Мұхтар Мағауин. ӘЙТІКЕШ ТОЛҒАНБАЕВ

Malim Админ

  • 26.01.2021

Мен Әйтікеш Толғанбаевты жүзбе-жүз төрт-бес-ақ рет көрдім, бір-ақ рет ауызба-ауыз сөйлестім. Әуелде дүниеде барлығына, мінезі мен тұрғысына сүйініш, кейінде жеріне жеткізбеген қатал тағдырына аяныш. Қайткенде менің көңіл түкпірімнен орын алып еді. Әлбетте, арғы, бергісін аңдап, қазақ өнеріндегі өзіндік орнын байыптап, арнайы мақала жазуға болар еді, әйткенмен, менің тақырыбым емес. Сондай-ақ, біз біршама кеңінен қамтып жатқан мемуарлық жазбалар қатары үшін де таным, дерегім тапшы. Соған қарамастан, бірер орам болса да естелік лепесімізге жалғастыра кетуді жөн көрдік.

Әйтікеш ағаны мен алғаш рет, Ілияс Есенберлин заманы, «Жазушы» баспасында қызмет атқарып жүрген кезімде ұшыраттым. Тәрізі, әуелгі кезең, 1967 жылдың екінші жарымы, немесе келесі, 1968 жылдың алғашқы бір айы. Әлдебір шұғыл шаруаны нақпа-нақ шешу үшін бас бухгалтерге кірген едім. Стол жанында Әйтікеш Толғанбаев отыр екен. Бірден таныдым да, қол беріп амандастым. Саусақтары қуатты, алақаны қатқыл екен. «Концертіңізді көрдім, – дедім. Әйтекең өңі ашылып, маған таңырқай қарап қалыпты. – Ғажайып болды», – дедім, әуелгі сөзімді үстемелеп. Жадырай жымиып еді. Мен білем, бұл кезде қырықтың ішінде, бірақ өңі жап-жас, отыздан жаңа асқандай. Қимылы шалт, елең-селең. Қыр мұрын, аққұба жігіт екен. Және соншама нәзік, бала кейіпті. Музыкант қой. Қатардағы музыкант емес, үздік үлгілі скрипкашы. Енді мен таңырқасам керек. Директордың нұсқауы сияқты, бас бухгалтер Нарымбайға жұмыс жайын тезінен айттым да, Әйтікеш екеуін оңаша қалдырдым.

Бұл Нарымбай да қырықтың ішіндегі кісі еді. Жалпақбет, дембелше. Жұмысына өте тыңғылықты. Ешқашан күлмейді, сонымен қатар, тоңторыс мінезі де жоқ, үнемі бір қалыпты. Және жұмысы да қапысыз, Ілекең қашанда риза. Ал Нарымбай, сойын ұмытыппын, мұнда өзі қатарлас ешкіммен араласпайды, бірақ селкеу жаттығы да жоқ, жұрттың бәрімен бірдей сыпайы. Неміс тұтқынында, тіпті, Түркстан легионында болыпты деп айтатын, содан соң он жылдан астам советтік концлагерьде отырып шықса керек.

Мына келісіне қарағанда, Әйтікеш екеуі өте жақын, ескілікті дос-жар кісілер тәрізді, тәрізді емес, анығы – сол легионда,  бәлкім, одан да бұрын жұғысқан, енді қаншама өткелек, қилы заманнан кейін қайыра табысып отыр. Тағдырлас қана емес, мұңдас және түсіністі жандар.

Әйтікеш ағаны баспада отырған тақау жылдарымда тағы да көрдім. Төрт, әлде бес рет. Нарымбай досына келеді. Көбіне жұмыс аяғында. Содан соң екеуі бірге шығатын. Қашанда маған жылы жүзбен, бас изеп амандасар еді. Қызметімді ғана емес, басқа да мән-жайымды Нарымбай жеткізіп айтқан сияқты. Семейден, деп. Бұл кезде көп жұрт мені тобықты, тіпті, ұлы Абайдың тікелей ұрпағы деп ойлайтын. Ал Әйтікеш Толғанбаев осы ұлы тұлғаның өз әулетінен шыққан еді.

Кейінде нақтылағанымдай, 1924 жылы туған екен. Бала кезінен-ақ скрипка тартады. Түп негізі біздің қобыздан бастау алатын еуропалық скрипка Шыңғыстауда, Абайдың өзінің тұсында үйреншікті болған. Енді Әйтікеш бала бірден-ақ ерекше қабілетін танытып, 1936 жылы мектеп оқушыларының Семейде өткен олимпиадасында айрықша көзге түседі. Ілияс Жансүгіров атаулы мақала жазған. Әсіресе, жюри бастығы, осы шараға арнайы келген композитор Ләтиф Хамиди риза болыпты. Бір-екі жасын үлкейтіп көрсеткен Әйтікеш бала сол жылы Алматыдағы музыка-драмалық техникумға қабылданады. Ұстаздарын түгелдей таңырқатып, азғана уақытта нәзік, әрі күрделі аспапты еркін игереді. Осы тұста Ленинградтан жер аударылып келген белгілі музыкант оқытушыларының бірі Әйтікешті болашақ Паганини деп бағаласа, енді бірі әлемдік даңққа жететін скрипкашы болады деп нық сеніммен айтады. Дүние – тыныш, заман қалыпты орнында тұрса, шынында да дәп солай, алда – атақ-абыройға толы жарқын өмір тұрған. Бірақ, көп ұзамай-ақ дүние асты-үстіне төңкерілді. Еуропада басталып кеткен Әлемдік Екінші соғыс, нақтылап айтсақ, Неміс майданы, өзі де көптен тіленіп отырған, тіпті, Қиыр Шығыс пен тақау Батыста жедел бастап кеткен Советтер Одағының да шекарасына келіп жетеді. Бұл кезде Әйтікеш он жеті жастан жаңа асқан. Алайда, енді бірнеше айдан соң әскер қатарына ілінуге тиіс.

