Қуат ҚИЫҚБАЙ. БІЗДІҢ КӨШЕДЕГІ КІСІ ӨЛІМІ
С. қаласының шығыс бөлігіндегі біз тұратын шағын ауданның шолақ көшесінен адамның өлігі табылды. Мезгіл қыс ортасы. Қаңтардың тоғызыншы жұлдызы. Көшенің бас жағында сағат таңғы алты жарым шамасында буы бұрқырап, қанға бөгіп жатқан ер адамның мәйітін сол маңдағы тұрғындар аңғарыпты. Қалғандары көзін тырнап оянып, жұмысқа бара жатқанында полиция мен жедел жәрдемшілерді көрген. Тәртіп сақшылары келген бойда тосылып қалмай, беті-басын қан жапқан өліктің кім екенін анықтауға кіріседі. Олар салған бетте қызыл пальтосына оранып, қырдың түлкісіндей қылмыңдап, жөнімен бара жатқан бейтаныс әйелге жолығады. Істің жай-жапсарын сырттай бақылаған көрші-көлем мен қатын-қалаштың сөзінше, мәйіттің маңына жақындаған бетте Ира байғұс та есінен танып ұшып түсіпті. Жиырма алты жыл, арадағы үзілісті есептемегенде жиырма үш жыл бірге тұрған күйеуін жазбай таныпты.
Адамның аза бойын қаза еткен сирена оятты. Бұл ауданда өмір бойы қызмет қылудан қажыған қариялар мен қаланың ыз-тыз еткен шуылынан қашқан зейнеткерлер мекен ететін. Арасында орта жастардағы отбасылар болмаса, орталықтан пәтер жалдауға пұлы жетпейтін жастар да бар. Сақшылар өліктің сағат таңғы алтылар шамасында жантәсілім еткенін білді. Азын-аулақ ақшасы мен құжаттары, жарты қорап темекісі де түгел дерлік қалтасында. Жан адаммен жағаласып төбелескені байқалмайды. Қасақана адам өлтіру нышаны білінбейді. Оң аяғы мен қолы күл-парша сынған. Мәйіт маңында көліктің оқыс тоқтағанын ажырату қиын емес. Дөңгелек іздері ап-айқын көрініп жатыр. Жоғары жылдамдықтағы көлік адамның денесін он алты-он жеті метрге жуық сүйретіп барып, жолдың жиегіне шығарып кетіпті. Сүйреп шығарып тастаған адамның басқан ізі баттиып жатыр. Марқұмды көлік қағып кеткені анық. Нақты куәгерлермен сөйлесу жүктелді. Қара жамылған отбасы мәйітті жерлеу, оны ақтық сапарға шығарып салу науқанына кіріскенде, құқық қорғау мекемесі шұғыл іздестіру тобын құрып, тергеу ісін бастап кеп жіберді.
***
Бақилық болған қырық төрт жастағы Арслан Бабаханов еді. Шолақ көшедегі отыз алтыншы үйдің тұрғыны. Қала орталығындағы силикат кірпішін құйып шығару заводының қызметкері. Тапсырысты орындау және тарату цехының бастығы. Ұлты – татар. Ажырасқан. Ирина Быковамен жиырма жылға тарта азаматтық некеде тұрған. Сотталмаған, қылмыстық істер бойынша ешқашан жауапқа тартылмаған. Екі баласы бар. Қызы тұрмыста, Ресейдің Жаңасібір елді мекенінде барақат ғұмыр кешуде. Ұлы бойдақ, жасы жиырма төртте. Нашақор, қалалық диспансерде тіркелгеніне төрт жыл толған.
