Марат Жақиев: Әлем чемпионатының алдында Бек Нұрмағанбетті жарысқа қатыстыру керек еді...
Бүгін Ақтау қаласында кәсіпқой бокс кеші өтіп жатыр. Таяуда құрылған жергілікті промоутерлік клубтың ұйымдастыруымен әуесқой бокстан әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетов пен Мейірім Нұрсұлтанов сынға түсетінін хабарлайды Malim.kz тілшісі.
Бұған дейін АҚШ-та болған Мейірім алдағы уақытта Маңғыстау облысында жаттығып, бірқатар жекпе-жек өткізбек ниетте. Соған орай Бекзат Өзбекстан боксшысы Фаррух Джураевпен күш сынасса, Мейірім Нұрсұлтановтың қарсыласы белоруссиялық Дмитрий Атрохов болмақ.
Дегенмен қазір спорт жанкүйерлерін Сербияда бокстан өтіп жатқан әлем чемпионаты қызықтыратыны анық. Қызық болғанда бұрын Бекзат Нұрдәулетов сынға түскен салмақта шыққан боксшылар ұтылып қалды. Соған орай оның жеке бапкері пікір білдірді.
«Қазір боксшылар әуесқойда және кәсіпқой бокста да шыға береді. Сербияда өтіп жатқан әлем чемпионатында Бек Нұрмағанбет салмақты жоғарылатып, 86 келіде шықты. Ол спортшы кәсіпқой бокста 76 келіде шығып жүрді. Меніңше, Бекті әлем чемпионатының алдында бір-екі турнирге қатыстырып алуы керек еді. Бірақ бапкерлері мен кеңесшілер осылай шешкен шығар», -деді Марат Жақиев.
Оның сөзінше, алдағы уақытта төл шәкірті Бекзат Нұрдәулетовті ұлттық құрамаға 80, 86, 92 келіге дейінгі салмақта сынға түсуге шақыру-шақырмауы екіталай. Әлем чемпионатына барған жігіттердің сақадай сай екендігін айтқан ол Сербиядағы «әркім өз деңгейіне сай шығып жатыр» деп атап өтті.
Ал Бекзат кәсіпқой боксқа да біржола кетпепті. Алда ұлттық құрамадан қайта көріп қалуымыз әбден мүмкін сияқты.
«Бекзаттың әуесқой бокстан біржола кеткен ештеңесі жоқ. Біз үшін ең маңызды жарыс Олимпиада еді. Токиодағы сәтсіздіктен кейін демалып, құрамадағы екінші-үшінші нөмірлі жігіттерге жол беруі керек деген ғана есеп болды»,- дейді М.Жақиев.
Маңғыстаулық боксшыларды баптап жүрген бапкер кәсіпқой бокс кешінде жекпе-жек үшін төленетін гонорардың сомасы құпия деп айтпады. Ал Мейірім Нұрсұлтанов төленетін қаржы көңілден шыққандығын жеткізді.
Әліби Ерқосай