Тоқсан тоғыз хат (Соңы)

Қайғылы махаббат хикаясы

Malim Админ

  • 24.07.2021

Басы: Тоқсан тоғыз хат

  – Сәлем, Поштабай! – Телефон ар жағынан мырс-мырс еткен күлкі естілді.

  – Осы сен атымды айтуға шынымен қиналамысың? Әлде мені төмендеткенің бе?

  – Жоқ, ол не дегенің? Сыйлаймын ғой сені! –өз жауабына риза болғандай тағы мырс етіп: –Поштабай, көптен бері сенен сұрағым келіп жүр еді. Бола ма?

 – Нені?

 – Неге мұндай жұмыс жасап жүрсің? Хат тасуды айтам..., – Зере іштей күрсініп алды да:

– Көп ақша жинауым керек. Бірталайдан бері қымбат нәрсеге әуесім кетіп жүр. Соны сатып алайын дегенмін, – шындықты жасырып қалды. Қымбат затын жұмбақтап, шешіліп айтпады. – Сол себептен хат тасып жүрмін. Басқа жұмыс істейін десем, сабақ кестем келіспейді, әрі өзіме жұмысым ұнайды. Білесің бе, мені адамдар «ең жылдам пошташы» деп мақтап қояды. Соған қарағанда, жақсы жұмысшы болып тұрмын ғой, –деп Зере мақтанға салынып еді:

– Менде бір хат бар. Бала кезімде жазғам, иесіне жібере алмай суырмамда сары майдай сақтап жүрмін. Жақсы пошташы болсаң, сол хатты жеткізіп берші, – Тұрар бұл өтінішімен қыздың іскерлігін сынағысы келіп.

– Сол да сөз болып па? Мекен-жайын көрсетсең, лезде-ақ жеткізіп беремін ғой. Айтпақшы, қаланың ішіне ғана тасымалдаймын, –деп ескерткеніні сол-ақ екен.

– Өй, онда несіне мықтымын дейсің? Менің хатым ата-анама жазылған. Ал олар қаланың ішінде емес, өкінішті-ақ, құрбым. Мықты екеніңді мойындай  алмайтын сияқтымын-ау, осы!

– Мен Алматының поштасында істеймін, ана дүниенің емес. Мойындамасаң, мойындамай-ақ қой!  Қаласаң, саған бір  әдіс айтайын.

– Көр.

– Хатыңды ал да, шарға байлап, аспанға ұшырып жібер. Сонда ол хат мекен-жайды өзі тауып барады. – Тұрардың миығындағы мырс еткен күлкісі енді езуіне ауысып, қарқылдай жөнелді. Түнгі сағат үш, қарсы бөлмеде әжесі жатқаны есінен тарс шығып кеткен. 

– Поштабай-ай, әлі баламысың, әлде аңқаумысың? Не болса да, көңілімді көтеріп тастадың ғой!

– Күлме! Шын айтам. Сенбейсің ғой! –Зере бұртиып қалды. Тұтқаның артындағы Тұрар да бұны сезгендей:

– Жарайды, сендім. Ренжімеші енді. Сағат үш болыпты ғой, ұйықтайық. Ертең ертерек тұрып, фотосессияның қамын жасауымыз керек.

                                                                       ***

– Туу, мың рет хабарласқан шығармын. Қайда жүр? Өзі айтарын айтып алып, мұнша кешіккені несі-ей?- Зере көшенің қақ ортасында дірдектеп тұр. Күзгі желдің өтінде тұрғандықтан шыдай алар емес. –Не болса, о болсын, үйінен сүйреп шықпасам ба осы,

– Қанға біткен мінез қалай тыныштық тапсын? Ашумен Тұрардың үйіне жетіп келді. Есікті әжесі ашып еді, булығып тұрған қыз әп-сәтте байыпты бола қалды.

– Сәлембердік!

– Көп жаса, қарағым! – әже жылы үнмен.

– Мен Тұрардың досы едім. Тұрар үйде ме?

– Ай, ол әлі ұйықтап жатыр. Кіре ғой ішке. Кір, кір. –Зере ақырын аяндап, ішке кірді.

– Ұйықтап жатса, оятпай-ақ қойыңыз. Негізі, фотосессиямыз бар еді, кейін ыңғайлай жатармыз.