Алғашқылардың бірі болып күдікке дәл сол шолақ көшенің тұрғыны, көлік жөндеу орталығының шебері, жиырма үш жастағы «Ауди-100» маркалы көліктің иесі Бартольд Вадим ілінді. Ұлты – орыс. Бұзақылықпен аты шықпаған. Тек жол жүру ережесін ғана жиі бұзған. Оның үстіне жылдамдықты арттыру. Өз бетінше спорттық көлік құрастыратыны рас-ты. Жылдамдықты жаны сүйетіндіктен, «шағын көшені шаңдаттың» деп қатындардан сөз естіп, еркектермен егескен жағдайлары да болған. Қала шетіндегі аэропортта түн жарымында өзіндей әуесқой жігіттермен бірге көлік жарыстыратыны бар. Ол жерде де бас жарылып, көз шықты деген әңгіме болмаған. Тек жазғы мезгілде ғана жарыс ұйымдастыру әдетіне айналған.
Тергеуші мен Бартольд Вадим арасындағы әңгіме төмендегідей өрбіді:
– Көлік жүргізгеніңе қанша жыл?
– Кәмелеттік жасқа толғаннан бері.
– Есеп шығаруға уақыт жоқ. Нақты жауап бер! (Полиция қызметкері дөрекі сөйлемесін.)
– Бес жыл.
– Тоғызыншы қаңтар күні таңғы алты-жетілер шамасында қайда болдың?
– Үйде. Ұйықтап жатқанмын.
– Кім дәлелдеп бере алады?
– Әйелім.
– Сенімдімісің?
– Иә. Қойнында жатқан едім.
– Басқа кімді куәлікке тартар едің?
– Көршім Салықты.
– Не үшін?
– Екеуміз бірге жұмыс істейміз. Жұмысқа менің көлігіммен бірге баратын едік.
– Одан басқа кім?
– ...
– Жақсы, бәрі түсінікті.
– Өз атыңа тіркелген қандай көліктерің бар?
– Шетелдік екі иномарка.
– Тексереміз...
Тергеуші дәл осылай шолақ көшеде тірлік кешетін көлігі бар он жеті адамның барлығын шақырып, бір-бірлеп тексеріп сұрақ-жауап алды. Ол аз болғандай, сол маңдағы сыбай-салтаң, жалғыз-жарым өмір сүретін қыз-келіншектің бәрі де сұрақ-жауапқа ілінді. Оларға келгіштеп жүретін, кешкісін үйге шығарып салатын, таңертең жұмысқа апаратын жігіт-желеңнің өзімен қоса, көліктері, сырылған-соғылған жерінің барлығы да тергеушінің назарынан тыс қалған жоқ. Қылмыстық оқиға болған көшеде қалалық мәжіліс депутатының қатын-баласының атына тіркелген жеке көліктері, депутаттың қызметтік көлігі, оның жүргізушісі тергеуші кабинетінің төрінде отырып шалқая жауап бергені де көп өтпей жұртқа жария болды.
Істің ұшығын шығарады-ау деген куәгер де, бас-аяғы шолтиған қысқа көшенің басындағы сауда дүкеніне орнатылған бейнекамера да тергеу ісіне көмектесе алмады.
Жұмысындағы кейінгі кезде сөзге келгендермен сұхбат жүргізілді. Цех бастығының орнына қызығып Арсланды қызметтестерінің өлтіруі мүмкін деген долбар әншейін далбаса. Мардымсыз жалақы. Оның үстіне жай ғана қызметкер мен цех бастығының жалақысында айырма көп еместігі туралы әңгіме жүргізілді.
***
Балаларының әкесі болған Арсланды аза тұтып отырған Ирина Быкованың үйіне тергеуші ұлы сәске тұсында аяқ басты. Күйеуінің өлімінен соң шөгіп-ақ кеткені сезіледі. Жасында талай еркектің көз құрты болып, естен тандырғанын әлі де қартая қоймаған түр әлпеті мен тұлғасы айғақтайды.
Ирина Быкова қырық төрт жаста. Ұлты – орыс. Екі мәрте ажырасқан. Екі некеден туған үш баланың анасы. Сауда-саттықпен айналысатын жекеменшік мекеменің бас есепшісі. Арслан Бабахановпен заңды некеде үш жыл тұрған.
Тергеуші аз-маз бөгелістен соң сұрағына кірісті.
– Жұбайыңыз Арслан Бабахановты қанша жылдан бері танисыз?
– Туғалы бері.
– Нақты жауап қажет.