Біз Әйтікеш Толғанбаевтың ғұмыр шежіресін дәйектеп жазбақ емеспіз. Тек тағдыр жолының кейбір белестері ғана амалсыз айтылмақ. Ұзын сөздің қысқасы – Қызыл армия соғыстың алғашқы күнінен бастап қирай жеңіліп, қойдай жусап, жүздеген мың салдаты қоршауда қалып, жан алқымға таянған кезде, Әйтікеш те көппен бірге неміс тұтқынына түседі. Одан әрі – аштық пен ауру жайлаған концлагерь. Жұрт шыбындай қырылып жатыр. Ақыры, көп ұзамай, классикалық музыкаға әуес неміс комендантының көзіне шалыныпты. Жас офицер Әйтікешті киіндіріп, тойындырып, өлімнен арашалап, ішкі жаққа бағыттайды. Одан соң Түркстан легионы. Әрине, қарулы салдат емес, «мәдени взвод» – өнерпаз скрипкашы бұдан соңғы кезеңде айтарлықтай азап көрмейді, соғыстың соңында, әлдеқалай жұмбақ жағдайда Италия, Римнен бір-ақ шығыпты. Сондағы Совет елшілігінен пана табады. Осы беті сыртта қалуға мүмкіндігі бар еді. Еуропа жақпаса, Түркияға өтіп. Алайда, советтік үгіт-насихатқа сеніп, ең бастысы – ешқандай кінәм жоқ деп білген Әйтікеш жан сақтайтын қауіпсіз жағдайын тәрік етіп, 1945 жылы қара күзде туған жұртына қайтады. Әрине, көп ұзамай-ақ тұтқынға алынып, «отанын сатқан опасыз» ретінде жиырма бес жылға кесіліп, Магаданға айдалып кете барған. Бұл, жер бетіндегі мұзды тозақта да сүйікті скрипкасы жанын сақтап қалыпты. Әйтікеш советтік лагерьлер жүйесіндегі мәдениет тобының қатарына алынады. Әрине, бұл да қапас, бірақ жалпы жұрт ауыр қара жұмыстан, аштықтан, аяздан жаппай қырылып жатқан сұмдық біршама тысқары сияқты. Әрқилы жағдай, неше түрлі қиямет азап астында неше жыл өтеді. Ақыры, бас жендет Сталиннің қазасынан соң, 1955 жыл, 17-сентябрьдегі соғыс тұтқындары туралы жаппай амнистия заңы бойынша, көп ұзамай концлагерден босап, еліне оралған.

Амал не, тікенек қоршаулы тар қапаста отырмаса да, ендігі өмірдің өзі байлаусыз абақты болып шығыпты. Тұрақты бақылау астында, оқтын-оқтын қатал жауапқа шақырылады. Әрине, бұрнағымен салыстырғанда әжептәуір еркін өмір. Және ерекше дарынды жігітті қорғаушылар да, қолдаушылар да көп. Консерваториядағы үзіліп қалған оқуын жалғастырады һәм бірден-ақ дабырасыз атаққа жетеді. Ақыры, Алматы консерваториясын тәмамдаған атаулы концерті. Толық жазбасы теледидар таспасына түскен, әрденеше рет көрсетіліп, жарым Қазақстан тамашалаған, мен де көптің бірі ретінде қайран қалған өнер мерекесі.

Әйтікештің таңдауы – Чайковскийдің скрипка мен оркестрге арналған концерті болатын. Әлемдік классика. Және әйгілі музыканттардың өзі еркін бара бермейтін сырлы саз. Тыңдауға жеңіл. Орындалуы күрделі. Ашық-жарқын басталып, аралық байсал әуеннен соң екпіндей келе, сәулетті сарынға ұласатын, бақыт симфониясы. Қиын тағдырлы Әйтікештің өзінің де рухын көтергендей, асқақ әуез.

Бұл кезде мен құмарпаз тыңдаушы ретінде классикалық Еуропа музыкасына айрықша ден қойып жүрген едім. Моцарт, Гайдн, Бетховен... Әрине, Чайковский де алдыңғы қатарда. Оның ішінде осы, скрипка мен оркестрге арналған концерті. Давид Ойстрах ойнаған атаулы пластинка. Және осыдан біраз бұрын, менің аспирант кезімде, «Голливудтан» шыққан» «Рапсодия» дейтін кинофильм бізге де жетіп еді, мұнда уылжыған сұлу Элизабет Тэйлор жарқылдап көрінеді, және өнерімен ғажайып аруды табындырған екі жас жігіт бар: бірі – Рахманинов, фортепиано мен оркестрге арналған концерт, екіншісі – Чайковский, скрипка мен оркестрге арналған концерт орындаушылары. Бастан-аяқ түгел емес, күрделі, түйінді тұсарын. Әлбетте, ролдегі актер өз алдына, дубльдегі музыканттар бір басқа. Екі тарапта да орындау шеберлігі ең жоғарғы деңгейде. Мен скрипка концертінің әсерін еске түсіріп, Әйтікештің ойынымен салғастырдым. Біздің кісіміз артығырақ сияқты. Ал Ойстархты үйде қайыра тыңдағам. Атақты скрипкашының біздің өнерпаздан озып тұрған ештеңесін байқамадым. Қайткенде қарайлас көрінді.