– Оятпа десең, оятпай-ақ қояйын, балам. Кел, мында отыр, – дастархан жүзін нұсқады.       –  Бұл баланың тал түске шейін ұйықтайтыны жоқ еді. Анау, әлгі «шайтанжарығымен» түні бойы ойнақшып шықты. Ол түгілі, мен ұйықтай алмадым сол жарықтан. Содан болар тұра алмай жатқаны,-қария дастархан жасап жатып, сартылдап сөйлеп жүр. Ал Зеренің екі көзі қуыстағы қараңғы бөлмеде. Алыста отырса да анық көрініп тұр. Кілең қап-қара фотосуреттер ілінген. Тұрардың туындылары екенін іші сезе қойды. Столға енді отыра берген әжей:

– Тұрарымның суреттері ғой. Қап-қара түске құмар. Әке-шешесі қайтқалы ермегі сол. Қарайғандарды сол бөлмеге тізіп қояды, –деп әжесі немересінің бұл ісіне көңілі алаң екенін аңғартты...

– Тұрар, балам, тұрсаңшы енді, – маңдайынан иіскелеп: – Тапа-тал түс болды ғой. Айтқандай, саған таңертең «әртіс көйлегін» киіп бір қыз келген. – Тұрар төсегінен атып тұрды.

– Қашан?- көздері дөңгеленіп кетті. – Неге оятпағансыз, әже?

– Пөтесесиеміз бар деп, артынша маңызды емес дегендей қылды ғой. Оятпа деген соң, оятқаным жоқ.

Бұл уақытта қыз алысқа ұзап кеткен. Тек өзіне ғана бағынатын велосипед рөлі кенет қалбалақтап, дірілдей бастады. Аяғынан әл кетті, тепкішекті басуға дәрменсіз. Дөңгелектерінің жылдамдығы бәсеңдеп барып тоқтады. Зереде ес жоқ. Велосипед оң жаққа қарай ауып, жерге дүрс ете қалды. Көзін ашқанында аурухана төсегінде жатыр екен. Дәрігер де қасында. Қолында сараптама қағаздары, көзілдірігін қайта-қайта көтеріп, әлдененің байыбына бара алмай тұрғанға ұқсайды.

– Ағай, бәрі дұрыс па?

– Оо, ханшайым, ояндың ба? Ата-анаңмен хабарласа алмай қойдық. Сен шақыра аласың ба? Сөйлесуіміз керек.

– Әкесі өлгенді де естіртеді ғой. Не болса да өзіме айтыңыз. Қазір үйде әкем де, шешем де жоқ.

 Дәрігер қолындағы қағазда бір сыр бар еді. Бас сүйектің рентгендік түсірілімінен ақ халаттылар ақау тауыпты. «Мидың қатерсіз ісігі» деп жүргені қатерлі екен. Қыз жүрегіндегі ілдәлдә үміттің жібі үзіліп қала берді. Жанарынан жылжыған жастың тиялар түрі жоқ. Аурухана жастығын әбден ылғалдап тастаған. 

– Жұбату сөзін айта алмаймыз, Зере! Өйткені, жұбату мүмкін емес. Бірақ саған өміріңнің соңына шейін баскөз болу – біздің міндет. Күтім керек.

– Ақыры өлетінім анық болса, күтініп опа таппаспын. Керегі жоқ, үйімде өлгенім артық. Зар-запыраны төгілді.

– Неге түсінбейсің? Қатерлі ісік ойнайтын нәрсе емес. Ертең қимылдаудан қаласың. Ата-анаң да жоқ қарайлайтын. Көп қырсықпағаның жөн, – дәрігер ашулана түсті.

Екі көзі домбығып ісіп кеткен. Үйіне келіп, киім-кешектерін жинастырып жатыр. Саят пен Ерасыл есіктегі саңылаудан сығалып, әпкесінің жанына жууға қорқып отыр. Кенет тарс еткен дауыс шықты. Құтының шағылған дыбысы еді. Зере бүкіл арманы мен үмітін қоса жиған құтыны қабырғаға соқты,  тиын-тебен еденге пытырлай шашылды. Енді әлгі екеуі тіпті шошып кеткендіктен саңылаудан сығалауларын доғарып, алысырақ шегінді. Үстел үстіндегі әпкелерінің телефоны шыр еткенде кішкентайлардың зәресі зәр түбінен бір-ақ шықты. Тегінде ұры иттің артындай жылмаңдап жүретін Саят жуасып қалған:

– Әкем хабарласып жатыр, – деп телефонды әпкесіне ұсынды. Сөйтті де бөлмеден тез-тез шығып кетуге ыңғайланды.