– Шалғайдағы ауылда көрші тұрдық. Он сегіз жасқа толғанда екеуміз отау көтердік.
– Не үшін ажырастыңыздар?
– Мен одан бөлек тұрғым келді.
– Не үшін қайта қосылдыңыздар?
– Оның маған деген сезімін қорлағым келмеді.
– Арслан Бабаханов пен екінші күйеуіңіздің арақатынасы қандай болатын?
– Олар бір-бірін танымайтын. Сережа алматылық. Мен сонда барғанда танысып қалып қойдым да, артынша үш жылдан кейін ажырасып, С қаласына Алеша екеуміз қайтып келдік.
– Алеша деген кім?
– Менің үшінші балам.
– Әкесі кім?
– Алматылық Сережа.
– Қайда тұрады?
– Бізбен бірге.
– Арслан Бабахановпен қандай қатынаста болды?
– Олар бір-бірін сөзсіз ұғатын. Арслан... жаным... оған өгей деп қарамады. Өз баласындай, мені жақсы көргендей сыйлайтын.
– Түсінікті.
– Шай ішесіз бе?
– Жоқ. Рақмет.
– Күйеуімнің өліміне байланысты қандай дерек бар?
– Әзірге ештеңе. Тергеу ісі әлі аяқталған жоқ. Бір хабар болса, міндетті түрде айтамыз.
Ирина Быкованың ұлдары Ғайдар Бабаханов пен алматылық Сергей Степановтың баласы Алексей Бабахановтармен де сұхбат жүргізілді. Көп ұзамай отбасындағы ұсақ-түйек кикілжіңдер болмаса, бір үйде тұратын екі жігіттің бұл қанды оқиғаға ешқандай қатысы жоқтығы белгілі болды. Нашақор Ғайдар Бабаханов әкесінен арасында ақша сұрағаны болмаса, адамды қағып өлтіретін көлігі де жоқ.
***
Арслан Бабахановты көлік қағып кеткен жер шолақ көшедегі төртінші үйдің қасы. Иесі – алпыс бірдегі Ілияс Асанов. Зейнеткер. Сол күні таңертең далаға дәретке шыққанда, әлдебір оқыстан шыққан қатты дыбысты естігенін растады. Осыған дейін айта алмағанына қатты өкініпті. Тосын дыбыстан соң ытқып шыққанында, көше бойында зымырап бара жатқан маркасы таныс көлікті көзі шалған. Алакөлеңкеде нақтылап түстей алмады. Тек мұндай автокөлік өзінің күйеубаласында бар еді. Әлбетте, көз жанары қайта бастаған ақсақал нөмірін алыстан аңғармаған. Бірақ жасы егде тартқан куәгер сол сәтінде жол жиегінде жатқан мәйітті байқамаған. Уақыт сағат таңғы алтының шамасы. Таңғы ызғардан денесі тоңазып, үйіне кіріп кеткен.
Тергеуші Ілияс Асановтың жауабынан кейін, «Ваз-2109» маркалы автокөлікті іздеу басталды. С қаласының шығыс бөлігіндегі шағын аудандағы дәл осындай автокөліктің иелері тағы да тергеуші кабинетінің есігін сығалаған. Арасында қайталап кіріп-шыққандар да болды. Жұмбақ істің шешілуіне тікелей Ирина Быкова көмектесті. Өзінің үлкен ұлы Ғайдар Бабахановқа келіп-кетіп жүретін Тимур есімді жігітті атады. Оның да Ілияс Асанов айтқандай көлігі бары рас. Түсі қызыл. Ол маңызды емес. Абзалы –жауапқа тарту. Тимур да тергеушінің жұмыс кабинетіне талтаңдай басып, жауабын беруге кірісті.
Тимур Фадеевтің жасы жиырма бесте. Ұлты – орыс. Үйленбеген. Жұмыссыз. Нашақор. Қалалық диспансерде тіркелген. Есірткі сатқаны үшін қылмыстық жауапқа тартылған. Екі жыл шартты мерзімін өтеген.