Әйтікештің сол жолы Фуат Мансуров дирижерлік жасаған Республикалық Жамбыл филармониясы симфония оркестрінің сүйемелімен орындаған скрипка концерті айрықша табысқа жеткен. Батыста триумф деп бағалар еді. Қайткенде, республиканың мәдени өміріндегі айтулы оқиға. Алматы тұрыпты, Москвадағы орталық басылымдардың өзі назар аударды. Қазақстанда әлемдік деңгейдегі скрипкашы шығыпты. Рас, бұрнадан бер, енді қанатын жайып, бар қуатымен көрініп отыр.

Бұдан соң... Одақтық деңгей. Және одан әрі. Әйтікеш Толғанбаев бірінші кезекте Мәскеу сахнасына шығуға тиіс, Чайковский атындағы, жыл сайын өткерілетін халықаралық конкурсқа жолы ашылуы керек. Оған жалғас әрқилы шет елдік сапарлар... Алайда, осының ешқайсы болмады. Әлдебір тежеуіш, құдіретті күштер іске қосылғаны анық еді. Яғни, Компартияның ғұзырлы нұсқауы мен КГБ-ның арнайы жұмыстары. Түркстан ұлттық комитетінде мәдениет саласында белсенді қызмет атқарған, күні кеше ғана «отанын сатқан, айрықша ауыр қылмыстары үшін» жиырма бес жылға кесілген адам енді шалқақтап, шарықтап жүруге тиіс емес. Кейінде мағлұм болғандай, жалпыға ортақ үкімет қаулысы бойынша амнистияға ілініп, кешірім алған, болған, әлде болмаған қылмысы үшін тұтас он жыл отырып шыққан, яғни жазасын өтеген Әйтікеш Толғанбаев қайтадан қатал тергеуге түседі. Тіпті, бұл кезде Советтер шегінде ұшыраспаған жағдай.

Қорқыту, үркіту, әлденендей жаңа мағлұмат, әлі күнге қылмыстық мақсатпен жалғасып жатқан сыбайлас кісілерінің аты-жөнін айтқызу... Біршама тыныш заманда бар тынысынан айрылыпты. Одақтық, тіпті, республикалық үлкен сахна тұрыпты, тәлімгер ұстаз ғана емес, музыка оқулықтарының авторы Әйтікеш Толғанбаевтың консерваториядағы игілікті қызметінің өзіне шектеу қойылады. Міне, осының бәрі ғажайып өнерпазды бірден көрге тықпаса да, әбден жүйкелетіп, бар тіршілігін азапқа айналдырған екен. Айттым, мұның бәрі бізге кейінде мағлұм болды.

Енді осындай жағдайда Әйтекең қарсы әрекетке көшіп, өзін біржола ақтап алмақ болады. Қайда. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарының өзінде тоқталмаған кесапат. Бір жақсысы, адамға қарсы, өнерге қарсы, керек десеңіз, советтің өзінің заңына қайшы, дәп сол жылдарда ешқандай қисыны жоқ зұлымдық істердің бәрі таңбаға түссе керек. Яғни, өзіміздің КГБ архиві, Әйтікеш Толғанбаевтың Жеке Ісі бойынша сақталып тұр. Ешқашан ұмытылмас, шын қылмыс. Әлбетте, дәп осы ретте Мәскеуден арнайы жарлық түскен жоқ, халықаралық іздеудегі фашистік әйгілі қылмыскерлер болмаса, бар тарапта бейбіт жағдай, есебі, Әйтікеш Толғанбаевты тынымсыз және орынсыз қудалаған қырағы чекистердің бар шаруасы мен аты-жөндері ерте ме, кеш пе, жарияға жетуге, әшкереге шығуға тиіс, дейміз.

«Мен Отанымды сатқам жоқ!» – дейді Әйтікеш жан даусы шыға ашынып. Анда, мында, одан да жоғарыға жазады, ақыры, Естелік жазбаларында шегелеп айтыпты: «Мен Отанымды сатқам жоқ!!»

Қай Отан? Балшабек-фашистік Советтер Одағы ма? Осының алдында ғана қара-орман халқының үштен екісі көпе-көрнеу геноцид – қолдан, қасақана ұйымдастырылған ашаршылықтан қырылып, мүлде дәрменсіз, бейшара кепке түскен Қазақ елі ме? Түптеп келгенде, кімді кім сатты?! Саясаткер емес, ойшыл емес, немесе әлденендей жазарман емес, сырлы әуезден басқа тынысы жоқ, қорғансыз, нәзік жанды музыкант бұл жағын байыптамаған. Байыптап, біле  тұра, ашып айта алмаған. Сатқын – Әйтікеш Толғанбаев емес, әлгі, қандай екені нақты белгісіз, болмысы бұлдыр «Отан» болатын. Әйтікеш Отанын сатқан жоқ, «Отаны» – Әйтікешті сатты. Және бір емес, әлденеше мәрте. Және осы «Отан», өзінің байламсыз, тауансыз сатқындығы жолында, басқа емес, дәп өзі құрбанға шалған мүскінді аяусыз жазаға тартты. Жалғыз Әйтікеш Толғанбаев емес, жүздеген, мыңдаған бақытсыз ұлын, жүз де, мың да емес, әлденеше жүз мың, бірнеше миллион кінәсіз салдатын.

