыны Бегайымды әбден бауырына басып, ағыс айдаған желқайықтай шыр көбелек айналдырып әкетті. Бегайымның бұл халі былайғы жұрт, сырт көз арасында аңдаусыз қалмады. Бетіне басып ашық айтпаса да, сырттай әңгіме өсектің арқауына айналды.

Бұрынғыдан калған белгілі хамсалардың бірінде адам өмірінің екі жағы бар: жарқын және бұлыңғыр. Пенде біріңғай жаймашуақты жағдайда жүре алмайды. Ерте ме, кеш пе оның басына бұлыңғыр бұлт үйіріледі демейтін бе еді? Бегайым мұны білсе де: «Құрысыншы, кімнің аузына қақпақ боламын, қазақтың сөзінің өзінен бұрын жүретін әдеті емес пе. менің табысымды көре алмайды»,-деп өзін ақтағандай да болады. Екінші жағынан алғанда енді шегінетін жері де жоқ сияқты. «Шақырудан, ойын-сауықтан бас тартқанда, бармай қойғанда не істеймін, айлығы шайлығына жетпейтін жалақыға қарап отырамын ба? Ол мүмкін емес. Беті аулақ. Менің жолым ән айту, элита ортасында жүру. Айтпақшы бастықтардың бабын тапқыш баяғы Мадина Самойлована да, одан кейін осында орынбасар болып істеген сылқым Жәмила да Жоғарғы Кеңестің депутаты болып отыр. Жетекші партия арқылы өтті. Менің солардан қай жерім кем. Сұлумын, сүйкімдімін, элита ортасында қолдаушыларым да жоқ емес. Партияға өтіп алып, келесі сайлауда неге бағымды сынап көрмеске. Кім біледі, мүмкін өтіп кетермін» деп ойлайды ол.

Беу дүние-ай, десеңші әркімде әр түрлі мақсат бар. Адами құндылықтар мен ар-ождан саудаға түскен мынау алмағайып заманда біреу иненің жасуындай саңылаудан қиямет көпірі жолымен өтіп, мұратына жетеді, біреу жетпейді.

P.S. Ақыры қала әкімімен байланыс Бегайымды діттеген мұратына жеткізді. Араға жыл салмай-ақ «Болашақ» партиясы дізімімен жоғарғы кеңестің депутаты болды. Қазір өмір айдынында судағы балықтай жүзіп жүр. Сұлулық шіркін неге жаман болсын. Ол парламентшілер залына кіріп келгенде ешқашан жүзеге аспайтын мылжың сөзден мез болып ерігіп отырған кейбір халық қалаулары есі кетіп, жымың-жымың етіседі...

                                                                                                         Серік Шайман

Байланысты жаналықтар

Бүгін – Геннадий Головкиннің туған күні

08.04.2024

Жыл басынан бері спорт саласында 39 жемқорлық қылмысы тіркелген

03.04.2024

«Шахтер» футбол командасының бас бапкері қызметінен кетті

02.04.2024

Miami Open: Елена Рыбакина финалда жеңіліп қалды

31.03.2024

Спаррингтік кездесуге шақырту алған боксшы қыздардың тізімі жарияланды

29.03.2024

«Оқжетпес» футбол клубы өз қызметкерлеріне 400 млн теңгеден астам қарыз

29.03.2024
MalimBlocks
Бүгін – Геннадий Головкиннің туған күні

Ол кәсіпқой бокста 40 жекпе-жек өткізіп, 38-де жеңіске жеткен. ҚР спорт шебері.

Жыл басынан бері спорт саласында 39 жемқорлық қылмысы тіркелген

Жыл басынан бері спорт саласында 39 жемқорлық қылмысы тіркелді. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметте агенттік төрағасы А. Жұмағалидің басшылығымен өткен ведомствоаралық мәжілісте айтылды, деп хабарлайды Malim.kz.

«Шахтер» футбол командасының бас бапкері қызметінен кетті

Футболдан Қарағандының «Шахтер» командасының бас бапкері Игорь Солошенко өз еркімен қызметінен кетті, деп хабарлайды Malim.kz команданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Miami Open: Елена Рыбакина финалда жеңіліп қалды

Әлемнің төртінші ракеткасы Елена Рыбакина Майамидегі WTA турнирдің финалында Даниэль Коллинзді (53 WTA) жеңе алмады. Кездесу 7:5, 6:3 есебімен аяқталды, деп хабарлайды Malim.kz.

Спаррингтік кездесуге шақырту алған боксшы қыздардың тізімі жарияланды

Сәуірдің 8-і мен 10-ы аралығында Астанада өтетін спаррингтік кездесулерге шақырту алған боксшылардың құрамы бекітілді. Бұл туралы Қазақстан бокс федерациясының баспасөз қызметі хабарлады, деп мәлімдейді Malim.kz.

«Оқжетпес» футбол клубы өз қызметкерлеріне 400 млн теңгеден астам қарыз

Көкшетау прокуратурасының мәліметінше, «Оқжетпес» футбол клубы 160 қызметкерінің жалақысын төлемеген, деп хабарлайды Malim.kz.