– Алло! Әке! Маған «өлесің» дейді. Үміт жоқ екен, деп тұтқаны көтере сала аңырап сала берді. Әкесі де қорс-қорс етеді. Дәрігер мән-жайдан хабардар еткен болса керек. Көкейіндегі сөз көмейінде кептеліп тұр.

– Қызым, – деген бір ауыз сөзді әрең айтты. Ары-қарай тұншыққан дыбыс қана естіледі. – Мені кешірші! Саған жақсы өмір сыйлай алмағаным үшін. Қиналуыңа жол бергенім үшін. Кешір мені, қызым.

– Әке, олай демеші. Неге кешірім сұрайсың? Тез келсең, болды. Өмірімнің соңғы күндері қасымда болсаң, жетеді сол да! – Әке мен қызының әңгіме арнасы осы жерден жабылды. Бүкіл арманынан, мақсатынан бас тартқан ол жүресінен отыра кетті. Ой тұңғиығына бойлап бара жатыр еді, пәтер қоңырауы шырылдады. Зере бөлмесінен шығып, есікті ашқанда талып түсе жаздады. Қарсы алдында шешесі. Ана көкектікке салынса да, ана жүрегі олай істей алмасы анық. Құрсағын жарып шыққан қызының жайы оның да құлағына жеткен. Жылай-жылай жар жасы кемігемен қыз бірдеңе деуге, қайрымсыз шешесін сөгуге, болмаса құшақтап, сүюге сасы келмеді. Есікті ашық қалдырып, өз бөлмесіне қайта кіріп кетті. Түрі әбіржеңкі ана кезінде өзі тәлкек қып тастап кеткен ұясына, балаларына қарай жақындады. Саят пен Ерасыл өздеріне қарай ентелеп келе жатқан анасын көргенде көздері мөлтілдеп шыға келді. Үш жыл сарыла күткен адам олар үшін бәрібір ардақты еді. Құшағына еніп, мауқын басты. Енесінен ажырап көрмеен күшіктердей емешегі үзіліп, еміреніп барады кішкентайлар.

Сол түні Зере ауруханаға жатқызылды. Күн артынан күн жылжыған сайын, денсаулығы нашарлай берді. Күздің соңғы күндері таяған, бірте-бірте қимылдары азайып барады. Мишықты зақымдаған ісік емін-еркін жүре алмайтындай етті. Тек медбикелердің көмегімен жүріп-тұрады. Әкесі мен інілері ауруханадан шықпайтын болды. Асты-үстіне түсіп, қай-қайсысы да бәйек боп жүргені. Анасы да сонда. Жүрегі темір емес қой! Кешірген. Бірақ жанында Тұрар жоқ. Ауруханаға жатқалы бері онымен хабарласуы доғарған. Өзін де, оны да қинағысы келмейді. Жігіт болса күндіз-түні телефон соғып, бір хабарын алуға зар болып жүр. Зере алыстатқысы келсе, ол жақындай түсетін сыңайлы. Өйткені, оның аруханада екенін естіген күннен бастап, сол жердің тегін күзетшісіне айналған. Зере жатқан палатаның терезесін қарауылдайды да жүреді.  

– Әпке, үйге қашан қайтасың? Әкем сені тұмауратып жатыр дейді. Жазылатын уақытың болды ғой. Үйге келші, біз енді төбелеспейміз. Жасап берген ботқаңды да тауысып жейміз, –деп сүйкімді түрімен Ерасыл еріні түріліп, әпкесін көндірмекші.

– Саған қанша рет айтуға болады? Ол ботқа емес, палау!

– Палау емес, ботқа,- Ерасыл бақырып жіберді.

– Ей, жайыңа отыр, әйтпесе көкеңді танытам.

– Сен екеуіңнің төбелеспейміз дегендерің қайда қалды? Бір минутта өтпеді ғой бейбітшілік жариялағандарыңа.