Міне, қараңыз. Екінші Дүниежүзілік соғыс, анығы – Герман шапқыны Советтер шегін де қамтыған сәтте, алғашқы күннің өзінде ғаламат топалаң басталды. Майданның әуелгі екі-үш айында Белоруссия мен Украина, Россияның батыс обылыстары түгелдей жау табанында қалды. Қызыл Армия барлық бағытта қирап жеңіліп, жүз мыңдаған шығынға ұшырайды. Шыңғыс хан кавалериясының бұдан сегіз ғасыр бұрынғы жорық тәсілдерін танып, игерген вермахт Гудериан мен Гот, Клейст пен Гөнпердің танк дивизияларын қосар-қатарымен аңырата алға шығарып, Совет әскерін қаншама алып «қазан» – тұйық әрі берік қоршауға түсіреді. Өлгені – өлді, қалғаны амалсыз тұтқын. Осы 1941 жылдың өзінде ғана, жаз айларында Белосток-Минск қоршауында 338 мың, Киев маңында 665 мың, Брянск түбінде 673 мың совет әскерін тұтқынға алады. Вязьма, Умань... және басқа да 10 мың, 50, 100 мыңдар есеп емес. Нәтижесінде, айналасы төрт-бес айға жетпей, бүткіл Батыс алқаптағы қызыл әскер ту-талақай болып, жиыны 3 миллион 800 мың совет салдаты пленге түседі. Адамзат соғыстарының тарихында болмаған апат. Кімнің кінәсі? Дарынсыз партиялық басшылық пен жаңа заманғы соғыс өнерінің әліппесінен бейхабар, топас генералитеттің, кінәсі... емес, қылмысты болмысы нәтижесінде. Мұнымен де тоқтамапты. Төрт жылдық совет-герман майданында, жинақтап келгенде, 6 миллион 300 мың совет әскері тұтқынға түскен. Алғашқы жылдың өзінде, аштықтан, суықтан, індеттен он мыңдап, жүз мыңдап қырыла бастайды, ақыры, жинақтап келгенде, 4 миллионға жуығы азапты өлім құшыпты. Аман қалғаны – екі миллионның үстінде. Оның ішінде 1 миллион 549 мың және 700 кісі елге оралған. (Қалғаны – әрқилы амалмен сыртта жан сауғалапты.) Бұл, азып, тозып, аурулы болып, сүйегіне әрең ілініп, әйтеуір тірі жеткен мүскін жұрттың қаншамасы бірден-ақ Воркутаға, Колыма мен Сібірге айдалып, фашистік қапастан да күшті советтік концлагерьге қамалған, мұнда да аранын ашқан ажал. Біздің Әйтікеш Толғанбаев сол мың сан жанның бірі ғана.

Енді мына ғажайыпқа қараңыз. Қалай десеңіз де неміс тұтқынына түскен алты миллионнан астам совет салдаты түгелдей сатқын, қылмыскер екен дейік. Ал дәп осы кезде алапат соғыс, яғни көпе-көрнеу ажалға нақты амал тапқан, яғни әскерден қашқан мыңдаған, бәлкім, бірнеше жүз мың, немесе миллион дезертир болды. Міне, біршама нақты есебі. 1940-1945 жылдары әскер қатарынан қашқандар – 1 миллион 700 мың; алынбай тұрып әскер қызметінен қашқандар – 2 миллион 500 мың. Жиыны – 4 миллион 200 мың. Бұлардың ішінде әрқилы жағдайда ұсталған әскердің 376 мыңы әртүрлі жазаға кезілген, көбіне штраф баталоны, 150 мыңы атылған. Ал «уклонистер», яғни әскерге бармай қашқандар ешқандай сотсыз майданға айдалған. Алайда, алдыңғылардың да, соңғылардың да көпшілігі сол беті ұсталмай кетіпті. Кемі 3 миллион 674 мың. Иә, соғыстан қашқан дезертирлердің біразы тұтылса да, басым көпшілігі орыс орманы, Сібір тайғасында жан сауғалап, бейбіт күнге аман жетеді. Қалай айтсаңыз да, көлденең жұрт қана емес, әскерият, өкімет пен партияның көзқарасы тұрғысынан алғанда, нағыз сатқын, шын қылмыскер осы қашқындар емес пе. Жоқ. Саны тым көп. Және түгелдей дерлік асыл нәсіл – орыстан. Соғыстан соң көп ұзамай-ақ жаппай кешірім жарияланыпты. Бір емес, екі мәрте: әуелде 1945 жылы, соғыс біте сала; мұндай кеңшілікке сенбей, әлі де бой тасалап жүрген қашқындар үшін екінші қайтара – 1949 жылы. Яғни, бұлардың бәрі алдағы уақытта да советтің тең құқықты, басы бостан азаматы. Ал әскерден қашпаған, қанға бөгіп жүріп ақырына дейін соғысқан, жеке басының кінәсінен емес, ең жоғарғы және соған жалғас әскери басшылардың қателігі мен қылмысы нәтижесінде амалсыз тұтқынға түскен салдат атаулы түгелдей ауыр жазаға лайық айыпкер екен.

Неге ғана дәп осылай болды?

Бас қолбасы, тежеусіз диктатор Сталиннің соғыстың алғашқы кезеңі, аз-маз ес жиған сәтінде айтқан, байламды сөзі бар: «У нас нет военнопленных, есть только предатели!» – «Бізден әскери тұтқын жоқ, тек сатқындар ғана бар!». Сондықтан тікелей өзі де, өзі басқарған генералитет те әлденендай кінәдан тыс. Бар кінә – басқасын айтпағанда, қатар-қатарымен атылып өлмей, жан сақтап тұтқынға түскен алты миллион совет салдатында.

Бұрнағы және кейінгі соғыстардың жалпы жұртқа ортақ заңдары бар. Соның бір тармағы – әскери тұтқынға қатысты. Патша заманы – 1907 жылы қабылданған Гаага конвенциясы, кейінде, 1929 жылы бекітілген Женева конвенциясы. Совет өкіметі әуелгі мәмлені мойындамаған, кейінгі келісімді хош көрмеген. Бізде тұтқын жоқ, тек сатқындар ғана бар. Ақыры, халықаралық «Қызыл крест» ұйымының есебіне кірмеген, қандай да заңнан тысқары советтік тұтқындар жаппай қырылады. Ақырғы нәтижесін айттық. Бүгінгі тарих ғылымы дәйектеген, талассыз ақиқат деректер. (Мәселен, «Земсков В.Н. Общая численность советских военнопленных и масштабы их смертности (1941-1945). – Журнал «Российская история», №3, 2011».)