Тергеуші таныстықтан соң, төтесінен кірісті:
– Тоғызыншы қаңтар күні қайда болдың?
– Үйде.
– Кім дәлелдей алады?
– Әке-шешем.
Әкесі мен шешесі тиіп-қашып жұмыс істейтін Тимурдың үйде жалпасынан жататынын жақсы біледі. Кеткісі келсе жөнімен, келсе тағы өзі білетін Тимурдың қайда жүргенінен олар да бейхабар болатын. Бірақ «үйде болған» деп өтірік айтарына Тимур бек сенімді еді.
– Көлігің қайда?
– Ұрлап кетті.
– Қашан?
– Он күн бұрын.
– Нақты қай күні?
– Жетінші ме, әлде сегізінші қаңтар күні ғой деймін...
– Қалайша?
– Есімде жоқ.
– Қай жерден ұрлады?
– Есіктің алдынан.
– Уақыты?
– Таңғы үште келген едім. Күндіз он екіде тұрсам, көлік жоқ.
– Түсінікті.
Тергеуші бірден шұғыл әрекетке көшті. Тимур Фадеевті босатқан жоқ. Жоғалған көлік туралы ақпар алынды. Көліктің жоғалғаны рас. Сегізінші қаңтар күні. Күдікке ілінген Тимурдың жақын туыстарының сөз райына қарағанда, екі жұма бұрын жөндеуге кіргізген. Сегізінші қаңтар күні шешесінен жөндеуде тұрған көлігін шығарып алу үшін тиын-тебен сұраған. Берген. Шығарған да болу керек. Шын мәнінде көліктің жоғалғаны туралы арыз тоғызыншы қаңтар күні түстен кейін түскен.
Түйін тарқатылды.
***
Қарғыс атқыр есірткіге мектеп жасынан әуес болғаны рас. Жасы үлкендер бірден инеге отырғызбай, марихуана шегуді ғана үйретті. Арақ ішетіні, арасында насыбай ататыны, үздіксіз темекі шегетіні бар осының қатарластарының бәрі дерлік нашақорлар болатын. Кеше көлігін жөндеуден шығарып ала сала қыз-жігіттермен қыдырыстап жүріп, теміржол бекеті маңынан алуға мұршасы келмеген. Қасында жүрген танысының шылымға оралған азғана есірткі қорын қанағат тұтқан. Ал енді бүгін уланған тәні есірткі қалап оянып алды. Үсті-үстіне темекі тартып көріп еді, дүйім болмады. Миы мен жаны тек марихуананың ащы түтінін қалайтынын ұқты. Есірткі сатушыларға дәл осы мезетте хабарласса, олар кекірейіп бағасын аспандатып жібереді. Ондай мол ақша мұнда жоқ. Ана жолғы істен кейін ұрлық-қарлыққа құлқы жоқ. Соңынан ерген тәртіп сақшыларын жаңылдыру үшін әкесі сатып әперген көлікпен курьер болып қызмет жасап жүр. Жалақысы татымсыз. Есесіне есірткіге артығымен жетеді. Тек күні бойы сандалысы жанына батады.
Санасында дәл қазір есірткі тауып бере қоятын достары мен таныстарының есімін тізбелей бастады. Богдан... Мұрат... Ғайдар... Аян... Бека... Федя... Федордың екі апта бұрын ұсталғанын есінен тарс шығарыпты. Ағайынды Аян мен Мұраттың үйі жақын болса да, қалта телефонынан қоңырау шалды. Үнсіздік. Бека... Берік үйленгелі бері қашқақтап жүр. Онысымен қоймай, жұмыссыз. Дұрысы, Ғайдар... Өзінде жоқ болса да, әке-шешесі қатар жұмыс істейді. Табуға мүмкіндігі бар. Әттеген-ай, алыста, қала шетінде тұрады. Әйтпесе... Жоқ... Тимур ойға келместен көлігін оталдырып, С қаласының шығыс бөлігіне қарай ұшыртып ала жөнелді.
Мезгіл қыс ортасы. Таңғы сағат алты. Қаңтардың тоғызыншы жұлдызы жарқыраған сәт.