– Иә, сенікі дұрыс. Палау болсын, –деп дегенінен қайтып еді, Саят та:

– Негізі, ботқаға көбірек ұқсайтын, –деп мұрнын тыржитты. Саяттың соңғы сөзіне Зере еріксіз езу тартты.

  Әпкелерінің жағдайын жасап болған соң, балақайлар үйіне қайтуға жиналды. Сыртқа шыққан бойда алдынан Тұрар күтіп алды.

–Ооо, балақайлар, тұра тұрыңдаршы. Мені танисыңдар ма?

–Иә, Тұрарсың ғой. Зереш әпкенің досы, –Саят саңқ-саңқ етті.

–Зеренің жағдайы қалай? Қалай ауырып жатыр? Мен хабарлассам, қоңырауыма жауап бермейді.

–Ол саған жауап бермейді енді. Одан да хат жаз. Жауап бермесе, жауап бергенше жаза бер, –деп Ерасыл өз әдісімен бөлісті. –Сен хат жазсаң, біз жеткізіп беріп тұрамыз. Қарымтасына шеколад, –көзін қысып, кетік тістері ақия күлімсіреді. Тұрар басын шайқады.

–«Ақыл-жастан» деген, иә?! Ендеше, келістік, кішкентай мырза, –деп бүлдіршіндердің қолынан алып, келісім орнатты.

  Ертесіне тасымалдаушы жігіттер палатаға алғашқы хатты әкелді. Ерасыл артына жасырып, көздері ойнақшып:

– Әпке, бірдеңе айтсам, ұрыспайсың ба?

– Тағы не бүлдірдің? Ұрысатын нәрсе болса, ұрысам, әрине!

– Сенің бөлмеңдегі шашылған ақшаны жинап, көше сыпыратын атайға бердік. Күн суытты ғой, жылы киім алсын. Ол қатты қуанып қалды, – бір шетінен қорқасоқтап, бір жағынан жақсылық жасағандары үшін мақтана сөйледі.

– Оның несіне ұрысайын? Дұрыс істепсіңдер. Ол ақша да тым болмаса, біреуге пайдасын тигізгені жақсы жақсы ғой.

– Тағы бірдеңе айтсақ ше? Ұрыспайсың ба, – бұл жолы Саят қулана сөйледі.

– Қорқытпай, айтыңдар енді? Не жасырып тұрсыңдар? – Зере Ерасылдың артына қусырған қолын меңзей бергенде екеуі хатты бетіне лақтыра салып қашып кетті. Қолдарын әрең икемге келтіріп, хатты ашып оқи бастады.

«Қымбатты Зере! Қалайсың? Хабарсыз кеттің, өзіңе қол жеткізу-тіпті қиынға соқты. Інілерің айтқан, тұмауратып қалыпсың. Асқынып кеткен бе, ұзақ жаттың ғой! Не болса да тез сауығып, ортамызға қосылғайсың!  Сені сағынып жүргендер бар екенін ұмытпа!»

Хаттты оқып болғаннан кейін Зеренің көздері суланып кетті. Оның да жүрегіндегі сағыныш жанарындағы мөлдір моншақты итеріп жатқан еді. Амал нешік, жауап жазуға шамасы жоқ. Жауап келмеген соң, Тұрар екінші хатын жолдады. Оның соңы үш, үштікі төртке ұласып кете берді. Хат жазуға Тұрар да машықтанған, әр күн сайын күтуге Зере де әдеттеніп алды. Сәл кешіксе, көңілі алабұрта түседі. Бүгін де бірталай кідірді. Есік жаққа елеңдей береді. Үміті күдікке, күдігі уайымға айналып, сарылып отырған да Саят кіріп келді. Інісінің қолынан жалма-жан хатты жұлып алды. «Тоқсан сегізінші» деп нөмерленген хат ылғалданып, сиясы ағып кетуге сәл-ақ қалған.

 «Зеретай! Сүйкімдім менің! Бұйрабасым! Поштабайым! Бүгін амалын тауып, сенің дәрігеріңмен тілдескенмін. Бәсе, тұмау тұмау болса, жазылатын уақыты болды ғой деп ойлап жүр едім. Әттең, тағы да бір асылым алыстап кетпекші екен. Неге мен! Тағдырға налыма,- дейсің, бұдан кейін өмірге қалай өкпелемейсің? Айтшы?

