Саян Есжан. Біздің өмір - сандырағы қаланың

Malim Админ

  • 14.10.2020

«ҚЫЖЫЛ»

Салқындығы сезіледі заманның,
Жаттығындай – ең ет жақын адамның,
...Ақтығындай – жауға шапқан бабамның –
Үнсіз тынған бейнесіндей даламның;

Сезіледі жаттығы:
Ақиқаттың құлағандай ақ туы,
Айдын көлін тастағандай аққуы.
Сәбилердің тыншығандай тәтті үні...

Қиығынан  Нұр шашырап Көздердің,
Салқындығы сезіледі Сөздердің,
Кесек-кесек алтын болып төгілген
Көмейінен "бақыр" болып өзгерді Үн.

 

Бояуы осы боямасыз күндердің,
Кеше кім ем?
Бүгін енді кім болдым?!
...Баспанасыз босып жүрген кезімде
Астанасыз қаларымды білген кім?

 

* * *

Арды күзетпек болдым –
Арсызға айналдым.
Жанды түзетпек болдым –
"Жансызға" айналдым.
Сан сұрақтарға сансыз байландым...

...Сізді әлі тірі дейді,
Ақиқат, Сіз, барсыз ба, айбарлым?!

 

...Жан – Нұрға, ұмтылады Көңіл – Күнге,
Қараңғы қапас Тірлік,
Өмір – Түрме.
Құйылған құдіреттің қаламынан
Сөйлейді бір Жалғыздық қоңыр түнде.

Бір Жалғыздық сөйлейді ақ қағазда,
Көп Жалғыздық көмілген "көк қағазға"
Тап пенен топ күресі – Өмір деген,
Бөлінген Көп пен Азға.

...Қаланың санасындай тұманданған,
Тірлік мәні белгісіз.
Күмән...Жалған...
Уытты, салқын Сөзден жан тұмаурап,
Ақылдың жанарына қырау қонған.

...Соқпақпен құлдыраңдап бағыты жоқ,
Тән тозды, Ар қажыды, Жан үһілеп,
Дертті қоғам демінен құйылып тұр
Әлі түнек.

Маңдайдың бар мазмұнын Тәңір жазып
Қойса да, қу тірліктен сабыр қажып,
Анығы - дүр дүние адастырған -
Бағыт пен бағдары жоқ Темірқазық.

 

Арды күзетпек болдым –
Арсызға айналдым.
Жанды түзетпек болдым –
"Жансызға" айналдым.
Сан сұрақтарға сансыз байландым...

...Сізді әлі тірі дейді,
Ақиқат, Сіз, барсыз ба, айбарлым?!

 

* * *

...Жансыз ұран "тақ-тағы",
Кілең жансыз "қуыршақтар" тақпағы,
Ар кітабын шимайлаған шатпағы,
Жан кітабын шиырлаған жадтағы –
(Болмас сірә, тоқтауы –
Хақ бәрі.)
...Қала жатыр айыға алмай Тұманнан,
Дала жатыр айыға алмай Күмәннан.
Күн артынан күн ауған,
Жыл артынан жыл ауған...
"Еркіндік..." деп біз оқыған Ертегі –
Желге сіңген Серт еді.
(Сол Ертегі мұздай қарып кеудені
Жалынымен бүгін тағы өртеді.)
Дәуренім-ай, мерекешіл, сауықшыл,
Жанарыңнан кетер Уақыт, тамып сұр.
Тезге салған тарихыңнан не тоба,
халық – шіл.
Жансыз ұран Жарлығына иланған,
Шаршады ма, ертегішіл ми даудан.
Шаршады ма, дала сыйған жүрек бұл
Бір шеңберге сыймаудан?
...Енді тағы не дейін?
Бұл күндердің көбі Ойын.
Тас қабырға күбір етті осы сәт -
Құмға толды көмейім.

Жансыз ұран, Ода да -
Мәңгілігің өтсе-дағы модада.
...Бәрінен де Ертегімен көз ілген
Бұл Далама обал, ә...

 

ҚАРТАЙҒАН ҚОҒАМ

Дәл осы мезгіліммен ала-құла,
Бүгінім Ертеңіме ауады ма?
...Бір өзгеріс күтеді төмендегі ел,
Ұлы өзгеріс күтеді ел жоғарыда.

Уақыттың тыңдай-тыңдай есер даусын,
Зарықпен өтер дәурен,
көшер маусым.
...Қызыл-жасыл дүние құбылса да -
Жүректе бір өзгермес кесел бар шын.

Кеселден сол бір улы сырқат далам,
Тұманмен жүзін жауып, сыр тартпаған.
Анығында - Ақиқат жүректегі
Сайрақ жолда адасып, бұлтақтаған.