Сонымен, Әйтікеш Толғанбаев «Отанын» сатқан жоқ, керісінше, отан саналған Советтер билігі Әйтікешті сатты. Жалғыз Әйтікеш емес, тұтқынға түскені бар, қазаға ұшырағаны бар, әлденеше миллион совет салдатын. Бұл қатарда қисынсыз ажал тапқан тағы да ондаған миллион кәрі мен жас, бала-шаға мен басқа да бейбіт жұрт.

Отанын сатпаған Әйтікеш Толғанбаев ақыры қоймай жүріп, тәуелсіздіктен соң, 1993 жылы бір жапырақ ақтау қағазын алады. Сол сәтінде ақжүрек жанның бір мезеттік көңіл медеуі болған шығар, бірақ азаппен өткен өмір қайтып келмейді. Осыншама қиғылық тағдыр.

Бұған керісінше, өзіміздің әкеміз – 1942 жылы май айы, Харьков түбінде 240 мыңмен бірге кеткен Мұқан Мағауинге қатысты, бүгінгі парасатты немересі айтқан сөз бар: «Біздің атамыздың тағдырын бақытсыз деуге болмайды, – деп еді, менің әлдебір өмірбаяндық жазбама түзету жасап. – Сан мың жан қырылған соғыста жараланды, контузия алды, майданға қайта кірсе де ажалдан тыс қалды, немістің концлагерінде қазаға ұшырамады, одан да қиын совет концлагерінен аман өтті, ақыры, бейбіт жағдайда, өз үйі, баласы мен немерелерінің алдында бақиға көшті», – деп. Мен Әйтікеш ағам туралы да дәп осылай айтар едім.

Хош. Әйтікеш Толғанбаевты алғашқы концертінен соң, бірден аңдадым, дедім. Әрине, көп ұзамай ғұмыр кешуі, тумыс, тегінен де хабардар болдым. Шыңғыстау. Ескіше айтқанда, тобықты. Тобықты ішінде әйгілі Ырғызбай. Бай, бағлан болған, би болған Ырғызбайдан төрт ұл туғаны белгілі: Өскенбай, Өсер, Мырзатай, Жортар. Көпке мағлұм, Өскенбайдан – Құнанбай, одан Абай. Әйтікеш Мырзатайдан тарайды. Заманында қамсыз тіршілік кешкен, әпенділігі бар, кейінде Мұхтар Әуезов комедиялық кейіпкерге айналдырған әйгілі Жұманның немересі. Бұл жағын – Ырғызбай шежіресін әуелден жақсы білем. Әйтсе де, әр әулеттің қаншама бүкпесі бар. Осы естелік-мақалаға дайындық кезінде аз-маз дағдарып едім. Өзім алғысөзін жазған үш томдық «Тобықты шежіресі» Алматыда жатыр. Алдағы жазда үлкен кітапханамның құрамында Америкаға жетуге тиіс. (Міне, қыс пен жазды өткеріп, жаңа ғана келді, бірақ әлі жайластырылған жоқ – 12.Х.2020.) Оған дейін күтіп отыра алмайсың. Енді бұдан бұрын Тобықты атамның жұртына қатысты және басқа да үлкенді-кішілі қаншама дерегімді нақтылап берген Қуанышбек Қари ініме салмақ арттым. Тек қана кітап шежіресі емес, ерінбей, міндет тұтпай, ел ішіндегі басқа да жағдаяттарды айқындап отыратын. (Және менің Алматы басылымдарымен аралықтағы сенімді өкілім міндетін ерікті түрде өзіне жүктеп алған.) Бұл жолы да жауабын кешіктірмеді. Мырзатай әулетінің бұрнағы жай-жапсары ғана емес, бүгінгі ұрпағына қатысты тағы қаншама дерек.

Аңызға айналған әпенді, жүрегі таза Жұман – Мырзатайдың үшінші ұлы екен. «Жұмекеңнің алты ұлы – Мұхаметжан, Рақымжан, Әзімбай, Әзімжан, Толғанбай,  Қуандықтан тараған ұрпақ қазір бірқауым ел, – деп жазды Қуанышбек. Осының бәрі – Толғанбайдың Шалғынбай, Балтақай, Молдажан, Әнуарбек, Әйтікеш, Бағыш есімді ұлдарынан тараған жұрағат. Толғанбайдың бұдан басқа Албай, Жақып, Иманбек, Садық және Қоңыртай деген ұлдары да болған екен, олар репрессия құрбаны болып кеткен, ұрпағы жоқ.»

Бұдан әрі мен арнайы сұратқан және қаншама мағлұмат.

«Сіз Шақпақта үйінде болған адам – жылқышы Серікбай Шыңғысов. Абай ауданына қарасты бұрынғы «Бірлік» (кейінде Шәкерім аты берілген) совхозының жылқысын баққан. Қазір Семейде тұрады. Өзімен сөйлестім. Үйінде болғаныңызды айтты. Бірақ Абай тойының (150 жылдық) ар жағы, әлде бер жағы деп нақты есіне түсіре алмады. Қазіргі суретін де хатқа тіркеп жіберіп отырмын. Бұл Серікбай – Жұманның ұлы Әзімбайдың Шыңғысынан тарайды, Жұманға шөпшектен кейінгі немене болып келеді. Ал Шыңғыс Әзімбайұлы Шәкерім өлеңдері мен әндерін дәптерге жаздыртып, қонышына салып, отырған жерінде айтып жүретін деседі. Оған ауыл шаруашылығындағы еңбегі үшін 1947 жылы Соцеңбек ері деген атақ берілген екен. Шыңғыстан – Төлеутай, одан Боранбай, Боранбайдан Сіз Шақпақта көрген Серікбай...»

