Көшпенділер ойындары санатына арқан тартыс енді

Malim Админ

  • 26.02.2024

Елімізде байраған көтеретін 5-ші көшпенділер ойындары жаңалыққа толы болмақ.  Түркі баласының басын қосатын додадағы спорт түрлерінің қатарын  ұлттық ойын – арқан тартыс толықтырды.  Қайраттылар тартысы көшпенділер ойындарының басты бағдарламасының санатына кірді.  Жуырда өз алдына дербес «арқан тартыс» федерациясы жұмысын бастап кетті.  Бұл шын мәнінде ақжолтай бастама.  Еркебұлан Ілиясов тізгінін ұстайтын федерация бірқатар жұмысты жүзеге асырып жатыр.  Соның бірі – осы сайыс түрінен  Республикалық турнир ұйымдастыру.     Әр аймақтан жиылған мықтылар  бәсекенің көрігін қыздырады.  Аймақтық іріктеуде  Ұлытау, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Абай облысы мен  Маңғыстау, Жамбыл, Ақтөбе және Астана қалаларының құрамаларының жолы болды.  Әр өңір намысын бермеу үшін аталмыш чемпионатта  аянып қалмақ емес. Себебі, білектілер тартысы  асқан табандылықты, ептілікті қажет ететін спорт. Сайыс шартына сәйкес, екі команда төрешінің ысқырығы естілген сәтте арқанды өзіне жұлқа тартуға тиіс. Жарыс қатысушыларының барлығы үздік атануға үмітті.   

 Дүбірлі додада   ерлермен қатар әйелдер де бақ сынайды.  Арулардан жасақталған топтардан іріктелгендер ұлттық құрама сапына қосылады. Айта кетейік, 7 наурыз күні елордада арқан тартыс бәсекесінен чемпионат өтпек.     Ақтық сынға жолдама алғандардың арасынан ұлттық құрама жасақталады. Жерлестеріміздің  мойнында үлкен жауапкершілік тұр. Ерлер мен әйелдерден топтастырылған үздіктер 5-дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ел байрағын ту биіктен желбіретеді деп сенеміз.