...Ал, оны кім іздеді, бүгін қалқам,
Ертекке сенеді әлі шынында ортам.
Ұшпағына иландым мен де соның –
Қыспағына көндіктім – күнім жаутаң.

Ойлардың аспанында Күн тұтылып,
Шырмалдым қалың ойға шым-шытырық.
...Баянынан бұл жайдың өрт тұтанып
Екілене жел соқпас, түн құтырып.

 

Дәл осы мезгіліммен ала-құла
Бүгінім Ертеңіме ауады ма?
...Бір Өзгеріс күтеміз, күткенімен -
Қалмасақ болды ұрпақтың Обалына!

 

* * *

/Сен кешір, мені болашақ.../
Н.Жаңабекұлы

Қайыр бар ма, қайырымсыз Көсемнен,
Қайыр бар ма, үні шықпас Шешеннен?!
Ақиқатты кеше ғана өлтірдік –
Жүзін отқа басып, ыстық "көсеумен".
...Не көрмеген бұл Далам?!
Өзегін – өрт, кеудесін – дерт тырнаған.
Уа, Әділет, бар болсаң, кел ортама -
Сені күтіп тұр қоғам!
Бас көтеріп, басу айтар кезең-ді,
Бас көтерсең...қару ғана кезеулі.
Үмітің мен Сеніміңнен не қайран -
Жүрегіңде Сөз өлді.
...Жансыз тұрған мүсіндей
Ештеңені түсінбей;
Алаң жаққа көңіл алаң сәт сайын -
Кешегі күн – түсімдей.

 

...Бүгініммен берешек -
Не дерімді білмеймін саған, Келешек!..

 

* * *

Селт еткен жоқпын Дүбірге,
Жалт еткен жоқпын Тасырға.
Түңілген жоқпын Күбірге,
Үңілген жоқпын Жасынға,
Не дейсің, Өмір,
Расында?!

 

Өмір,
Мен емес – соңың, басың да,
Сынағың бар ма?
Тосылма!
Жұмбағың бар ма?
Жасырма!
...Сенен артық жалғанда
Жоқ, білем,
досым, қасым да.

 

...Не дейсің көңілі бос ұлға,
Көмілген жоқпын Жақұтқа.
Айнала алмадым Ғасырға,
Байлана алмадым Уақытқа...
27 жасымда.

 

ТҮНГІ АБСУРД

Ақпан түні.
Шамның жарық көз жасы құйылады әйнектен.
...Төрт қабырға төрткүл дүниеге ұмсынған.
Тереземнің түбіне қатқан суық ақ қар тірі –
Буланады даурыққан кіл қоғами былшылдан.
...оны мәңгі ұмыттырар қай Көктем?!
Жалыққандай Мезет Сәттің өзінен...
Ғасыр Жылдан шаршаған.
Ақ қар тілі ұшынған дертті қоғам Сөзінен...
Төртбұрышты ойлар жадын қоршаған -
Тереземнің көзімен.
Ақпан түні.

Ақпан түні.
Ақ кебіндей суық әрі ызғарлы.
Жалқы сәтте көрінді алғаш ақ қар кірі –
...Тереземде Қоғам кірі сіңіп кеткен із қалды.
Әр тұрғынның жүрегіне қатқан түбі.

Ал не дейсіз, Сіз жарлы?!

 

УРБАНИЗАЦИЯ

Қара басты...
Табанымнан Құт кетті – Дала қашты.
Кірпігіне Күн қонған күлімкөзім,
Қайтпас!..
Теңіз болып кетсе де жанар асты.

Көшті Дәуір,
Көшті бауыр – өшті ошақ.
Кеңістіктің түбінде бір көш жосап...
Балалықтың елесі жүр бұл маңда –
Балбал-күннің маңдайына тас қашап.

Құлазыған ақ шағыл,
Қайтем,
қоштасуым жүрегіне батса ауыр.
...Теңіздей-ақ шулап қалар қара орман,
Жоқтап болар ертең мына шақ сәуір.

Гүлің едім өсіп шыққан өртеңге,
Қасиетіңді ұға алдым ба, Мен пенде?!
...Қашып барам қадірі жоқ Бүгіннен
Бәрі кеткен соқпақпенен Ертеңге.

Сенде өткен әрбір күн –
Әліппесі болды білем Тағдырдың.
Жан қалмады. Мен де кеттім.
Қош, аман...
Өткенімді аманат қып қалдырдым.