Бұл Еңбек ері Шыңғыс ақсақалды да көрген екем. Үркін, яғни қуатты сутегі бомбасы сыналған, ел екі қайтара төңкеріліп, араласа қонған 1951 жылы, әлдебір саяғын қуып келген екен, жіңішке, ұзын ақ құрық сүйреткен, жұрт қатарлы шапан емес, таза пенжек киіп, омырауына алтын жұлдызын тағып алған, менің атам Мағауиямен бұрнадан жақсы таныс, біздің үйден шай ішіп кетті. Ал Қуанышбек айтып отырған Серікбаймен жүзбе-жүз ұшырасуымыз – Абай тойынан біршама бұрын, 1991, әлде 92-жылдың жазында. Кейінгі кезде сирек қатынаған Бақанас, Байқошқарға сағынып жеткен едім. Бірер аптадан соң Абай дүниеден өткен Қырық-Ошаққа барып, одан әрі Шәкерімнің Тошаласына беттедік. Жолай әйгілі Шақпақ жайлауын ұзынынан кесіп өткен едік. Бұл сапар туралы шет-жағалай жазған сияқтымын. Содан, қайтар жолда қымыз іше кетейік деп, жылқы ауылға соғып едік. Жылқышы Серікбай – жігіт ағасы жасындағы кісі екен. Сары-ала сүр, үйірілген қымыз, сықпа құрт. Берекелі шаңырақ екені көрініп тұрды. Дастарқанынан ғана емес, отырған отырыс, сөйлеген сөзінен бар бітімі аңдалған еді. Мен өзімде бола бермейтін әдетпен, ата-жөнін сұрадым. Ырғызбай, оның ішінде Мырзатай болып шықты. Әйтікешті сырттай жақсы біледі, басқасынан да хабардар, пәле-жаладан біржола құтылып, Алматыда әртіс болып тұрып жатыр деп естиміз, деген. Мырзатай әулетінен шыққан тағы бір азамат, менің қатарлас өскен жақын досым, республикалық Кәсіподақ төрағасы Сиязбек Мұқашев туралы да хабардар, оны да сырттай ғана естіген...

Қуанышбек бауырым өзінің дәйекті хатында бұдан әрі Әйтікешке тікелей қатысты тағы біраз ақпар беріпті.

«Әйтікеш – Әзімбайдың інісі Толғанбайдың ұлы, Жұманға немере. Әйтікештен, белгілісі – екі қыз қалған. Сәулет Толғанбаева – «Өрлеу-Әйтікеш Толғанбаев» қорын құрған, Алматыда. Одан кейінгі Сәниясы қазір шетелде болса керек. Әйтікеш ұрпақтарына қатысты бір жағдай – Қарауылда Толғанбайдың Балтақайының ұлы Манатай деген ақсақал тұрады. Оның айтуынша, Әйтікештен бұдан басқа Ілияс (Жұманов) деген ұл қалған көрінеді. Ол – некеге тұрмаған әйелінен туған-мыс. Медицина ғылымының кандидаты деседі. Бірақ бер жақпен араласпайтын болса керек. Манатай ақсақалмен де сөйлесіп отырмын. Оның Ілиястың қазіргі жағдайынан хабары жоқ. Бұрынырақта барған кезімізде жолатпаған деген сыңайда айтты. Сәулеттен сұрағанымда бұл сұраққа жауап бергісі келмеді».

Міне, осындай ахуал. Ешқайда таңбаға түспеген, тың деректер. Ұмытпастық үшін біршама толық келтірдім.

Тәубалық бір жағдай – бүткіл Ырғызбай әулеті тынымсыз қудалауға ұшырап, атылып, айдалып, одан қалғаны орыс-герман соғысында жер жастанып, ең ақыры, Абайдың өзінің арты жоққа сайғанда, Ырғызбай ішінде Мырзатай әулеті біршама есен шыққан екен, шаруа қуған момындығынан болар, оның үстіне кейінде кәдімгідей өсіп, өнген. Бұл қатарда тек Әйтікеш тағдыры өзгеше оқшау көрінеді.

Айттық, советтегі жаппай репрессия тыйылған, әжептәуір тыныш жылдардың өзінде Әйтікешті қудалау тоқталмапты. Алдына дауасыз керме қойылған. Өнеріне тұсау, жүйкеге жүк, денсаулыққа кесел. Жан дүниесі нәзік, бала көңіл Әйтікешке зілмауыр салмақ түсіруі анық. Ақыры, тыйым, цензура атаулы жойылып, дүние кері төңкеріліп, Қазақстан де-юре – сөз жүзіндегі тәуелсіздікке жеткен соң, Әйтікеш өзінің қиғылықты өмір жолы туралы естелік жазуға отырыпты. Барын тауыспағанмен, біразын ақтарып, жеңілейіп қалғандай екен. Қаламгер болмаса да қамырығы мол, ақыры жазып бітіреді. Кейінгі жария көлемі сегіз баспа табақ шамасында, әуелгі түпнұсқа бұдан көбірек болған сияқты. Иә, жазып бітті. Енді қалай, қайдан бастыру керегін қамдау қажет.