Өтініш, мені қинағаныңды қой! Тым құрыса, жамалыңды бір көруге рұқсат етші. Бүгін сағат 17:00-де аурухана алдында күтемін. Көңілімді қалдырмайсың деп үміттенемін»

Тұрардың көз жасымен жуылған хатты Зере кеудесіне қысып алған. Жігіттің жүрегінде қылаң берген ұшқын қыздың да сол жағында тыпыршып тұрған еді. Соның лебімен дәрігерлерден қашып шығуға даяр. Алайда, санасы жүрегіне әмірін жүргізіп бағуда. Шіркін-ай, десеңші! Сол жақтағы жұмыр етке сот жоқ емес пе? Қайсыбір билігің де жүрмейді. Алып-ұшқан қыз сағат тілі бесті көрсеткенде, соқталдайдай кісілерді алдап соғып, қозғалуы қиын болса да, аяқтарын әупірімдеп басып келеді. Уағдасы бойынша Тұрар сыртта состиып тұр. Қыстың соңғы күні демесең, ақпанның ызғары әжептәуір-ақ. Ғашығының жолын күтіп тұрған жігітті әрі-бері аймалап, кірпігіне қырау қатырып тастапты. Қолында Зеренің ескі велосипеді, әрі-бері айдап келуге әрекет жасап көргенімен, рөлін бағындара алмай, жетектеп келген. Зере есіктен шыққан бойда Тұрар екі өкпесін қолына алып, жанына жүгіріп барып, қашып шыққанын түсінген соң, жылдам велосипедке отырғызып алды да, жетектей жөнелді. Сықырлауық велосипедтің зары «Сайран» көліне жеткен кезде тынды. Тұрар Зерені түсіріп жатып:

– Бұл жерге ғашықтар көп келеді. Білуші ме едің? –деп қолтығынан демеді.

– Жоқ. Бірінші рет естіп тұрмын.

– Кеттік, анау жерде екеумізге орын дайындап қойғанмын. Сонда барайық, әйтпесе шаршап қаларсың.

Тұрар Зерені ақырын отырғызып, бар жағдайын жасап қойды. Өз әлінше дастарханды жайнатқан. Романтик! Қыстың күні, ашық аспан астында отырып та романтика жасауға болатынын дәлелдеді. Ішіне ел қонған соң, қол ұстасып көпірге қарай беттеді.  Дарылдап су ағып жатыр. Көпір үстінде екеуі ғана. Тұрар қалтасынан жүрек пішіндес құлыпты шығарып:

– Мына құлыпты әдейі әкеліп едім ырымдап, екеуміздің жүрегіміз деп. Көпірдің жақтауына салып кетейік. Мейлі фәниде бірге болмасақ та, сенің менімен бірге екеніңді осылай сезініп жүрейін. Жәй ғана сезініп. Кім білсін, біздің үрдісті басқалар жаңғыртып әкетер. Сосын Алматы да «ғашықтар қаласына» айналады, иә! –деп өз сөзін өзі мақұлдап қояды.

Құлып ілінді. Екеуі қозғалысқа енді. Отырған орындарынан алыстап кеткен, мауықтарын басып, әңгіме-дүкеннің ауылын аралап келеді. Зере сырқатын бір сәтке ұмытқан, көңілді. Көптен езу тартпаған еді. Өміріне риза. Аспан да риза, ырзашылығының белгісі-ақша қар. Ақ мамығын ұлпалап төгіп жатыр. Қар жаумағалы да бірталайдың жүзі болған. Қара жерге аппақ көрпе төселгендей болды. Әттең, қуанышы ұзаққа созалмады. Ақ төсекке шала-жансар Зере құлай кетті.

– Тұрар, дә-рі, дә-рі, –деп сыбырлауда. Тұрар да ес жоқ. Алыста қалған орындарына қарай жүйткіді. Қолынан басқа келер қайран бар ма? Оның кетуі бойына жедел-жәрдем көлігі де жетіп келді. Қашып кеткен науқастарының ізіне түсіп, әрең тапқан олар қызды дереу салып алып, ауруханға әкетті. Тұрар қайтып келгенінде тек велосипед қана жатты. Зере ақша қарды ақ қағаз етіп, «өмірді сүй, мен сені сүйгендей!» деп жазып қалдырыпты. Тізерлей отырып, жерді ұрғылай ғашық жүректің жартысы жылап жатты. Қыстың соңғы күні, Зере өмірінің де соңы боларын кім білген?