 

ҚАҢТАРДАҒЫ МОЗАИКА

Айдың әлсіз жарығы...
Қаңтар.
Соқпақ.
Күміс қар.
Қысқы тірлік сарыны –
Үнсіздік һәм дыбыстар.

...Ұйықтамайды бұл қала
қақпас бір сәт кірпігін.
Асфальт жолдар сұрлана
Күтер Көктем "дүмпуін".

Айдың әлсіз жарығы –
Түн жанары қыраулы.
Дүниенің қалыбы
Дүниедей тұманды.

Мезі қылған мезеттен,
Уақыт та жалыққан.
Күн қайтады кезекпен
Күнделікті "сауықтан".

Айдың әлсіз жарығы.
Қаңтар.
Соқпақ.
Күміс қар.
Түн...
Уақыт үнсіз ағады -
Уыстан...

 

* * *

Қарашаның қабағында бір мұң бар,
Қара шалдың қасіретіндей тым қалың.
...Түсіне алмас бұл қалалық тұрғындар,
Ұғына алмас кіл баянсыз жылдарың.

Қоңыр түнде Күз күрсінер, түз емес,
Жапырақтар сыбырлайды нені осы?
...Бұл қалада адасқан жан біз емес –
Біздің өткен шағымыздың елесі.

Біздің өмір - сандырағы қаланың,
Сен бəрін де білесің ғой, Қараша?!
...Бір сауалдың табу үшін жауабын –
Жетіп жатыр шексіздікке қараса...

МЕЗГІЛ КӨШІ

Күз – Өлеңнің соңғы нүктесі,
Мен үшін.
...Белгілі  жолды күтпесім –
Келісім.

Көктемді өлтірдім өзім
Түнде қоңыр.
...өлді жəне сол түнгі сезім -
Сүрген өмір.

Ғасыр сандырақтайды,
Уақытқа жұтылып.
...Қосайырық.
Жол жырақтайды -
Іште Күн тұтылып.

Күз – Өлеңнің соңғы нүктесі -
Соңғы жазба.
...Өзгені енді күтпеші,
Қалды Жазда...

 

* * *

Жаңбыр ма, Түн бе...жылаған?!
Өлімдей суық өксігі.
...тамшысы тұнық тұмадан –
Ғаламнан жұмбақ...көп сыры.
Қараша келмей қар жауды -
Құс қайтпай қазан ауған шақ.
...Жүректер ғана мəрмəрлі
Ал, Көңіл бəлкім, алданшақ?
Өмір дегенің – Көктеме,
Өлім дегенің – Күз шығар?
"Иə", "бəлкім", "мүмкін", "жоқ, неге?",
Не дейсіз оған, Сіз шынар?
Жылаған Жаңбыр, Түн бе екен?
...Бір тамшы – Өмір.

Драма.
Бəрінің түбі – бір Мекен
Біреуі соны ұға ма?

КӨНЕ САРАЙШЫҚ

                   І

Сыр шертіп тұрғандай-ақ далам абыз -
Құмынан толғайтындай заман аңыз.
...Бағзы бір ғасырлардың сөзін сөйлеп,
Жайыққа қонды тағы сары ала күз.

 

Дерегін оның Уақыт, Жел біледі,
Əулиеағаш басындағы ел біледі.
Қасымның қасқа жолын жырмен өріп,
Иллаһи нұрға ғажап сендіреді.

 

Ақ Жайық,
қанды Жайық не көрмеген,
Жағаңнан Өмір көрем, Өлең көрем.
Өткеннің өзін көрем толқыныңнан,
Сəт сайын толқып ағып, төмендеген.

 

Сөйлейтін күй тілінде абат қырдың,
Селеуін жүрегіммен тарап тұрмын.
Көшкен құм – тарихым ол тереңдегі
Жұтылған жанарына манат түннің.

 

Байсын ел, байырғы жұрт, ай-хай далам,
Мəңгілік өтсе-дағы қартаймаған.
Басынан осы жұрттың бақ таймаған,
Тасының өзінен де əр таймаған.

 

...Шіркін-ай, абыз далам, аңыз далам,
Көз жасын кім бар Сен деп ағызбаған?!
Тəңірдің ең бір көркем қолтаңбасы -
Таралған тоғыз арнаң – тоғыз ғалам.

 

...Жайық-ау, көздің мөлдір кəусарындай,
Жүре алман сені сүймей һəм сағынбай.
Бұл Өлең – Жан көзінің бір тамшысы
Төгілген көрген мезет барша құмды-ай...