1992 жылдың бір күні. Әйтікеш ағам мені арнайы іздеп келіпті. Жүзбе-жүз көрмегеніме жиырма жыл өткен. Әйтсе де ежелгі таныстай, еркін кірді. Әрине, ұлықсып отыра бермей, орнымнан тұрып, құрметпен қарсыладым. Бұл кезде Әйтекең жетпіске жақындап қалған, бірақ асыл сүйек тозбапты, қартаймапты. Тек бұрынғы қағылез, жеңіл қимыл жоқ, өңі аққұбадан қоңырқай тартқан, аздан соң ғана әуелгіден көп өзгергенін байқадым. Бірден-ақ шаруасының жайына кіріскен. Өткен өмір белестерін қамтыған кітап жаздым, деді. Роман емес, деген аз-маз жымиып. Естеліктер. Шағын кітапша. Орыс тілінде. Жарыққа жеткізейін деп, әр тарапты байқап көрсем, ешқандай саңылау жоқ. Содан соң... біреулер айтты. Анау «Жазушы» баспасында өзіңнің бауырың отыр емес пе деп. Міне, осы естелік кітаптың жөнімен келіп тұрмын...

Тәрізі, Нарымбай досы сілтеген. Бұрнағы жобамен. Көңілі қайтатынын біле тұра шындығын айттым. Мен баяғы баспадан кеткелі қаншама заман. Қазір әдеби журналда отырмын. «Жұлдыз» деген. Қазақша роман, әңгімелер, тіпті естелік пен зерттеулер басамыз. Орысша емес... Әйтекең дағдара тосылып қалып еді. Алайда, уақасы жоқ, дедім. Кітап шығармаймыз, бірақ кез келген үлкенді-кішілі кітапты осы журнал ауқымында басып таратуға мүмкіндігіміз бар. Ғұмырбаяндық естелік жазғаныңыз жақсы болды. Және бізде мүлде жоқ тақырыпта. Енді осы қолжазбаңыздың бір данасын маған беріңіз. Сол қалпында қазақшаға аудартып, тым көп ұзатпай, журналға шығарып берем...

Әйтікеш ағам, түңілген демейін, сол әуелгі дағдарған қалпында азғана отырды да, менің ықылас, пейіліме ризашылық айтып, жайлап шығып жүре берді. Ойланайын, деді ме, көрейін деді ме, әйтеуір нақты сөзін айтпаған. Сол беті кетіпті.

Кейінде қатты өкіндім. Телефонын алып қалуым керек еді. Үгіттей, сендіре түсуім керек еді. Бірақ біз де жұмысбасты, ойымыз онға бөлінген, және тәуелсіздікке жалғас, бей-берекет, таршылық заман, басқасын айтпағанда, өз жазуыңның қамына қоса, ендігі тіршілік, бала-шағаның уайымы астында жүрген, жігері жасыған бір пендесің, оның үстіне, жақсы мен жақының, тоқсанға келіп тұрса да, бүгін-ертең аттанып кетеді деп ойламайсың. Үлкен кінәрат болды. Қайткенде естеліктің әуелгі нұсқасын қолға түсіруім қажет еді. Әйтікеш ағам үшін ғана емес, тар замандағы қияпат жағдайлардың оқшау, шынайы бір көрінісі үшін. Арада бірер жыл өткенде Әйтікеш Толғанбаевтың «Исповедь судьбы жестокой» – «Қатал тағдырдың шынайы сыры» дейтін естелік кітабы жарыққа шығыпты. Бұл да бір істің сәті. Жаппай кедейшілік және рухани қысталаң заманда «Қазақстан» баспасын иеленіп отырған, өрісі кең, өр мінезді Нұрмахан Оразбеков болмаса, кімнің батылы барар еді. Алас-күлесте жарияға жетіп қалды. Бірақ көп ұзамай Әйтекеңнің өзі де бақиға аттанған екен.

Арада қаншама заман өткенде қасіретті толғауды интернеттен, орысша қалпында оқыдым. Әдеби жазбасын жасаған және баспаға әзірлеген – өзінің туған қызы мен орыс тілді, әлдебір шалағай әдебиетші. Бірден-ақ аңдалды, естеліктің ұзына бойында советтік идеология сарыны, осыған сәйкес бірді-екілі, қисынсыз көріністер бар және бұған мүлде қарама-қайшы кейбір тұстар жайдақталып, жұмсартылған сияқты. Қайткенде деректі шығарма, ғұмырбаян үзіктері. Оның ішінде – Қиыр Терістік – Магадан, Колымадағы советтік концлагерге қатысты суреттер айрықша мәнді. Бізден қаншама жан – оның ішінде белгілі тұлғалар – жазушы, әдебиетші, тарихшы ғалымдар отырып шықса да, ешкім қалам тартпаған тақырып.

Иә. Қазақтағы озғын, және әлемдік деңгейде жарқырап танылуға тиіс ғажайып скрипкашы Әйтікеш Толғанбаевтың, әуелде жан жаралы, кейінде рухани қысымға толы өзгеше ғұмыры осылай тыныпты.

Айнымайтын жазмыш емес еді. Соғыстан соңғы тар кезеңде басы бұла болды. Отыз бір жастағы Әйтікеш Толғанбаевтың алдында тағдырдың екі тарам жолы тұрған. Өз еркімен соның терісін таңдапты. Ешқандай кінәм жоқ деп, коммунистік қоғам шеңгеліне қайтып оралды. Ал екінші тарам тағдыр соқпағы... көпе-көрнеу, көз жетер жерде тұрған. Шет елде қалу! Еуропада орныға алмаса, туысқан Түркияға жету!