Көктемнің алғашқы күндері. Тұрардың қараңғы бөлмесіндегі қасқырдай аңталаған қап-қараңғы суреттердің арасына «қызыл телпектегі» бүйра шашты қыздың суреті ілініп, сәуле шашып тұрды. Енді фотограф үлкен көшеге бағытталған терезеге күлімдей қарады. Көшедегі әйдік тақташада «Өмірді сүй» деген жазумен Зеренің сұлу бейнесі Алматының сымбатын әтпеттеп тұр. Тұрардың арқасында.

 «Білесің бе, Зере? Мен өмірді сүйем. Алматыны сүйем. Жұлдыздарын жасырып тұрған аспанын сүйем. Әйтпесе, самсаған жұлдыздар жаныма жара салар  еді, асылдарымды есіме салып. Жаңбырын сүйем, жылағанда жасыңды жуып өтетін. Тауын да сүйем, тасын да. Тағдырымды сүйем, өмір сүруді үйреткен.

Мен сені сүйем, Зере! Өкінішті, өзіңе ашылып айта алмадым. Жүрегімнің түбіндегі сандықшадағы қазынам болып қала бересің. Қош бол!»

Бұл тоқсан «тоғызыншы хат» арқалған нала мұң еді. Бір кездегі Зеренің айтқан ақылын тыңдап, көкке шарды жібермек. Аспан мен жердің ғана арасын жалғайтынын біле тұра қолынан шарды ұшырды. Шарға жіп байланған, жіп ұшында хат салбырап барады. Тоқсан тоғызыншы хат және соңғы.

Соңғы, өйткені ескі велосипедтің дөңгелектері енді қозғалмайды...

                                                                                               Гүлсезім Байсалбай

Байланысты жаналықтар

Бүгін – Геннадий Головкиннің туған күні

08.04.2024

Жыл басынан бері спорт саласында 39 жемқорлық қылмысы тіркелген

03.04.2024

«Шахтер» футбол командасының бас бапкері қызметінен кетті

02.04.2024

Miami Open: Елена Рыбакина финалда жеңіліп қалды

31.03.2024

Спаррингтік кездесуге шақырту алған боксшы қыздардың тізімі жарияланды

29.03.2024

«Оқжетпес» футбол клубы өз қызметкерлеріне 400 млн теңгеден астам қарыз

29.03.2024
MalimBlocks
Бүгін – Геннадий Головкиннің туған күні

Ол кәсіпқой бокста 40 жекпе-жек өткізіп, 38-де жеңіске жеткен. ҚР спорт шебері.

Жыл басынан бері спорт саласында 39 жемқорлық қылмысы тіркелген

Жыл басынан бері спорт саласында 39 жемқорлық қылмысы тіркелді. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметте агенттік төрағасы А. Жұмағалидің басшылығымен өткен ведомствоаралық мәжілісте айтылды, деп хабарлайды Malim.kz.

«Шахтер» футбол командасының бас бапкері қызметінен кетті

Футболдан Қарағандының «Шахтер» командасының бас бапкері Игорь Солошенко өз еркімен қызметінен кетті, деп хабарлайды Malim.kz команданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Miami Open: Елена Рыбакина финалда жеңіліп қалды

Әлемнің төртінші ракеткасы Елена Рыбакина Майамидегі WTA турнирдің финалында Даниэль Коллинзді (53 WTA) жеңе алмады. Кездесу 7:5, 6:3 есебімен аяқталды, деп хабарлайды Malim.kz.

Спаррингтік кездесуге шақырту алған боксшы қыздардың тізімі жарияланды

Сәуірдің 8-і мен 10-ы аралығында Астанада өтетін спаррингтік кездесулерге шақырту алған боксшылардың құрамы бекітілді. Бұл туралы Қазақстан бокс федерациясының баспасөз қызметі хабарлады, деп мәлімдейді Malim.kz.

«Оқжетпес» футбол клубы өз қызметкерлеріне 400 млн теңгеден астам қарыз

Көкшетау прокуратурасының мәліметінше, «Оқжетпес» футбол клубы 160 қызметкерінің жалақысын төлемеген, деп хабарлайды Malim.kz.