 

                   ІІ

Жел кеміріп басқан қадам, əр ізді,
Сол сəт өмір тоқтап қалған тəрізді.
Тағдырымның жазуындай құпия
Сипап тұрып көмескілеу бəдізді
Шын деп ұқтым, жұрт сенбейтін аңызды.
"Аққу көлдің" жарқыраған айнасы,
Жұмақ күнің қайда осы?
Мыңжылдықтар тіл қатқандай құмыңнан,
Əлкей шалдың тиген сəтте қайласы.
Қайран, Тарих!..
Біздер сенен нені ұқтық?
Қайран қалдық, сүйсіндік һəм зеріктік.
...Алтын дəуір – біз көрмеген тұнықтық,
Алтын қайық – біз көрмеген беріктік.
Сыр ашпайды ұлы Жайық арнасы,
Сыр дегенің – көмілген-ді жарда осы.
Көбік атып, толқын сүйген арнаңда
Қалды дейсің тарихыңның ал, несі?
Сөзіне өзі айналған-ды ол Дəуірдің,
Зілінен де құламаған кəуірдің.
Мына дала – өткеніңнің жазбасы,
Қаламымен өрнектелген Тəңірдің.
"...Алтын қайық, аққу көл...
һəм бəрі аңыз" -
Деп сенген ел, біз де соған нанамыз.
Жайық түгілі сансыз ғұмыр көшірген,
Бұл жер беті – біздің ортақ моламыз.
...Жел жұтады күнде келген əр ізді,
Жұтқан жəне біздер сенген аңызды.
Тағдырымның жазуындай оқылмас,
Сипап тұрмын əлі сол бір бəдізді.

Байланысты жаналықтар

Ақын Гүл Зарқұмар өлеңдері

10.10.2024

Ақын Алмас Темірбай өлеңдері

10.10.2024

Оқырманы көп ақын – Мұқағали Мақатаев

12.09.2024

Шөмішбай Сариевтің өлеңдері

25.08.2024

Әбу Сәрсенбаев өлеңдері

24.08.2024

Есенғали Раушановтың өлеңдері

22.08.2024
MalimBlocks
Ақын Гүл Зарқұмар өлеңдері

Гүл Зарқұмар (1974 - 2022) – 15 қыркүйекте Монғолияның Улаанбаатар қаласында дүниеге келген. Монғолия қазақ ақындары арасында өткен Алтын жебе жыр мүшәйрасының (1992ж), Ақтан Бабиұлының 100 жылдығына арналған мүшәйраның (1997ж) бас жүлдегері. Монғолия Жастар одағының алтын медалінің иегері, ақын. 2012 жылы Жалын баспасынан Жүректегі жүзік атты кітабы жарық көрді. Өлеңді монғол тілінде де жазады. 2022 жылы Алматыда қайтыс болды.

Ақын Алмас Темірбай өлеңдері

Алмас Темірбай (1979 жылы 22 қаңтарда туған, бұрынғы Көкшетау облысы, Зеренді ауданы, Ортақ ауылы) – ақын, жазушы, журналист. Республикалық жыр мүшәйраларының жүлдегері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Оқырманы көп ақын – Мұқағали Мақатаев

Қазақтың ақиық ақыны Мұқағали (Мұқаметқали) Сүлейменұлы Мақатаев 1931 жылы Алматы облысы Нарынқол ауданында дүниеге келген. 1976 жылы Алматыда, 45 жасында қайтыс болды. Ол қара өлеңге жаңа леп, қанат бітірді. Өз сөзімен айтқанда, «Күпі киген қазақтың қара өлеңінің үстіне шекпен жапты».

Шөмішбай Сариевтің өлеңдері

Шөмішбай Нағашыбайұлы Сариев 1946 жылы 15 сәуірде Қызылорда облысында туған. 2021 жылы 15 ақпанда қайтыс болды. Ақын, аудармашы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, «Барыс», «Парасат» ордендерімен наградатталған. «Тарлан» сыйлығының иегері. Елге танымал көптеген әр сөздерінің авторы.

Әбу Сәрсенбаев өлеңдері

Әбу Сәрсенбаев 1905 жылы 15 қазанда Атырау облысы Құрманғазы ауданы Ботақан ауылында дүниеге келген. 1995 жылы 25 қарашада Алматы қаласында қайтыс болды. Ақын, жазушы, драматург. Қазақстанның Халық жазушысы, «Парасат» орденінің иегері. Ұлы отан соғысының ардагері. Көптеген жыр жинақтарының авторы.

Есенғали Раушановтың өлеңдері

Есенғали Раушанов 1957 жылы 5 қазанда Қарақалпақ АКСР-інде туған. 2021 жылы 16 сәуірде өмірден өтті. Өлеңдері орыс, литва, болгар, чех, украин, өзбек, қырғыз тілдеріне аударылған. Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының және Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының және Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.