Дәп осындай оңды таңдау жасаған басқа бір қазақ болыпты. Әйтікештен үлкенірек, соғыс басталған кезде Ленинград консерваториясында оқып жүрген дарынды жас. Ол да неміс тұтқынына түскен. Түркістан легионына жазылған. Бұғаудан босаған соң «Елім!..» – деп еңіремей, өзін қандай керемет күтіп тұрғанын нақты байыптап, шетте қалған. Ақыры амалдап Түркияға жетеді. Әрине, қаншама машақат, қиындықтан соң, скрипкашы ретінде  атаққа шығады, Стамбұл Симфония оркестрінде қызмет атқарыпты. Ешбір тараптан ешқандай қысым көрмей, баршылық, барақат тұрмыс кешкен. Советтер құлаған соң, Қазақстан тәуелсіздік алған әуелгі кезеңде елге келіп, белгілі кино-оператор туған ағасымен, ел-жұртымен қауышқан, ата-баба топырағында аунаған. Ақыры, толық бір жүз және қырық-елу күні кем тағы бір жыл жасап (1917-2018), риза, хош көңілмен дүниеден көшкен. Таңғажайып тауарих. Бірақ біздің тақырыптан тыс, дәп осы арада жазыла сөйлеудің орны тағы жоқ. Болашақта басқа біреу жазатын деректі кітап, көркем романның нақты кейіпкері. Бұл шешімтал, әрі бақытты кісінің есім-сойы – Әлім Алмат (Ғалымжан Әбсәләмов). Әзірше, роман түгілі, арнайы мақалаға түспей тұр. Өзгеше тағдырлы ғаламат қазақ. Сүйінесің, риза боласың.

Кейінде есімін ықшамдап, атасының сойына көшкен Ғалымжан, алты-жеті жас үлкендігі болса да, муздрама техникумында Әйтікешпен қабаттас оқыған екен. Бірер курс алда болса керек. Біздің, аты шыққан азамат атаулыны салғастырғыш, жарыстырғыш жалбағай ағайындар долбарлап жүргендей, Әйтікешке музыкалық дәріс бермеген. Осы оқу кезеңі туралы Ғалымжанның өзінің айтқаны бар. Әуелде тілектес, кейінде жанашыр ақ жүрегі, дарқан көңілі айқын аңдалады: «Әйтікеш – ғажайып талант иесі болатын. Скрипкада қазақ әуендерін мейлінше әсерлі орындайтын. Менің бұл тарапта соншама білігім жоқ еді. Өзімнің  досымды қанша тыңдасам да, жалығып көрген емеспін...» Кейінде: «Әйтікеш – қазақтың бірінші профессионал скрипкашысы деп бағалануы әбден орынды», – дегені тағы бар.

Сонымен қатар, Ғалымжан досының жолын таңдағанда, Әйтікеш тағдыры мүлде басқаша қалыптасар еді деп ойламау мүмкін емес. Тән азабына ұшырамауы, жан азабын көрмеуі өз алдына, туысқан, ағайын жұрт ортасында біржола кемеліне келіп, жер жүзін қайран қалдырған әлемдік өнерпаз танылса несі бар!?..

Бірақ осы болғанының өзіне тәуба. Жат жердегі қанды соғыста емес, Колыманың аяз қарыған ашық кеніштерінде емес, қандай да қоршама қапастан тыс, ноқтасыз тіршілік, өз елі, қазақ ортасында қырық жыл қосымша ғұмыр кешіп, жұртына біршама танылып, арманда болса да, азаптан тыс жағдайда өмірден өтті. Мың, миллион тұрғыластар тағдырымен салыстырғанда, бұл да өзгеше бір бақыт...

 

11-12.Х.2020,

Күміс Бұлақ, АҚШ.

Байланысты жаналықтар

ОРАЛХАНДЫ ДА, ҚҰДАЙЫҢДЫ ДА ҰМЫТҚАН ЕКЕНСІҢ... яғни, Д.Исабековты тәубаға түсіру рәсімі

02.12.2022

Мұхтар Мағауин. Қазақтың қырғыз руы

20.07.2021

Мұхтар Мағауин. ЖҰМАБЕК ТƏШЕНОВ

21.01.2021

Мұхтар Мағауин. Адам сенбес

01.05.2020

Мұхтар Мағауин. Көлме-көл

02.04.2020

Мұхтар Мағауин. Әлемдегі ең сұлу

07.03.2020
MalimBlocks
ОРАЛХАНДЫ ДА, ҚҰДАЙЫҢДЫ ДА ҰМЫТҚАН ЕКЕНСІҢ... яғни, Д.Исабековты тәубаға түсіру рәсімі

Республика президентінің қолынан биік марапат алып, желі көтеріліп тұрған Д.Исабеков, мына біз сияқты пендесіне көңіл бөліп, «Мұхтар Мағауиннің бүкіл позициясы маған ұнамайды» деген түйінді тақырыппен сұхбат беріпті – Nege.kz, 10.ХІ.2022. Бір заманда таныған, білген, енді көзден таса, көңілден өшкен жазарманның, тәрізі, қырық-елу жыл бойы іште булыққан жүрекжарды толғамы. Жарыққа шыққан кезде біз тарихи-танымдық «Алтын Орда» кітабын дендеп, қажетті тынысқа Эрнест Хемингуэйдің ескі жұрты – жылы теңізге бет түзеген едік. Енді міне, екі аптадан асқанда қайрылып соғуға мүмкіндік таптық. Артықша қажеттіліктен емес, әлдебір әуесқой ағайындар дүддәмалда қалмасын деп.

Мұхтар Мағауин. Қазақтың қырғыз руы

Тарихи дәйектеме

Мұхтар Мағауин. ЖҰМАБЕК ТƏШЕНОВ

Мұхтар Мағауин. Адам сенбес

Мұхтар Мағауин. Көлме-көл

Мұхтар Мағауин. Әлемдегі ең сұлу